ÅDÅMDÅR / 2019

DOCA

ÅDÅMDÅR / 2019

(субъективті тізім)

30 Желтоқсан, 2020 жыл

2019 ЖЫЛДЫҢ БАСТЫ АДАМДАРЫ,  ЖАСАҒАН ЖОБАЛАР, АЙТҚАН СӨЗДЕР, ЕРЛІК ПЕН ҚАЗА

(субъективті тізім)

2019 жыл жақсылы-жаманды оқиғаларға толы болды. Бұл белсенділер мен құқық қорғаушылар, еріктілер мен суретшілер жылына айналды. Алматы мен Астанада ынтымақтастық көрініс тапқан, Бішкекте #ReАкция жылы. 24 маусымдағы Арыстағы жарылыстан, 27 желтоқсандағы Гүлдала поселкесіндегі ұшақ апатынан кейін қазалы жыл болып есте қалды. Жеңіске де орны болды: Көк жайлауды құтқарған жыл. 

 

Жыл дәрігерлері

Арыс, Шымкент және Түркістан облысының дәрігерлері

24 маусымдағы әскери қоймадағы жарылыстан кейін Арыс, Шымкент және Түркістан облысындағы азаматтық және әскери дәрігерлерлер мен қазақстандық Қызыл Жарты ай қоғамы экстремалды жағдайда, аптап ыстық кезінде арыстықтардың өмірі мен денсаулығына араша түсті. 

Арыстағы жарылыстан зардап шеккендерге арналған Шымкенттегі эвакуация пункті. 
Сурет: Тимур Нусимбеков

Алматы мен Алматы облысының дәрігерлері

27 желтоқсанда BekAir әуекомпаниясы ұшағы құлап, 66 адам жараланды. 50 адам ауруханаға түсіп, 12 науқас ауыр жарақатпен жансақтау бөліміне жатқызылды. 12 адам қайтыс болды. Алматы және Алматы облысындағы аурухана мен жедел жәрдем дәрігерлері жараланған жолаушылардың біразын ажал аузынан алып қалды. 

27 желтоқсандағы әуе апаты болған жер
Фото: Тимур Нусимбеков

 

Жыл спортшысы 

Марат Жыланбаев, ультрамарафоншы

Марат Жыланбаев – Африка, Австралия, Америка, Азияның алып даласын жалғыз жүгіріп өткен желаяқ. Ол бірнеше рет әлем рекордын орнатып, Гиннес кітабын 7 рет жаңартты. Жыланбаевтың 1990-шы жылдардың басында жасаған әлем рекордтарын әлі күнге дейін асып түскен ешкім жоқ. Марат Жыланбаев — жаттықтырушы, халықаралық деңгейдегі спорт шебері. Ол өзінің марафон және ультрамарафонға арналған жаттығу жүйесін құрған. 

Сурет: Тимур Нусимбеков

2019 жылы ультрамарафоншы әрі қоғам қайраткері Марат Жыланбаев Қазақстанның түкпір-түкпірінде бірқатар спорт шараларын өткізіп, бірнеше мыңдаған адамның басын біріктірді. Жыланбаев ұйымдастырған жүгіру марафоны салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай экологиялық мәнге ие болды. 

Өткен жылдардағыдай 2019 жылы да Марат Жыланбаев тек спортта ғана емес азаматтық ұстанымын ту етіп қоғамдық шараларда бой көрсетті. Ол тұтқындағы белсенділерге қолдау көрсетіп, сөз бен жиын бостандығын талап етушілерден болды. Көк-Жайлау құрылысына қарсылығын білдіріп, 2019 жылдың өзекті мәселелеріне араласты. 

Марат Жыланбаевтың көпжылдық спорттық және ағарту жұмыстарының арқасында бүгінде Қазақстан мен Орталық Азияда мыңдаған адамның басын қосқан мықты марафон қозғалысы қалыптасты.   

 

Жыл бейнесі

Паша Кас, суретші

Паша Кас — Қазақстандағы ең танымал стрит-артист, орталық-азия мен пост-кеңестік көше өнерінің басты өкілі. Ол көптеген стрит-арт еңбектер мен граффити, инсталляция, мультимедиалы арт жұмыстардың авторы. 
2019 жылдың қаңтар айында суретші Паша Кас Жансүгіров көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысында «Отражение» атты жаңа арт-еңбегін таныстырды. 

Сурет: Тимур Нусимбеков

Паша Кастың «Отражениесі» Алматыдағы экологиялық өзекті тақырыптардың бірі  — қала ауасының ластануы мен ағаштарды кесу мәселесі, сондай-ақ Көк-жайлауға төнген қауіптен сыр шертеді.  

 

Ынтымақтастық жылы

Суретшілер, құқық қорғаушылар мен белсенділер ынтымақтастығы

2019 жылдың 21 сәуірінде Алматыда азаматтық және экологиялық белсенділер қамалды. Осы оқиғадан кейін Қазақстанның әр түкпіріндегі арт-қоғамдастық өкідері қамаудағы белсенділерді бір ауыздан қолдап, араша түсті. Олар арт-жұмыстарын онлайн жариялап әрі көшеде, полиция учаскесінде, сотта арт-акция мен флешмобтар өткізді. 

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by ⚡️RUKH (@rukh2k19) on

 

Тэмуджин Дүйсен, режиссер, «От Назарбаева к Правде» флешмобының авторы
Сурет: Тимур Нусимбеков

Құқық қорғаушылар мен тәуелсіз қорғаушылар ұсталғандарға айтарлықтай заңгерлік және құқықтық көмек көрсетті. 

Арыс қаласындағы зардап шеккендерге көмек

24 маусым күні Түркістан облысы Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болды. Қала тұрғындары жаппай  эвакуацияланып, көбі өз бетінше үйлерін тастап көрші қалалар мен іргелес жатқан ауылдарға көшті.

Қазақстанның барлық облыстарындағы еріктілер мен белсенділер арыстықтарға едәуір көмек көрсетті. Сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан еріктілер тобы қайырымды іске үлес қосты. 

ADAMDAR/CA Алматыдан Арысқа жіберілген алғашқы гуманитарлық керуен мен еріктілер жұмысын таспаға түсірді.
 

 

BekAir ұшағы апатынан зардап шеккендерге көмек

Фоккер-100 ұшағы құлағаны туралы хабар тараған соң апаттан жараланған жолаушыларға қан керегін естіген жұрт донорлыққа қалалық қан орталығына қарай ағылды. 

Сурет: Тимур Нусимбеков

Ұшақ апаты орын алған Гүлдала поселкесінің түрғындары құтқарушыларға арнап таң атқаннан дастархан жайып, ыстық шәй берді. 

Сурет: Тимур Нусимбеков

Жыл еріктісі

Жандос Сеит

Арыс қаласындағы жарылыстан зардап шеккендерді құтқаруда сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсетуді ұйымдастыруда белсенділік танытты. Ол Алматыдан шыққан алғашқы гуманитарлық көмек керуенімен Түркістанға барды. Эвакуациялық пункттерге орналасқан арыстықтарға азық-түлік, дәрі-дәрмегін үлестіргеннен кейін тағы бірнеше күн сол жерде қалып кезекті гуманитарлық көмекті таратуға көмектесті. 

Сурет: Тимур Нусимбеков

Жандос Сеит бірнеше жыл "Милосердие" ерікті қоғамында қызмет атқарған. Көмекке зәру балаларға жәрдемдесумен айналысқан. 

Жандос 2015 жылы Батырхан Шүкеновті еске алу азаматтық акциясының бастамашысы ретінде белгілі. Ол өзінің аздаған дос-жаранын шақырса да акцияға бірнеше мыңдаған адам жиналған еді. 

Ол 2016 жылы Наурызбай ауданындағы селден зардап шеккендерді құтқаруға және оның салдарынан болған келеңсіздіктерді жоюға атсалысқан алғашқы еріктілер мен белсенділер қатарында болды.  

 

Жыл бейнебаяны

«Сүйүнчү» Зере

Фото: Тимур Нусимбеков

Бейнебаян жайында: сілтеме

«ГОД ЗЕРЕ» деректі фильмінде әншінің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалған. 

 

Жыл әні

«Жүйе», Marhaba Sabi

 

«Перемен», Виктор Цой мен «КИНО» тобы

Сурет қайнаркөзі: @rukh2k19

«Я умираю в Нур-Султане », «Опиа» тобы

Алматылық жас та батыл «Опиа» инди-рокер тобы мұңды да болса мазмұнды жаңашыл ән жазды. Шығарма мазмұны белсенділердің қамалуы, жеке басқа табыну, "мұнай ине", Алматы түтіні, 2019 жылдың суретті арт-революциясы және бүгінгі Қазақстанның өзге тарихынан сыр шертетін оқиғаларды қамтиды.  

 

«Жаралған намыстан…» (Қазақстан Республикасының бірінші әнұраны) 

 «Жаралған намыстан…» (Қазақстан Республикасының бірінші әнұраны) 
Қазақстанның алғашқы әнұраны 2019 жылы қайта жанданды. «Жаралған намыстан қаһарман халықпыз, / Азаттық жолында жалындап жаныппыз» бен  «Алыптың қуаты — халықта, / Халықтың қуаты — бірлікте!» шумағы азаматтық белсенділер мен суретшілердің арқасында жаңа мәнге ие болды. 

 

Жыл фестивалі  

«Стихия»

«Стихия» — Арал теңізі аумағындағы Мойнақта (Өзбекстан) жыл сайын өтетін электронды музыка фестивалі.  Фестиваль мақсаты әлемдік қоғамдастықты Арал трагедиясынан хабардар ету және суды оңтайлы пайдалануға деген жауапкершілікті орнату, сондай-ақ Арал теңізі айдынының қайта жандануын қолға алу. 

 

Жылдың қайсар жастары

Феминистік қозғалыстың қатысушылары 

2019 жыл феминистік қозғалыс тарихындағы белсенділік артқан сәт болды.  KazFem, Feminita, FemAgora және басқа да феминистік топтар мен бастамашылар арт-акциялар, хэпенингтер мен ағартушылық кездесулер ұйымдастырды. Алматы, Астана мен Шымкентте рұқсат етілген және етілмеген митингтер мен флешмобтар өткізді. Көшелерде «КИНО» тобының «Перемен» және Opia тобының «Я умираю в Нур-Султане» әнін шырқады. Заңсыз ұсталған белсенділер мен саяси тұтқындарды қолдап,  қарсылық және ынтымақтастық акциясын өткізді. Арнайы жедел әрекет ету жасағы мен полиция алып кеткен белсенділер мен ұсталған азаматтар отырған АІІБ мен сотта кезекшілік атқарды. Арысқа жылу жинап, Отарға азаматтық борышын өтеуге аттанған Бейбарыс Толымбековтен хабар алып, Лобачевский көшесіндегі арнайы мекемеде қамауға алынғандарға сәлемдеме апарып тұрды. Олар Арина, Фариза, Бена, Айгуль, Ксения, Лейла, Эля, Олеся, Айдана, Оля сынды жылдың қайсар жастары. 

 

Жыл суреті

«От правды не убежишь», сурет авторы Тамина Оспанова

Сурет: Тамина Оспанова

Тамина Оспанова 2019 жылы 21 сәуірде арт-белсенділер тобының От правды не убежишь (ауд. "Шындықтан қашып құтыла алмайсың") деп жазылған баннерін таспаға түсірген. Сурет аз уақыттың ішінде жүздеген аккаунтқа тарап, оны әлеуметтік желілер мен мессенджер қолданушылары бөлісіп,  әлемнің әр түкпірінен ондаған медиа құралдар көшіріп басты. Бұл сурет 2019 жылғы Қазақстандағы азаматтық белсенділер мен демократиялық реформа үшін күрестің басты символына айналды. 

 

«Табиғаттың атасы» (қорықшы Ерлан Нұрғалиев), сурет авторы— Али Оспан

Сурет: Али Оспан

Суретші Али Оспан Қорғалжың қорықшыларының дала жиындарының бірінде инспектор Ерлан Нұрғалиевті құралаймен суретке түсіріп алған. Қорық қызметкерлері қорық айналасындағы табиғатты сақтауға, әсіресе ақбөкендерді браконьерлердің қолынан қорғап қалуға жандарын салады. Осы сурет таспаланғаннан бінеше айдан кейін қорықшы Ерлан Нұрғалиев өзінің серіктесі Петр Ницыкпен өлтірілген ақбөкендерді көздер шалады.  Біраздан кейін олар жол талғамайтын көліктегі екі браконьерді байқайды. Әлгілемен тартыс кезінде инспектор Питер Ныцик жараланады. Инспектор Ерлан Нұрғалиев бас сүйек-ми зақымынан есін жоғалтып, ауруханаға барар жолда көз жұмады. Али Оспанов түсірген суреттер марқұм қаһарманды еске түсіріп қана қоймай, табиғатты қорғаушылар мен ақбөкендер трагедиясының символы болып қалды. 1990 жылдардан бері ақбөкендер популяциясы 95 пайызға кеміген. 

 

Жыл суретшісі

Асхат Ахмедьяров

Роман Захаров

Қазақстанның астанасынан суретші Асхат Ахмедьяров пен алматылық Роман Захаров 2019 жылы белсенді шығармашылық жұмыс атқарды. Олар жеке және топтық көрмелерге қатысып, еңбек жазып, инсталляция құрып, перформанс пен арт-акциялар жасады.  

2019 жылы Асхат Ахмедьяров пен Роман Захаровтың шығармашылығына мәдениет пен өнер жанашырлары ғана емес, Алматы мен Астанананың тәртіп сақшылары да қызығушылық танытты. 

Асхат Ахмедьяровтың жеке парақшасынан алынған сурет

Сәуір айында полиция Роман Захаровты "Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы - халық " (ҚР Конституциясының 3-бабы) деп жазылған паблик-арт жұмысы үшін тұтқындаған болатын. Бұл конституциялық принципті еске салғанымен қамауға алынған белсенділерді қолдаудағы эстетикалық акция болған еді. 

Роман Захаров
Сурет: Тимур Нусимбеков

2019 жылдың желтоқсан айында Асхат Ахмедьяров Астанадағы Украина елшілігінің алдында «Вибачте за нього» («Ол үшін кешірім сұраймыз») арт-акциясын өткізді. Ол қолына есектің суреті мен жоғарыдағы сөйлем жазылған плакатты ұстап келген еді. Акция кезінде оны полиция ұстап әкетті.  

 

 Жыл сөзі  

«Менде таңдау бар», авторы— Медина Базарғалиева, суретші, арт-белсенді

2019 жылдың наурыз айында 17 жастағы суретші Медина Базарғалиева Алматыда жалғыз адамдық арт-акция өткізді. Ол "Менде таңдау бар!",-деп, Панфилов көшесінің бойымен жүріп өтті. Дәл осы сөздер 2019 жылғы Қазақстандағы демократиялық қарсылық пен арт-акциялардың басты ұранына айналды. Осы сөздерден құралған ілмек сөздер плакаттарға жазылып, Facebook-тегі басты суреттерге қойылып, митингтер мен арт-акцияларда жаңғырды.  

Медина Базарғалиева

«Шындықтан қашып құтыла алмайсың», авторы — Бауыржан Сәбит, режиссер, арт-активист

2019 жылы режиссер әрі арт-активист Бауыржан Сәбит құраған сөздер жазылған плакаттар кеңінен танылды. Кейін бұл сөздерді Қазақстанның әр қаласындағы және әлемнің әр түкпіріндегі белсенділер ұстанымдарына тірек етті.

Азаматтық белсенділігі үшін Бауыржан Сәбит 2019 жылдың күзі мен қысында арнайы қызмет пен полиция тарапынан қысымға алынды. 

Сурет: Малика Ауталипова

 

#ReАкция

2019 жылдың мамыр айындағы Қырғызстан кеденіндегі сыбайлас жемқорлық туралы жарияланған журналистикалық зерттеуден кейін («Азаттық» радиосының OCCRP мен Kloop.kg бірге)  Қырғыз әлеуметтік желілері мен БАҚ-та #ReАкция ілмексөзі пайда болды. Бұл сөздер қырғыз қоғамындағы бейресми азаматтық қозғалыстың түрлі саладағы өкілдерін демократиялық реформа, сөз бостандығы, сыбайлас жемқорлық мәселесінде біріктірді.  25 қараша күні олар Бішкектегі Жогорку Кенеш ғимаратынының алдында коррупцияға қарсы әрі реформаны қолдайтын бейбіт митинг #ReАкция өткізді. 

18 желтоқсанда өткен Бішкектегі http://rus.azattyk.org/a/30331476.html#ReАкция 2.0-ге мыңнан астам адам қатысты.  Шеру қатысушылары сөз бостандығын алға тартып, сыбайлас жемқорлыққа қарсылық білдіріп, БАҚ-қа көрсетілген цензура мен қысымды тоқтатуды талап етті.  
 

 

Жыл иллюстрациясы

«2019 жылдағы бүкіл Қазақстан бір суретте бейнеленген», авторы  — Le Shapalaque Comics

 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

A post shared by Lé Shapalaque Comics (@shapalaque) on

 

Жыл кітабы

«Над облаками. Дневники», Анатолий Букреев

Таулар мен үшін күш сынайтын стадион емес, онда мен өз дінімде ғибадат етемін

— А. Букреев

Анатолий Букреев — Қазақстанның белгілі алпинисті, КСРО-ның мықты альпинистерінің бірі, әлемдік альпинизм тарихындағы аңыз тұлға. 1996 жылдың мамырында Эверестен түсу кезінде Анатолий Букреев жалғыз өзі құтқару операциясын жүргізіп теңдессіз ерлік жасады. Ол қарлы боранда, жоғары-экстремалды күштің түсуіне қарамастан АҚШ-тың үш альпинисін құтқарды. Анатолий Букреев 1997 жылы 25 желтоқсанда Аннапурну  шыңына шығар жолда көшкін астында қалып қайтыс болды. 

«Искусство жизни и искусство видеть. Блинова и Хальфин», Александр Бренер

Александр Бренер — ақын, суретші, жазушы. Александр Бренер 1957 жылы Алматыда дүниеге келген. 1990 жылдан бері оның есімі мен шығармашылығы әлемдік заманауи өнер, активизим, акционизм саласында кеңінен таныла бастады. Ол өзінің «Искусство жизни и искусство видеть» аталатын жаңа кітабында достары – суретшілер Лида Блинова мен Рустам Хальфин, қазақстандық арт-андеграундтағы басты тұлғалар, Алматыдағы заманауи  және коцептуалды өнердің алғашқы буынын қалыптастырған адамдар жайлы жазды.  

«Бұл кітапта жинақталған очерктер көркем сын немесе өнертанушылық шығарма емес. Тіпті естелік не әдеби портрет емес, анығында бұл махаббатты  мойындау …»

— Александр Бренер

  

«Великий исход казахов», Годфри Лайас

Британия журналисті әрі жазушысы Годфри Лайастың Kazak Exodus кітабы 1956 жылы Ұлыбританияда басылып шықты. Бұл кітап ауқымды болса да көпке белгісіз трагедия – 1948 жылы қазақтардың Шығыс Түркістаннан (Шыңжаң) көшуі туралы айтады. Кітаптағы мағлұматтар дала зерттеулері, Годфри Лайастың көшті көзі көргендермен кездесіп, тілдесуі негізінде жазылған (көшпенділердің көбі миграция кезінде қаза болған). 2018 жылы Годфри Лайастың кітабы «Аспантау асқан үркін көш» пен «Великий исход казахов» деп қазақ және орыс тілдеріне аударылды. Кітап аудармасын саясаткер Бахытжан Бұхарбай шығарды. 

Бұл кітапта жазылған ХХ ғасыр тарихындағы оқиғалар әлі күнге дейін өзекті.    Шыңжаң-Ұйғыр автономия ауданындағы заманауи тұтқындар лагері мен ҚХР-дың сол аумақтағы ұйғыр, қазақ, қырғыз және басқа да ұлттарға қарсы жаппай қуғын сүргін саясаты, сондай-ақ Шыңжаңнан қашқан саяси босқындар тарихын қамтыған Лайасаның кітабы қазір де маңызын жойған жоқ. 

Бағлан Жүніс, «Тропы Алатау»

Алатау шатқалдары мен шыңдары — ғалам назарындағы керемет көріністердің  бірі. Бұл ғаламат мекенді аралау үшін заманауи әрі сапалы жолнұсқа мен карта керек-ақ. Альпинист, бизнесмен әрі қоғам қайраткері Бағлан Жүніс 2019 жылы «Тропы Алатау. Путеводитель по горным тропам Алматы» кітабын таныстырды.  Кітапта Алматы маңындағы басты тау шатқалдары бойынша қозғалыс бағыты көрсетілген.   

Бұл Іле Алатауы бөктері мен шатқалын аралауды ұнататын адамның сөмкесінен табылуға тиіс нағыз пайдалы кітап. 

 
Жыл жетекшісі

Алтын Капалова

28 қарашада Бішкекте Айтиев атындағы Қырғыз Ұлттық бейнелеу өнері  музейінде Feminnale заманауи өнер көрмесі ашылды.  Жобаға Алтын Қапалова жетекшілік етті. Бұл Қырғыз Республикасының тарихындағы алғашқы ауқымды феминистік көрме. Көрменің ресми ашылуынан кейін Алтын Қапаловаға және арт-жобаның өзге де қатысушылары мен ұйымдастырушыларына, сондай-ақ музей қызметкерлеріне қарсы арандатушылық басталып, оларды балағаттап, қоқан-лоққы жасалып, тіпті физикалық қауіп төніп, оларды өлтірмек болды. Feminnale-ге қарсы әсіресе «Кырк чоро» оңшыл тобының мүшелері наразылық көрсетті. Feminnale жұмыстарының кейбірі мемлекеттік цензураға ілікті. Алтын Қапалова көрсетілген қысымға қарамастан көрменің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына араша түсіп, феминизм, сөз бостандығы, шығармашылық бағытында өз ұстанымы мен жұмысын жалғастыруда.

 

 

Жыл көрмесі

«Жаман әзіл» / Art-meken 

 

«Л. Б. құрметіне» / Aspan Gallery

Сурет: Aspan Gallery

Жыл ерлігі

Арыс қаласынан эвакуация

Арыс қаласындағы әскери қойманың жарылысынан кейін Шымкент пен Түркістан облысының тұрғындары адамдарды апат аймағынан алып шығуға аттанды. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды эвакуациялауға Арыс қаласына қоныс тепкен әскери бөлім сарбаздары мен офицерлер қатысты.  24 маусымда жағдайға куә болғандар түсірген бейнетаспада бірқатар әскерилер мен азаматтар зардап шеккендерді құтқару кезінде өмірі мен денсаулығын қатерге тігуде. Эвакуация кезінде бірнеше азамат пен әскери қызметкер қаза болып, жүздеген адам жараланған. 

Сурет қайнаркөзі:  @rukh2k19

«Победа» шыңындағы құтқару операциясы 

Құтқару операциясына Қазақстан мен Қырғыз Республикасының альпинистері қатысты. Операцияға ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери альпинистер тобы қосылды. Оның құрамында жоғары кәсіби альпинистер капитан Мақсұт Жұмаев, аға лейтенант Василий Пивцов пен майор Аманжол Рахметов бар. «Казавиаспаса» авиаторлары, альпинистер мен құтқарушылар таудың құзар шыңында (теңіз деңгейінен 5 тен 6 мың метр), көшкін қаупі бар аумақта жұмыс істеді. Жоғалып кеткен альпинистерді табу үшін құтқарушылар өмірі мен денсаулығын тәуекелге тікті. Маманның айтуынша жылдың аса қауіпті де қиын құтқару опреациясы осы болып отыр.  Өкінішке қарай, қар басып, көшкін жүруі кесірінен құтқарушылар жоғалған альпинистерді таба алмады. 

Құтқару операциясының мүшелері
Галина Муленкованың  Facebook парақшасынан алынған сурет

 

Жыл документалистері

Кинооператорлар Айгүл Нұрболатова мен Сүйінбике Сүлейменова

2019 жылдың 21 сәуірінде алматылық кинооператорлар Айгүл Нұрболатова мен Сүйінбике Сүлейменованы полиция ұстады. Ася Тулесова мен Бейбарыс Толымбековтың "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" арт-акциясының видео түсірілімі оларды тұтқындауға себеп болды. 

Айгүл Нұрболатова
Сурет: Малика Ауталипова

Сотта Айгүл Нұрболатова мен Сүйінбике Сүлйменова кінәсін мойындамады. 16 мамырда апелляциялық шағымды қарау барысында Сүйінбике Сүлейменова көпшілік алдында сөз сөйледі. Ол сөзінде өзінің Алматы марафоны мен ұсталған белсенділерге деген көзқарасын айтып, композияция заңы туралы және алғашқы қазақ документалисті Ескендір Тынышбаевты еске түсірді. Судьяға қойылған бірнеше сұрақ жауапсыз қалды.

Айгүл мен Сүйінбике тұтқындау мен сот процестері аяқталған соң да оператор әрі фотограф ретінде ғана емес азаматтық белсенді ретінде жұмыстарын жалғастырды. 

Сүйінбике Сүлйменова
Сурет: Тимур Нусимбеков

 

Жыл журналисті

Амангелді Батырбеков, «Сарыағаш инфо»

2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы (қазіргі Түркістан облысы) Абай ауылындағы жыныстық зорлыққа ұшыраған баланың оқиғасын алғаш болып айтқан Амангелді Батырбеков болатын. "Оңтүстік Қазақстан облысында зорланған баланың ісі" соңғы жылдардағы ең көп талқыланып, резонанс тудырған жағдай болып отыр. 
2019 жылдың қыркүйегінде Түркістан облысының Сарыағаш қаласындағы сотында журналист, азаматтық белсенді, "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы Амангелді Батырбековты 2 жыл 3 айға жазаға тартты. Батырбеков өзіне жабылған жаламен келіспеді. "Әділ сөз" Халықаралық сөз бостандығын қолдау қоры Амангелді Батырбековты "Қазақстандағы сөз бостандығының тұтқыны" ретінде атады.

Амангелді Батырбековтың жеке парақшасынан алынған сурет

2 қарашада "Әділ сөз" Халықаралық сөз бостандығын қолдау қорының басшысы Тамара Калеева Амангелді Батырбековты қорғау үшін халықааралық компания құрылғанынын хабарлады. Әлемнің жүздеген бейресми мекемелерін біріктірген IFEX пікір білдіру бостандығының бүкіләлемдік желісі мүшелері Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына үндеу жолдады. 

«Шекарасыз репортер» (RSF) халықаралық мекемесі Амангелді Батырбековты 2019 жылы журналистік қызметіне байланысты тұтқынға алынған журналистер қатарына қосты. 

Данияр Молдабеков пен Ольга Логинова, Vласть.kz

Vласть.kz онлаин басылымының журналистері Данияр Молдабеков пен Ольга Логинова 2019 жылғы өзекті оқиғаларды қаузап жазды. Өткенді шолудан бастап президент сайлауына дейін, Арыстағы апат, көтеріліс акциялары мен 27 желтоқстандағы Алматы әуежайындағы трагедияны көтерді.

Данияр Молдабеков, Ольга Логинова мен басқа да тәуелсіз журналистердің кәсіби жұмысының арқасында қоғам 2019 жылдың көпке белгісіз әрі өте өзекті жаңалықтарына қанықты.  

Сурет: Тимур Нусимбеков

Лұқпан Ахмедяров, «Уральская неделя»

Лұқпан Ахмедяров — «Уральская неделя» газетінің журналисті әрі бас редакторы. 2019 жылы да ол Қазақстан мен Орал қаласы халқының өміріндегі маңызды қоғамдық тақырыптарды жазды. Бұл жолы да бұрынғыдай Лұқпан Ахмедяров пен оның әріптестері журналистік қызметі үшін полиция тарапынан қысым көрді. 2012 жылы Лұқпан Ахмедяровқа қылмыскерлер тобы қастандық жасаған еді. Ол жүрек тұсынан бірнеше рет пышақ жарақатын алып, әлдекімдер оны екі рет травматикалық қарумен атқан болатын. Лұқпан Ахмедяровтың есімі кәсіби, батыл әрі өңірлік тәуелсіз журналистердің адал қызметінің символына айналды. 

Лұқпан Ахмедьяровтың жеке парақшасынан алынған сурет

 

Жыл зерттеуі 

«Сыбайластар, жемқорлық пен Жібек жолындағы контрабанда» — «Азаттык» радиосы, OCCRP пен Kloop біріккен зерттеуі

«Азаттық» радиосы ұйымдасқан қылмыс пен жемқорлықты зерттеу орталығымен (OCCRP) және Kloop.kg сайтымен бірге дөкей шенеунік Раим Матраимовқа тиесілі республикадағы кеден қызметінің жемқорлық жүйесі туралы ауқымды журналистік зерттеу жүргізді. Материал жарияланғанша журналистерге ақпар беруші өлтірілді. Желтоқсан айында Матраимов зерттеудің автор-журналистерін  және белсенді Ширин Айтматованы сотқа берді.  Зерттеу мен оның соңы ұласқан жағдайлар қырғыз қоғамында қызу наразылық тудырып, Бішкектегі екі бейбіт митинг ReАкция и ReАкция 2.0. өтуіне түрткі болды. 

Иллюстрация:  Азаттық радиосы

Көкжайлауға қатысты зерттеу материалдары, авторы — Вадим Борейко

Алғашқы материал 2018 жылы 4 қаңтарда  www.ratel.kz. сайтында жарияланды. Қаңтардан наурыз айына дейін бұл сайтта барлығы 20 мақала жарық көрген.  Ratel.kz сайты бұғатталғаннан кейін Вадим Борейко зертеулерін Facebook аккаунтында жариялауды жалғастырды.  Зертеуді «Ливень» сайты көшіріп басты. 2018-2019 жылдар ішіндегі зерттеу барысында Көк-Жайлау тақырыбында 180 мақала жазылды. 

Вадим Борейконың зертеулерінің арқасында қоғам "Көк-Жайлау құрылысының" көпке беймәлім сәттеріне қанықты. Сондай-ақ бұл зерттеулер экологиялық белсенділер мен эксперттермен қатар Көк-Жайлауды құтқаруға, шатқалдағы құрылысты болдырмауға септігін тигізді. 

Вадим Борейко
Сурет: Тимур Нусимбеков

 

Жыл қазасы

Ерлан Нұрғалиев

2019 жылдың 13 қаңтарында «Охотзоопром» инспекторлары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык қорықты торуылдау кезінде Қарағанды облысының Теңіз көлінің аумағында браконьерлер атқан жануар мүрдесін көреді. Біраздан кейін қорықшылар қос жол талғамайтын автокөліктердің  Toyota Land Cruiser ізіне түседі. Тартыс кезінде браконьерлер Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницыкке шабуыл жасайды. Екі инспектор де ауыр жарақат алады. Қандықол қарақшылар жараланғандарды қақаған аязда қалдырады. Петр Ницык ажалдан аман қалып, Ерлан Нұрғалиев бас сүйек-ми зақымын алып есін жоғалтады. Бірнеше сағаттан соң инспектор Ерлан Нұрғалиев көз жұмады.  Нұрғалиевтің өлімі 2019 жылдың басты қазасы болды. Қарақшылар қолынан қаза тапқан қорықшымен қоштасуға жүздеген адам, Қазақстанның әр түкпіріндегі қорық  пен ұлттық саябақ қызметкерлері келді. Ерлан Нұрғалиевті құралаймен суретке түсірген фотограф Али Оспановтың суреті әлемнің миллиондаған халқына тарады. 

Көбіне жемқорлық пен табиғатты қорғау туралы заңнаманың шалалығынан браконьерлер жауапкершілік пен әділ соттан құтылып кетіп жатады. Ерлан Нұрғалиевтің өлімі браконьерлер жазасын ауырлатуға себеп болды. 2019 жылы қаза болған қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің бейнесі табиғатты сақтаудағы күрестің символына айналды. 

Сурет: Али Оспан

 BekAir рейсі

27 желтоқсан күні таңғы сағат 07:22 де  Алматы—Астана бағытымен ұшқан  BekAir авиакомпаниясының ұшағы Алматы облысы, Талғар ауданы, Гүлдала мен Әлмерек елді мекенінің аумағына құлап, сол жердегі екі этаждық құрылысты қиратқан.  Әуе апатынан 12 адам ажал құшты. 

 

Жыл жеңісі

Көк-Жайлауды құтқару

29 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Көк-Жайлаудағы саяжай құрылысына тиым салып, мәселенің нүктесін қойды.  Бұл мәлімдеме көптеген жылдар бойы Алматының бас шатқалы Көк-Жайлауды қорғауда тер төккен экологиялық активистердің бағына бұйырған жеңіс еді.  

Көк-Жайлауға төнген экологиялық апат 2010 жылы Қазақстан тәуелсіздік жылдарындағы аса ірі "Көк-Жайлауды сақтаймыз" (Save Kok-Zhailau) экологиялық қозғалысына түрткі болған. 

 

Қозғалыс құрамына еліміздің әр қаласының өкілдері кірді. Олардың қатарында белгілі қазақстандық ғалымдар, экологтар, жазушылар, суретшілер, журналистер: Герольд Бельгер, Ажар Жандосова, Светлана Спатарь, Вадим Борейко, Паша Кас және тағы басқалары қосылды. Эксперттер мен экологиялық белсенділердің жұмыстары Қазақстан бойынша ғана емес халықаралық дәрежеде, оның ішінде  БҰҰ-ның Орхус конвенциясының бұзылуы ретінде ауқымды резонанс пен пікірталас тудырған болатын. 

 

Жыл командасы 

ololo командасы

2019 жылы ololo кезекті коворкингі мен (қазір де ololo Бішкекте 4, Ошода 1 коворкингі бар) Ыстықкөлде жаңа креативті алаңын, сондай-ақ 2 хостел ашты. Оlolo  кеңістігінің аумағында жыл бойына 547 шара өтіп, оған 30 мыңдай қонақ келген. Олар Бішкектің ортасында «Музыкальный Эркиндик» аталатын 7 арт қойылымын өткізген. Команда «Орталық Азиядағы ең мықты agile коворкинг» аталымын жеңіп алды. 

Сурет: Тимур Нусимбеков

2019 жылдың қараша айында ololohaus  ҚР мәдениет министрлігі тарапынан цензураға ілігіп, оңшылдардың қысымына ұшырағын Feminnale арт-көрмесінің жұмыстарына өз аймағынан орын берді.  

 

Жыл адамы

Асия Тулесова

Фото: Тимур Нусимбеков

Асия Тулесова — экологиялық әрі азаматтық белсенді, "Шындықтан қашып құтыла алмайсың" арт-акциясының авторларының бірі. AUA / Almaty Urban Air экологиялық жобасының басшысы. Вокалист әрі We Have To Now рок-тобының белді мүшесі. 

21 сәуірде Асия Тулесова мен Бейбарыс Толымбеков алматылық марафонда арт-акция өткізіп, плакатқа «ОТ ПРАВДЫ НЕ УБЕЖИШЬ» және #AdilSailayUshin, #уменяестьвыбор хэштегін жазып, қамауға алынған болатын.  

Айгүл Нұрболатова, Бейбарыс Толымбеков, Сүйінбике Сүлейменова, Асия Тулесова
Сурет: Тимур Нусимбеков

Тулесова мен Толымбеков сот шешімімен кінәлі деп танылып 15 күнге қамауға алынды. 23 сәуірде Ася Тулесова тұтқында отырып, "соттың заңсыз шешімімен келіспейтіндіктен" аштық жариялады.  Amnesty International Халықаралық құқыққорғау мекемесі  Асия Тулесова мен Бейбарыса Толымбековты "өз көзқарастары жөнінде бейбіт пікір білдіргені үшін" ар-ождан тұтқыны болғандар деп мойындады. Асия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековтың «Шындықтан қашып құтыла алмайсың» ұраны Қазақстан мен Орталық Азиядағы жас буынның өнер түріндегі наразылығының теңдессіз бастамасы бола алды. Осы іспеттес баннерлер, плакаттар мен стрит-арт объектілер пайда болып, сондай-ақ Қазақстан мен әлемнің әр түкпірінде тұтқындалған белсенділерді қолдау ынтымақтастық акциясы өтті. Олар: Алматы, Астана, Қарағанды, Орал, Лондаон, Берлин, Нью-Йорк, Прага, Будапешт, Париж, Лос-Анджелес, Милан және тағы басқа қалалар. 

Өнер түріндегі наразылық Қазақстанның әр түкпірінде демократиялық реформа, сөз бостандығы мен бейбіт шеруді қолдайтын, репрессияға қарсылық білдірген азаматтық қозғалыс, арт-топтардың пайда болуына жол ашты. 

Жарияланған уақыты: 30 Желтоқсан, 2020 жыл