«Победа» шыңындағы құтқару операциясы

Adamdar news DOCA Қырғызстан

«Победа» шыңындағы құтқару операциясы

20 Тамыз, 2019 жыл

«Победа» шыңы, Тянь-Шань, Қырғызстан

Қырғызстан тауындағы «Победа»* шыңында Қазақстан альпинистері Мұрат Өтепбаев пен Адрей Корнеевті құтқару жұмыстары басталды. Олар бірнеше күннен бері 6000 метр биіктікте арнайы жарақсыз, тамақсыз, сусыз және байланыссыз отыр. 15 тамыз күні шыңнан түсу кезінде топтың бір мүшесі (Александр Чечулин) қайтыс болды. Болжам бойынша өкпесінің қабынуы себеп болған.

*Пик Победы (қырғызша Жеңиш чокусу) Қырғызстан мен Қытай шекарасындағы Кашаал-Тоо жотасында орналасқан. Биіктігі – 7439 метр. 

Мұрат Өтепбаев, Александр Чечулин, Андрей Корнеев
Фото: Борис Дедешко

Победа шыңындағы Қазақстан альпинистерін құтқару операциясы 20 тамызда күн райы жақсарғанда басталды. Бұған дейін Тянь-Шань жоталарында қар жауып, көшкін болу қаупі жоғары болды. Сонымен қатар көмекке мұқтаж альпинистердің дәл қай жерде орналасқаны белгісіз болуы құтқару операциясының жұмысын қиындатып отыр.

Құтқару жұмыстарына Қазақстан және Қырғыз Республикасының альпинистері қатысып отыр. Құтқару жұмысына ҚР Қорғаныс Министрлігінің әскери альпинистері қосылды. Бұл құрамда кәсіби альпинистер: капитан Мақсұт Жұмаев, аға лейтенант Василий Пивцов және Аманжол Рахметов бар. Мақсұт Жұмаев пен Василий Пивцов – әлемдегі барлық 14 сегізмыңдықты бағындырған танымал Қазақстан альпинистерінің бірі.

Құтқару операцияға қатысушылар
Галина Муленкованың Facebook парақшасынан алынған фото

Бүгін әскери альпинист-құтқарушылар Жұмаев, Пивцов және Рахметов Хан-Тәңірі шыңының етегінде орналасқан «Қарқара» база лагерінен тік ұшақпен ұшып шықты. Әскери ұшақ оларды Южный Инылчек базасына дейін жеткізіп салды. Бұдан кейін олар альпинистер жаққа қарай жаяу көтеріліп, іздеу-құтқару операциясын бастады. ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің ақпараты бойынша іздеу жұмыстарын бірлесіп жүргізу үшін қырғыз альпинистерінің тобы жасақталды.

«Қарқара» база лагері
Фото: Тимур Нусимбеков

20 тамыз күні таңертең Мұрат Өтепбаевтың қызы Айгүл Матай өзінің Instagram аккаунтында былай деп жазды:

Победа шыңының үсті көкпең көк. Тікұшақ іздеуге шықты. Жігіттерді тапқан соң дереу дайын азық-түлікті лақтырады. Жаяу шыққандар да жолда! Туысқандарымыз таудың етегінде Мұрат пен Андрейді күтіп тұр. Аман шықсын деп дұға қылып отырмыз. Альпинистеріміздің есімдерін дұғаларыңызға қосып жүріңіз.

Аталған хабардан соң екі сағаттан кейін Айгүл Матай жазбасын жаңа ақпаратпен жаңартты:

«Тікұшақ маршрут бойынша сегіз рет айналып шықты деп хабарлады. Мекеннің бәрін суретке түсіріп, тепловизормен жүріп шықты. Оперативті топ және базадағы альпинистер шықпас бұрын бәрін зерттеп, ілік іздеп жатыр. Іздеуді тоқтатпау керек, бір секундқа да кідіруге болмайды, олар бізді күтіп отыр!!! Күтеміз және аман-есен табылады деп дұға қыламыз, әкем мен Андрей және барлық құтқарушылар тобына мейірім мен махаббат жылуын жолдаймыз».

 


 

Оқиға тізбегі:

4 тамыз күні бір топ Қазақстан альпинистері: Мұрат Өтепбаев, Андрей Корнеев және Александр Чечулин Тянь-Шань тауындағы Победа шыңына шығуды бастады.

14 тамыз күні топ шыңды бағындырды. Сол күні метеожағдай нашарлай бастады.

15 тамыз күні сағат 8-ден 15 минут кеткенде топ соңғы рет радио байланысқа шығып, өкпесі қабынып Александр Чечулин қайтыс болғанын хабарлады. Дауыс сигналы берілгенде альпинистер 6900 метр биіктікте еді. Палаткалар мен құрал-саймандарды жел ұшырып алып кетті. Өмірін сақтап қалу үшін М.Өтепбаев пен А.Корнеев қарды үңгіп қазып, ішіне жасырылды.

20 тамыз күні құрамында капитан Мақсұт Жұмаев, лейтенант Василий Пивцов және майор Аманжол Рахметов бар әскери альпинистер тобы іздеу-құтқару операциясын бастады.
 

Победа шыңындағы Қазақстан альпинистері Мұрат Өтепбаев пен Андрей Корнеевті құтқару операциясына қатысты ақпарат жаңарып отырады. 

Жарияланған уақыты: 20 Тамыз, 2019 жыл