Апа

Кітапхана DOCA Қазақстан

Апа

Автор: Тимур Нусимбеков

Анимация: Роман Захаров

Қазақшалаған: Кәмшат Әбілқызы

6 Қантар, 2023 жыл

Алматы, Қазақстан

Бұл 2022 жылдың 6 қаңтарында Алматыда болған Qandy Qańtar-да бір әйелдің басынан кешкені жайлы деректі әңгіме. Материалда анимациялық видео қолданылған және оқиғаның толық мәтіні төменде келтірілген.

Автор: Тимур Нусимбеков
Анимация: Роман Захаров
Музыка: Ақмарал Мерген
Дыбыс режиссеры: Константин Кохан

Аударған: Кәмшат Әбілқызы
Дауыс: Бейбарыс Толымбеков

 

6 қаңтарда менің қаламның бас алаңына қартамыс әйел келді. Мен оны Байсейітова көшесінде, баспалдақпен көтеріліп, Тәуелсіздік монументіне тірелетін жерде тұрғанда байқадым. 

Әкімшілік ғимараты мен президент резиденциясы өртеніп кеткен кез. Алматының сұп-сұр аспанына қап-қара түтін жолақ із салып көтеріліп жатты. Өрттің түтіні мен Сағынтаевтың қысқы ысы, қара тұман — бәрі араласып кетті. 

Алаң мен оның айналасы қала орталығы, басты нысан деуге келмейді: жерге төселген тастың сынған кесектері, жанып бітіп, орны бықсып жатқан дүкендер, жартылай салынған бөгет, асфальтта шашылып жатқан азаматтық киімдер, әскери, полицей киімдерінің бір-бір жапырақ жыртығы, былғанған дәке, тек күлі қалған көліктер, олардың біреуі төңкеріліп жатыр, – бұлардың бәрі ақырзамандағы шайқас алаңын еске салатындай.

Апа мына ат шаптырым алаңды түгел күл-қоқыстан, автомат, мылтық оғы, жарық шулы граната қалдықтары мен әйнек сынықтарынан, төгілген қаннан тазалап біте алмасын ұқты. Сөйте тұра мына қиранды мен астаң-кестеңі шыққан әлемнің ортасында тұрып, тым болмағанда алаңның бір бөлігін тазарқтысы келсе керек, қолына сыпырғыш пен қалақ ұстап, жұмысқа белсене кірісіп кетті. Бір қадамнан кейін келесі қадам, бір метрден кейін келесі метр, ол солай алаңды шетінен тазалай бастады. Апа асфальтта шашылып жатқан пластик құтыларды, темекі тұқылы, оқ қалдықтары мен қанға бөккен киімдерді жинады. Бір қадамнан кейін келесі қадам, бір метрден кейін келесі метр.

Ол кейде бой жылыту үшін үйіріліп тұрған адамдардың жанына келеді, олар оған ыстық шай құйып береді. Жиналғандар: жасы бар, орта жастағысы бар, қартамысы бар, – Тәуелсіздік монументінің жанында тұрып, қазақша-орысша «Атпа!», «Ұрма!», «Біз террорист емеспіз!» деп хормен мәнерлеп айтып жатты. Кей адамдар алаңда «Қарапайым халықпыз. Біз — террорист емеспіз!», «Тоқаев, әскерді алып кет! Біз бейбіт халықпыз!», «Миротворцы с оружием — не миротворцы» («Қолына қару ұстаған бітімгер — бітімгер емес»), «Халықты атпаңдар!» деген жазулары бар матаны кере ұстап тұрды.

Күн еңкейіп, көкжиектен әрі аса бастағанда, көше шамдары жанған уақытта, алаңға жиналғандар барлық плакат, маталарын ұстап, бір-бірін қолтықтап, ұзын тізбек жасап, тағы да: «Алға Қазақстан!», «Біз террорист емеспіз!», «Мародёрға жол жоқ!», «Атпа!» деп айғайлады. Алаңдағылар әнұран айта бастағанда, бағанағы қарт кісіні тағы көзім шалды. Ол қолындағы сыпырғышынын қойып, бейбіт адамдардың қатарына тұра қалып, әнұранды қосыла айтты. 

Сол жерде тұрғандардың ешқайсы дәл сол сәтте қолдарына автомат, пулемёт ұстаған жандардың алаңға қарай келе жатқанын білген жоқ. Олар Алматы облысында әскери-көлік ұшақтарынан бойындағы бес қаруы сай, қолында снаряды бар, шетелдік сарбаздар түсіп жатқанын білген жоқ. 

Ымырт үйіріле алаңда тұрғандар гранатаның құлақ тұндырған үнін, атылған оқты жақыннан естіді. Тым жақыннан. Тым тез. Адамдар айқайлап жатыр, біреу ыңырси жерге құлады, ішіне оқ тиіпті, оқ енді біреудің басына тиіпті. Қаруы жоқ адамдар қаруы бар адамдардан қашып, Байсейітова көшесінде сапырылысып жүгіре бастады. Кейбіреу үлгермей, қансырап, жерде қозғалыссыз жатыр. 

Атыс басталардан аз бұрын алаңнан кетіп қалғам. Мен содан аман қалдым деп ойлаймын. Алаңда қанды қырғын басталғанда, апа ол жерде болмады деп үміттенем (мүмкін ол дүкен іздеп кеткен шығар әлде үйіне жетіп үлгерді ме екен?). Егер ол атыс басталғанға дейін кетіп үлгермесе, оның бейнесі бейбіт тұрғындарды автоматпен, пулемётмен атқылап келе жатқандардың қарауылына ілікпеді деп үміттенем. Оған ештеңе болмай, сау күйінде басқа аман қалғандармен кетіп үлгерді деп үміттенем. Ол апа болашақта Алматының тап-таза алаңында көптеген келісті, еркін адамдар жүргеніне куә болады деп үміттенем.

Қаңтар 2022


Бас кейіпкеріміздің аты Мәдина апа. Ол кісі 6 қаңтарда алғашқы оқ атылғанға дейін алаңнан кетіп үлгеріпті. Мен апаны сол оқиғадан соң қырық күн өткенде алаңнан тағы көрдім, 2022-нің Қаңтарында және 1986-ның Желтоқсанында шейіт кеткендерді еске алуға келіпті. Кейінірек біз тағы кездесіп, сөйлестік. Мадина апа өзі жайлы, өмірі жайлы сыр шертті. Жақын күндері Adamdar/CA-да ол жайлы материал жарық көреді.

Қаңтар 2023


Adamdar/CA командасы Qandy Qańtar-да қайтыс болғандардың, зардап шеккендердің жақындарына, отбасыларына қайғырып, көңіл айтады. 

Біз қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеп-тексеруді қолдайтын барлық қазақстандықтармен, құқық қорғаушылармен, тәуелсіз журналистермен біргеміз. 

#AlmatyQańtar2022
#QandyQantar

Жарияланған уақыты: 6 Қантар, 2023 жыл