Төтенше жағдай кезіндегі мейірім мен ынтымақтастық Төтенше жағдай кезіндегі мейірім мен ынтымақтастық

Бірге DOCA Қазақстан

Төтенше жағдай кезіндегі мейірім мен ынтымақтастық

Расима Темербаева оқиғасы

26 Наурыз, 2020 жыл

Алматы, Қазақстан

Қоғамға олардың жұмысы білінбейді. Алайда олар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отыр. Дәрігерлер, медбикелер, жедел жәрдем қызметкерлері, құтқарушылар, еріктілер және белсенділерділер  — барлығы басқаларды құтқару үшін өз денсаулықтары мен өмірлеріне қауіп төндіруде.

Олардың көзге көрінбейтін еңбектері коронавирус пандемиясы күндері әсіресе маңызды. Эпидемиолог-дәрігерлердің, медбикелердің, жедел жәрдем мамандарының өзін-өзі құрбан қылуы мен зор еңбектері арқасында вирустың таралу қарқыны тоқтатылып жатыр. Еріктілер жұмысы арқасында мүгедектер, зейнеткерлер, халықтың тұрмысы төмен және әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары дәрілер мен тағамдар алып, қамқорлыққа бөленуде.

Бүгін біз Расима Темербаева — ерікті және «Қайырымды тағамдар» әлеуметтік жобасы авторы оқиғасымен бөлісіп отырмыз. Расима Темербаева және оның тобы Алматыда бес жыл бойы зейнеткерлерді, табысы аз және мүмкіндігі шектеулі адамдарды тамақтандырып келеді. Қазақстанда төтенше жағдай және Алматыда карантин режимі енгелі Расима Темербаева ұжымы дәрігерлер мен жедел медициналық жәрдем экипаждарын да тамақтандыра бастады. Бұл топтың ерікті жұмысының арқасында Алматының кейбір жедел жәрдем бекеттерінің медициналық қызметкерлері тамақ алып, ең маңыздысы — осындай қиын пандемия күндерінің өзінде қолдау мен қамқорлық сезініп жатыр. 

Фото: Тимур Нусимбеков

БАСТАУ

Мен түрлі саланы оқып, түрлі салада жұмыс істегенмін. Бірінші алған жоғарғы білімім бойынша мамандығым психолог, екіншісі бойынша — экономист. Бизнес және саудада жұмыс тәжірибем үлкен, сол маған әлеуметтік салада көмегін тигізуде. Ең бастысы — менде әрдайым оқуға деген ынта бар. 

Бүгінгі күні айналысып жүрген жұмысыма мен жиырма жыл бойы ұмтылдым: көп нәрсені үйрендім, көп нәрсені біліп, түсінуге тырыстым... Бес жыл бұрын, 2015 жылдың сәуірінде, мен жоба басқару бойынша тренингтен өткенмін. Сол кезде қарттарға тегін ас беру идеясы келді. Біраз уақыттан соң мен осы ойды жүзеге асырып, зейнеткерлерді тегін тамақтандыра бастадым. Бұл жобаны өзімнің нағашы әжеме арнадым.

Алғашында біз он бес түскі астан бастадық. Қазір бізде бір асүй және екі асты беру нүктесі бар. Біріншісі Айманов көшесінде, Жандосов көшесінен жоғары, бұл нүктеге бес жыл болды. Екінші Шашкин көшесіндегі, Әл-Фараби көшесінен төмен, нүктеге екі жыл толғалы жатыр.

Зейнеткерлер тағам беру нүктесінде, қараша 2019
Фото Расима Темербаеваның Фейсбук парақшасынан

Қазір, демалыс және мереке күндерін санамағанда, тұрақты және күнделікті тұрғыда біз 150 зейнеткерге ас даярлаймыз. Олар — біздің екі нүктемізге жақын жерлерде тұратын қарт кісілер. Орташа жастары — 80 жас. 

Біздің тегін тағамдар мақсаты тек астың өзінде ғана емес, сонымен қатар әлеметтендіруде: зейнеткерлер күнде үйлерінен шығу үшін, сөйлесіп, бір-бірімен жаңалықтармен бөлісу үшін. Бұл — жан азығы. Кейбір зейнеткерлеріміз өздері де ерікті болуда: шамасы жетпейтіндерге асты апаруға көмектеседі. Жылы сөз, қамқорлық пен көңіл әрқашанда шабыттандырады.  Зейнеткерлер жиі «Бізге тағамдардың өзі емес, сіздер бізді осы жерде күтетіндеріңіз маңызды»  дейді.

Біздің тегін тағамдар мақсаты тек астың өзінде ғана емес, сонымен қатар әлеуметтендіруде

Қазан 2019
Фото Расима Темербаеваның Фейсбук парақшасынан

ТОСЯ

Мен қарттар қайтыс болғанда қатты мұңаямын.

Екі жыл бұрын бір апайға бауыр басып қалдым. Есімі Антонина, бірақ біз оны өзімізше Тося деп қоятынбыз.

Басында Тося көп сөйлемейтін. Алғашқы кездері тағамдарымызды алғысы келмей, өтіп кететін. Бір күні келіп, «Маған бес порция болады ма?» деп сұрады. Сөйтсек, оған көршілес үйлерде төсек тартып қалған, өздері келіп, тағамдарды алып кете алмайтын зейнеткерлер тұрады екен. Әрине, оған біз бес порциядан бере бастадық, ал бұрын неге бізге келмегенін сұрасақ, «Маған ыңғайсыз болды... » деп жауап берді.

Бір жылдан аса уақыт Тося апай күнде сол порцияладры түрлі подъезд бен үйлерде тұратын төсек тартқан қарттарға таратып жүрді. Ол тек тамақ тасыған жоқ, үй шаруашылығымен де көмектесіп тұрды: едендерін жуды, азық-түліктерін алып келді. Сол адамдар үшін бізге келіп тұрды. 

Бірде Тося әрең келіп, әдеттегідей бес порция алып кетті. Сонда қасыма келіп, маған қарап, «Бастысы, сен ауырмашы» деді. Келесі күні Тося келмеді. Кейінірек бізге оның түнде қайтыс болғанын айтты. Мен жылап жібердім. Бүкіл ұжымымызбен екі күн жыладық...

Тося 72 жаста болды. Сонда оның да ерікті болғаны ғой. 

Фото: Тимур Нусимбеков

КАРАНТИН

Алматыда карантин режимін енгізу туралы хабарлағанда мен алаңдай бастадым. «Осы жағдайда не істейміз, қарттарға қалай көмектесеміз?» деген ойлар келді. 19 наурызда, карантин басталған күні, мен Шашкин көшесі бойындағы жедел жәрдем көлігінің қасында тұрған дәрігерді көрдім. Ол бір қолында бәліш, екінші қолында кішкентай кола бөтелкесін ұстап тұрды. Мен жылап жібере жаздадым. Дәрігерлер туралы, олардың осындай қиын кездегі еңбектері туралы ойладым... Нәтижесінде «103»-ке қоңырау шалып, «Мен Расима Темербаевамын, дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлеріне тағамдар ұсынғым келіп тұр» дедім. Солайша біз дәрігерлерге де ас даярлай бастадық. 

Сол күні біз жедел жәрдем қызметкерлеріне палаудың 10 порциясын беріп жібердік. Кейінірек мен Фейсбук және Инстаграм арқылы қала тұрғындарынан «Дәрігерлерді тамақтандыруға көмектесесіздер ме?» деп сұрадым. Мейірімді адамдар жауап қайтарды: екі күнде біз 700 мың теңгедей жинадық. Бірінші күні біз дәрігерлерге 10 кісілік тамақ жіберсек, кеше біз 142 порция бердік.

Мен Шашкин көшесі бойындағы жедел жәрдем көлігінің қасында тұрған дәрігерді көрдім. Ол бір қолында бәліш, екінші қолында кішкентай кола бөтелкесін ұстап тұрды. Мен жылап жібере жаздадым.

 

Барлық тағамдар бірреттік ыдыс пен пакетте беріледі, барлығы зарарсызданған, барлық қауіпсіздік нормалары сақталған. Біз қолғап және маскамен жұмыс істеміз. Асүйде артық адамдар жиналмайды. Зейнеткерлерімізді біз әзірше құрғақ азықтарға көшірдік, карантин уақытында денсаулықтарына қауіп төндірмей, үйден шықпау үшін оларға алдын ала керекті азық-түліктерін беріп жібердік.

Өкінішке орай, біз барлығын тамақтандыра алмаймыз. Тәулігіне жедел жәрдем бекетіне шамамен мың адам жұмысқа шығады: медбикелер, көлік жүргізушілері, фельдшерлер, дәрігерлер, қоңырау шалу орталықтары операторлары және де басқа қызметкерлер. Ал біздің тобымыз бірнеше адамнан ғана тұрады, тағамдар саны да шектеулі. Бірақ біз Алматы рестораторлары не өзге де қала тұрғындары көмекке қосылады деген үміттеміз. Мүмкін, біреуінің үйінде қазан тұрған шығар, және олар дәрігерлерге сорпа әзірлегісі келіп кететін шығар. Ондай жағдайда біз оларға қажетті азық-түліктерін берер едік. 

Қазір бір жерде үйілмей, жұмысты бөліп алу маңызды. Сол үшін біз порцияларды үйлкейтумен қоса тағаммен қамтамасыз ету алаңын кеңейтіп жатырмыз. Қазір біз үш жедел жәрдем бекетін өз қарамағымызға алдық. Бастамамызға тағы кейбір кафе мен мейрамханалар қосылды. Мен оларды бекеттерге бөлемін. Енді бір кафе екі қосалқы бекетті тамақтандырады, ал бір мейрамхана күнде 50 тағамды басқа дәрігерлерге даярлайды. Кейбірі бақылау-өткізу пункттеріндегі дәрігерлер мен әскери қызметкерлерді тамақтандырса, бірі қала ауруханалырында істейтін облыс дәрігерлерін тамақпен қамтамасыз етуде. Кейбір мейірімді адамдар дәрігерлер карантин уақытында тегін тұра алу үшін 30 облыс дәрігеріне хостел беріп жатыр. Енді бірі күнде өздері пісірген 50 бөлке нанмен қоса 10-12 литр қайнатылған қара кофені медицина қызметкерлеріне таратуда. Қазір медицина және әскери қызметкерлерді қолдау қажет, өйткені олардың жұмысы бұрынғыдан да көп және олар тәуекел аймағында тұр. Кейбір сатушылар да бізге көмектесуде: жеңілдіктер жасап, тегін жеткізуді ұсынуда. 

Қазір медицина және әскери қызметкерлерді қолдау қажет, өйткені олардың жұмысы бұрынғыдан да көп және олар тәуекел аймағында тұр

Барлығына қолдау көрсету, көңіл бөлу керек. Бұл дәрігерлерге де керек, әсіресе бүгін. Біз оларға тек тағам бермейміз, біз оларға өз қолдауымызды да көрсетуге тырысып жатырмыз. Әр жедел жәрдем бекетіне мен «Рахмет! Адамдар сіздерге бас иіп жатыр! Олар сіздерге алғыс білдіруде, қорықпаңыздар!» деген жылы сөздерімді жеткізудемін. Ал олар бізге «Сіздер де қорықпаңыздар, біз біргеміз!» деп жатыр. 

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ

Қайырымды тағамдарды үлкен ұйымдар мен бизнес-компаниялар қолдап жатқан жоқ, қарапайым қала тұрғындары қолдап жатыр. Бес жыл бойы сол адамдар краудфандингі біздің жұмысымызды жүс пайызға қолдап отыр. 

Адамдар бірлігі бізді шабыттандырып, ТЖ кезінің өзінде қолдап жатыр. Осы күндері кейбіреулер қоңырау шалып, көлігін жеткізумен көмектесу үшін ұсынуда, кей адамдар хостел ұсынуда, бірі еріктілер қатарына қосылуда.  «Мен алматылықпын» қозғалысы мен басқа да еріктілер қазір күнде жұмыс істеуде: азық-түлік алып, зейнеткерлерге, науқастарға, көпбалалыларға апаруда. Олар — біз сияқты қоғамға пайдасын тигізу үшін барын салатын адамдар.  

Расима Темербекова мен ерікті Жандос Сеит
Фото Расима Темербаеваның Фейсбук парақшасынан

Біздің қоғамда мейірімді адамдар көп, бірақ олар өздерінің мейірімді екендерін білмейді. Біреу, өзі «Мен ерікті емеспін» дей отыра, мұқтаж болушыларға бір қап қарақұмық алып келіп тұр. Біреулер болса тегін маскалар алып келді. Мен «Осының өзі мейірім ғой» деп жатамын. Міне, осындай адамдар көп. 

Біз көбінесе демалыссыз жұмыс істейміз. Ал төтенше жағдай режимі басталғалы тіптен көбірек жұмыс жасай бастадық. Қауіпті төмендетіп, адам топтануынан аулақ болу үшін мен кейбір қызметкерлерді қашықтықтан жұмыс істеуге жібердім. Енді үшеуі қалды. Күні бойы телефон үстіндемін, қазір адамдар қоңырау шалғанда уақытқа да қарамайды. 

Біздің қоғамда мейірімді адамдар көп, бірақ олар өздерінің мейірімді екендерін білмейді

Ауызбіршілік пен ынтымақтастық қазір бізді — еріктілерді, дәрігерлерді және жай ғана мейірімді адамдарды біріктіруде. 

Мен зейнеткерлерді, кейін дәрігерлерді тамақтандырып жатқаным — игі іс деп санаймын. Бірақ қатты ұйқым келеді, көптен бері ұйқым қанбай жүр. 

Фото: Малика Ауталипова


Соңғы бес жылда Расима Темербаева және оның тобы бірнеше қалалық және ұлттық жүлделер мен сыйлар иегері болды. Алайда басты марапаттың не екенін онымен жай ғана далада тұрып-ақ байқайсың. Оған қарттар алғысын жаудырып жатады. Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Шашкин көшесі арқылы біздің жанымыздан өткенде бірнеше секундке сиренасын қосты, ал медициналық халат пен маска кигендер көңілденіп, Расима Темербаеваға қол бұлғады. 

Төтенше жағдай мен коронавирус пандемиясы әсерінен барлық еріктілер үшін ауыртпалық, стресс пен қауіп деңгейі әжептәуір өсті. Сіздер кез келген көлемдегі жәрдем арқылы Расима Темербаева бастамасын қолдай аласыздар. Бар жиналған жәрдем коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы қатарында жүрген Алматы дәрігерлері мен жедел жәрдем қызметкерлеріне арналған тегін «қайырымды тағамдар» бастамасының ұлғайып, дамуына жұмсалады. 

«Қайырымды тағамдар» әлеуметтік жобасына жәрдемді Birgemiz қайырымдылық платформасы арқылы немесе банк аудармасы арқылы бере аласыздар: 

Kaspi Gold: 5169 4931 5913 1310 (ЖСН 721205401795)
Halyk Bank: 5354 5100 1763 8270 (ЖСН 721205401795)
Forte Bank: 4042 4289 0660 4918 (ЖСН 721205401795)
Kazkom: 5483 1919 2631 1012 (ЖСН 721205401795)
Qiwi кошелек: +7 747 856 5633

 

Алматы, наурыз 2020

Жарияланған уақыты: 26 Наурыз, 2020 жыл