Бозжыраны құтқару

Бірге JerSu Қазақстан

Бозжыраны құтқару

Ажар Джандосова – ғажайып шатқалдағы құрылыстың қаупі жайлы

Иллюстрация: Айгүл Нұрбұлатова

18 Қараша, 2020 жыл

Маңғыстау, Қазақстан

Қарашаның басында қазақстандықтар мен медиаға эко-белсенділер мен саяхатшылардың дабылынан соң Маңғыстаудағы ерекше шатқал Бозжыраға қонақ үй салу қаупі төніп тұрғаны  белгілі болды. Экология белсенділері мен сарапшылары Бозжыра құрылысының заңға қайшы тұстары көп екенін және қоршаған орта мен тұрғындардың өміріне әсер ететін қауіпті салдары бар екенін хабарлады.

Adamdar/CA Алматыдағы Көкжайлауды сақтап қалған Save Kok-Zhailau қозғалысының бастамашыларының бірі, эко-белсенді Ажар Джандосовамен әңгімелесіп қайтты. Ажар Джандосова ғарыш іспеттес Үстірт жайлы, Бозжыра мен Көк-Жайлаудағы жағдайдың ұқсастығы және Қазақстан табиғатын жойылудан қалай сақтап қалу жайлы айтып берді. 

Бозжыраның өміріңіздегі орны қандай?

Бозжыра туралы жақсы білем. Осыдан бес жыл бұрын жолым болып, Nomad Explorer экспедициясымен бірге барғанбыз. Өмірімде 40-қа жуық елде болдым және әуесқой альпинист ретінде талай табиғат сұлуларын көрдім. Бірақ әлі Үстірттегідей таңғажайып, асқақ көріністі дүниенің ешбір жерінен кездестірмедім. Ол жақта өзіңді бүтін бір әлемнің кішкентай нүктесі ғана сезінесің. Бозжыраны өте әдемі, таңғажайып деп суреттеу жеткіліксіз. Ол – ғарыш іспеттес.

Бұл жерді «бутик-шөл дала-қонақ үйін» салу арқылы «көркейту» қаншалықты орынды?

Бозжыра сияқты ерекше жерде кез келген құрылыс нысанын, әсіресе Safari Hotel сияқты ауқымды жобаның құрылысы орынсыз. Бозжыра мен жалпы Үстірттің табиғаты өте нәзік. Бұл тек сырт көзге шөл дала, ал шын мәнінде ол жердің бәрі тірі организм. Бұл мекенде топырақ, өсімдіктер, жәндіктер мен жануарлар миллиондаған жыл бойы үйлесіммен тіршілік етіп келді. Ал адамдар мұның бәрін бірнеше жылда жойып жібере алады. Бәрін қызықтырып отырған Бозжыра ландшафтарының өзі де құндылығын жоғалтады. Жақын маңдағы көзге ілінер кез келген урбандалған құрылыс нысаны ғажайып көрініс пен ғарыш сезімінің күл талқанын шығарады. 

Сіз Save Kok-Zhailau эко-қозғалысының бастамашыларының бірісіз. Сіздің ойыңызша, Бозжыра шатқалындағы құрылыс жобасы мен бірнеше жылға созылған Көк-Жайлаудағы құрылыстың арасында ұқсастық бар ма? 

Бозжырадағы құрылыс жобасы мен Көк-Жайлаудағы құрылыс жобасының ұқсастығы бірден ойға келеді.  Қазақстандағы туризмді дамытамыз деген желеумен, ұлттық мұрамыз – табиғатымызды құрдымға алып баратын жобалар ұсынылып  жатыр. Бұл жобалардың басты мақсаты «бюджет ақшасын игеріп қалу емес пе?» деген сұрақ туады. Көк-Жайлаудың жағдайында жобаның экономикалық нәтижесі болатынына ешқандай сенімді дәлелдер болған жоқ, керісінше қоршаған ортаға орасан зор зиян келетінін анық еді. Қазір Үстіртпен де солай болып тұр. 

Қазақстандағы туризмді дамытамыз деген желеумен ұлттық мұрамыз – табиғатымызды құрдымға алып баратын жобалар ұсынылып  жатыр

 

Қазақстан туризмін қалай дамытуға болады деп  ойлайсыз? 

Бұл сұраққа жауап беру оңай емес. Мүмкін туризмді дамыту арқылы Қазақстандағы жұмыс орындарының санын арттыруға болатын шығар. Бірақ қанша жерден пайдасы болса да, туризмнің ең жойқын түрі – жаппай туризм жолына түсуге болмайды. Сол себептен де «Қазақтуризмнің» 2021 жылы Іле-Алатау ұлттық-саябағының өзіне 5 миллион турист келеді, ал кейін одан да көп деген жоспарын естіген өте қорқынышты. Қазақстанның кең байтақ жері туристер ағымын өте көп бағытта таратуға мүмкіндік береді. Қазір көбі көлікпен саяхаттайды, бірақ жол жақсы болғанымен мотельдер мен жанармай кешендерінің, жанармай бекеттері емес, дәл осы кешендердің жетіспеушілігі қатты байқалады. Бізде балаларға арналған қала сыртындағы лагерлер, санаторийлер мен емханалар және т.б жетіспейді. Бүтін бір елді тек туризм ғана асырай алмайтынын түсіну керек. 

Өкінішке қарай, шенеуніктеріміз Бозжыраны өздерінің ескі әдісіне салып, ым-жымсыз бітіріп тастағысы келді. Білуімше, жобаның бастапқы кезеңдерінде қоғаммен ешқандай да ашық талқылау болмаған. Тек күтпеген жерден ақпарат тарап, әлеуметтік желіде шу шығып кетті. Енді мынадай сұрақтар туындайды: билікте бүкіл аймақтың туристік инфрақұрылымын дамытуға арналған жоба бар ма, оған не кіреді? Жобаға экологиялық сараптама жасалған ба?

Қазақстанның ерекше табиғи әрі тарихи мұраларын сақтау және қорғау үшін қандай шаралар қажет?

Негізі біздің табиғи, тарихи және мәдени ескерткіштеріміздің толық сақталуын қамтамасыз ететін заңнамаларымыз бар. Біртіндеп құрып жатқан ескерткіштерімізге қарап бұл заңдардың қаншалықты жақсы жұмыс істейтінін көре аламыз.  Олар шын мәнінде жойылмаса да, қалпына келтіру немесе «көркейту» сияқты жұмыстардан кейін өзінің бұрынғы құндылығын жоғалтады… Біздегі ұлттық саябақтар осы табиғи аймақтарды сақтау үшін құрылған және Үстіртте де ұлттық саябақ жасау немесе оны қорықтар қатарына енгізу алдағы уақыттағы құрылыс жобалары мен құрып кетуден сақтауға аз да болса көмектесер еді. Сондай-ақ Үстіртті ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу де маңызды. Бірақ ең маңыздысы – қорғалған аумақтарды басқару жүйесін құру. Ол біріншіден, ландшафт пен табиғат әлемін сақтап, бұзылған жерін қалпына келтіруі тиіс, екіншіден бұл аймақтағы туризммен бірге адамдардың іс әрекетін реттеуі керек. Ешқандай қонақ үй құрылысы немесе келушілер орталығы адамдар әкелетін зардаптан құтқара алмайды. Бізге аумақты жабдықтау ережелері, сол жерде жүру ережелері, бұзақылық үшін салынатын айыппұлдар және тиісті өкілеттіктерге ие экологиялық полиция қажет. Ең бастысы, бәрімізге экологиялық сана мен жауапкершілік керек: азаматтарға, бизнеске және мемлекеттік органдарға.

Көк-Жайлауды қорғаудан алған тәжірибені бүгінгі азаматтық қоғам мен эко-белсенділер Бозжыра жағдайында қалай қолдана алады? 

Тәжірибе жайлы айтсақ, біздің өз принциптерімізді әртүрлі жолмен, еш ымыраға көнбестен қорғау, сарапшылардың, оның ішінде халықаралық сарапшылардың қатысуы, тәуелсіз БАҚ-тың қолдауы Көк-Жайлауды сақтап қалғысы келетіндер қатарын біршама кеңейтуге көмектесті. Біздің петициямызға 50000-нан астам адам қол қойды. Бұл Президентке жобаны жабуына негіз болатын. Бозжыраны құтқару үшін барлық белсенділердің, немқұрайлы қарамайтын қазақстандықтардың, тіпті бүкіл әлем азаматтарының бірлігі керек. Қолда бар құралдардың бәрін қолдану керек: петициялар, хаттар, қоғамдық талқылаулар, дөңгелек үстелдер, флэш-мобтар, арт-жобалар, бейбіт жиналыстар мен пикеттер. БАҚ-тың да қолдауы өте маңызды,  ал қазіргі сайлауалды науқанда Бозжыра мәселесін депутаттыққа кандидаттардың сайлауалды программасына қосуға да болар еді. Жақын арада Бозжыра мәселесі қоғамдық тұлғалардың, журналистер мен блоггерлердің адамгершілігі мен экологиялық мәдениет дәрежесін көрсететін лакмус қағазына айналуы мүмкін.

Жақын арада Бозжыра мәселесі қоғамдық тұлғалардың, журналистер мен блоггерлердің адамгершілігі мен экологиялық мәдениет дәрежесін көрсететін лакмус қағазына айналуы мүмкін

Тақырып бойынша басқа мақалалар:

«Бозжыра: жер беті мен тылсым әлем арасы» — Зира Наурызбаеваның Бозжыраның қазақтың танымындағы және мәдениетіндегі маңызы туралы эссе

«Белсенділер Бозжыраны сақтауды талап етуде»

«Бозжырадан жеткен оң хабар»

Қазақ тіліне аударған — Заңғар Омар.

Жарияланған уақыты: 18 Қараша, 2020 жыл