Қайран да менің Жайығым…

Кітапхана JerSu Қазақстан

Қайран да менің Жайығым…

Автор: Лукпан Ахмедьяров

Суреттер: Асхат Ахмедьяров

27 Қазан, 2021 жыл

Жайық, Қазақстан

Жайық – Еуразияның маңызды су артерияларының бірі. Жайық – Еуропадағы ұзын үш өзеннің бірі, Қазақстан мен Ресейдің миллиондаған тұрғыны үшін, экожүйе үшін маңызы зор өзен. Соңғы уақытта Жайықта үрейіңді алатын түрлі жайттар, белгілер орын алып жатыр. Adamdar/CA өтініші бойынша Жайық бойын ен жайлап өскен, сол өңірдің тумасы әрі тұрғыны, журналист, документалист Лұқпан Ахмедьяровтың Жайық өзенінің өткені мен бүгіні жайлы жазбасын жариялап отырмыз. 

 

 

Әлі есімде, 4-5 жасымда ағаларым мені өзенге әкелді. Сол уақытта біз Ақсуат ауылына жаңадан көшіп келген едік. Жайықтың бір бұрылысы Ақсуатқа таяп келіп, кілт бұрылатын. Жүздеген жылдар бойғы өзеннің қатты ағысы арнаны шайып жіберген. Ақсуат сол себепті өзеннен сәл биіктеу тұратын. Ағаларым мені өзеннің ауылға тиіп тұратын кілт бұрылысындағы, яғни ағысы қатты тұсындағы биіктігі 15-20 метр болатын жарға алып келді. Осы биіктіктен мен тұңғыш рет Жайықты көрдім. Бұл көктем кезі еді. Терең арнаның ішінде бұлқынып, буырқанып жағасына көпіршіктерін атып, құлаған ағаштарды ағызып жатыр еді. 

Өмірінде өзен көрмеген бала үшін бұл көрініс арынды алапат боп көрінді. Ол тасқынның жағаға соғылып жатқан сұрапыл көрінісіне емес, жардың анандай соққыға тойтарыс беріп жатқанына таңғалды. Жүздеген метрге созылған өзеннің беті ағысқа қарсы жүзген бекірелердің жон арқаларынан қатпар-қатпар әжімдердей көрінетін. Жон арқасы мен бүйіріндегі қабыршақтары жылтырап, өзеннің ана жағалаунан мына жағалауына дейін жайлап жататын.Биік жардан қарап-ақ мен олардың ірі-ірі балықтар екенін білдім. Осы уақытқа дейін көріп жүрген балықтарымнан үлкен екені сөзсіз. Саны жағынан да көп екен. Жай көп деу аз, өте көп екен! Алдын тоса алмас арқыраған өзенге, асау толқындар соққысына қарайтын олар жоқ, суды құйрығымен бұлғаң еткізіп бір ұрып қойып, түк болмағандай ағысқа қарсы ойнақ сап барады. 

Өздерінің туған мекені – Каспий теңізін тастап, бекіре балығының үйірі ағысқа қарсы жүзіп барады, Жайықты жоғары өрлеп барып, уылдырық шашып, жаңа өмірге жағдай жасайды. Әлбетте, мен ол кезде өмірдің бұл заңдылықтарын білгем жоқ. 

 

 

Біраз уақыт өткен соң бала Лұқпан ауға іліккен бекірені жақыннан көрді. Ұзындығы екі метрдей болатын алып балық желбезегімен жер қағып, дәрменсіз күйде жағада жатты. Оны менің әкем мен досы екеуі екеулеп балықшы қайығынан аударып түсірді. Бұл балықтың үлкендігіне ғана таңғалған жоқпын. Ол мен бұрын көрген балқтарыма мүлде ұқсамайтын еді. Денесі қабыршақсыз, арқасындағы қанаттары фантастикадағыдай. Бауырындағы бүртіктер батырлардың сауытындай. Ол бір басқа әлемнен келгендей әсер берді. Бірер минуттан соң оның жуан қарнын жарып, уылдырығын алды да, қалған денесін сол күйі суға лақтырып жіберді. Мен жағада тұрып, қып-қызыл жолағы әппақ денесінен айқын көрініп тұрған балықты алып толқындардың қалай қақпақылдап алып бара жатқанына көз алмай қарап тұрдым. Бір тіршілік иесінің өмірін оп-оңай үзе салғанға сене алмадым. Неге екенін, сол көріністен соң бекірені де, оның қара уылдырығын да аузыма ала алмаймын. 

 

 

Жайық тек көктемгі тасқын кезінде ғана өзінің алапат қуатымен мені таңғалдыратын. Әр жыл сайын ерте көктемде сөгілген сеңді көру үшін ауылдың қарасирақ балалары биік жарға қарай жүгіретінбіз. Табиғаттың сұрапыл күші сұқтандырмай қоймайтын. Бір-біріне соғылған талыстай-талыстай мұздардың құлақты жарардай тарс-тұрс еткен дауыстарына қарасаң, төменде біреу алып балғамен оларды ұрып жатқандай күй кешесің. Алты ай қыста су бетіне жиылған қар қарая бастайды. Сол кезде мұз бетінде шалшық пайда болады. Содан соң ара-арасы сетінеген мұз ішінде зеңбіректің толассыз тарсылдағанындай үн басталады. Жайық өзінің оянғанын осылай зор күшпен, зор үнмен айналасына паш етеді. Енді бірер минуттан соң қарасаң, бір сағат бұрын біртұтас боп жатқан мұз сауыты сөгіліп, алып бөліктері өзен ағысымен ағып бара жатады. Олар бір-бірінің артынан тізбектеліп ағады. Сатырлап барып, ашулы кейіппен жағалауға соғылып жатады, жарылып жатады. Жыл сайын бұл көрініс қайталанып жатады, бірақ оның үстінен түсу оңай емес. Өз басым Жайықтың жағасында туып, сонда өссем де, мұз жарылып, сең соғылысқанын үш әлде төрт рет қана көрген шығармын. Әдетте, сең түнде бұзылады. 

 

 

Сең жарылған соң сәуірдің соңы, мамырдың басында келесі кезең басталады, ол кезде Жайық өзінің “әлегін” басқаша салады, су тасқыны болады. Өзен суы лайланып, күшеніп, ентелей ағады. Тіпті, арнасына сыймай, орман мен ауыл арасын бөліп тұрған шабындықтарды басып қалады. Шабындықтарды су басып қалған кезде мен көңілімді қуантатын істерімнің, істеуге тиіс міндеттерімнің тізімін жасаймын. Егер ылди жақты ғана және орманның жиегін ғана су алса, онда мен іштей қорадағы малдармен ұрсыса бастаймын. Көктемде табындағы бұқалар күйлегенде сиырлар мен таналарды орманға қарай қуатын. Егер табын екі күннен артық оралмаса, онда маған резіңке етік киіп, су алған жерлерді, орманды шарлап, аяғымнан тозып, өзіміздің, көршілердің сиырларын тауып келуім керек болады.

 

 

Егер су арнасынан қатты тасыса, күллі шабындыққа, орманға түгел жайылса, онда бізге Құдай берді деген сөз, көктем бойы сазан аулаймыз. Бұл ірі балықтар уылдырығын таяз, күннің жылуына әбден қызған суларға салады. Сондықтан Ақсуаттың бар баласы үлкен тасқыннан соң балық аулайтын айырларын қайрап, жоқ болса, қолдан айыр, тісі жиі шанышқы жасап алады. Қолдан жасау бәрінің қолынан келмейтін, әрине. Көпшілігі жіңішке, үшкір боп қайралған айырға қанағат ететін. Оны үшкірлеу үшін де аз уақыт кетпейтін. Жақсылап егей берген соң айырлар да өзгеріп кететін, оның істіктері екі-үш есеге дейін жіңішкеріп, отырған жерді қашау мен егеуден ұшқан ұнтақ жауып қалатын. Ондай айырлар сазан аулауға өте қолайлы болғанмен, аулада күнделікті жұмысын атқаруға жарамсыз болып қалатын. Шөпті де, сабанды да егелген айырға шаншып алам деп талпыну — еш нәтиже бермейтін. Сол үшін көктем сайын мен, менің ауылдағы достарым әкелерінен жақсылап сыбағасын алатын, бірақ оларды айыр егеуден, балық аулау рахатынан тию бәрібір мүмкін емес еді. Мен сол бала кезде қанша айырдың басына су құйғанымды білмеймін. 

 

 

Көктемгі тасқыннан соң мамыражай жаз келетін. Жаның рахатқа батып, суда балықша жүзіп, біресе есіней отырып балық аулайтын сәт. Шомылуды айтсаңшы бәрінен де! Жайық біздің бар тырнақалды жетістіктеріміздің куәсі ғой. Кім алғаш боп жүзуді үйренді, кім алғаш боп бір жағалаудан екіншісіне қарай жүзіп өтуді үйренді (ол кездегі арнасы кең өзенен жүзіп өту — ерлікпен пара-пар еді)? Кім бірінші боп шалқалай жүзуді үйренді? Кім су астында демді ұзақ ұстап тұра алады? Ұлдардың жетістік тізімі тым ұзын. Ол айтылған жайттың бәрі қауіпсіз, зиянсыз деуге келмейді. Бақытымызға орай, оны біздің ата-аналарымыз білмейтін. 

 

 

Осы жерге дейін оқысаңыз, онда сіздің сауалыңызға жауап беретін уақыт келді деген сөз: бұл естеліктерді неге айтып отырмын? 

Бүгінде мен 45-ке келдім. Жайықтың соңғы рет тасығанына 27 жыл болыпты. Соңғы бес жылда біз бұл өзенді жаяу кешіп өте салатын болдық. Тура мағынасында солай! Өзеннің таязданғаны сондай, сүңгитін жер таппайсың. Жайықта бекіре мен сазанның ізі де қалмағаны жайлы ләм демей-ақ қояйын. Олардан дым қалмады. Бұл жерде не көбейді десеңіз, баяғыда мен бекіренің көшін қарайтын “Ақмаңдай” жардың көлемі көбейді. Су көлемі төмендеген сайын, жар ашыла түскен. Өте көп мөлшерде. 

Жайық жоғалып барады. Ол қартайып қалды. Менің әкем сияқты тез-ақ шөгіп қалды. Әуелі оның жүрісі баяулады. Біраз жылдан соң ол арықтап, құр сүлдері қалды. Бір күні таңда ас ішіп отырсақ, қолына тұтқасын қысып ұстап отырған шәшкедегі шайын көтеруге шамасы келмеді. Солай біз әкеміз инсульт алғанын білдік. Сол күннен бастап өмірінің соңына дейін төсек тартып жатып, әкеміз бірте-бірте бізден ұзай берді. Жайықтың тағдыры да дәл солай шарасыздың күйін кешуде. 

 

 

Егер Батыс Қазақстан облысының картасына зер салсаңыз, Жайық құлашын кеңге жайып, шалқадан жатқан адам сияқты. Бір құлашы — Шаған, бір құлашы — Дерқұл. Қазір оның қос қолы да суалып қалған, соңғы бес-алты жылдан бері олар Жайыққа құя алмайды. Ал картаға тағы үңіле түсіп, Жайықтың суалған арнасының ізімен өрлей түссеңіз, артериядағы тромбтарды — Ресей мен Башқұртстандағы су қоймалары платиналарын, гидроэлектрстанцияларын көресіз. 

Қазір Қазақстанның экология Министрлігі Жайықтың суалуына адамзаттың қатысы жоқ деген сайын, менің бала кезімдегі арналы, адуынды Жайығым енді қайтіп оралмайтынын түсінем.

Қазақ тіліне аударған — Кәмшат Әбілқызы


Автор жайлы:

Лұқпан Ахмедьяров – журналист, «Уральская неделя» газетінің авторы, түрлі деректі фильмдердің режиссері. Еліміздегі қаламы қарымды журналистердің бірі. Қоғамда талқыға көп түскен, үлкен резонанс тудырған материалдардың авторы. 

Ол адам құқы мен еркіндігі үшін бірнеше азаматтық акция ұйымдастырып, талай мәрте арандатушылардың лаңына да ұрынып, заңсыз қамауда да отырған. Өміріне қауіп төнген кездер де жетерлік. Азаматтық батылдығы мен тәуелсіз журналистикадағы табандылығы үшін оған «Шекарасыз репортер» халықаралық құқық қорғау ұйымының атынан Питер Маклер премиясы берілген. 

Лұқпан сөзі
Лұқпан Ахмедьяров ADAMDAR/CA арқылы балалығы, журналистикадағы алғашқы қадамы, өз қаласы, өз елі жайлы баяндайды. 

Лукпан Ахмедьяров: «Узнаем. Размышляем. Действуем» (Лұқпан Ахмедяров: «Білеміз. Саралаймыз. Әрекеттенеміз»)
Лұқпан Ахмедьяров журналистиканың миссиясы мен принциптері жайлы ойларын ортаға салды. Тарихтың қаралай нұсқалары мен цифрлы іздер, пост-шындық кезеңіндегі автордың жұмысы; қауіпсіздік техникасы мен принциптері жайлы кеңес береді.

Жарияланған уақыты: 27 Қазан, 2021 жыл