«Талқан, тары, топырақ» атты Аида Әділбектің жеке көрмесі Алматыда ашылады
Фото: Аида Әділбек

Adamdar news Қазақстан

«Талқан, тары, топырақ» атты Аида Әділбектің жеке көрмесі Алматыда ашылады

29 Наурыз, 2023 жыл

Алматы, Қазақстан

іс-шара: «Талқан, тары, топырақ» атты Аида Әділбектің жеке көрмесі 
уақыты: 30 наурыз — 30 сәуір, 2023
орны: Atelier Cauchemar (Алматы, Қазақстан)

«Талқан, тары, топырақ» атты Аида Әділбектің жеке көрмесі 30 наурыз күні Алматыда ашылады. Көрме суретшінің соңғы үш жыл ішіндегі отбасы, әдет-ғұрып, әжеден немереге, шешеден қызға берілетін өнеге мен дәстүрлер жайлы ойларын қамтиды. Көрмеде «Жеті қарақшы» фотоcуреттер топтамасы, «Бата беру» баталар мен тілектер жинағы, «Көбелек» видео монологы, және көрменің орталық жұмысы болып саналатын «Алақан» атты қысқа деректі фильмі ұсынылады. Фильм Аиданың әжесі мен шешесінің күнделікті өмірі жайлы бақылау арқылы әйел адамның қарапайым, күнделікті еңбегінен туатын әулиелік қасиеттерін зерттейді. «Алақан» фильмі DAVRA ортаазиялық зерттеу тобының 2022 жылы Германияда орын алған documenta fifteen халықаралық көрмесінде өткен 41-күндік бағдарламасына арнайы жасалып, алғаш рет көрсетілген. 

«Аида Әділбектің „Талқан, тары, топырақ“ атты жеке көрмесі — қыз бен ана, немере мен әженің арасындағы қарым-қатынастан туатын, қамқорлық пен бір-біріне деген қолдау басшылық ететін, ортақ қауіпсіз кеңістіктің мерекесі. Мұнда олар ұрпақтар бойы жинақтаған даналық пен сондай-ақ қолдан жасалған тұрмыстық заттармен оңай бөлісіп, бір-біріне аманат етеді».

Ділдә Рамазан, көркем сыншы және куратор

«Талқан, тары, топырақ» көрмесі Atelier Cauchemar қолдауымен жүзеге асқан.

Суретші жайлы:

Аида Әділбек — алматылық суретші және куратор. Аида Т. Қ. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясын өнертану мамандығы бойынша 2016 жылы бітіріп, 2020 жылы Goldsmiths, University of London MFA in Fine Art бағдарламасы бойынша магистр дәрежесін алған. Оқудан оралған соң, әріптестерімен бірге MATA көркемөнер ұжымын құрады, 2021 жылдан бастап Ортаазиялық DAVRA зерттеу тобының мүшесі болып келеді.

Оның көркемөнер тәжірибесі әйел жан дүниесі мен тәнінің қасиеттерін мәдени нышандар мен күнделікті өмірдің қарапайым элементтері арқылы зерттеу айналасында дамып келе жатыр. Оның басты айналысатын медиумдары перформанс және көркем видео. Сонымен бірге, Аида көрмелер және басқа да көркемөнер аясындағы іс-шаралар ұйымдастырумен айналысып, Қазақстанның заманауи өнері жайлы мақалалар жазып, авторлық дәрістер оқиды.

Көрменің жұмыс уақыты:
Ашылуы — 30 наурыз 2023, 19:00

Дүйсенбі — демалыс күні
Сейсенбі – жұма 14:00-20:00
Сенбі – жексенбі 12:00 - 20:00

Көрме 30 сәуірге дейін жалғасады

Мекен жайы:
Atelier Cauchemar 
Гоголь к-cі, 40
Алматы, Қазақстан

Жарияланған уақыты: 29 Наурыз, 2023 жыл