COVID-19: дәрігерлер сөзі

DOCA

COVID-19: дәрігерлер сөзі

19 Наурыз, 2020 жыл

COVID-19 вирусының ерекшелігі қандай? Иммунитетті қалай көтереміз? Пандемия кезінде мысықтар мен иттерге қауіп төніп тұр ма? Адыраспан мен қойдың майы құтқара ма? Масканы қай жерде және қалай кию керек?

Adamdar/CA Қазақстан отбасылық дәрігерлер ассоциациясына хабарласып, осы және өзге де өзекті сұрақтарға толық жауап алды. Оқырмандарға мақаланы мұқият оқып шығуды ұсынамыз. Бүгінгі жағдайда тексерілген ақпарат адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуы әбден мүмкін. 

 

ВИРУС ТУРАЛЫ

COVID-19 дегеніміз не, оның ерекшелігі мен қаупі қандай, неге бұл осыған дейін айтылып та жазылып жүрген (атипиялық пневмония, шошқа тұмауы) басқа вирустарға ұқсамайды?

COVID-19 — Коронавирустар тұқымдасынан тараған SARS-CoV-2 атты бұрын соңды болмаған жаңа инфекциялық ауру. Вирус 2019 жылдың желтоқсанында қытайдың Ухань қаласында анықталды. 

Басты ерекше белгілері: 

1. Ұзақ инкубациялық кезеңі: орташа 5 күн (атипиялық пневмония — 1-2 күн) және ауру барысының жеңіл өтуі. 

Бұл басты ерекшеліктің кесірінен «тұмауға» ұқсас жеңіл симптомдармен ауырған адамдардың (80 % жағдайда) ұзақ уақыт ішінде көптеген адамға ауру жұқтыруына себеп болады. Ал атипиялық пневмония мен шошқа тұмауы симптомдары тез өршитіндіктен науқас екенін түсінген адамдар бірден дәрігер көмегіне жүгінетін. 

2. Вирустан келер қауіп басым, сырқаты асқынып сынақты ауыр өткізуі мүмкін екі топ бар:

• 60 жастан асқандар

• жас ерекшелігіне қарамастан созылмалы ауруға шалдыққан адамдар (диабет, гипертония, демікпе, аутоиммундық аурулар, жүрек-қан тамыры аурулары, онкология және т.б.)

Статистика бойынша, науқастардың 15%-ы орташа-ауырлықтан өтеді, яғни олар стационарда емделеді, ал бүкіл науқастар санының тағы 5%-ы жан сақтау бөліміне жатуға мәжбүр. Ауруханаларда өкпені жасанды желдету аппараты «бос» болмайтындығын ескерсек, мұндай жағдайда ауыр науқастар санының артуы кез келген елдің денсаулық сақтау жүйесіне шамадан тыс жүк болады.

COVID-19 қалай жұғады?

Коронавирус адамнан адамға бірнеше тәсілмен жұғады:

Ауа тамшылары арқылы: ауру адамнан немесе тасымалдаушыдан (науқас емес бірақ шырыш құрамында осы вирусы бар адам) түшкірген, жөтелген, сүйген кезде бөлінетін шырыш, қол алысып құшақтасқан кезде сау адамның бет терісіне, көзіне, қолына өтеді. 

Ауа тамшы жолының аумағы тікелей әңгімелескен адамдар арасында 2-3 метр қашықтықпен шектеледі. Вирус жұқтырудың бұндай жолына бұған дейін ауру немесе тасымалдаушы адамның қолы тиген затты ұстау жатады. Сіз ол адамды көрмеуіңіз де мүмкін. Көбіне есік тұтқаларында, банкомат, лифт батырмаларында, ұялы телефондарда, таяныштарда, дүкен сөрелерінде, үстелдер мен орындықтарда, саптыаяқтар мен шыны-аяқтарда, қасықтарда, компьютер пернетақталары және заттың бетінде вирус қалуы мүмкін. 

Аэрозольдық жол: тыныс жолдарынан бөлінген вирусты шырышты бөліктер құрғап ауа ағынымен өзге кеңістікке өтуі мүмкін. Әсіресе ортақ желдеткіш жүйесі бар аумақта вирус тез таралады. 

Мәселен Grand Princess теңіз круиз лайнерінде дәл осындай жағдай болған. Вирус ауру адамның сілекей мен қақырығы арқылы ғана емес, кейде несеп пен нәжіс арқылы да бөлінеді. Егер әжетханадағы суды ағызатын болсаңыз онда вирустардан құралған шағын аэрозоль қалыптасады. Аэрозоль тамшыдан да алысқа ұшады. Вирус науқаспен жақын тұратын адамға кәріз құбыры арқылы қонуы әбден мүмкін. Сол үшін де унитазды жабық ұстап, суын ағызарда қақпағын жапқан жөн. 

Азық-түлік/тауарлар немесе жануарлардан вирус жұқтыру мүмкін бе?

Мүмкін деген болжам бар. Мәселен сізге науқас даяшы қызмет көрсетіп, ол сізге ұсынғалы тұрған ыдысқа не сусынға түшкіреді. Немесе даяшы қолын жумай қонаққа шанышқы, пышақ беретін болса бұдан инфекция жұғады деген тікелей дәлел әзірге жоқ. 
Ал егер сатушы немесе сатып алушы COVID-19 жұқтырған не оны тасымалдаушы болып дүкендегі тауарларды қозғап, артынан сіз келіп сол заттарды ұстасаңыз, кейін қолыңызды жумастан бетіңіз бен көзіңізге тигізетін болсаңыз ауру жұқтыруыңыз әбден мүмкін. 

Егер поштада12 сағаттан артық жатқан сәлемдемені алатын болсаңыз ондағы вирус ендігі жойылып кетуі мүмкін. Үйіңізге әкеліп берген тауарды қолғаппен алып спирт ертінідісімен сүрту керек. Немесе қолды, дорба мен қорапты санитайзермен тазалау керек.

Коронавирустың үй жануарлары арқылы берілетіні туралы мәлімет жоқ.

Вирус балаларға жұқпайды дейді, бұл рас па?

Балалаларда ауру симптомсыз жүреді, бірақ олар коронавирус инфекциясын жасырын тасымалдаушы болып ересектерге потенциялды қауіп төндіруі мүмкін.

Қытайдың Гуанчжоудағы балалар орталығының мамандары коронавирусқа шалдыққан отбасылардан 2 айлық сәбилер мен 15 жас аралығындағы 745 баланы тексерген. Олардың он шақтысы инфекция жұқтырған болып шықты. Алайда бір де бір балада COVID-19-дың айрықша симптомдары белгі көрсетпеген: қалтырау, жоғары температура, бұлшық еттердің ауыруы, әлсіздік, тыныс алудың нашарлауы, пневмония.

 

АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ МАСКАЛАР

 COVID-19 алдын алуда негізгі шаралар қандай?

• Әлеуметтік оқшаулану (мүмкіндігінше адамдар көп жиналған жерде жүрмеу, іс-шараларға қатысудан бас тарту, кинотеатрлар мен театрлар, сауда ойын-сауық орталықтары мен балалар алаңына бармау және т.б)

• Қолды жылы сумен жиі сабындап жуу ( 20 секундтан кем емес) немесе спирт санитайзермен тазалау. 

• Бөлменің ауасын жиі тазарту

• Бөлмені ылғалдандырып тазалау, беткі қабаттарды антисептикалық ерітіндімен өңдеу. 

• Қолмен бетті ұстамауға тырысу

• Жөтелген, түшкірген кезде бетті бір реттік сүрткішпен немесе шынтақпен бүркеу. Сүрткішті бірден қоқыссалғышқа лақтырып, қолды сабындап жуу не санитайзермен тазарту. 

• Әжетхана суын унитаз қақпағын жауып ағызу. 

• Таза ауада серуендеуге саябақ аумағын таңдаған дұрыс. Өзге адамдармен 2-3 метр арақашықтықты сақтау керек. Аттракциондар мен балалар алаңына бармау қажет. 

Масканы шынында қай уақытта кию қажет?

ДДСҰ және CDC-тің кеңесіне сай масканы («тұмау») респираторлық инфекциясы белгілері бар адамдарға, науқастың жақындары мен медицина қызметкерлеріне ауру жұқтыру қаупін төмендету үшін тағу ұсынылады. 

Ауру симптомдары жоқ адамдардың маскамен жүруінің пайдасы бүгінде нақты дәлелденбеген. Көптеген елдер дәл осы маска тапшылығына ұшырағандықтан сарапшылар масканы мұқтаж жандарға қалдыруға кеңес береді. 

Масканы қалай дұрыс шешіп/кию қажет?

• Масканы киер алдында қолды барлық ережелерді сақтай отырып (төменде оқыңыз) сабындап жуу керек немесе санитайзермен тазалап, сүрткішпен құрғату қажет. 

• Маска аузыңыз бен мұрныңызды жауып тұратындай етіп (!), бетіңізге тақап киіңіз. 

• Маска тағып жүрген кезде оның матадан тұратын бөлігіне қол тигізбеңіз.

• Масканы резеңкесінен ұстап шешіңіз, алдыңғы жағын ұстамаңыз. 

• Қолданылған масканың ішкі жағынан бүктеп қақпағы жабылатын қоқыс салғышқа тастаңыз. 

• Масканы ауыстырғаннан кейін қолды барлық ережелерді сақтай отырып жуып немесе санитайзермен тазалаңыз. 

Масканы ылғал болған сайын (2 сағаттан артық емес) ауыстыру керек. 

Маска неден қорғап, неден құтқармайды?

Кәдімгі хирургиялық маскалар науқастан жөтелген, түшкірген кезде бөлінетін сілекей бөліктері мен шырыштан (айтарлықтай ірі тамшы) айналасындағыларды белгілі мөлшерде қорғай алады.

Маска сау адамдарды аурудан сақтамайды, себебі бетті қапсырып жаппайды. Оның үстіне сау адамдар маска тағу әдебін сақтамаса пайдасынан бұрын зиянын көреді. 

 

ДИАГНОСТИКА ЖӘНЕ ЕМ

Егер өзіңізден COVID-19 белгілерін байқай қалсаңыз не істеу керек?

1. Симптомдарды бақылаңыз

Егер сізде коронаровирус инфекциясының симптомдары болса:

• Жоғары температура

Бұл дегеніміз кеудеңізден немесе арқаңыздан ыстықты сезініп тұруыңыз (қызуды өлшеу міндет емес).

• Жаңа (жақында пайда болған) және тұрақты жөтел

Тұрақты дегеніміз — сіз 1 сағаттан артық жөтелесіз немесе сізде 24 сағат ішінде 3 және одан да көп созылмалы жөтелдің байқалуы (егер сізде созылмалы жөтел бұрыннан бар болса онда бұл жолы әдеттегіден күрделірек болуы мүмкін).

Мұндайда жалпы тәжірибелі дәрігерге, емханадағы жергілікті дәрігерге, дәріхана мен ауруханаға бармағаныңыз жөн. 
Бұл жағдайда сіз үйде отыру арқылы аурудың басқаларға, әсіресе ауыр хәлде жатқан науқастарға қызмет көрсететін денсаулық сақтау қызметкерлеріне жұғып кету мүмкіндігін азайтасыз. Сіз үйде қалып өзгелерге көмектесе аласыз.

Коронавирус симптомдары анықталғаннан бастап 7 күн ішінде үйде қалуыңыз керек. 
 
Арнайы дәрі-дәрмексіз қызуыңыздың түскеннен кейін 3 күн өтуі керек. Қалыпты күн тәртібіне көшпестен бұрын жөтеліңіз бен тамақ аурыңыз қайтқанына көз жеткізіңіз. Егер қызуыңыз көтерілмеген болса, басқа симптомдардың бәсеңдеуінен кейін кемі 3 күн үйде отырыңыз. 

Егер сіз вирус симптомдары бар адаммен бірге тұратын болсаңыз, сол адамда алғашқы белгілер пайда болған күннен бастап 14 күн бойы үйде қалуыңыз қажет. 

Ал егер ауруыңызға демікпе қосылып жағдайыңыз нашарласа, қызуыңыз көтеріліп, жөтел күшейсе дереу дәрігермен байланысып, жедел-жәрдем шақыртып ауруханаға жатыңыз. 

Егер 70-тен асқан, созылмалы ауруы бар немесе жүкті, иммунитет жүйесі әлсіз (обырдан, АИВ инфекциясы, иммунодепрессанттардан емделіп жүрген) адамдармен бірге тұратын болсаңыз олардан 14 күнге оқшауланатын жер табуға тырысыңыз. 

Сізге олармен бір үйде қалуға тура келсе бір-біріңізден барынша (2 метр не 3 қадам) алыс болғандарыңыз жөн. 

2. Симптомдар анықталған жағдайда үй карантинінің ережесі: 

• Жұмысқа немесе сабаққа бармаңыз

• Қоғамдық көлікпен, таксимен жүрмеңіз, көлігіңізге бөгде адамдарды мінгізбеңіз. 

• Барынша өзіңізді үйде бірге тұратын адамдардан оқшаулаңыз.

• Біреуге жақын тұра қалсаңыз бет маскасын киіңіз. 

• Қолды кем дегенде 20 секунд сабындап жиі жуыңыз. 

• Жөтелгенде, түшкіргенде аузыңыз бен мұрныңызды беторамалмен немесе қолыңызбен бүркеңіз. Осыдан кейін беторамалды лақтырып, қолыңызды жуыңыз. 

• Денеге көп жанасатын заттардың үстіңгі қабаттарын, мысалы үстелдің үстіңгі тақтайы, есік тұтқалары, сантехника мен телефондарды сүртіңіз. Оларды әр пайдаланғаннан кейін немесе күніне 2 реттен кем қылмай тазалаңыз. Бұл үшін тұрмыстық тазалағыш сұйықтық құйылған бүріккішті немесе тазалағыш майлықты қолданыңыз. 

• Үйге қонақ келуіне рұқсат етпеңіз. 

Егер отбасыңызбен бірге тұратын болсаңыз олар да 2 апта бойы карантин ережелерін сақтауы тиіс.

• Пәтер ішінде бір-біріңізден алыс болғандарыңыз жөн. Дұрысы бөлек бөлмеде орналасыңыздар. 

• Мүмкіндік болса бөлек дәретхана мен ванна қолданғандарыңыз дұрыс.

• Егер де ванна мен дәретхана ортақ болса әр пайдаланғаннан кейін денеге жанасатын үстіңгі бетті дезинфекциялаңыз. 

• Жеке тұрмыстық заттарды мәселен, саптыаяқ, шыны-аяқ, ас үй жабдықтары мен майлықтарды бірге қолданудан аулақ болыңыздар. 

• Бөлмені жиі желдетіп, үй ішін күнделікті ылғалдандырып тазалап отырыңыз. 

• Сүлгі, төсек-орын жабдығын, іш киімді жиі (күн сайын немесе күн ара) ауыстырыңыз. 
 

COVID-19 анықтау тесті қалай жасалады?

Қазір 2 түрлі тест жасалады: мұрынқуысынан жағынды алу арқылы экспресс-анализ және қан талдауы. Екеуі де ПТР (полимеразалық тізбек реакция) тәсілімен жүзеге асырылады. 

Экспресс-тесттер нәтижесі 1-2 күнде дайын болады, ал қан талдауы қорытындысын алуға көп уақыт кетеді (4-5 күн шамасы). Себебі мұны зерттеу процесі бірнеше деңгейден тұрады: 

• Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының орталық референс-лаборатория мамандары ПТР лабораториялық әдісімен диагностика өткізеді. ПТР-да коронавирус инфекциясын растайтын рибонуклеиндік қышқыл (РНҚ) анықталады. 

• Бұдан бөлек барлық зерттелген материалдар тұмауға, ЖРВИ мен өзге де коронавирустар түріне тексеріледі.  

• Пациенттердің оң және теріс сынамалары Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен аккредиттелген лаборатория базасында Денсаулық сақтау министрлігінің қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының вирустық инфекцияларды бақылауымен қайта тексеріледі. 

• ДДСҰ-мен серіктес лабораторияда қосымша бақылау жүргізіледі.
Коронавирусқа толық диагностикалық талдау жүріп жатқан кезде пациент медициналық мекеменің оқшаулау боксында мамандардың тәулік бойы қарауында болады. Талдау сынамасын медициналық қызметкер алады. Қалған жағдайларға талдау жасалмайды. Жеке медициналық ұйымдар жаңа коронавирустық инфекцияны анықтауға зерттеу жасамайды.

Егер мен ауырсам менімен бірге тұратын/қатынасатын адамдар да ауыра ма?

Бүгінде COVID-19 жоғарыконтаниозды (өте жұқпалы) инфекция болып есептеледі. Егер адам COVID-19-бен ауырса онда онымен бірге тұратындар мен байланысқандардың вирус жұқтыру қаупі жоғары. Алайда бұл сұраққа нақты жауап алу үшін бірнеше ай/жыл бақылау мен кезекті статистикалық өңделген мәліметтерді күтуге тура келеді.

Ауру жұқтырғандарға қандай ем қабылдау ұсынылады?

Амбулаторлық деңгейде (егер емделуші үйде болса) спецификалық емдеу болмайды. Көп мөлшерде су ішу, санитарлық-гигиеналық шараларды сақтау, басқаларға вирус жұқтырмау үшін өз-өзін оқшаулау керек. 
 
Стационарда
вирусқа қарсы терапия (лопинавир/ритонавир), симптоматикалық терапия жүргізіліп және қажет болса — ӨЖЖ (өкпені жасанды желдету) жасалады. 

COVID-19-ге қарсы денелер түзіле ме? Бұл ауруға қайта шалдығу мүмкін бе?

Бүгінде бұл сұрақтарға толыққанды жауап жоқ. Жаңа вирус туралы мәліметтер өте аз. Пациенттер арасында COVID-19-дан айыққан адамды қайта тестілеу кезінде оң нәтиже берген жағдайлар ғылыми еңбектерде кездеседі. Алайда олар толық емделіп болғаннан соң қайта жұқтырды ма әлде бұл тест-жүйесінің қателігі ме әзірге түсініксіз. Оң және теріс нәтижелі тест қорытындыларында қателіктер болған. 

Бұдан бөлек көбіне әр ағзаның иммундық жүйесінің жеке ерекшеліктері де болады. «Ережеге» сәйкес инфекциямен ауырған ағзада белгілі бір уақытта қорғаныс денелері қалыптасады. Ол вирус қоздырғышын қайта кездестірген кезде оны танып, бірден басып тастайды. Бірақ вирусқа қарсы денелер қажетті деңгейде қанша уақыт сақталатынын білу ұзақ мерзімді бақылауды қажет етеді. 

Аурудың алдын алу үшін иммунитетті қалай күшейту керек?

Қазіргі таңда иммунитетті көтерудің дәлелденген әдістеріне мыналар жатады: 

• рационалды және үйлесімді тамақтану

• тұрақты физикалық белсенділік (аптада 150 минуттан кем емес орташа және қарқынды аэробты физикалық жүктеме, мысалы тез темппен жүру, жүзу немесе велосипед тебу)

• толыққанды ұйқы ( 7–8 сағаттан кем емес)

• жеке гигиена ережесін сақтау

• егілу

• зиянды әдеттерден бас тарту (темекі шегу, алкоголь, есірткі пайдалану және т.б)

АНТИСЕПТИКТЕР МЕН ДЕЗИНФЕКЦИЯ

Қолды тазалауға кез келген санитайзер жарай ма?

Құрамында спирт бар санитайзерлер вирус пен бактерияларды жақсы жояды. Бірақ спирттің күші 60-70% пайыздан кем болмауы керек. 

Қолды қалай дұрыс жуу керек?

Қолды сабындап жууға кететін уақыт ереже бойынша 30 секунд пен 1 минуттың арасы және әр қимылды 5 реттен кем қылмай қайталау керек:

• бір алақанды екіншісімен саусақтар ұшынан бастап білекке дейін ысқылау

• оң алақанды сол қолдың сырт жағына қойып оң қол саусақтарымен сол қолдың арасын жуып, қолды ауыстырып әдісті қайталау

• қолдың саусақтарын тіктеп ішкі жағынан бір-біріне қапсырып, кезекпен жоғары-төмен ысқылау 

• оң қолмен сол қолдың бас бармағын айналдырып жуып, кейін сол қолмен дәл осылай оң қолдың бас бармағын жуу

• оң қолмен сол қолдың білегін айналдырып жуу және сол қолмен оң жақ білекті айналдыра жуу 

• оң қол саусақтарының ұшымен сол алақанды айналдыра жуу, келесі қолмен солай жасау 

Кейін қағаз сүрткішпен қолды кептіріп, сол сүрткішпен кранды жабу керек. Артынан қолданылған сүрткішті қақпағы жабылатын қоқыс салғышқа тастау қажет. 

Үстіңгі беттерді немен тазалаған дұрыс?

Үй жағдайында беткі қабаттарды тазалау үшін кәдімгі тұрмыстық сұйықтықтарды пайдалануға болады. Бастысы қаптамадағы талаптарды (қандай қабаттарды тазалауға арналған, қалай жағып, қалай шаю керек т.б) ескеру қажет. Үстел үсті, сөрелер, компьютер пернетақтасы, есік тұтқасы, унитаз, асхана және жазу үстелдері, тартпа тұтқалары, телефон, пульт пен телевизор кнопкаларын жиі тазалау ұсынылады. 

Үйде «Белизна» ерітіндісі болса өз қолыңызбен зарарсыздандырылған тазалағыш сұйықтық жасауға болады: 1 литр суға 60-100 мл ерітіндіні араластырыңыз. 

Кез келген химиялық сұйықтықты қолдану кезінде қауіпсізддік шараларын сақтау қажет: қолғап киіп, бөлмені желдетіп қою қажет. 

Қолды міндетті түрде антибактериалды сабынмен жуу керек пе?

Жоқ, қолды кәдімгі сабынмен жусаңыз да бір эффектті береді. Вирустар— бактериялар емес, сондықтан антибактериалды сабынның сабынның кәдімгі сабыннан ешқандай артықшылығы жоқ. 

Қолды сабындап жуу кірді кетіріп, қол үстіндегі вирустар мен бактериялар жабысатын тер-майлы үлбірді алып тастайды. Жақсырақ нәтижеге жету үшін қол жуу ережесін ұстану керек.

Қайсысын қолданған дұрыс: санитайзер немесе антибактериалды сүрткіштер?

Инфекцияның (вирустық және бактриалды) алдын алуда ең тиімді әдіс қолды ағып тұрған суда сабындап жуу. Егер жаныңызда су ағатын кран мен сабын болмаса құрамында алкоголь бар санитайзерді (спирт күші 60-95%) қолдануға болады. 

Антибактериалдық сүрткіштер қолдың бетіндегі кірді азайтуы мүмкін, бірақ вирустың өзіне қарсылық күші аз. Себебі олардың құрамында қажетті концентрацияда спирт болмайды және тек бактерияларға қарсы заттардан жасалады. 

ЖЕЛІДЕ ТАРАҒАН МИФТЕР ЖӘНЕ КЕҢЕСТЕРГЕ ЖАУАП

«Біз бәлкім коронавируспен қыста ауырып кеттік, сондықтан уайымдайтын ештеңе жоқ»

Бұл болжамдар ғылыми негізге ие емес. Оның үстіне COVID-19 инфекциясы көп адамдарда жеңіл-орташа түрде өтеді, бірақ 60 жастан асқан кісілер мен созылмалы ауруы бар кез келген жастағы пациенттер арасында жіті тыныс алу жетіспеушілігімен ауыр пневмонияға ұласуы немесе аз уақыт ішінде бүйрек жұмысының бұзылуына алып келуі мүмкін. Мұндай пациенттерге өкпені жасанды желдетуге тіпті жасанды қан айналымын жүргізуге тура келеді. Әлем және Қытай дәрігерлері мен ғалымдарының, эпидемиологтарының назарын аударған да дәл осы факт. Статистика бойынша ауыр халдегі науқастар 15-20 %-ды құраған. Дегенмен көрсеткішті санға айналдырсақ бірде бір денсаулық сақтау жүйесі қысқа мерзім ішінде түскен көптеген ауыр халдегі науқастарға көмек көрсету үшін жеткілікті ресурстармен қамтамасыз етілмеген. Егер мұндай ауру біздің елімізде қыс мезгілінен басталған болса біз, алғашқы боп көмек көрсететін дәрігерлер, жедел-жәрдем қызметі мен стационар қызметкерлері бұл жағдайдан бірінші хабардар болар едік. 

«Жыл сайын тұмаудан бұдан да көп адам көз жұмады»

Негізінде бұл екі ауруды салыстыру қисынсыз. COVID-19 — бұл аурудың жаңа түрі. Оның денсаулыққа әкелер салдарының қандай екенін анықтайтын білім әлі жетілген жоқ. 

Дегенмен бүгінге белгілісі ауруды орташа-ауыр формада өткерген тіпті жас адамдардың өкпесінде фиброз дамуы мүмкін және өмірінің соңына дейін жай жүктеменің әсерінен демікпе орын алып, өкпенің басқа да функцияларының төмендеуі байқалады. Демек бұл аурудың кесірі жас, еңбекке жарамды адамдардың мүмкіндігін ертерек шектейді деген болжам бар. Әрі белгілі бір уақыт өткеннен кейін де COVID-19 дың денсаулыққа әзірге белгісіз басқа да теріс әсері болуы мүмкін. 

Сондықтан әр түрлі вирустық инфекцияларды адам шығынына қарай салыстыру дұрыс емес. Тағы бір айтатынымыз адамзат екпе мен вирусқа қарсы препараттардың көмегімен тұмаудан қорғануды және одан өлу көрсеткішін төмендетуді үйренді. COVID-19*ға қарсы әзірге ондай қорғаныс кепілі жоқ. Тұмаудан көз жұмудан сақтану үшін жыл сайын егілуге болады, алайда мұның маңыздылығын әлі күнге дейін түсіне бермейтіндер бар. 

 «Тайвань сарапшылары» мен «жапон дәрігерлерінің» диагностика және алдын алу шаралары жайлы кеңестері (әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде түрлі кеңестер жазылған хабарламалар таралып жатыр )

COVID-19-дың инкубациялық кезеңі туралы: әзірге дәрігерлер мен адамдар 14 күнді нысанға алуы керек. Мұны ДДСҰ мен әлемдік жетекші орталықтар растап отыр. Коронавирустық инфекцияның ЖРВИ түрінде жеңіл өтуінен фиброздың даму мүмкіндігі дәлелденген жоқ делінеді. Фиброз науқастардың 1%-да, ауру барысы қиын өтіп, екі жақты пневмонияға, өткір респираторлық дистресс синдромға ұшырап, ұзақ мерзімді өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) мен оксигенация алған пациенттерде болады.

Фиброздың басты симптомы — демікпе, физикалық жүктемені ауырсыну. Алайда адамда қызу көтерілу, пневмонияның өзге де белгілері болмайды. Тыныс алуды кідірту тестін жасау түк емес, ал физикалық жүктемені көтере алмауды анықтау қиынырақ. Жүрек талмасы, тыныс демікпесі, өкпенің созылмалы обструктивті ауруы, аса семіздік әсерінен де адамдар тыныс алуды кідірту тестін көтере алмайды. Бұл науқастардың бәрінде тыныс алу жетіспеушілігі басым. Тыныс алу жетіспеушілігін анықтайтын ең сенімді тест — тредмил, яғни адамның 6 минут ішінде басатын адымы. 

Су жайында. Әр адам күніне шай, кофе, шырын және басқа да сусындардан бөлек 2 литр таза су ішуі керек. Ауыздың шырышты қуысы мен тамақты бір жұтым сумен шаю құрғақ ыстық ауада немесе жылыту маусымы кезінде бөлмедегі құрғақ атмосфера жағдайында жаман кеңес емес. Ал ауыз қуысындағы вирус асқазанға түсіп, ол жерде тұзды қышқыл мен пепсиннің әсерінен жойылып кетеді деу тек жорамал ғана. Бұған дәлел жоқ. Вирус ағзаға көз бен мұрын арқылы да ене алады. 

«Коронавирустан адыраспан мен қойдың майы қорғайды»

Баяу еритін жануар майларын (қойдың, үйректің және т.б) теріге жаққанда үлбір түзіледі. Бұл жылуды ұстап тұрады. Сондықтан олар қыздырғыш эффект беріп, бұлшық еттер мен буындарды босатып, ауруды басады. Суық тию және бұлшық еттерде кез келген инфекциялық аурудың болуы сирек емес. Ондайда бұл «физиотерапия» симптомдарды жеңілдетеді. Бірақ бұл майлар ешқандай инфекцияның бетін қайтара алмайды.
Адыраспан немесе кәдімгі Гармала — өте әсерлі жәндік жойғыш. Онымен бөлмені түтіндейді. Мұндайда абай болу керек, егер бөлмеде жүкті әйел болса адыраспан уақытынан ерте босану немесе түсік тастауға алып келеді. Өкінішке қарай, бүгінде ғылыми қоғамдастыққа бұл шөптердің вирусқа қарсы күші белгісіз. Шөптің вирус пен бактерияға қатысты әсері туралы ғылыми дәлел де жоқ. 

16 наурыздан бастап Қазақстандағы отбасылық дәрігерлер қауымдастығы халыққа COVID-19 коронавирустық инфекциясына қатысты сұрақтар бойынша ҚОДА ресми сайты мен Facebook және Instagram парақшаларында тегін онлайн кеңес беруді бастады. 

 


Adamdar/CA командасы Қазақстандағы отбасылық дәрігерлер ассоциациясы ұжымына және дизайнер Айжан Байтимбетоваға материалды дайындауға үлес қосқандары үшін алғыс білдіреді. 

Иллюстрацияларды редакцияның жазбаша келісімімен ғана пайдалануға рұқсат. 

Жарияланған уақыты: 19 Наурыз, 2020 жыл