Cүйінбикенің сөзі

Төл сөз Қазақстан

Cүйінбикенің сөзі

17 Мамыр, 2019 жыл

Алматы, Қазақстан

Сүйінбике Сүлейменова-Базарғалиева — суретші, кинооператор, экология белсендісі. Бірнеше арт-жобаның, халықаралық және отандық заманауи өнер көрмелерінің және деректі кино мен видео жобалардың авторы.

21 сәуір күні Сүйінбике Сүлейменова операторлар Айгүл Нұрболатова және Айдос Нұрболатовпен бірге Алматы марафонында «От правды не убежишь» («Шындықтан қашып құтылмайсың») және #AdilSailayUshin и #уМеняЕстьВыбор («Менің таңдауым бар») жазуы бар баннер ұстап тұрған экология белсендісі Асия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековтың флешмобын түсірген болатын. Белсенділер мен операторларды сол күні полиция ұстап алып, әкімшілік құқық бұзу кодексінің 488 бабы бойынша қоғамдық тәріпті бұзды деген айып таққан еді. Бірінші инстациялы сот белсенділерді айыпты деп танып, 15 күн қамауға алуға шешім шығарды. Операторларды да кінәлі деп үкім кесіп, 20 АЕК көлемінде айыппұл салды.

16 мамыр күні апелляциялық шағымды қарау кезінде суретші Сүйінбике Сүлейменова көпшілік алдында сөз сөйледі. Алматы марафоны мен тұтқындалған белсенділерге қатысты, алғашқы қазақ документалисті Ескендір Тынышбаевтың композиция заңы жайлы айта келе, сотқа бірнеше сауал тастады. Бірақ, өкінішке қарай, тұшымды жауап ала алмады.

 


«Менің атым Сүйінбике. Осы сотқа бірінші инстанциялы соттың үкіміне шағымдану арқылы абыройымды ғана емес, қауіп төндірмейтін кез келген ақпаратты іздеу, алу және тарату еркіндігін  қорғау және әділдікті қалпына келтіру үшін келіп тұрмын.

Бірінші инстанциялы сот менің және әріптестерімінің (Айгүл Нұрболатова мен Айдос Нұрболатов — Å) әрекетінің заңға қайшы екенін дәлелдей алмады. Менің айыбым не?! «Шындықтан қашып құтыла алмайсың» деген жазуы бар баннерді көргенім үшін кінәлімін бе? Бұл заңсыз ба? Баннер орналасқан жерде камерамен бару заңсыз ба еді? Бірінші инстанциялы соттың айтқаны — Асия мен Бейбарыс баннерді алып шығу үшін әкімдіктен рұқсат алмапты. Асия мен Бейбарыс әкімдіктен нақты не деп рұқсат сұрауы керек еді? Сөз еркіндігіне рұқсат керек пе? Мені және басқа операторларды қандай акцияға қатысқанымыз үшін кінәлі деп отыр? Түсініксіз! Осы сотқа барлық сұрағыма жауап алу үшін келіп тұрмын. Сөз еркіндігі, ақпаратты алу мен тарату, яғни оператордың тікелей қызметіне тиесілі әрекеттер неліктен әкімдіктің рұқсатымен жүзеге асуы керек?

Мені және әріптестерімді не үшін айыптап отырғаны маған жұмбақ болып қалды. Бұл операторлық жұмыстың негізі ғана емес, сонымен қатар ой еркіндігі, ақпарат пен идеяны алу, іздеу және тарату құқығы. Құқығы ғана емес, міндеті де! «Қазақфильм» іргетасын қалағандардың бірі, алғашқы документалист Ескендір Тынышбаевтың «Оператор бүгін мен ертең үшін жауапты» деген сөзін еске түсіріп көріңіздер...


Ескендір Тынышбаев (1909–1995) — алғашқы кәсіби кинооператор және Қазақстандағы кино-документалистика мектебінің іргетасын қалаушы. Бүкілодақтық мемлекеттік кино институтының оператор факультетін аяқтаған соң, қуғын-сүргінге ұшырап, өмірінің 10 жылын ГУЛАГ-та өткізді. Қазақстандағы кинооператорлар мектебіне және документалистиканың дамуына айтарлықтай ықпал етті. 


Бірінші инстанциялық сотта өзімнің суретші екенімді айттым. Менің ойымша, сот сөзімнің төркінін ұқпаған секілді. Себебі мен заманауи суретшімін, видеоны форма ретінде, өзімнің көзқарасымды көрсету үшін жаңа технология ретінде қолданғандықтан тікелей өмірлік ұстанымдарымен байланысты. Сондықтан марафонға барғанда, марафонды түсіру арқылы өзін дамытқысы келетін, өміріне немқұрайды қарамайтын адамдарды, өмірдегі әдемілікті көрсеткім келді.

Мен жолдың қарсы бетінде (Асия мен Бейбарысқа — Å) тұрдым. Не үшін? Себебі суретші, оператор ретінде қолдануға ең ыңғайлы ракурс сол жер еді. Визуалды өнерде композиция құраудың басты принциптерінің бірі – контраст. Баннерді көрген бетте... «Шындықтан қашып құтыла алмайсың» деген баннер жазу тұсында жүгіріп бара жатқандардың бейнесі әдемі контраст қой. Айта кетейін, сол ракурстан тамаша композиция шықты.

Иә, мен Асияны танимын... мені куәгерден айыпталушыға ауыстырғанда, полиция қызметкерлерінің маған таққан бар айыбы ¬– Асияны танитындығым болды. Мұны қалай негіздеуге болатынын түсіне алмадым және бұл жайт осы өкімнің ар жағында саяси мүдде жатқанын көрсетеді. Сіздер бізді әлдебір саяси қитұрқы қадамдарға араластырып жібердіңіздер... Баннердің ешқандай саяси астары жоқ еді.

Сол бір оқиға, қоғамдағы одан кейінгі резонанс... Асия мен Бейбарысты қолдаған үш миллион адам, әлемнің отыздан аса қаласынан қолдау білдіргендер, дәл сондай баннермен көшеге шығып қамауға алынбаған басқа қала, басқа елдің тұрғындары. Шынайы демократия деп осыны айтыңыз!  


Перфоманстар мен қамауға алынған белсенділерді қолдау шаралары Берлинде, Лондонда, Милан, Прага, Лос-Анджелес, Будапешт, Нью-Йорк және Қазақстаннан шалғайдағы тағы басқа  қалаларда қудалаусыз өтті. Ниеттес жандардың акциялары және баннері мен плакаттары бар флешмобтар Алматы, Астана және Оралда полицейлердің белсенділерді тұтқындауымен аяқталды. Оралдағы азаматтық белсенділердің бос плакатпен және Астаналық белсендінің «көзге көрінбейтін» плакатпен тұтқындалуы халықаралық деңгейде үлкен дүрлігу тудырды.


Біз әртүрлі әлемде өмір сүріп жатқандай әсер қалдырасыздар... Сіз бен халықтың арасы қатты алшақтап кеткен! Бұл шымбайыма қатты батады...

Қазір аяғым ауыр (Сүйінбикенің ішінде төрт айлық баласы бар — Å)… және осы сәтті пайдаланып, аналарды, көп балалы аналарды, Қазақстан әйелдерін, экология белсенділерін қолдайтынымды айтқым келеді! Теперіш көріп жүрген барлық топты қолдаймын, олардың саны өте көп... Мына жайтқа назар аударсаңыздар екен: бұйрықтарыңызбен, сот процестерімен, өз қолдарыңызбен арамызды одан сайын алшақтатып жүрсіздер. Әзірге осы...»

 

 

Сүйінбике Сүлейменованың сөзінің соңын залдағылар үлкен қол шапалақпен қолдап-қолпаштады.

Сүйінбике Сүлейменова-Базарғалиеваның апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылды. Сот өз үкімін шығарған сәтте сот залындағы көпшілік аузын «Ұят» деген жазуы бар скотчпен жабыстырып, сот шешіміне қарсылығын әрі Сүйінбике Сүлейменованы жақтайтынын көрсетті. Сот залындағылардың көпшілігін экология және азаматтық белсенділер, суретшілер, құқыққорғаушылар, кинематографистер, дизайнерлер, тәуелсіз журналистер, фемнистік қозғалыс өкілдері құрады. Сотқа бұған дейін тұтқындалған экология белсендісі Бейбарыс Толымбеков, суретші Роман Захаров және кинооператор Айгүл Нұрболатова да келді.

Фото: Малика Ауталипова

«Ұят» азаматтық перформансы Қазақстан мен Орталық Азиядағы жастар арасындағы шығармашылық ынтымақтастықтың және арт-акционизмнің ең ірі үлгісіне айналды. 

Жарияланған уақыты: 17 Мамыр, 2019 жыл