Пандемиядан кейінгі әлем
Суреттер: Пол Салопек

Кітапхана DOCA

Пандемиядан кейінгі әлем

Автор: Пол Салопек

Аудармашы: Кәмшат Әбілқызы

1 Мамыр, 2020 жыл

Пол Салопек — Американың көрнекті жазушысы, журналист, документалист, саяхатшы. National Geographic ғылыми қоғамының мүшесі. Пулицер сыйлығының екі дүркін лауреаты. Out of Eden Walk бірегей жобасының авторы.

Out of Eden Walk («Жұмақтан саяхат») — Пол Малопектің ешкім әлі жасамаған, теңдесі жоқ құрлықаралық саяхаты десе болады. Оның саяхатының маңыздылығы, ерекшелігі сонда — ол Жер планетасына алғаш қоныстанған адамдардың миграциялық жолын кезген. Жолдың жалпы ұзындығы 21 000 мильге тең болды. Пол бұл сапары мен жобасына бірнеше жылын сарп етті.

Пол Салопектің Жер шарын жаяу кезгеніне сегіз айдың жүзі болды. Жолай ол жер кезіп, ел танып, олар жайлы түрлі жазба жазып, фото, видео түсіріп, кітабына дерек жинайды. Пол Африка, Таяу шығыс, Каспий теңізін кесіп өтіп, киелі Маңғыстауды шарлап, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерін, Пәкістан, Ауғанстан, Үндістанды аралаған, ол жердің сай сала, тау тасында ғана емес, көшелерінде де із қалдырған. Біздің хатымыз Полды Мьянмада қуып жетті.

Арнайы Adamdar/CA үшін Пол Салопек біздің сауалдарымызға жауап беріп, әлем қалай өзгеріп жатқаны, адамзат құндылықтары мен мәдениетіне пандемия қалай әсер еткені жайлы ой толғап, Орталық Азиядағы басты үш мәселе мен сторителлерлерге және өзге де авторларға жаңаша бағыт алған өмірге қалай бейімделу керектігін айтты.

Автопортрет
© Пол Салопек

Сауал жолдағандар: Малика Ауталипова, Тимур Нусимбеков

Сіз өз жобаңызда көне дәуір адамдарының миграция жолымен жүресіз, ұзақ уақыттан бері тарих пен жаңа дәуірді зерделеп оқып жүрсіз. Айтыңызшы, бүгінгі әлемдік оқиғалар тарихта қандай орын алады: жалпы, бүгінгі оқиғаларды тарихтағы өзге катаклизмдермен салыстыру қаншалықты дұрыс, мәселен COVID-19 туралы не деуге болады?

Әр тарихи оқиға өзінше маңызды. Өзін кәсіби тарихшы санайтын адам өткен тарихи оқиғалар арқылы болашақты болжамау керек екенін жете түсінеді. Егер солай етсеңіз, өзіңіздің ұшқары пікіріңізді өзгелерге таңып, шала біліміңізді танытқаныңыз деп біліңіз.

Дей тұра, бұл сауалға жауап беру керек болса, мен кәсіби тарихшы емеспін ғой енді, өз ойымды айтайын: үлкен өзгеріс көрем. Пандемия тек денсаулық сақтау саласында ғана емес, өзге де салаларда түбегейді өзгеріс жасайды. Жібек жолы бойында пайда болған оба Еуропадағы экзистенциалды бұзылыстарға әсер еткеніне назар аударыңызшы.

Бұның бәрі Рим-католиктік шіркеулеріне деген ұлы сенімді күл-талқан қылып, феодалдық құрылыстың құлауына себеп болып, меркантилизм, космополитизмнің өсуін тездетіп, ағартушылық саласының шырағын жақты десек болады. («Декамеронды» оқыңыз, XIV ғасырда зәулім сарайға өздерін қамап, қызықты оқиғалар айтысып, жемқор монахтарды келемеждеп, жаңашыл, ары, қолы былғанбаған қала тұрғындарын дәріптеген жас флоренциялықтар оқиғасы, былайша айтқанда, XIV ғасыр хипстері).

COVID-19-ды Қара өлім статистикасымен салыстыруға келмейді, әрине. Бірақ адамзаттың бүгінгі жай-күйі — шектен тыс өлім мен күннен-күнге күрделеніп бара жатқан бір-біріне байланған жаһандық мәселелер, пандемия ауқымын кеңейтіп, зардабын күрделендіріп отыр.

Бұл пандемия глобализацияға түскен планета тұрғындарының әрқайсысына әсер етпей қоймас деп жобалаймын. Оның көбі қайғымен аяқталады. Әр нәрсенің қайыры бар емес пе, мен де бұл дерт адамзатты басқа қырынан дамытуға әсер етеді деп өзімді жұбатам: мүмкін адамзат адам тағдыры адаммен байланысып жатқанын түсініп, бір-бірін бағалауды үйренер.

Бұл пандемия глобализацияға түскен планета тұрғындарының әрқайсысына әсер етпей қоймас деп жобалаймын

Адамдар ортақ құндылыққа әсер ететін жүйелі өзгерістерге тез бейімделе алмайды.Біздің болмысымызда өзімшілдік, тұмсығының астындағыны ғана көре алу, жершілдік бар. Бірақ рахымсыз вирус біздің жаман қасиеттерімізді сілкіп қағып түсірер. Медициналық тұрғыда ғана емес, одан да ауқымы кең, ғасыр оқиғасы болған 1918 жылғы испан вирусынан да зардабы көп болуы мүмкін. Бұны 500 жылда бір рет болатын зобалаң деп бағалауы да мүмкін. Жүре көрерміз.

Қойшының малы. Маңғыстау, Қазақстан
© Пол Салопек

Out of Eden Walk — жобасы баяу журналистаға (slow journalism) таптырмас үлгі. Ақпараттар нөпірі үдеп, тікелей эфир, әлеуметтік желі белсенді боп тұрған кезеңде сіздің бұл жаяу жүрісіңіздің мәнісі неде?

Жаяу болғаныммен, мен де зырылдаған уақыт ағымынан қалыспаймын. Әлеуметтік желіні ақтарып, керек идеяларды түртіп алам. Сондықтан Out of Eden Walk жобасын жаңа технологияға қарсы деуге келмейді. Бұл жоба сиқырлы элексир емес, біздің ақпараттық ғасырымыздың бар проблемасына дәру емес. Өзім бұл жобаны біздің қолымыздағы телефон арқылы толассыз келіп жатқан, буырқанған онлайн-ақпарат мұхитының, ақылға қонбайтын, миға симайтын болжамдар нөпірінің, мемдердің, ойыңды онға, санаңды санға бөлетін, бірақ бір-бірімен қабыспайтын оқиғалар арасындағы тып-тыныш арал сияқты көрем.

Бұл жоба: «Мына маржан жағалауына келіңіз» деп қол бұлғайды. Қыдырыңыз. Әр оқиғаны адами деңгейде сезініңіз, аяққа қозғау салыңыз, сағатына бес киллометр жүріп көріңіз, адам жаратылғалы біздің миымыз қоршаған ортамен қарым-қатынасқа түсу үшін жасап шығаратын жылдамдықты іске қосыңыз.

Мен үнемі бұл Жаяу сторителлингтің маңызын баса айтам, құр ақпаратын емес. Бір адым аттасам, екіншісі, үшіншісі деп, жалғасы күтіп тұрады. Әр сапарым — қызықты әңгіме, ал әр өмір — саяхат. Біз табиғатымыздан жиһанкез болып жаратылғанбыз. Жаяу жүру біздің сонау көнеден келе жатқан, қанымызда бар қасиетті оятады. Егер бұл жобаның құндылығын іздесеңіз, онда былай деуге болады: бір-бірімен жалғасқан, бір-бірімізге апаратын ортақ соқпақ жол.

Біз табиғатымыздан жиһанкез болып жаратылғанбыз. Жаяу жүру біздің сонау көнеден келе жатқан, қанымызда бар қасиетті оятады.

 

 

Сіз көптеген елде болып, әр түрлі адамдармен кездестіңіз, мыңдаған миль жаяу жүрдіңіз. Әлемді, адамзатты пандемия қалай өзгертті, коронавирус, карантинге дейін қандай еді, одан кейін қандай болды? Біздің үйреншікті өміріміз, әдеттеріміз, адамдар миграциясы пандемиядан кейін өзгере ме, қалай ойлайсыз?

Сөзсіз. Бұрынғыдай бейқам өмірге қайта келу үшін бірнеше жыл керек, соның өзінде көзді ашып-жұмғанша барам деген жерге бара салатын мүмкіндік қайта болмас. Бұл артығырақ мүмкіндіктері бар, жұмыс бабымен болсын немесе өз қалауымен болсын жиі саяхаттайтын, кедейшіліктен, соғыс зардабынан ары-бері көшіп жүрген адамдарға тікелей қатысты. Есік-терезесін жауып, қымталған әлемнің экономикасы қалай болатынын да болжау қиын. Ұзақ уақыт кедейлік қамытын киетін шығар. Бұрынғы әлемдегі жүйе бай адамдар мен тауарларды оңай жеткізудің арқасында құрылған еді. Арзан жұмыс күшін ұстап тұрды немесе құжатсыз мигранттар тәрізді түрлі жұмысқа жекті. Шегаралардың күшейтілуі неге әкеліп соғады? Англо-америкалықтардың, шетелдерде миллиардтаған долларға құрылыс салуды қолдайтындардың Калифорнияның Сентрал Вэллиында жазғы егінді қолмен жинауға көшкенін көргім келіп жүр. Қызық қой. Көшпенді батырақ ретінде мен алмұрт, жүзім, қызанақтарды қолмен тердім. Бәрінен апельсин жинау қиын еді. Апельсин ағашының тікенегі өте көп. Жалғыздық деген — алғашқы апельсинің болат себетке гүрс етіп құлағандағы дауысындай көрінетін. Сондай азаппен жинаған өніміңнің бір тоннасын жиырма сегіз долларға бағалайды. Менің кезімде солай төлейтін.

Бұрынғыдай бейқам өмірге қайта келу үшін бірнеше жыл керек, соның өзінде көзді ашып-жұмғанша барам деген жерге бара салатын мүмкіндік қайта болмас

Аңшылар. Қырғызстан
© Пол Салопек

Жаңалықтардан болсын, адамдармен әңгімелескенде болсын, коронавирусқа қатысты қандай да бір қорқынышты стеоротиптер мен адамды адастыратын ақпарат естідіңіз бе?

Астыртын сойқан теориядан басқа ма? Бұл ұлттық не жергілікті масштабтағы мәселе. Туыстық антогонистік ойын. Мәселен, COVID-19-ға Қытай елі кінәлі, одан іргені аулақ салу керек. Немесе Қазақстан клиникалық құжаттарын дұрыстаса, қазақстандықтар үшін бұл мәселе жоғалып кетеді. Тағы, Сахараның оңтүстігін алып жатқан миллиардтаған тұрғыны бар африкалықтар бұл ауруға шалдықса, ол тек өздерінің мәселесі. Бұндай қияли ойларыңызға береке жаусын! Сіздің компанияңызға не өндірісіңізге Тайландтан бір зат керек болды немесе Ганадан бір қоспа алдыру керек болды делік, онда сіз ілдалдалап аман қаласыз не ажал құшасыз. Немесе бұдан құтылудың басқа жолы — бәрін өз жеріңізде өндіріп, өз-өзіңізді қамтамасыз етесіз. Егер солай болса, болашақ ұрпақтың бірнеше буыны азап көретін әлемдік экономиканың жаңа сатысы туралы сөз қозғауға тура келеді.

 

 

Сіздің ойыңызша пандемияның ең қауіпті салдары не?

Ксенофобия. Ұлтшылдық. Зұлмат. Кедейліктің ұлғаюы. Алға ұмтылудың азаюы. Адамгершіліктің тоқырауы.

Бүкіл әлемді құрсаулаған бұл оқиғадан адамзат нені ұғуы ерек?

Өз өміріңізді бүге-шігесіне дейін жоспарлауды қойыңыз.

Түзды бастаулар. Маңғыстау, Қазақстан
© Пол Салопек

Қазір адамдар қалыпты тіршілігінен ауытқып, өз үйлерінде қамалды. Сторителлер ретінде, «Жүрген аяққа жөргем ілінеді» дегендей, кезу арқылы түрлі оқиға тауып жүрген жан ретінде айтыңызшы, бұл жайтқа үйрендіңіз бе, үйде отырып әңгіме айту қандай екен?

Ұшаққа отыра салып, соғыс ошағына барып, өз атыңды шығару оңай екенін үнемі студент-журналистерге айтып отырамын. Шындығына келгенде, бұл — ауырдың үсті, жеңілдің астымен жүріп, жетістікке жетудің жолы, жалқаудың тірлігі. Бұны мен әскери корреспондент болып көрген соң айтып отырмын. Ондай түрлі оқиғаны үйде отырып тауып, дерек жинау әлдеқайда күрделі. Өз көшеңізде. Өз үйіңізде. Егер сіз жалғызілікті әйелдің ішкі мұңы немесе ортаншы таптан шыққан қала сыртындағы ерекетің хикаясы босқындардың оқиғасынан қызықсыз деп санасаңыз шынайы жұмыс емес, шалажансар карикатура жасап шығарудың алдында тұрсыз. Үйге қамалудың астары барын ұғыңыз. Әскер іздейтін жауды өз ішіңізден іздеп, жүрегіңізге бойлаңыз.

Үйге қамалудың астары барын ұғыңыз

Памирдегі үйлену той. Тәжікстан
© Пол Салопек
Суреттегі қалыңдық — Сайфина Шохайдарова, Хорогадағы тауды таныстыратын гид, Adamdar/CA-да ол туралы жазғанбыз, (сілтемесі)

Міне, 7 жылдың жүзі болды, сіз жолдасыз, үйіңізден жырақтасыз. Шеті жоқ, шегі жоқ далада, немесе алып таулар арасында оңаша қалған кезіңіз көп. Ал карантиндегі мәжбүрлі оңашалу қалай болады екен?

Шындығына келгенде, әлемді жаяу аралау — жалғыз жүру деген жай аңыз. Жақсы ма, жаман ба, — білмеймін, біз адамы көп әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жерде мен Маңғыстауда жүрген 450 шақырымдық жол сияқты кей үзік-үзік жолдарды айтып отырған жоқпын. Иә, сол жолда бір жан баласы кездеспеді, қыбыр еткен тіршілік иесі жоқ, ұшы-қиырсыз даланы ғана көрдім. Әдетте, мен қай жерге барсам да, он шақты адам көрем күніне. Сансыз сұхбат құрам. Менің адамдардың үйлерінде, фермаларында, сарайларда, үңгірлерде түнейтін кездерім болады. Әр кеш сайын кешкі тамағымды әр түрлі жерде ішем. Қайта соңғы жеті жылым адамдармен әңгіме-дүкен құрып, өте қатты араласқан кезім болды деп есептеймін. Кейде, мен керісінше, барар жолымнан тайып, қонақүй бөлмесіне қамалып алып, өзіммен-өзім отыратын кездерім де болды.

Шындығына келгенде, әлемді жаяу аралау — жалғыз жүру деген жай аңыз

Бұл тұрғыдан алғанда, COVID-19-ға бола оңаша болу маған сондай қиындық келтірмеді. Пандемия ушыққан кезде, мен жаяулатып Мьянмаға жеттім де, кітабымды жазу үшін өзіммен-өзім болдым.

Қазір мен репортер режимінде емеспін. Мен бұл үзілісте ойымдағыны қағазға түсіріп жатырмын. Қазір ақша табу үшін жұмыс істеуіне тура келген әріптестерімді аяймын. Олардың да тығырықтан шығу жолын тапқым келеді. Тығырыққа тірелген журналистерге арналған шұғыл гранттар бар.

National Geographic Society жақында сондай грант жариялады — қараңыз..

 

 

Сіз Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстанды жаяу шарлап келесіз, Орталық Азиядағы экологиялық ахуалды өз көзіңізбен көрдіңіз. Біздің аймақтағы экологиялық басты мәселелер қандай деп есептейсіз?

Ондай үш мәселені баса айтқым келеді: су, су және су! Сіз өз территорияңыздағы халық санының жылдан-жылға өсіп келе жатқанын және табиғи ауызсу мөлшерінің азайып жатқанын, климат өзгеріп, трансшекаралық Амудария өзеніне қатысты шешілмеген мәселе барын менен де жақсы білесіз. Жол бойы кездескен адамдармен әңгімелескенде, әңгіме ауаны үнемі адамдардың саулығына ойысады, құдық, су мәселесі айтылмай қалмайды.

— Орталық Азиядағы экологиялық негізгі мәселелер?
— Ондай үш мәселені баса айтқым келеді: су, су және су.

 

Пол Салопектің Out of Eden Walk жобасына қатысты өзге де ақпаратпен танысқыңыз келсе, сайтына және әлеуметтік желілеріне назар аударыңыз:
Instagram
Facebook
Twitter

Жарияланған уақыты: 1 Мамыр, 2020 жыл