Жандос және Ерали

Бірге DOCA Қазақстан

Жандос және Ерали

28 Маусым, 2019 жыл

Алматы/Түркістан облысы, Қазақстан

Жандоспен 2015-те таныстық. Наурызбай ауданында сел жүріп өткен күннің кешінде жолыққанбыз. Сол кезде селден зардап шеккендерге қол ұшын беру үшін гуманитарлық көмекке ат салысқан алғашқылардың қатарынан көрінген. Төрт жыл бұрын еріктілер тамақ, су әкеліп, зардап шеккендер мен Қарағайлыны батпақтан тазалау үшін қолынан күрегін тастамаған әскрилерді, құтқарушыларды тамақтандырған. 

Сол 2015 жылы Батырхан Шүкеновтың жүрегі тоқтаған күні Жандос Facebook жазбасында достарына Батырханды еске алу үшін «Арман» кинотеатрында кездесейік деді. Достары ғана келер деп ойлаған Жандостың жазбасынан кейін «Қазақстан» қонақ үйі мен «Арман» арасын еліміздің үздік дауысымен қоштасу үшін мыңнан аса адам көз жасына ерік беріп, жиналып әуелетті. Жандос бірнеше жылдан бері «Дом» қайырымдылық қорында қызмет етіп көмекке мұқтаж көптеген балаға көмектесті. Кеше таңертеңнен бері «Я - Алматинец» ұйымының гуманитарлық көмекті қабылдау үшін әзірлеген орында жұмыс істеді.  

 

 

Ералимен күні кеше «Нархоз» стадионында таныстық. Стадионға алматылықтар Арыс қаласында зардап шеккендерге гуманитарлық көмектерін әкеліп жатты. Ерали «Клуб добряков Алматы» тобына жәрдемдесіп жүр. 26 маусымда алғашқылардың бірі болып көмек орталығынан көрінді: таңертеңнен кешке дейін гуманитарлық көмекке толы пакеттерді, киім-кешекті реттестіріп, арасында шаршаған еріктілердің көңілін көтеріп қалжыңын айтып жүрді. Ерали сал ауруымен ауырады. Кішкентай кезінде қолы мен аяғы қозғалысқа көнбегеніне қарамастан, өмірге деген құштарлығы және ет жақындарының қолдауы жеңіп шығып қазір өзгелерге де қол ұшын беріп жүр. Осы күндері от пен күлге оранып, әскери қоймадан шыққан мыңдаған снарядтың жарықшақтарынан бүлінген қала тұрғындарына да жәрдемдесуде. 

Ерали Атибеков

Суретте кешегі күн. Шымкент. Күн райы отыз сегіз градустен жоғары. Гуманитарлық көмек қабылдау орталығы. Жандос пен Ерали алматылықтардың арыстықтарға жинап берген азық-түлік, су, дәрі-дәрмек және киім-кешектерін «Газельге» толтырып жатыр.  

Жандос және Ерали

25 маусым күні түнде Жандос, Ерали және тағы басқа еріктілер гуманитарлы көмек тиелген көліктермен бірге жолға шықты. Көз ілмей, тамақ ішпей, эвакуациялық орындарды аралап, арыстық және шымкенттіктермен әңгімелесіп, жүкті сұғанақ қолдардан қорғады. 26 маусым күні түсте көмек жүгін түсірді. Қазір бұл көмек Шымкент қаласы мен Түркістан аумағындағы эвакуация орындарына үлестіріліп жатыр. 

 

 

Жандос Шымкентте қалды. Сол жерде жүріп көмектеспек. Ерали зардап шеккендерге тағы да көмек жинау үшін Алматыға кері оралды. 

Жандос пен Ерали және солар тәрізді Алматы, Шымкент, Астана және Қазақстанның өзге де қалаларынан шыққан еріктілердің есебінен Арыстың тауқыметін тартқан тұрғындар мен балалар тамақтанып, киім киіп, дәрі-дәрмекке қол жеткізбек.

 

 

Көмек әлі де болса қажет. Арыстың мыңдаған адамына әлі де болса дәрі-дәрмек, алғашқы қажеттілікті өтейтін заттар керек. Төменде гуманитарлы көмекті қабылдайтын орындарды көрсетіп отырмыз.

 


Алматы:

Жандосов к-c, 55/3 (Altyn Arystan у-шу мектебі, «Нархоз» стадионы, Ю. Ким көшесі жағынан кіресіз)
Хабарласатын адам: Жандос Сеит
Телефон: +7 701 985 06 08

Абылай хан даңғылы, 79
Телефон: +7 747 129 39 69

Тимирязев көшесі, 13 (Байтұрсынов көшесінің қиылысы)
Academic Apartments қонақ үйі
Телефон: +7 702 588 10 07

Бенберин көшесі, 46, «Әйгерім» ықшам ауданы
Телефон: +7 701 807 29 27

Саяхат ықшам ауданы, «Алсер» дүкені қасындағы офис
Телефон: +7 777 773 07 47

Гуманитарлы көмек көрсету мәселелері бойынша Аймақтық кәсіпкерлер палатасына хабарласуға болады. Шымкент қаласы: Қонаев көшесі, 83/1 және Түркістан облысы: Түркістан қаласы, Қожанов көшесі, Атамекен-2 БО

Гуманитарлы көмек пен еріктілер туралы ақпарат Алматы мен Астанадағы «Клуб добряков» парақшаларында.

 


Әскери қоймадағы жарылыс себебінен Арыс қаласында қайтыс болғандар бар, 160-тан аса адам жарақат алды, он шақтысы ауруханада. Жарылыс салдарынан үйлердің көп бөлігі қирап қалды. 40 мыңнан аса адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Оларға ем және гуманитарлы көмек, қолдау қажет. Алматы, Шымкент, Астана және Қазақстанның басқа қалаларында гуманитарлы көмек орталықтары ашылды.

Жарияланған уақыты: 28 Маусым, 2019 жыл