«Шайтанарбадағы көшпенді»

Adamdar Radio Кітапхана DOCA

«Шайтанарбадағы көшпенді»

Автор: Магжан Сагимбаев

(кітаптан үзінді)

26 Сәуір, 2020 жыл

Пандемия жер бетін құрсаулап тастаған бүгінгі күні адамдардың бәрі де карантиннің тұтқынына айналды. Тіпті саябақта серуендеу мен іргеңдегі қалаға саяхаттаудың өзі арман болып тұр. Ал жер бетін шайтанарбамен, жалғыз айналып шығу сапары туралы ойланудың өзі мұң. 

Мағжан Сағымбаев велосипедпен жер шарын айналып, саяхаттап келген алғашқы қазақстандық. Ол Оңтүстік Америка, Африка, Еуропа мен Антарктиданың биік шыңдарына да шыққан.

2014 жылдың 1 мамырында ол екі дөңгелекті «көлігіне» отырып, туған қаласы Алматыдан шығып, 380 күн ішінде әлемнің 22 елінен өтіп, 28 000 шақырым қашықтықты жүріп өтті. Төрт жылдан соң ұзақ жолда бастан кешкен қызықты оқиғалары, қиындықтары мен таныстықтарын  әңгімелеп «Шайтанарбадағы көшпенді немесе Жер шарын 380 күнде айналып шығу» атты кітабын жазып шықты. 

Автор Adamdar/CA-ға арнап дүниежүзіндегі бүгінгі жағдайды әңгімелеп берді, оған қоса кітабының үзіндісін оқыды (орыс тілінде). Оны біз аудиоформатқа жазып алдық. Бұл материалда оқырман мен тыңдаушы назарына Мағжан Сағымбаевтың Қазақстан, Өзбекстан мен Түркіменстанға сапарын сипаттаған үш тарауын ұсынамыз.

 

Автордың алғысөзі

Бұл кітап жолжазбаларымнан құрастырылды. Шағын және тым ұзақ, кейде қалай болса солай жазылған, алайда тіршілік келбеті мен мың бояуға малынған жазбалар. Сол саяхаттан кейін бірнеше жыл өткен соң барып күнделіктегі жазбалар мен бастан өткерген тәжірибемнің (саяхаттағы ғана емес, жалпы өмірдегі) маңызын ұққандаймын. Иә, жер бетін қос дөңгелекті арбаммен айналып шықтым, көп нәрсені үйрендім: тіл білдім, географиямен таныстым, мәдениетті ұқтым, аспаздықты да байқап көрдім. Мұның барлығы дүниетанымымды түбегейлі өзгертті. Сол әсер мен тәжірибенің тасқа басылғаны тамаша емес пе?! Саяхатта жүріп әлдене жазу маған уақытты бір сәтке тоқтатып, шаттық сезімімді соза түсуге көмектесті. Міне, бүгін оқшауланған сәтте, төрт қабырғаға қамалып отырып, кітапты парақтап, өткенге кері ораламын. Сол жағдайларды қайта көз алдыма елестетіп, күліп те аламын. Мұның бәрінде де сөзбен айтып жеткізе алмайтын ұлылық жасырулы тұрғандай.
 
Қазір жер-жаһан үлкен қауіпке кезіккен, пандемия күнделікті өмірге зор ықпал етті. Бір-бірімізбен соншалықты ұқсас әрі шырмала байланысқанымыздың өзі өмір шындығы әрі таңғаларлық жағдай. Жер беті осындай ауыр хәлді бастан өткеріп отырған кезде бұл ауыртпалық салмаған тіптен айқын байқаймыз. Қазір бір-бірімізді қолдау, жақсы ой ойлау және қолымызды жиі жуу өте маңызды. Бұл тіпті қарбалас тіршілікті тоқтатып, бір сәтке дамылдатып қойған жоқ па: әдет-дағдыңыз туралы ойланып, ет жақындарыңызбен әңгімелесіңіз. Қазір бәрі күрт өзгеріп барады. Мен, мәселен, сәуірдің осы бір сұрғылт күнінде, асүйде үйілген ыдыс-аяқтың ортасында отырып Netflix сериалын қарап, бақытты сезімді бастан кешкенімді есте сақтап қалғым келеді. 
Иә, бәрі де жақсы болатынын қайталап айтайын. Біз әлі саяхатқа шығамыз, қайталанбас оқиғаларға кез болып, жазба жазып, тәжірибе жинақтай түсеміз. Сөзсіз! 

Алматы, сәуір, 2020

 

Шайтанарбадағы көшпенді немесе жер шарын 380 күнде айналып шығу

 

Әлемге үнемі баланың пәк көзімен қарауды үйреткен
аяулы әжем Қымбат Сағынқызына арналады

 

Пролог

Төрт жыл бұрын 26 жасқа толдым. «Есептеу техникасы», «Халықаралық қатынастар» «Туризм» деп аталатын үш мамандықты оқып тауыстым. Өзімді іздеу? Мүмкін. Өмірімді босқа, ақымақтықпен өткіздім деуге болатын шығар. Басым әңкі-тәңкі ойлардан айыққан емес. Кіммін? Бұдан әрі немен айналысамын?

Иә, құмарлық пен күнәһарлық жолына бастайтын қызығушылықтардың арбауына еліттім. Құмар ойындар. Уақытымды босқа кетірді, ақшаны желге шашты және туыстарыммен арадағы ауыр әңгімеге себеп болды. Жолымнан жаңылдым.

Ұзақ жол ғана өз соқпағымды табуға көмектеседі екен. 

Жаңа өмірім саяхат туралы кітаптардан басталды. Тауға барып, әлемді танып білгісі келген адамдармен таныса бастадым. Осы жорықтар, жып-жылы кездесулер тұла бойымдағы әлденені өзгертіп жіберді.
Бұл кездесулердің бірі ерекше әсер етті: анам екеуміз үйімізге қонақ еткен француз қызы Каролина жалғыз саяхатқа шығуға қызықтырды. Ол екі жыл жаяу жүріп, Франциядан Қазақстанға жаяу келген еді. Ауыр рюгзактан өзге, сансыз сурет пен таңғажайып оқиғалары да бар екен. Оның әңгімесін бас шайқай тыңдаған мен бірден жолға шығып кеткім келді. Сол кеште шайтанарбаммен жер шарын аралап көрсем қайтеді деген ой пайда болды. Шабытым шалқып, дегбірсіздене отырып әлемді шарлап шықсам деген ақымақ ойымды әлеуметтік желіге жаздым. Ал аудитория жазбама қызыққанына қатты таң қалдым. Қызығушылардың бірі  Қазақ географиялық қоғамының басшысы Нұрлан Әбдуов еді, ол Bike the Earth жобасын қызыға әрі ынталана қолдады. 

«Лимпопо» дүкені маған велосипед берді.

Бұл кітапта 380 күнге созылған саяхатым туралы әңгімелеймін. Әлеммен оп-оңай таныса салған жоқпын: үрейім ұшты, мұздадым және жалғыз қалдым. Алайда әрбір таң шапағымен қуана кездесіп, жаңа өмірді сезіндім. 

Ұзақ жол сенімімді бекітті, шынайы күлуге, адамдардың қуанышы мен қайғысын бөлісуге, жақсы көруден қорықпауға үйретті. Шыншылдықтың жолын көрсетті. Жүректің дегеніне көнуді осы жолда жүріп түсіндім. 
Жазбаларым сізге де шабыт сыйлауына тілектеспін. Тәуекел етіңіз. Әлем сізбен танысқысы келеді.

 

 

1 күн. Қазақстан

 

 

Бұл шаһардың ұйқыдағы сәтін көрмеген едім. Сансыз көлік, гүріл, шу, тоқтаусыз қарбалас – отыруға да, дем алуға да уақыт жоқ. Бәрі де, барлығы да дамыл таппайды. 

...Салқын самал денені сергітеді, жеңіл тыныстайсың, ал түнгі көрпесіне қымтанып оранып жатыр. Ойлау да оңайлағандай. Ойымды толық жинақтамадым, басымда үзік-үзік идея қалықтап жүргендей. 

Таңалагеуім мезгіл. Кейбір терезеден жарық жылтырайды. Тиындай шыр айналған тіршілігіне қайта кірісіп, азық-ауқат табуы үшін адамдар жұмысына асығып барады.

Дөңгелекті шыр айналдыра тепкен мен тоқтаусыз қозғалыстың ауқымын елестетіп көргім келеді. 
Мені үлкен шоғыр шығарып салды. Ыстық құшақ, ісімді құптап иығымнан қаққан адамдар, жақсы тілектер. Бірақ мен әлі ештеңе істеп үлгерген жоқпын ғой? 

Шығарып салушылармен бірге түскен менің суретімде түрім шаршаңқы болса керек. Себебі қатты мазасызданып тұр едім. 

Жолға шығып бара жатқанда достарым мен туыстарым велокортежбен қоршап алып жүрді. Олармен әрең қоштасқан соң Райымбек көшесімен жалғыз жүріп кеттім. Ташкентке қарай. 

Өзгеріс желі! Соңынан қап-қара әрі тынысыңды тарылтатын түтін қалдырып өткен жүк көліктері және желікпе жүргізушілерімен осынау жолды бөліссем де, көңілім бір сәтке түскен емес. Керісінше, ерекше шаттанып, дөңгелекті барынша қатты тебемін, өркениеттің қапас құшағынан тезірек босап кеткім келеді. Жиі шыққан демім мен дөңгелектің жолдағы дыбысы әсем әуен секілді.
 
Алда мені күллі әлем күтіп тұр. Иә, жарқылдаған ештеңе алдымнан шықпады, бар болғаны өзіммен-өзім қалған едім. Әзірге басты өзгерісті – бұлшықетім білеуленіп, жамбас етімнің ауырсынғанын сезіне бастадым. 
Ойлануға уақыт жоқ. Үш тәулікке жетпей сапарымды Алматының түбінде үзіп тастамас үшін, жақсы жоспардың керек екені анық. Дөңгелектің дыбысы мен өкпемнің тынысын есептеп алған мен күшімді, тамақ уақыты мен аялдаманы жоспарладым. Түркіменстанға 15 күнде жетуім керек. Әрі қарай Иранға өтпекпін.
Визаны реттеудегі әдеттегі қарбалас мені үйде-ақ діңкелетіп тастаған еді. Түркімен визасын алу өте қиын. Біріншіден, бұл ел айналасын тарс қымтанған мемлекет. Түркіменстанға ұдайы қасыңыздан қалмайтын сенімді гидтің жолбастауымен ғана кіресіз. Ол сіздің ізіңізден қалмайды. Ал оның ақысы: «Азия аруын» эскорд есебінде қасыма ерткім келсе, жұмсалатын шығынмен пара-пар.

Қалай болғанда да транзитік виза рәсімдеуге мүмкіндік алдым. Демек, Қарақұм шөлін кесіп өтіп, Иран шекарасына бар болғаны бес-ақ күнде жетуім керек. Бюрократиялық қиындықтардан өтіп, жол жүру түбіртегін алу –  нағыз бақыт екен ғой!

7 сәуірде жақындарымның туған күніме деген сыйлықтарына құшағым толып, құлағым қызарып қалған сәтте елшіліктен қоңырау шалды. Айтқандай, осы жерде мына кеңесіме құлақ асыңыз: дәстүрлі елдердің елшіліктеріне ешқашан қысқа шалбармен жетіп бармаңыз. Кіре берістегі сақшы менің еркін елдің азаматы екенімді құлағына да қыстырмады. Сұқ саусағын шошайтып, елшіліктің Түркіменстан аумағы екенін, ал менің «қазақы қылықтарым» ешкімге де әсер етпейтінін бірнеше мәрте сыздана ескертті... 

Иә, сапардың алғашқы күні сұмдық ауыр болды. Жамбас сүйегім сырқырап барады. Күннің батуын күтпестен жолсызға шығып, Самсы ауылына жақын маңдағы жалғыз ағаш түбіне шатырымды тіктім. Алғашқы жүз шақырымды азаппен жүріп өткен мен қатып ұйықтап қалыппын. 

Таңғы 6:30-да ояну керек. Пастаның қалғанын жеп алған соң қайтадан жолға шықтым. Ми қайнатар күннің астында, тапа-тал түсте жол жүру оңай емес. Ағзам үйренсін деп алғашқы екі күн бойы шайтанарбамды асықпай тебуге тырыстым. 

Қасымнан жүйткіп өте шығатын көлік жүргізушілері жылы жымиып қолдау көрсеткісі келеді, бебеулетіп өтеді, «Алға, жігіт» деп айғайлайды. Таңғаларсыз, бірақ бұл да күш береді екен. 
Бір сағаттан кейін атқа мінген бозбаланы кезіктірдім. Шайтанарбама қарап: 

– Неге бұлай киіндің? Терлеп кетесің ғой, – деді.
(Жейдеме оранып, тотығып кетпейін деп бетімді жауып алған едім, әрине мына сықпытым ел-жұрттың таңданысын тудырады).

Басымды изеп:
– Айырбастайсың ба? Мен шайтанарбамды, сен атыңды бересің, – дедім.

Бозбала маған бажайлай қарады. Есі дұрыс па, әлде шыны ма деп ойланған болар? Одан әрі әңгіме былай жалғасты:

– Көлігің қанша тұрады?
– 100 мың теңге.
– Жылқым қымбатырақ. Айырбастамаймын.

Мырс ете қалдым. Атқа мініп, жаңа жерді шолып жүргенім, темір тұлпарды тізгіндеп саяхатқа шыққаным туралы эпикалық бейнем санамда жарқ етті... Иә, күн жанып кетті. Тағы біраз тіл қатысқан соң, екеуміз де жөнімізге кеттік. 

Жалпы атпен саяхаттау идеясы да еркімді алып жүр. Бұл таңқаларлық тәжірибе ғой: ата-бабамыздың өмір салтына қайта оралу, өзіңе және табиғат туралы білгеніңе сүйеніп сапарға шығу – ғажап емес пе? Елестетіп көріңізші: ұлттық саябақтар мен қорықтарға барар жол. Шынымен де нағыз арпалыс. Айтқандай, салт мініп саяхатқа шығу идеясын австралиялық Робин есімді қыздан сіңірген едім. Ол да атқа мініп, құрлығын кесіп өткен болатын. Қасына адал иті мен төрт түйені ғана ілестіріпті. 

Алдағы күндері атпен де үлкен сапарға шығармын, ал әзірге шайтанарбаммен ел аралайын. Дене қызуым көтеріліп кетті. Темір көлігім еріп, өзім жалынға оранған шабандозға айналудың сәл-ақ алдында қалдым. 
Саяхат дегеніміз, деңгейі, қиындығы мен жетістігі бар компьютер ойыны секілді. Мен – орташа ойыншы, шекараға барынша жылдам жету үшін көңілдене түсіп, жергілікті «мықтылармен» кездесіп қалатынымды білмей, педалімді басып келемін. Әлгі «мықты» – алабай соңымнан қуып берді. 

Алабай – ірі әрі қауіпті ит. Оларды адалдығы және аюдай ірілігі үшін жақсы көреді. Міне, сол төрт «аю» арпылдай үріп қуып келеді. Төрт бірдей алпамса жануар, төрт бірдей қаһарлы жыртқыш. Тоқтауыма тура келді. Тоқтамасам олар мені бәрібір қуып жетеді, «қазақы» тегімізге қарамастан мені аямайтынын ұқтым. 
Тоқтай қалып, қорыққанымды білдірмей, олардың арпылын сәл-пәл тыңдап тұрдым. Бірнеше минуттан соң үру арқылы айбынымызды асырдық деп шешкен олар да тынышталып қалды. Шайтанарбамды айнала жүгіріп, шаттана үріп, бір-бірін қуып, ойнауға кірісіп кетті. 

Бұл күн қилы оқиғаларға толы болды. Қордай асуының жанында кішкентай жыландармен кездестім, тіпті оларды суретке түсіріп алдым. Бір-бірінен оза, жер бауырлап кетіп бара жатқанына елжірей қарап отырғанымда, зыр қаққан көлік біреуін мыжып өткенде айқайлауға да мұршам болмады. Мелшиіп қалған мен жыланды мыжып өткен жерден тезірек кетіп қалуға тырыстым. 

Асуға жетпей бір өзенге тоқтадым. Айналада ешкім көрінбейді. Шатырымды асықпай тігіп, Қордайдың келбетін көруге шықтым. Мұздай жылғаға жуынып, сергіп қалдым. Шымыр болуым үшін Бутаковкаға жиі апарып, мұздай сумен жуындырып өсірген ата-анама рахмет!

Шөптің жұпар исі мұрныңды жарады. Ауа да тап-таза. Суреттерден көретін жайлаудың нақ өзі. Айналаға таңырқай қарап тұрған жалғыз мен емес екенмін. Жақын маңда адамдар отыр және әлденені қызбалана талқылайды. 

Оларға қарай бұрылдым. Шайтанарбамен сапарға шыққан осы бір уақыт ішінде сөйлесуді де сағынып қалыппын. 

Олар Отар ауылындағы әскерилер екен. Таныстықтан соң, бір сағат өтпей әскери әңгімелерді тыңдап, олармен бірге дабыраласып отырдым. Өзге саяхатшыларды жоқ дегенде бір айдан кейін кездестіремін деп ойлап едім. Алайда сүйегін кеміріп болған бір майор жолға қарай қолын сермеп: «Әне, қара, сен сияқты біреу», – деді. 

Жабдығына қарап оның шетелдік екенін түсіндім. Туған бауырымның алдынан шыққандай, жалаң аяғыммен жүгіріп бардым. «Мына бір жергілікті адамға не керек екенін білуге тоқтасам ба, жоқ па» дегендей, педальді айналдырған оның аяғы не тоқтарын, не әрі қарай жүйткіп өтіп кетерін білмей қалғандай. Шетелдік тоқтады. 
– Мұнда аялдауға болады! Өте жақсы орын, – деген мен барынша достық пейіл танытып, тістерімді ақсита күліп, өзім тоқтаған жақты нұсқадым. 

...Ник 35 жастағы британдық екен. Мұғалім болып жұмыс істеген ол бәрін тастап саяхаттауды шешіпті. Кореядан бастапты, бүкіл Қытайды шарлап өтіпті. Он бір мың шақырым жолды артқа тастаған. 

Әңгімесін айтқанда аузынан темекісін тастаған жоқ. Сірә, не бұл жігіттің денсаулығы темірдей мықты, не жол ауыртпалығынан темекіні жиі шегетін болған.

Келесі күні таңертең біз асуға дейін көтерілдік (жеті шақырым жоғары жүрдік), содан кейін жас балаларша қуана төмен қарай құлдиладық. 

Жолда тоқтағанымызда Ник маған Қазақстан туралы бұрын ештеңе естімегенін айтты. Біздегі қызмет сапасына шағымданды, екінші күн сусыз жүр екен. Тау бұлағына жеткенде, суды тазалайтын дәрмегіне қолын соза беріп, менің бұлақ суын алақаныммен көсіп алып, ішкеніме таңырқай қарады.
Кейінірек жолымыз екіге жарылды: Ник Бішкекке, мен Таразға тарттым.

«Ертемен, таң бозына дейін Құдайдан жолымды оңғар деп сұраймын. Радханатха»

Таразға бастар жол өте жақсы. Айнала маң дала. Кейде жергілікті жұмысшылар кездеседі, олар бұл маңда бәз-баяғыдан қалып қойғандай. Кішігірім кафеге тоқтап, жұмыртқа мен салатты мың теңгеге жуық бағаға сатып алдым. Суды тегін берегеніне шүкір. 

Тақтайдай тегіс жол ерекше күйге бөледі. Ой мен алаң көңілді жолда қалдырып, жүйкіп ұшып келемін. Ішкі арпалыс та қажамайды, санасы сансыраған адам үшін керемет күй. Өзім де байқамастан ірі елдімекен Меркіге кіріп келдім. 

...Парсының «мирик» – орталық деген сөзімен аталатын ауыл. Араб саяхатшылары Меркіні IX–X ғасырларда-ақ «цитаделі бар шағын қамалды шаһар» деп сипаттап кетіпті. 

Біздің заманымызға дейінгі 945 жылы Бағдат билеушілеріне арнап жазған хатта Меркіні былай сипаттайды: «Шаш қаласынан Гөзгердке дейінгі қашықтық жеті фарсах... Тараздан оң жақта – тау, сол жақта – бұйрат құм. Бұл маң қарлұқтардың қыстауы. Құмның соңын ала кенезесі кепкен шөл мен тастақты дала жатыр. Ол қимақтардың шекарасына дейін созылған. Тауда жоңышқа мен тау пиязы қаптап өсіп тұр. Тараздан Құланға дейін 14 фарсах жол жүресіз. Құланнан бақуатты елдімекен Меркіге дейін төрт фарсах жол бар. Меркі мен Аспараның арасы да төрт фарсах жер. Суябтан Қашғарияның шекарасы – жоғары Барсаханға дейін жайылымдар мен суды кешіп өтетін керуен 15 күн жол жүреді, түркілердің хабаршы-желаяқтары үш күнде жетеді»... 

Бірнеше шақырым жол жүрген соң бәрін тастап Азияны көруге келген банк клерктері, канадалықтармен таныстым. Кеңседе екі жыл жұмыс істеген олардың енді бір жыл саяхаттауға мүмкіндігі бар. Үйлеріне қонуға болады деп шымкенттік танысымның байланыс телефонын қалдырып кеттім. 

Таразға жақындап, шатырымды Айша Бибі кесенесіне таяу тіктім. Ауыл тұрғындары бұл киелі мекен туралы әдемі аңыз айтып бере алады: Айша бибі ғалым және ақын Хакім Бақырғанидің қызы екен. Әкесі қайтыс болған соң оны Айқожа шейх тәрбиелепті. Қыз кәмелетке толғанда, айналадағы ықпалды азаматтар, оның ішінде Тараз билеушісі Қарахан Мұхаммед де қызға көзі түсіп, жары қылғысы келіпті. Алайда шейх өзге азаматтардың да, Қарахан Мұхаммедтің де өтінішіне илікпепті. Бірақ Айша бибі Қараханға ғашық болып, ешкімге айтпай Таразға аттаныпты. Асы өзенінің жағасында, Таразға жақын маңға жеткен қызды жылан шағып, Айша бибі көз жұмады. Жаны сүйген сұлуына арнап Қарахан әсем күмбез орнатыпты, ол әлі күнге екеуінің махаббатының белгісіндей болып тұр...

Жалпы Қазақстанның оңтүстігі жауһарға толы мекен. Мұнда таңғажайып Ақсу-Жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем ұлттық саябағы бар.

Шырайлы Шымкентте мені жүрегі кең, қонақжай, ашық-жарқын Владимир Дегтярев қарсы алды. Жолай танысқан канадалықтар да осы үйде еді. Кешқұрым ол бізді мейрамханалардың біріне шақырды. Сондай жып-жылы отырыс болды.

Неге екені, будда монахына ұқсас, қараторы, аласа бойлы, езуінен күлкі кетпейтін Арманхан есімді жігіт есімде қалып қойды. Таңмен таласа тұрып «өз ауданындағы» аумақта пластик және шыны бөтелке жинауға кетеді. Бір бөтелке – үш теңге. Күнде шамамен үш жүз теңге табады. Тапқанын талғажау етеді: қаймақ пен тандыр нан сатып алады, артылғанын кейінгі күнге сақтап қояды. 

Оған бөтелке жинауға көмектесемін. Арманхан ойлы жүзбен: «Көп жинасам, көп табамын», – дейді.

 

6 күн. Өзбекстан. 

 

Шымкенттен Өзбекстанға дейінгі жүздеген шақырым қашықтықты жылдам жүріп, асудан өттім. Шайтанарбам еркелей бастады: алдыңғы тежегіш жүргісі келмегендей қиқылдап-шиқылдай жөнеледі. Мұндай ауыртпалыққа шыдамаған аяғым да дірілдей түсті. Жалынып-жалпайып, кейде тәртіпсіз сөздеріммен өзімді де, арбамды да қамшылай отырып Ташкентке жеттім-ау. Темір атымды қарату керек.

Couchsurfing.com арқылы түрлі адамдарға қоналқалық жер сұрап хат жібердім. Поляк Дахнелл жауап қатты. Әдетте copy-paste хабарламаларына жауап бермейтінін айтыпты, бірақ үйіне қонуыма рұқсат. Мен бұл сөзге шамданып қалдым, айналайын, біздің бір-бірімізге өткізіп қойған ештеңеміз жоқ, әлдеқандай болудың не қажеті бар?

Алайда біраз уақыттан соң сабама түстім. Таныспай тұрып, айдалада жүріп ол жігіт туралы жаңсақ ойламайын деп шештім. Оның үстіне жергілікті полицейлер алаңнан қуа бастаған еді. 
Дахнеллаға: «Саған кетіп барамын», – деп жазып жібердім. 

Қоналқалық жер ұсынған поляк тамаша жігіт болып шықты: осы жерде поляк тілінен сабақ береді екен. Табаны тиген Өзбекстан, Иран, Польша, тағы да басқа елдер туралы әңгімеледі. Жиырма жыл вегетариан болғанына қарамастан, асты да дәмді әзірлейді.

Дахнелл мен сияқты Rainbow Gathering деп аталатын ерекше бір хиппи фестивальге барыпты. Армения тауларында, Севан өзенінің алқабында өткен ол фестивальді мен 2013 жылы тамашалап едім. Кеш бойы тоқтаусыз сөйлестік. Ешқашан бір реттік әсермен, жалпы мүлдем адамдарды жазғыра бермеу керек екенін ұқтым. Адамдар әртүрлі ғой. 

Ташкенттен таңғы сағат алтыда шықтым. Қума жел айдап, сағатына 20 шақырым жол жүрдім. Жызаққа дейін 224 шақырым (!) жолды ұшып өттім. Кешке таман құдды бір «Тур де Франсқа» қатысқан адам құсап қиралаңдап қалдым. 

О, құдайым, неткен ауыр күн еді!

Жол жиегінде жергілікті бір өзбек қауын сатып тұр. Құлап қалмауға тырысып, азық-түлік сатып алу үшін әлгі адамға жақындадым. Мені көрген ер кісі қозғалақтай бастады, төрт қауын сатып алу үшін он мың сом ұсындым. Алты мың сомды қайтарып берді. Ойлана тұрып, кімнің қателескенін санауға кірісіп кеттім. Бір қауын – 2200 сом, төрт қауын – 8800 сом. Бірақ маған алты мың қайтарды. Өзбекке ақшаны қайтарып жатыр едім, ол қолын сермеді:

– Менің елімнің қонағысың, көп ақша ала алмаймын.

Елжіреп кеткен мен әлгі қауынды ағылшын патшайымынан алып тұрғандай құшағыма қыса түстім. Саудагердің айырықша тауары жоқ, керемет көлігін де көрмедім, киімі де шырт жаңа емес, есесіне не деген үлкен жүрек. Кім-кім де, мәселен, дүкеннен шығып келе жатып елу теңге тастай алады. Алайда сол ақшадан өзге дымы жоқ адамның қолда барын ұсынуы сирек қой. Мына адам мені жолаушы деп, қауынын арзанға бұлдап отыр.

«Мейірімді болу және риясыз мейірім болу бала кезден қалыптасады»

Осылай ойлап әрі сырқырап тұрған аяғым демалсыншы деп тұрғанда біреу шақырғандай болды.

Қауынды құшақтап, жол жиегінде тұрған мені көрген Сардор есімді ер адам үйіне қонаққа шақырды. Қуана келістім. Саяхатшыларға кеңес: қалаға кірсеңіз, шатырға түнемеңіз. Яғни қалаға кірген екенсіз, түнемелік жер іздеңіз. Ал дұрыс адам үйіне шақырса, сөзсіз келісіңіз.

Орталық Азия адамдары өте қонақжай. Маған тез дастархан жайды. Қол жуатын жерді нұсқады. Қолымды жуған мен шұлығымды шешіп, сәкіге шыға беріп едім, қайтадан қол жуғызды: бұл осы үйдің бұлжымас заңы.
Күлшені тістеп, айран және компоттан іше отырып, әжемнің тапа нан дайындағанын, оны қаймаққа батырып жегеніміз еске түсті. Бұл үйдегі жанға жайлы күй жаныма жаға түсті. Сардор мен оның отбасы асықпай айтқан әңгімені тыңдай отырып, құлағымның құрышы қанды.

Таңертең маған арнап нағыз өзбек палауын басыпты.

Жызақтың самсасын жеп көрмегенімше Сардор үйінен жібергісі келмеді. Өзбекстанның әр қаласы өз тағамымен даңқты: Самарқандта – таба нан, Сырдарияда – балық пен қауын, Бұхарада – кәуап, Жызақта – самса. Бұл жерде тіпті Фидель Кастро атындағы кафе бар. Кеңес Одағы уақытында ол тамақтану үшін сонда тоқтаған екен. 

Содан соң күре жолға дейін шығарып салды – алда Самарқандтың таба наны бар. Айтқандай Жызақтың самсасы шынымен тіл үйірердей дәмді екен. 

Жызаққа дейін 224 шақырым жол жүрдім дедім ғой. Ол жол мені әбден қажытып тастағандықтан, үлкен жолдан жүрегім шайлығып, Самарқандқа дейін айналаны тамашалап, асықпай жүрдім. Елу шақырым жолдан соң екінші тынысым ашылып, әрі қарай екі есе жылдам жүрдім.

Құлақ түбінде әлдене ызыңдағанын сездім. Қасымнан зу етіп өте шыққан көлік терезесінен сыраның шыны бөтелкесін лақтырып кетті. Кілт тоқтап мен де ауыр сөздің аузымнан қалай шығып кеткенін байқамадым. Ашу лықси жөнелді, жолдың қақ ортасында тұрып, бұрқ-сарқ қайнап алдым. Бірер минуттан соң сабырға келіп, адамдардың тәрбиесіздігін термелей бермейін деп шештім. Түптің түбінде олар бөтелкені не үшін лақтырғанының себебін де білмеймін ғой. Қысқасы, оларды мүлдем елемеу керек.

Кешқұрым әлгілердің қылығын Facebook-ке жаздым. Бір әйел баласы: «Өтірік соғып, қандай да бір шығармашылық жол тапқың келеді» деп пікір қалдырыпты. Күлдім де қойдым. Қиял-ғажайып әңгіменің асқан шебері екенмін-ау!

Самарқандта мемлекеттік бағдарлама бойынша неміс тілінен сабақ беретін неміс Кай қарсы алды. Жалақысы үш-төрт мың еуро. Неге екені, оның еліндегі билік Самарқандты Кабул, Бағдат сынды қауіпті қалалардың қатарына қосыпты. Міне, сондықтан, «ауыр жұмысы» үшін оған қомақты ақша төлейді.

Дәл осы Самарқандта физиологиялық ақау байқалды: тісім үгітіліп кетті. Стоматологиялық кабинетті іздеп жүріп Ахмед есімді ер адамды жолықтырдым. Әңгімелесе келе, анасы туралы айтып берді. Екінші дүниежүзілік соғыс уақытында әжесі тағамға алтындарын айырбастау үшін алаңға келіпті. Алайда алаяқтарға кез болып, ұн деп бір қап бор арқалатып жіберген екен. Осы әңгімеден соң мендегі ұсақ-түйек мәселелер түкке тұрмайтынын түсіндім. 

Науаи қаласына жақын маңға шатырымды тіктім. Түнімен елегізіп шықтым. Бірақ айта кету керек, күннен-күнге қорықпай ұйықтап, тез көз іліндіріп жүрмін. 

Бұқараға кірдім. 2013 жылы үйінде қонақ болған ескі досым Рафаэль қонақ үйге жергілікті екеніңді айтсаң, жеңілдік жасайды деп ескерткен еді. Сондықтан қонақ үйге барғанда сенімді үнмен: «Бауырым, Ташкенттен келдім» дедім. Рас екен, жеті доллар жеңілдік жасады. Бірақ төлқұжатымды сұрады.

Ыңғайсыздана ыржиып: «Негізі Ташкенттен келе жатқаным рас» дедім. Қазақстандық төлқұжатқа жымия көз жүгірткен қызметкер: «Жарайды, бәрібір жеңілдік жасап қойдым ғой» деді.

Сол жерде Франциядан келген ерлі-зайыптымен танысып, олар маған саяхаттаған елдері туралы әңгімеледі. Әсіресе Иран қатты ұнаған екен. Қызыға тыңдадым. Болашақтағы әсерімді жоғалтып алмау үшін Иран туралы арнайы оқымай жүр едім, мына әңгімеден соң көңілім көтеріліп қалды. Оқымаған себебім, ешкімнің жетегіне ермей, өзге елге барғанда өз әсеріммен, жаңа мемлекетті өзім ашқандай араласам деген едім. 
Өзбек-түркімен шекарасына дейін 20 шақырым қалды.

Шайтанарбасы шықырлаған өзге біреу қуып жетті. Сиықсыз киінген өзбек мені қуып жету үшін педальді бар күшімен басады. Әрине, тоқтадым.

– Бауырым, қайда жол тарттың?
– Түркменстанға.
– Жүр үйге, ең болмаса түстеніп аларсың.

Көнетоз шайтанарбасы, сиықсыз киімі, алақ-жұлақ еткен жанары бойыма күдік ұялатты. Бірақ өзгеге сене алмасам, қалайша қате түсініктерсіз, қорқынышсыз, ашық өмір сүремін? «Адамның түріне қарап өзін тани алмайсың ғой. Әрі шақырған жерден қалма» деп асқазаным да шұрқырап қоя берді. Тағы бірнеше секунд ойланып қалдым.

– Кеттік!

Атамның саяжайына көбірек ұқсайтын, мыжырайған бір үйге келдік. 

Алдымыздан кішкене бала құлдыраңдап жүгіріп шықты, соңынан бір әйел адам қолын алжапқышына сүрткілей, асықпай басып келеді. Қас қағым сәтте дастархан жайылды. Мені үйге әкелген ер адам үйге жүгіре басып кіріп, тұздалған қиярын ала шықты. Ыңайсызданып, мен үшін үйдегінің бәрін дастарханға салудың керегі жоғын айтып едім, сөзімді құлағына ілген де жоқ. 

Жер үстелдің үсті лықа толды, түрлі иіс ауаға жайыла жөнелді. Ресейде тапқан табысы туралы даңғырлай әңгімелеуге кіріскен ер кісі дастархан  үстіне аннан-мұннан зат әкеліп, тоқтар емес. 

Күңгірт терезеден құйылған сәуле ер адамның әжім айғыздаған бетіне түседі. Ол құдды бір диафильмдегідей, тентіреп кеткен тарихын айтқанда бет әлпеті де өзгере құбылады. 

...Екі жыл ішінде он мың долларға жуық табыс тауыпты. Күнге тотыққан жүзіне үңіліп, білдіртпей алақаныма қараймын, ақсаусақтығымды мойындадым. Кеңседегі тыныш өмірім үшін де, қымбат шайтанарбам үшін де, бел жазбай сыпырғаннан арқамның құрысып-тырысып көрмегені үшін де қызарақтап қалдым.
Үй иесі шай құйып отырып үйдің сыртын нұсқады.  «Дамас» минивэнін сатып алған екен, енді жүргізіп үйренемін дейді. Жүзіне әлдебір ұяң күлкі ұялайды. Ол үшін қатты қуандым. Ең бастысы, ол ұдайы алға жылжығысы келеді.

«Ол жақта жұмыс істеу қалай екен» деп сұрадым. Басын түсініксіз шайқап «Бауырым, оның жайы, белгілі ғой» деді мұңая. Бірақ оның жайын мен білмейтін едім...

Қайта жолға шықтым. Жол үстіндегі ойды босап қалған алдыңғы дөңгелек бұзып жіберді. Шайтанарбаны жөндейтін құрал-сайман жоқ, үміт пен мейірім, сеніммен ғана қаруланғанмын. Үш насос бірдей құрыпты. Жөндеп отырып жарты сағаттың қалай өткенін байқамай қалыппын. 

Қасыма өзбектердің қуыршақтай көлігі келіп тоқтай қалды. Жасы отызды орталаған толықша ер адам қираған темір тұлпарды зер сала қарап шықты. 

– Дөңгелегіңді бер, не істеуге болатынын байқап көрейін.

Иығымды қиқаң еткізіп, шешіп алған дөңгелегімді ұстата қойдым. Басқа амалым да жоқ қой. Жүргізуші терезесін жауып жатып: «Қазір алып келемін», – деді де, ғайып болды. 

Жиырма минут бойы адамзатқа әлі де сену керегін айтып, дөңгелектің қайтып келерінен үміттеніп, өзімді де, темір тұлпарымды да жұбатып отырдым. Жиырма бес минут өткенде қаңырап қалған қаңқаға қарамау үшін жүзімді кең жазыққа бұрдым. 

Көк Nexia шақырымдық жерден сигнал беріп келеді. Жүргізуші машинадан жүгіре түсті, мен де жеңілденіп қалдым: дөңгелегім жөнделіп, жолға қайта шығуға сақадай-саймын. Ер адам кешіккені үшін кешірім сұрады: базар жабылып, шеберхана табу үшін қалаға барып келіпті.

Өзім үшін ең қымбат сыйлық – қытайдың насосын кеудеме қысып тұрып, соңынан ұзақ қолымды бұлғап қала бердім. 

Өзбекстандағы соңғы аялдама. Шекара маңындағы кафенің иесі қытай кеспесіне құю үшін ыстық су ұсынды. Шатырымды тігіп, түс те көрместен, ештеңені сезбей қатып ұйықтадым.

 

15 күн. Түркіменстан

 

Түрікмен визасы маған ел аумағында бес күн болуға рұқсат берді, бірақ тағдыр және шекарашының ашқұрсақ балалары басқаша шешім қабылдатқан секілді. Шекарада әскери киімді толықша ер адам, қасын кере шайтанарбама қарап алды ма, төлқұжатыма үңілді. Сосын қайта маған қарап, менен құдды бір зәрезап болған адам секілді тіл қатты:

– А-а-а, Қазақстаннансыз ба?..

Төлқұжатты ұзақ парақтап тұрып алды. Комиссар біресе жақындатып қарайды, біресе жарыққа тосып қарайды, ендігі тістеп көру ғана жетпей тұр. Ақырында үнсіздікті өзі бұзды:

– Түркіменстанды төрт күн ішінде жүріп өтерсің бәлкім?

Олай болмайтынын түсіндіре бастадым: визам бар, алда кенезеңді кептіретін шөл дала, ал мен шайтанарбамен жүрмін. Бес күннің өзі ауыр тиейін деп тұр.

– Жарайды, онда Ашхабадқа қоңырау шалайын, олар визаны кері қайтарып алады, – қалжыңсыз сөйлеп тұр.

Сайтан алғыр! Комиссарды не Харон иектеген, немесе оған ежелгі грек тиынын төлеуге тура келіп тұр. Әлде қалған миымды Өзбекстанға тастап, ештеңені түсінбей қалғанмын. Шынымен ештеңе түсінбедім. Ұзақ үнсіз тұрып қалдық. Ішкі күдігім: «Ақымақ, сенен ақша дәметіп тұр», – дейді.

– Жақсы, төрт күн ішінде жүріп өтейін.

Қалтаң жұқа ма, бас шұлғуға дайын бол. Бастысы елге кіргізді ғой, ештеңе етпейді.

Маған риза болмаған шекарашы тістене тұрып елге кірудің тәрібін түсіндірді. Сонымен, Түркіменстанда суретке түсіруге, жергілікті адамдардың үйіне қонуға болмайды екен. Құжатты қайтарған ол «Қош келдіңіз» деген сөздің орына «18 мамырда Иранмен шекараға жет, әйтпесе жағдайың қиындайды» деді шегелеп.
Түркіменстандағы көлемі жағынан екінші ірі қала Түркіменабадқа жол тартып келемін. Мұнда, негізінен, түркімендер мен өзбектер тұрады, орыс, қазақ, татар және қарақалпақтар да бар. Қала Ұлы Жібек жолы кезінде пайда болған, бірақ ол кезде Амуль қонысы деп аталыпты.

Түркіменабадтан оңтүстік-шығысқа қарай 70 шақырым жерде, Қарақұмда Репетек қорығы бар. Қорық Орталық Азиядағы ең ыстық жер ретінде танымал, мұндағы ең жоғары температура – Цельсий өлшемімен 80 градусқа жетеді. Құдай жолымды оңғартсын!

Түркіменабадқа кетіп бара жатқан жолда он жасар қараторы балақай қуып жетті. «Қайдан келе жатсырсың» деген қатты дауысы мені селк еткізді. Қайдан сап ете қалды екен. Бала шайтанарбасымен мені оң жағымнан, сол жағымнан айнала жүрді, біресе рульден қолын босатып қойып шайтанарбасын тебеді. Қас-қабағымды бағып келеді. Біраздан соң жалығып кетті де, тым жақын келіп:

– Шлеміңді берші! – деп айғайлады.

Еріксіз мырс еттім: «Ұялмайды екен».

– Өзіме керек. Сондықтан саған бере де алмаймын, – дедім мен.
– Шлеміңді берсеңші!

Мына балақай адамға психологиялық тұрғыдан қысым көрсетудің технологиясын біле ме, жоқ па, хабарсызбын. Алайда оның маған қараған батыл көзқарасынан-ақ ол шлемнің маған жалпы керекіз екенін түсіндім. Шлемімді берген соң, өзіме қадалған мылтықтың ұңғысы төмен түскендей, жеңілдеп сала бердім. Кішкентай терминатор (осындай фильмнің екінші бөліміндегі) шлемді байыппен тағып, көзден ғайып болды.
Қалада дәмхана немесе асхана іздеп, ғимараттар арасында ұзақ жүрдім. Қала тұрғындары қонақжай екен: көпшілігі жақындап келіп саяхат туралы қызыға сұрады. Тіпті өз үйімде жүргендеймін: халықтың жүзінде бірдей постсоветтік реңк, үйлердің қасбеттері де ұқсас, жарқын болашақ туралы уәдені үйіп-төккен дәл біздегідей жарнама плакаттары. Сағынуға уақыт жоқ, сондықтан қас қарая қаладан шығып үлгерген едім. Ас-ауқатты базардан сатып алдым.

Шөл. Келесі жүз шақырым жанталаспен өтті. Денем ыстықтан балқып, былқылдап қалдым, шайтанарбам аяғымды шыжғыртып күйдіре бастады; асфальттан көтерілген сағым басты айналдырады.
Күн батқанымен ыстықтың беті қайтар емес, тіпті басқа бір шыжғыру фазасына өткен сыңайлы. Тыныс алуым қиындай түсті. Ыстық ауаны жұтып тұрып, өшкен өкпемді түкіріп тастағым келіп кетеді. Күндізгі қырық градус жалын, кешқұрым жиырма градустық ыстыққа айналды. 

Түнемелік орын табу керек, бұлшықетім ауырып, денем дел-сал болып барады. Жол жиегіне қарай бұрыла беріп, сол жерде жатқан итті көзім шалды. Әлдене ойлап үлгергенше денем тітіркеніп кетті. Тірі мақұлық бұлай жатуы мүмкін емес. Іс-әрекетіме есеп бермеген қалпы, әлгіге жақындай түстім. Өліп қалған қорқау екен. Қураған ет пен шірікті айнала шыбын-шіркей ұшып жүр.

Қорыққанымнан жүрегім тарс төбеме шықты. Аяғым педальді баса алмай, жансызданып қалғандай. Ересек саяхатшы емеспін, қорқынышы бойын билеп алған, мақсаты мен шешімінен бас тартып, қашып құтылғысы келген кішкентай сәбиге айналғандаймын. Қанбаған ұйқы мен ыстықта қайнап үлгерген миым да тыныштық берер емес. Ондаған шақырымды зырғып өттім, алайда қорқаудың жартылай шіріген көзі елестеп, тоқтағым келмей, жүре бердім. 

Есімнен танған қалпы шатырды құрып, ішіне ендім. Әлдеқалай болып қалса деп, координаттарды жазып алдым – 38°38’19.7′′ с.е., 63°13’16.4′′ ш.б. Бөтелкедегі су қанжылымданып кетіпті, шіріктің исі шыға ма? Қолқаны қапқан иістен жағдайым тіпті нашарлай түсті. Қорқыныш пен ыстық жымдасып кетіп, санам сансырап, лоқси бастадым. Сырттан ыстық леп, іштен суық қорқыныш билеп алған еді. 
Өзімді ұстауға тырыстым. Алайда оным қолдан келмеген сияқты. 
 

Қайдамын? Шатырдамын. Кеңірек ойласам ше?

Қайда екенім есімнен шығып кетіпті. Ми ауырсынуды сезсе, дәл қазіргі ауыртпалыққа шыдамас еді. Қайда екенімді ұмытып, ақылым да адасып кеткендей.

Қайдамын? Қайдамын?

Шатыр ыстық моншаға айналғалы қашан, алайда оны ашуға батылым бармады. Тіземді құшақтап, пышақты қолымнан жібермей, қатып отырмын.

Таң арайымен ауа салқындай бастады, кірпігім де ауырлап барады.

Жадымнан тарс шығып кеткен сөз «Қарақұм» еді.

Таң атқанымен, денем сергіген жоқ. Сыртта күн қайта ысып, ауа тарыла бастады. Шайтанарбам денемді күйдіріп барады, айнала қайта лапылдап барады. Амалым жоқ, жамбас сүйегімді темір көлігіме шыжғырған қалпы, тоқтамай алға жүріп отырдым. 

Бала күнімде америкалық Өлім жазығы туралы оқығаным бар еді. Күндіз Цельций өлшемімен 46 градус, ал түнде 31 градус ыстық.

«Өмірді жақсы көру үшін бір рет қауіпке жақындау жеткілікті»

Түрікмен шөлі неліктен қаһарлы атауға ие емес, түсінбедім, далада 46 градус ыстық қой. Жиырма шақырымнан кейін аяғым педальдан шығып кете берді. Көзім қарауытып, иығымды инедей қадалған ыстық ұрғылай жөнелді. Күн өткен! Есімді жиып, қалған суды үстіме құйдым. Кенезем кеуіп кетіпті. 

Жақын шаһарға дейін жүз шақырым бар. Көлік қарасы көрінбейді. Кері қайтудың мәні жоқ. Суым мен күшім сарқылған менің ұзаққа бара алмайтыным белгілі.

Тағы да құлап қалмау үшін жол ортасында қатып тұра қалдым. Айналамды сағым буып, шытынаған әйнек секілді қоршап алды. Әлденені ойлауға да мұршам қалмады. 

Машинаның қатты дауысы есімді жиғызды. Осы бағытқа қарай фура келе жатыр. Жүргізуші не керек дегендей қолын бұлғады. Мен бос бөтелкемді көрсеттім. Қуанышым қойнама сыймай, бойыма күш бітіп, қарсы жүрдім. Алайда көлік мені шаң қаптырып, қасымнан өте шықты. 

Өмірдің қаталдығы туралы ойлап үлгергенім жоқ, көлік иесі терезеден суы бар бөтелкені лақтырып жіберді. Маған осыған дейін бөтелке лақтырып көрген. Алайда ол бөтелке мені жазым қылса, мына бөтелке өлімнен құтқарып тұр. Есімді тез жиып алдым.

Табанымды жалтырату керек.

Тап қазір!

Көлігімді қатты тебуге тырыстым. Алайда тағдыр тәлейіме үміттенген маған қаһарланған жалпақ шөл күллі жын-жыбырын алдыма әкелді. Ауа дірілдеп, қорқаудың жаншылған елесіне айналып шыға келеді. Тісін қайраған елес соңымнан қуып келеді. Бес сағаттан кейін суым таусылды. Ойлаудан қалғалы қашан, тіршілік үшін күресте ештеңені ойламай, аяққа сеніп, педальді баса бердім. 

Жүгіре, айғайлай, тіпті қозғала алмай қалатын түс көріп пе едіңіз? Мен де солай, денем қозғалудан қалған. Алайда бұлшықетім білеуленіп, аяғым педальді басуын қойған жоқ. Жүру керек, әйтпесе өлім күтіп тұр. Осы сөз санамда жаңғырып, бақырайған қалпымда алға жылжи түстім. 

Қанша уақыт өткенін білмеймін. Күн тапжылмай төбеден төніп тұр, жер бедері де безеріп, өзгерер емес. Шөл мазақтай күлгендей кепкен шөп пен ұсақ тасты бетіме лақтырады. 

Әлдебір көлік жақындағанда жанталастың жаңа бір кезеңіне өттім бе деп күдіктендім. Полиция қызметкері жақындап, алаңдаған кейіппен әлдене сұрайды, ал мен қоршауда қалғандай оның сөзін естір емеспін. Бетімнен ұрып, есімді жиғызып алды.

– Мына суды ұста деймін, естіп тұрмысыз?

Су... Денем дір ете қалды. Бөтелкеге жабыстым, әр жұтым су бойыма қан жүгіртті.

Полицей киіміндегі құтқарушым қолым дірілдеп шайтанарбамды қойғанша зор қамқорлықпен демеп тұрды.
Мендегі бөтелкенің бәрін суға толтырып берді. Полиция қызметкері осы бір жалаңаш шөлдің үш жүз шақырымын жүріп өтіп, ыстық пен шөлдің құрсауында қалған саяхатшыларға көмектеседі екен. 

Төрт бөтелке салқын сумен алға жылдам жылжи түстім. Үмітсіздік бойымды билеп кетіп еді. Шынында да тас пен шөлдің ортасында бес литр суы бар көлікті кездестіру оңай ма? Осылайша бірте-бірте қорқыныштан арылдым, жел де салқындай бастағандай. 

Көлемі жағынан Түркіменстанның төртінші ірі қаласы Марға келдім. 1937 жылға дейін қала Меруа деп аталыпты.

Көліктің шуылы, асыққан жаяу жүргіншілер, мешіттер жанымды тыныштандырып, қауіп сейілгенін түсіндім. Қонақ үй немесе хостел – түнемелік орын іздеу керек. Мамыражай тұрмыс-салтына селкеу түсірмеу үшін жергілікті халықтың үйіне қонуға тиым салынған. Мырс етіп күліп жібердім, түрім шаршап-шалдыққан Че Гевараға ұқсап қалыпты.

Әрбір жаңа ауданға енген сайын, кеңестік көңіл-күй баурап алды: үйлер балалық шағымды еске түсірді, ал плакаттардан жарқын болашаққа қол созған мұртты ер кісілер қарап тұр еді. 

Аула сыпырушы жас жігіт қонақ үйді табуға көмектесті. Есігі уақыт  порталына ұқсайды екен. Ол уақыт порталы болашаққа апармайтыны көзге ұрып тұр.

Төрт жарым доллар төлеп, нөмірге кірдім. Еден әртүрлі әуенге салып, сықырлай жөнеледі. Шағын кереует, тарс жабылған терезе, осы көрініске үйлесімсіз қосылған шашақты салтанатты люстра көңіл-күйімді түсіріп-ақ жіберер ме еді, алайда мен барға қанағат еткен дұрыс деп шештім. Ыстық су орнына кран бос гуілдеп тұрғанына көз жеткізген соң, ересек адамның ең сүйікті ісі – бөлмені тарс жауып, ұйқыға бас қойдым. 
Бірнеше сағат ұйқы күш беріп, серуенге шықтым. Қапырық ыстық бұл маңның шынайы бейнесін үстеп, әлдебір жерде адасып кеткендеймін. Осы көріністің бөлігіне айналмау үшін, сұрғылт қабырғаларға жұтылып кетпеу үшін, ыстық ауада еріп жоғалмау үшін жанталасып жүргендеймін.

Аңғал-саңғал дәмханаға кіріп, сыра мен куәп сатып алдым. Еліткен иіс мені өмірдің бояуын сездірді, тәрелкеге аққан еттің шырыны әлдебір жақсылықтың хабаршысындай. Өмір керемет болып кетпесе де, жағдайым дұрысталғандай.

Келесі күн дұрыс өткен секілді, күн де мені күйдіргісі келмегендей қатты ысыған жоқ. Осыны пайдаланып 120 шақырымды ұшып өттім. Даланың бедері қоңырқай-жасыл реңкке ауысты. Шөлдің тұтқынында тағы да қалғым келмегендіктен, педальді бар күшіммен басып келемін. 

Жол мені шағын елді мекенге: көнетоз қос күрке мен төрт киіз үй тігілген жерге жеткізіп салды. Тоқтаймын деп құлап қала жаздадым. Айналдыра тебуге машықтанып қалған аяғым қадам бастырар емес.
Кідіріп қалған маған көнетоз бейсболка киген ер адам қарап тұр екен. Есікке сүйеніп, тісін ойлана шұқылап тұрған тұрысы үй иесі екенін сездіргендей. Түнемелік жердің жөнін сол кісіден сұрайтынымды түсіндім.
Үй иесі еріне қол бұлғады.

Түсініксіз бір сорпа берді, оған шамамен жиырма доллар төледім. Тәрелкеде ненің жүзіп жүргеніне мән бермеуге тырысып, тамақты үнсіз отырып іштім. Сорпаның ақысына салқын кока-кола мен тегін түнемелік жер ұсынбақшы.

Шекарашының тиымын еске түсіріп, кейін жағдайым қиындап кетпей ме деп сұрадым. Үй иесі мақтана күлді.

– Уайымдамай-ақ қой, өзім де әскеримін. Ештеңе етпейді. Киіз үйге барып жата бер!

Түркімен шегірткелері биікке секіреді екен деп ойлап жатып ұйықтап кетіппін. 

...Әдетте, қалжырай шаршағанда түс көрмеймін. Бірақ бүгін түсімде Алматыда, әл-Фараби даңғылымен зырғып келеді екенмін деймін, теп-тегіс асфальт үстінде, су жаңа жарнама плакатарына қарап, кеудені кере салқын ауаны жұтып барамын. Бірақ кенеттен осы сурет нілдей бұзылып, тізем дірілдеп, әлдене сартылдай жөнелді. Түнгі салқында киіздің исі қоланы қауып шошып ояндым да, атып тұрдым...

Ұстап берді... Сатып кетті... Сапарым түркімен түрмесінде аяқталмақ. Киімдерімді жинастырып, киіз үй ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастадым. Тырсыл тоқтады.

Түнгі дауысқа құлақ түріп, жата қалдым. Он минуттан соң есік ашылды да, қайтадан орнымнан атып тұрдым. Үй иесі кішкене бойлы бөгде ер кісімен тұр екен. Ол менің жатын орныма жақын жерді көрсетіп, түркіменше әлдене деп, қайта шығып кетті. Ол басын изеп менің қасыма жата қалды да, қорылдай жөнелді.

Таңғы асты күтіп отырғым келмеді. Түн жарымында түркімен қарулы күштері басып әкетпесін деп шекараға жетуге асықтым. Түстен кейін Иранмен шекаралас Серахсқа жеттім, шекараға аз қалғанда асыққан балаша педальді қатты баса жөнелдім. Түркімен шекарашысының тапсырмасын орындадым: Түркіменстанды төрт күнде жүріп өту менің жеке рекорд кітабымда мәңгі сақталады!


Мағжан Сағымбаевтың «Шайтанарбадағы көшпенді» кітабын мына сілтемеге өтіп, сатып ала аласыз. Автордың айтуынша, сатылымнан түскен қаражат Қазақстан мен дүниежүзілік экспедицияларға, болашақ оқиғаларға, саяхатқа жұмсалады.

Иллюстрациялар — Дина Буксикова.

Жарияланған уақыты: 26 Сәуір, 2020 жыл