Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт Adamdar/CA үшін жазған эссесінде «Әділетті Қазақстан» ұраны іс жүзінде шектеулер мен репрессияның күшеюіне қалай әсер ететінін талдайды. Автор биліктің риторикасындағы «заң мен тәртіп» рөлі, шенеуніктердің әзілді көтере алмайтыны, сондай-ақ эмпатия мен нақты реформаларсыз елдің терең дағдарысқа түсу қаупі туралы ойын білдіреді.
Былтыр желтоқсанның соңында жаңалық тарататын сайттардың бірінің журналисі хабарласып, «Жыл сөзін» анықтауға ат салысуға шақырды. Маған мына сөздердің бірін таңдау керек болды: «айыппұл», «қымбатшылық», «әділдік» және «уақыт». Мен ол кісіге бір сөз емес, президент Тоқаевтың «заң диктатурасы» деген тіркесін ұсындым. Себебін «...Бұл тіркес елдегі демократизацияға, азаматтық қоғамға, сөз еркіндігіне, Шерзат Полат ісі секілді кейстерге қатысты саяси режимнің позициясына негіз болды. Келесі жылы да авторитар режим өз саясатын жүргізгенде барлық салада Тоқаевтың осы тезисіне сүйенеді деп ойлаймын» деп жауабымды негіздеуге тырыстым.
Содан бері бір ай өтті. Бір қызығы президент Тоқаев осы тіркесіне азаматтардың конституциялық хақын шектеуге негіз деп қарамай, оны үлкен жетістік санайтын сияқты. 28 қаңтардағы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы сөзінде ол «Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз», деп мақтанды.
Рас, «заң мен тәртіп диктатурасы» туралы Тоқаев Трамптан бұрын айтты. Тереңірек үңілсек, мәселе кімнің бірінші айтқанында емес. Мәселе президенттің осы тіркесті асыра пайдаланбасына мемлекеттік институттар қаншалықты кепіл бола алатынында. Осы тұрғыдан қарағанда, Трамп Тоқаевтан әлдеқайда «әлсіз» президент. Себебі оның саяси есеппен «заң мен тәртіп» үшін деп қабылдаған шешімдеріне тоқтау қоя алатын Конгресс пен сот билігі бар. Мәселен, қазір Трамптың шетелдіктердің АҚШ-та туылған балаларына азаматтық бермеу туралы шешімін федералдық сот уақытша тоқтатып, оның қалған бірнеше бұйрығы түрлі үкіметтік емес ұйымдардың арызы негізінде сотта қаралып жатыр.
Ал Қазақстанда, өкінішке қарай, абсолют биліктің иесі – президент пен оның айналасының тиімсіз және қате шешімдеріне тосқауыл болатын бір де бір мемлекеттік институт жоқ. Қолбала парламент пен саясиланған сот билігінен еш қайыр жоқ. Жақында Тоқаевтың елге лақап ат таңу ақылға сыймайды деген сөзінен соң өзін «парламенттік оппозиция» атайтын Aq Jol партиясының төрағасы Азат Перуашевтің Қазақстанды «Штрафстан» деген сарказмын орынсыз деп сипаттауы әлеуметтік желіде еріксіз күлкі туғызып, жаңа мемдерге арқау болды. 17 қаңтарда Қаңтар қырғыны кезінде Алматы облысындағы Қошмамбет ауылында ондаған азаматты азаптаған полицейлердің бар болғаны 3 жылға сотталуы, дәл сол күні полицияның сатиралық жоба авторы Темірлан Еңсебектің үйін тінтуі, артынша оның 2 айға қамалып, басына 7 жылға сотталу қаупі төнуі, «Сатира – қылмыс емес» деп пикет арқылы Темірланға қолдау білдірген 10 белсендінің жауапқа тартылуы Ақорда мен азаматтардың түсінігіндегі әділеттің әртүрлі екеніне тағы бір рет көзіміз жетті.
Еске сала кетсем, Тоқаевтың соңғы жолдауы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталады. Биліктің бір ай ішіндегі саяси шешімдері мен қадамдарына қарағанда, Ақорда заң мен тәртіпті азаматтардың саяси құқықтарын қатаң шектеумен орнатуға, экономикалық өсімге салық пен айыппұл арқылы қол жеткізуге, ал қымбатшылық қысқан қоғамға оптимизмді сатира мен сарказмге тыйым салу арқылы сыйлауға ниетті секілді. Басқаша айтқанда, неғұрлым экономикалық жағдай қиындаған сайын, соғұрлым қазақстандықтардың саяси құқықтары «заң мен тәртіп» желеуімен шектеле бермек.
Дәл осындай сәтте шарасыз күйге түскен азаматтарға ешбір жағдайда ешкім шектей алмайтын «сөз бостандығы» атты сакральді хақымыз қорған болуы керек еді. Қазақи түсінікте оның мәні «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтелге саяды. Тоқаевтың ойынша «заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажет» деген пайымға бізден кеш келген АҚШ-та оны конституцияның Бірінші түзетуі деп атайды. Оның ішіне діни наным-сенім, сөз бен баспасөз бостандығы, бейбіт жиналыс өткізу мен өкіметке арыз-шағым жеткізу құқығы кіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл өкіметке кімнің пікірін тыңдауға болатынын және кімнің пікіріне пысқырмауға болатынын өз қалауынша шешуге тыйым салатын түзету.
Осы мысал арқылы онсыз да қырық жамау конституциямызға АҚШ-тағыдай түзету енгізуді ұсынайын деп отырғам жоқ. Онсыз да ата заңымыздың 20-бабында сөз бен шығармашылық еркіндікке кепіл берілген. Қазақстанда де-юре Конституция ең жоғарғы заң саналғанымен, де-факто Ақорданың пайымына негізделген заңдар жұмыс істейтінін бесенеден белгілі. Осы мақала арқылы «Әділетті Қазақстан» архитекторларына кез келген формада сөз бостандығын шектеуден экономикада өсім де, қоғамда оптимизм де пайда болмайтынын ескерткім келеді. Сондай-ақ оларды мемлекеттік саясатты жүргізгенде «заң мен тәртіп диктатурасынан» бас тартып, эмпатияға иек артуға шақырамын.
Қазақстанда де-юре Конституция ең жоғарғы заң саналғанымен, де-факто Ақорданың пайымына негізделген заңдар жұмыс істейтінін бесенеден белгілі.
Кейінгі күндері медиа мен әлеуметтік желіде экономисттер мен сарапшылар қосымша құн салығын 20%-ке өсіру шағын және орта бизнеске ауыр тиетінін, түбінде халықтың қалтасы қағылатынын, айыппұл салу мен жинауды күшейту ұзақ мерзімде экономикаға оң әсер етпейтінін негіздеп жатыр. Олардың сөздеріне қосыла отырып, демократия, сөз бостандығы мен экономикалық дамудың арасындағы корреляция кездейсоқ емес екенін дәлелдеген зерттеулерді мысалға келтіруге болады. Мәселен, Нобель сыйлығының иегері, MIT профессоры Дарон Аджемоғлының зерттеуінше, егер елде 25 жыл демократия тұрақты дамыса, сол мемлекеттің ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) өсімін 20%-ке дейін жеткізуге болады. Montreal Economic Institute зерттеуі елде неғұрлым экономикалық бостандықтар сақталса, соғұрлым сөз бостандығы дамитынын, экономиканы мемлекеттің шектен тыс бақылауы мен реттеуінен сөз бостандығы құлдырайтынын көрсетеді. Ал аустралиялық ғалымдардың зерттеуінше, елдегі сөз бостандығын шектеу ІЖӨ-ді 1-2%-ке дейін азайтады. Осының бәрі 2029 жылы Қазақстан экономикасын екі есе өсіріп, ІЖӨ-ні шамамен жарты триллион долларға жеткіземіз деген Тоқаев билігі назар аударуға тиіс зерттеулер.
Үкіметтің соңғы кеңейтілген отырысынан кейін Тоқаев-Бектенов үкіметінің экономикада құрылымдық өзгерістер жасамай, нарықтағы ойын ережелерін ашық етпей, саяси тұрақтылыққа кепіл болатын реформалар өткізбей, мемлекеттік бюджетті салықты көтеру арқылы толтыру жоспары шағын және орта бизнеске (ШОБ) де, азаматтарға да оптимизм сыйламағаны анық. Осы уақытқа дейін саясатта барынша нейтрал позиция ұстанып келген ШОБ өкілдерінің салықты өсіруге ашық қарсылық танытуы – сенім кризисінің нақты көрінісі.
Қазақстандықтардың бойындағы қазіргі ұжымдық пессимизмден арылу үшін саяси және экономикалық тұрақтылыққа жол ашатын реформалар жасалып, әлеуметтік теңсіздік деңгейі айтарлықтай қысқаруы тиіс. Сонымен қатар, ел басшылығы өз қалауын «заң мен тәртіп» қазақстандықтар талап етіп отырған құндылық деген жалаң пропаганданы қойып, іс жүзінде эмпатияға ден қоюы қажет.
Саясаттағы эмпатияның рөлін зерттеуші Клэр Йорктің айтуынша, эмпатия әлсіздікпен байланыстырылатына қарамастан саяси күш және актив. Оны дұрыс мақсатта қолданса, азаматтардың өмір сапасын жақсартатын мемлекеттік саясат жүргізуге болады, билік басындағылар кішіпейілділік танытып, жоғары лауазым зор жауапкершілік жүктейтінін түсіне бастайды. Сәйкесінше, азаматтардың мемлекеттік институттарға сенімі артады. К.Йорктің пікірінше, COVID-19 пандемиясы кезінде эмпатияға сүйенген Жаңа Зеландия, Финляндия, Дания және Швеция басшылары жаһандық кризисті тиімді еңсере білген.
Қаңтар қырғыны кезіндегі және одан кейінгі биліктің қадамдарына қарап, жыл басында Тоқаевтың кемінде 238 адам қаза болған ұлттық трагедияны «қалыпты жағдай» деп сипаттауынан билік басындағы топты елмен бірге қайғыра алады деп айта алмаймыз. Кейінгі екі аптада олардың елде ұжымдық шер тарқатудың соңғы құралы санап келген сатираға тыйым салу әрекетіне, қалжыңды көтере алмайтынына қазақстандықтар, отандық және шетелдік инвесторлар, халықаралық қауымдастық куә болды. Осындай фактілерге қарап, Тоқаев билігін эмпатияға бет бұруға шақыру аңғалдық деп бағалануы мүмкін. Десе де өз басым Тоқаев биліктен кеткен соң да эмпатиясыз жұртпен бірге шын қайғырып, шын қуана білетін, өз қателігіне ирония мен сатира арқылы қарай алатын, өзіне сенімді билік қалыптасарына сенбеймін.
Ал әзірге нақты айтарым – биыл жыл соңында журналистер 2025 жылдың сөзін анықтауға тағы да шақырса, мен қазірден қай тіркесті ұсынатынымды білемін және оны Тоқаевтың «Екінші Республикасының» соңғы жылына дейін ұсынамын.