Суретшілердің сөзі

Бірге Қазақстан

Суретшілердің сөзі

27 Сәуір, 2019 жыл

Алматы, Қазақстан

21 сәуірде өткен Алматы марафонында «ШЫНДЫҚТАН ҚАША АЛМАЙСЫҢ» атты сөйлем жазылған және #AdilSailayUshin, #уменяестьвыбор («менде таңдау бар») сөздері бар баннер ұстап шыққан  азаматтық белсенділер Әсия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековті полиция тұтқындады. Дәл сол күні кешқұрым сот отырысы өтіп, Ә.Тулесова мен Б.Толымбековты әкімшілік 448-бабтың, 3 бөліміне сәйкес кінәлі деп есептеп, әрқайсысын 15 тәулікке тұтқынға алуға үкім кесті. Келесі күні плакатты жазу және белсенділерді тұтқындау сәтін видеоға түсірген кинооператорлар: Сүйінбике Сүлейменова, Айгүл және Айдос Нұрболатовтарға қатысты да сот отырысы өтті. Үшеуін де сот кінәлі деп есептеп, айыппұл төлеуге міндеттеп, әкімшілік жаза тағайындады. 

Тұтқындалған белсенділерге алғашқы күннен-ақ қазақстандық азаматтар мен шетелдіктер қоғамдық қолдау көрсетіп келеді. Әлеуметтік желілерде белсенділердің плакаттары мен сөздерін өз парақшаларында жариялаған мыңдаған адам да флешмобқа қосылды. Ниеттестік акциясы Алматы, Қарағанды, Астана, Милан, Париж, Лондон, Берлин, Прага және Стамбұл көшелерінде де өтті. Тұтқындалған белсенділерге мәдениет, спорт, өнердің белді қайраткерлері: суретші Асхат Ахмедьяров, марафоншы Марат Жыланбаев, стрит-арт суретші Паша Кас, «АИГЕЛ» ресейлік хип-хоп тобы, қырғыз әншісі және арт-белсенді Зере Асылбек және өзге де көптеген тұлғалар қолдау білдірді. Арт-қауымдастық жан-жақты қолдау танытқан мұндай оқиға Қазақстан үшін адам айтса нанғысыз жағдайға айналды.

Әсия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековті қолдаған суретшілердің кейбір мәлімдемесі мен еңбектерін Adamdar/CA жариялап отыр.

 

 

 

Сринихал Поука, @sreenihal:

«Менің атым Сринихал Поука, үндістандық графикалық дизайнер және иллюстратормын, қазіргі таңда Италияда, Миланда тұрамын.

Қазақстандағы осы бір жағдайды естіген кезде, тездетіп бұл оқиға туралы сурет салып, күллі әлемнің назарын аударғым келді. 2019 жылдың 21 сәуіріндегі жағдай ешбір жерде қайталанбауға тиіс. Өрімдей жастар саяси сауатты бола түссе, ол білімді өзгелерге тарату керек емес пе? Өз еліміздегі өмір салтын жақсарту біздің адам ретіндегі міндетіміз. Дизайнер және адам ретінде Әсия қызды шын жүрегіммен қолдаймын.

Меніңше, қазіргі күні әлемге Әсиялар көптеп керек.

Құрметпен,

Миланнан хат жазған

Сринихал»

«Шындықтан қаша алмайсың»
Арна Бахытова, @arnakumys

 

«Менде таңдау бар»
Джапкаева Луиза, @louieaugust

 

Мадина Жолдыбекова, @madikendraws:

«Сең қозғалды. 21 сәуірде көптеген адам шындыққа көзін жеткізді. Ендігіде азаматтық қоғам біртіндеп қалыптаса бастайды. Мейлі, жылдар өтіп, тұтас буын алмасса да, Қазақстанда демократиялық мемлекет әйтеуір бір орнайды деген үмітті Әсия мен Бейбарыс сыйлады».

Коллаж авторы: Паша Кас
Коллажда қолданылған сурет авторы: Надир Сарышаян

Паша Кас, @pashacas:

«Қоғамдық кеңістікте өзекті тақырыптарды көтеріп, өз көзқарасыңды білдіру де өнердің бір түрі деп есептеймін. Ал өнерді тұтқындау емес, марапаттау керек!

Достар, алаңдамаңдар, біз сіздермен біргеміз!».

Le Shapalaque Comics

 

 

 

Аружан Әбілхамит, @aruzhan.abilkhamit:

«Ақиқатты іздейтін сауалдарды көтеріп, үнсіз қалудан бойымызды аулақ салайық. Сондықтан да менің жанайқайымды білдіретін постерлерім Міржақып Дулатовтың «Оян қазағымен» үндес». 

 

 

 Салтанат Рахат, @saltanat.rakhat

 

 

Азиза Киреева, @vermillioni:

«Өтірік айтып қайтемін, мен қатты қорқамын. Адамдардың мейірімсіздігі мен ойсыздығынан қорқам. Түсініксіз бір өмір. Әсия мен Бейбарыстың аппеляциялық сотына қатыстым. Формадағы адамдар мен судьяға және сіресіп киініп алған әлдебіреулерге қарап отырып: «осылар не болып жатқанын өздері де түсіне ме екен?» деген ой кештім. Олар мұндай үкімді қалай ғана кесті? Айналада керағар жағдайлардың болып жатқанын қалайша түсінбейді? «Техникалық қателік» деген сөзден соң 15 тәулік кеспеуге не кедергі? «Ештеңені ұқпадық – сондықтан қамау керек» деп әдейі істесе ше?

Қозғалыстың басталғанынан үміт етуге де болар. Жастардың белсенділігі оянды. Мұның бәрі хайп үшін, өзгерісті өзіңнен баста деген әңгімені бастағандар ғана көңілімді жабырқатады. Меніңше, біз әлдеқашан бастап кеттік. Ең бастысы, енжарлыққа ұрынбау керек, бұл оқиғаның ұмыт қалмауы маңызды. Үмітім оянып, әлденені өзгертуге болатынын тұңғыш рет сезіндім. Ендігі кезектегі іс – тұтқынға түскендерді қолдап, еңсені түсірмеу, шындық пен әділетсіздік жайында айта беру! Бұл іске менің қатысым жоқ деп үнсіз қалмау да керек. Қоғамның енжарлығы жайлы айтқан неміс діни қызметкері Нимёллердің бәрімізге белгісі сөзін мысалға келтіргім келеді:

„Нацистер коммунистерді ұстағанда, үнсіз қалдым: себебі коммунист емес едім. 
Олар социал-демократтарды ұстағанда да үндемедім: социал-демократ та емеспін ғой. 
Кәсіподақ белсенділерін ұстап жатқанда да міз бақпадым: кәсіподақ мүшесі емеспін деп ойладым. 
Ал олар мені тұтқындауға келгенде – мені қолдайтын ешкім де бостандықта қалған жоқ еді“. 

Біздің елде бәрі жақсы болады деп үміттенемін. Ол үшін барлық жағдай жасалған, тек қана осы бір мейірімсіздіктің көзін құртайықшы».

 

Балнұр Нүсіпова

Балнұр Нүсіпова, @sadnerdo:

«Бұл оқиға трагикомедия немесе қорлық сияқты, иә, өкінішке қарай, бұл «қойылымды» түсінуге ақылымыз жетер емес. Әсия мен Бейбарысты соттаған сәтті тікелей эфирден көрдім. Формадағы ер адам адвокаттың сауалдарына түсініксіз бірдеңелерді айтты, тіпті еңсесін тіктеп тұруға шамасы келмей, бар салмағымен жанындағы тіреуге сүйеніп тұрған жоқ па? Өте аянышты әрі қайғылы көрініс. Оның әрбір сөзі қисынсыз әрі күлкілі болғаны сонша, залдағылар өз-өзін ұстай алмады». 

Перизат Сулейманова

Перизат Сулейманова, @ownpen:

«Бір болайық! Осындай тарихы бар, үлгі болар тарихи тұлғалары бар ұлт екенбіз – солардың көрген азабы бекер болмасын. Олар аңсаған аділдік пен шын тәуелсіздікке бірге жетейік.»*

*Коллаждағы фотода Әсия Тулесованың нағашы ата-әжесі Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитова бейнеленген. Қазақтың таңғажайып ақыны Ілияс Жансүгіров 1937 жылы қуғын-сүргінге түсіп, ату жазасына кесілген. 

Алина Олалимова

Алина Олалимова, @olalimova:

«Патриотизмді 15 тәулік немесе 20 АЕК-ке балайтын еліміздің бүгінгі жағдайымен мақтана алмаймын». 

«Полиция мемлекетінің жеті басты айдаһары»
Эрмина Такенова, @erminart

ХАТТАР 

Белсенділер тұтқында отырғанда олармен заң аясында тілдесудің бірден-бір құралы – хат. Тұтқындарды қолдағысы келгендер Алматы қаласының әкімшілік жазамен тұтқындалғандардың арнайы орнына хат жолдап жатыр.

Осы уақыт аралығында тұтқындағы Әсия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековтің хаты  әлеуметтік желілерде жарияланды.

 

Тұтқындағы Әсия Тулесова 23 сәуірде «соттың заңсыз шешімімен келіспегендіктен» аштық жариялайтынын мәлімдеді. Белсенділерге адвокаттарын кіргізбегендіктен, Әсияның аштық жариялағаны 26 сәуірде ғана белгілі болды.

Amnesty International халықаралық ұйымы түрмедегі азаматтық белсенділерді «көзқарастарын бейбіт жолмен білдіргендіктен» ұсталғанын айтып, Әсия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековті ар-ұждан тұтқыны деп жариялады.

Мұқабадағы иллюстрация авторы – Эрмина Такенова.

 


 

Материал жарық көргеннен кейін, бірнеше сағат өткенде, бүгінгі таңда, яғни 29 сәуірде, әл-Фараби–Достық көшелерінің қиылысындағы көпірге ҚР Конституциясының 3-бабындағы «Мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық» деген сөз жазылған баннерді ілгені үшін суретші Роман Захаровты полиция тұтқындағаны белгілі болды.

Тұтқындағанына алты сағат өткен соң, Роман Захаровтың үстінен іс қозғалып, сот отырысы өтті де, әкімшілік 434-бап (ұсақ бұзақылық) бойынша Романды кінәлі деп есептеп, 5 тәулікке бостандығын шектеуге шешім шығарды.  Суретшіні қолдау мақсатында сот залына келген азаматтық қоғам мен БАҚ өкілдерін сот отырысына кіргізбеді.

Фото: @rukh2k19

Жарияланған уақыты: 27 Сәуір, 2019 жыл