Қазақстан не үшін АЭС салмауы керек
Фотода: Үлкен ауылы, қыркүйек, 2024

JerSu Қазақстан

Қазақстан не үшін АЭС салмауы керек

(cарапшылар не дейді)

4 Қазан, 2024 жыл

Қазақстан

Осы материалымыз — еліміздегі қоғам қайраткерлері мен сарапшылардың АЭС қауіп-қатері туралы ой-пікірлер жиыны.

Зира Наурызбай
Жазушы, мәдениеттанушы

«Үш-төрт ұрпақ электр қуатының қызығын көрер, ал одан арғы жүз ұрпаққа радиоактивті қалдықтардың үйіндісін күзетуіне тура келеді. Біз онсыз да жеріміздің сау тамтығын қалдырмадық, келешекке түйіні шешілмеген мәселені шаш етектен қылып үйіп бердік. Енді мынауымыз не?»

(Facebook)

Дәулет Асанов, PhD
«Экологикалық қауіпсіздік орталығы» ЖШС директор

«АЭС ЖЭС-ке балама бола алмайды. Әрі көмір өндірісі елімізде энергияның 70 пайызын қамтамасыз етсе, АЭС тек 10 пайызын ғана қамтамасыз ете алады. Оның өзінде көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС қалаларда орналасып, халықты ыстық сумен және жылумен де қамтамасыз етіп отырады.

Жылу желілерін Балқаштан Өскеменге дейін созайық онда.

Көмір қоры көп, оны бір жерге жұмсау керек, сондықтан көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС-ке ауыстырылады. Нәтижесінде біз көмір + атом деген ластаушы жұпқа қарық боламыз.

ЖЭС-тер күлді көп шығарады, бір ғана біздің Өскеменнен жыл сайын шамамен 400 мың тонна күл шығады. Бірақ күл дегенің ядролық қалдықтармен салыстырғанда, түкке тұрмайтын нәрсе боп қалады.

Сақтау шараларын дұрыс жүргізсе, күл мен тұрғындар бейбіт өмір сүре алады, бұнда бастысы — жер бетіндегі тазартылған су қабатын сақтау керек. Ал ядролық қалдықтар дегеніңіз мыңдаған жыл бойы қорымдарда жата береді. Біз туған ҮМЗ-де [Үлбі металлургиялық зауыты] олар қауіпті қалдықтарды ашып, оларды қала шегінде қорымға көмуге қорқады, ол қалдықтар анаған қарағанда әлдейқайда қауіпсіз саналады. Сондықтан қалдықтар ешқайда кетпейді. Қазақстанда Семей полигонының зардаптары әлі жойылған жоқ.

АЭС-ті пайдалану кезінде апат қаупі шынымен де аз болуы мүмкін, бірақ қарулы қақтығыс болған жағдайда, ең бірінші АЭС шабуылдың басты нысанына айналады, 
бұл деген ол аймақты оқшаулап, халықтың көп бөлігін эвакуациялау деген сөз. Бұндай сый болашақ ұрпаққа керек пе? Сіз екінші ядролық полигонға дайынсыз ба?»

(Facebook)

Шалқар Нұрсейітов
саясаттанушы

«Болашағы бұлыңғыр АЭС-ты қолдау патриотизмнің көрсеткіші, Қайрат Нұртас пен Ринат Зайытов “атомтанушы-насихатшы” болса, онда жетіскен екенбіз. 
Бұл прожект түбінде не “ЛРТ-2”, не “Чернобыль-2”-ге айналмасына конъюнктурщиктер кепіл бола алмайды. 
Сондықтан мен қазіргі авторитар-олигархиялық режим тұсында АЭС салуға қарсымын».

(Facebook)

Жаннат Салимова-Текай

энергетиканы қаржыландыру бойынша тәуелсіз сарапшы

«АЭС өндіретін 1 кВт/сағ. электр энергиясының құны қазір өте қымбат. Lazard инвестициялық банкінің ұзақ мерзімді зерттеулеріне қарасақ, энергияның орташа ұзақ мерзімді құны (Levelized Cost of Energy) жаңартылатын көздер үшін тұрақты түрде төмендесе, атом энергиясының кВт/сағаты тұрақты түрде өсіп отырған.

2023 жылы жаңадан салынған АЭС-терден алынатын электр энергиясының орташа әлемдік құны бір кВт/сағ. үшін 18 АҚШ центі болды немесе қазіргі бағам бойынша 86 теңгеге жуықтады. Бұл күн энергиясынан үш есе, жел энергиясынан бес есе қымбат».

(Ecostan басылымына шыққан сұхбатынан үзінді)

Алмас Чукин
экономист, кәсіпкер

«Ең бастысы – қоршаған орта мен ел болашағын аман сақтау. Арты жақсы болмаса, шынында да, олай болуы миллионда бір, ілуде бір десек те, оны жоққа шығара алмаймыз. 40-50 жылдан кейін ол станцияда авария болуы мүмкін, демек Алматыға жақын орналасқан Балқаш маңына қауіпті өндіріс орындарын салуға болмайды. Халықтың жартысы оңтүстік өңірді, Түркістан мен Талдықорған арасын мекен етеді. Эвакуация жасау керек болса, жарты Қазақстанды қайда көшіреді?

Тіпті, күні ертең-ақ станция маңынан 50-100 км қашықтықта ешкім тұрғысы келмейді, ешкім Балқаштың балығын сатып алғысы келмейді. 

Ауа ше? Балаларымыз үшін басымызды бәйгеге тікпейік. 

Семей, Чернобыльді, Фукусима (Жапония, 2011) мен Три Майл Айлендті (АҚШ, 1979) ұмытып кеттік. Жалпы, әлемнің 31 елінде 415 ядролық реактор бар, олар салынған 1950 жж. бастап сол станцияларда 100-ден аса ірі апаттар орын алған. Яғни, әрбір төртіншісінде бірдеңе дұрыс емес. 100 оқиғаның 3-і аса қауіпті болды, оның бірі — Чернобыль».

(Facebook)

Төлеген Жүкеев
мемлекет және қоғам қайраткері, 1990 жж. басында ядролық қару жөнінде мемлекетаралық келіссөздер жасаған басты өкілдердің бірі 

«Кесіп айтсам, технологиялық, кадрлық және басқа да геосаяси параметрлер негізінде қарасақ, Қазақстан бүгінгі таңда АЭС салмауы керек. Бұл дұрыс болмайды...

20-30 жылдан кейін термоядролық реактордың шынымен жақсы жобалары шыға бастайды, сол кезде бұл мәселеге қайта айналып соға аламыз. Ал бүгін қаншама себеппен, сыбайлас жемқорлық белең алып тұрған кезде  АЭС-ке бөлінген бірнеше миллиард ұрланады, сөзсіз солай болады! Мұның бәрі маған айқын, бұрыннан білемін, сондықтан мен бүгінгі атом электр станциясының салынуына қарсымын».

(ел алдында сөйлеген сөзінен үзінді, Алматы, қыркүйек, 2024)

Жарияланған уақыты: 4 Қазан, 2024 жыл