Ася Тулесова, құқық қорғаушы, азаматтық журналист, Қазақстанның ең әйгілі экологиялық белсендісі, қамауда 50 күн бойы отыр және оған қарсы 8 маусымда қозғалған қылмыстық істің негізгі тыңдауларының басталуын әлі күтуде*. Заңгерлер мен құқық қорғаушы ұйымдардың айтуы бойынша, Асия Тулесованы қамауда ұстау Республика заңдарына қайшы келеді және халықаралық құқықтың адам құқығы саласы аясында Қазақстан қабылдаған міндеттемелерді бұзушылық болып саналады (оқиғаның мәнмәтінін оқу).
Барлық сот отырыстары онлайн-форматта болып жатыр, адвокаттармен және туыстармен жеке кездесулерге тыйым салынған. Коронавирустық індет салдарынан Ася Тулесованы қолдау науқандарының басым бөлігі цифрлық кеңістікте өтуде.
Красногорская көшесіндегі тергеу изоляторының камерасынан келген жаңалықтар көзі — бұл сот отырыстары арасында шыққан тікелей эфирдегі Ася Тулесованың шағын әңгімелері мен анасы Жанар Жандосовамен телефон арқылы сөйлесуі. Кері байланыс жағдайы одан да қиынырақ: изоляторға хат жолдауға болмайды, ал кешкі радио-сәлемдемелер кейде ғана жетеді.
Өткен 7 апта ішінде заңсыз ұсталған белсендіні қолдауға тек Қазақстанның адамдары мен құқық қорғаушы ұйымдары ғана емес, шет елдіктер де шығып жатыр. Асия Тулесоваға деген тілектестікті суретшілер мен ақындар, заңгерлер мен кәсіпкерлер, белсенділер мен құқық қорғаушылар түрлі формада білдіруде.
Заңгерлер мен құқық қорғаушылар
Заңгерер, құқық қорғаушылар мен халықаралық ұйымдар Ася Тулесованың ісі қазақстандық заңнаманы да, халықаралық құқықты да бұзушылықтармен жүргізіліп жатқанын бірнеше рет мәлімдеген. Қорғаушылардың Асия Тулесоваға кепіл мен ешқайда кетпеу туралы тілхатқа байланысты берілген бұлтартпау шараларын өзгерту туралы өтінішіне қарамастан, ол қамауда қалып отыр. Тулесованың адвокаттарының бірі — Джохар Утебеков ҚР қылмыстық-процестік кодексіне сүйене отырып, өз фейсбук парақшасына соттың Асия Тулесованы қамауға алу шешімін бұрыс санайтынын жазды: оған белгіленген бап бойынша берілетін максималды жаза — 3 жылға бас бостандығынан айыру, ал ҚР ҚПК 147-бабына сәкес «адамдарды 5 жылдан АСТАМ мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы бар қылмыс үшін тұтқындауға болады». Адвокат нақтылады: «ҚПК ішінде осыған байланысты 7 ережеден тыс жағдай бар. Бұлтартпау шарасы жайлы қаулыда тергеуші бұлардың БІРЕУІН ДЕ атамады».
15 шілде күні адвокат жеке парақшасында қорғалушысы үшін әділеттілікке шақыратын басқа пост жариялады:
Amnesty International, Human Rights Watch, International Partnership for Human Rights атты халықаралық ұйымдар өздерінің ресми мәлімдемелерінде құқық қорғаушы органдар әрекеттерін кінәраттап жатыр және Қазақстан билігін қылмыстық қудалауды дереу тоқтатып, Ася Тулесованы қамаудан босатуға шақырып жатыр.
Ася Тулесова әлемнің өзге 6 мемлекетінің құқық қорғаушыларымен қатар #StandAsMyWitness («Менің куәгерім бол») ғаламдық науқанының тұлғасы болып таңдалды. Адам құқығы саласындағы 200-дей ұйым бастамашылық еткен науқан Халықаралық Нельсон Мандела Күніне ұштастырылған және авторитарлық үкіметтерді құқық қорғаушыларды қудалауды тоқтатуға шақырады.
#АсяСондайАдам
Тұтқынға алынғаннан кейінгі алғашқы күндері Қазақстан жастар ақпарат қызметі (ҚЖАҚ) әлеуметтік желілерде #АсяСондайАдам (#АсяТакойЧеловек) науқанын бастады — бұл Ася Тулесова бейнесін қаралап жатқан фейктер мен аталмыш «нұрботтарға» қарама-қарсы болып келеді. Хэштег астында Ася Тулесованың достары мен таныстары белсендінің тұлғасын ашатын әңгімелерімен бөлісті. Rukh2k19 инстаграм-порталы Ася Тулесова мен оның көптеген әлеуметтік және мәдени жобалары туралы суреттер топтамасын шығарды.
Суретшілер
Ася Тулесова мен өзге де белсенділердің «Шындықтан қаша алмайсың» науқаны үшін қамауға алынуы кезіндегідей оған үлкен қолдауды тағы да арт-қоғамдастық көрсетіп жатыр. Қазақстан, Ресей, Германия және басқа да мемлекеттер суретшілері мен иллюстраторлары белсендіге тілектестіктерін түрлі техника мен жанрларда орындалған арт-жұмыстары арқылы білдіруде.
Көптеген иллюстрациялар негізіне бұрын жарияланған Adamdar/CA фотосуреттері алынған.
Суретші Сауле Сулейменова Ася Тулесованың қамауға алынғанынан кейін оның туған күніне орай маусымда салынған портретін жариялап, мәтінмен толықтырды:
«Бір нәрсе өзгерді. Тек COVID-19 үшін ғана емес. Бір өте маңызды нәрсе өзгерді. Біз деколонизацияны жанның ішкі көрінбейтін жұмысы екен деп ойлайтынбыз. Қазір ол көрінетін болды... Ал енді біздің ожданымыз, біздің дауысымыз Асяға @miroiu 380-бапты (билік өкiлiне қатысты күш қолдану) артып отыр. Оның адамдарды полициядан қорғағысы келгені үшін. Жай ғана зорлық-зомбылықты тоқтатқысы келгені үшін ғана.»
Сот процестерін мониторинг жасау қоғамдық жобасы — Sotqa Shaqyrý өз инстаграм-парақшасында Ася мен оған қозғалған іске арналған иллюстрациялармен бөлісті. Ася Тулесова сол жоба авторларының бірі болып табылады.
Protest Kórpe
29 маусым күні Ася Тулесованың достары мен жақындары оны қолдау ретінде #ProtestKorpe атты бастаманы шығарды. Азаматтық қоғамды қазақтың ұлттық құрақ көрпесіне теңей, бастама авторлары әркімді өз «құрағын» жасауға және әлеуметтік желілерге жариялау арқылы әділетсіздікке қарсы күреске өз үлесін қосуға шақырады. Ол үшін авторлар арнайы сайт жасады, онда берілген бірнеше ою-өрнек пен ұран арасынан таңдаса болады.
Қазақстандық суретшілер Сауле Сулейменова мен Мадина Жолдыбекова Protest Kórpe үшін өздерінің бірегей құрақтарын жасады.
Protest Kórpe фондары негізінде суретші әпкелі-сіңлі Медина Базаргалиева мен Суинбике Сулейменова «Біз Асямыз» инстаграм-фильтрін шығарды.
«Академия дураков» арт-жобасы Ася Тулесова мен Protest Kórpe бастамасын қолдау мақсатымен иллюстрациялар жариялады.
Protest Kórpe бастамасын халықаралық тарауына өз үлестерін Полина Никитина (Россия) мен Джоэн Арклесс (Германия) атты суретшілер қосты.
Бейне-арт
Ася Тулесованың тұтқынға алынуынан кейін суретші Медина Базаргалиева өзінің инстаграм-парақшасында «Свободу митингам» (Митингілерге бостандық) атты жұмысын жариялады:
«Бейне-жұмыс қазір уақытша ұстау изоляторында өздерінің батылдықтары мен озбыр әділетсіздікке қарсы тұра алу қабілеттері үшін қамауда отырған Асия Тулесова мен Альнур Ильяшевтің ерсі істерімен ‘шабыттанған’. Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде мен митингілер бостандығын, Асия Тулесованың босатылуын, Альнур Ильяшевтің босатылуын талап етемін!»
Актер және жазушы Анатолий Огай өзінің «What color is your passport?» («Сенің төлқұжатыңның түсі қандай?»; режиссер — Татьяна Ким) поэтикалық бейне-перформансында Қазақстандағы коронавирустық індетке байланысты қиын жағдай жайлы және мемлекеттегі өзге де көкейтесті мәселелер жайында айтты. Перформанс соңы Ася Тулесоваға арналған, ал аяқтаушы кадрда #Kazakhstan2020, #FreeAsya, #EnoughisEnough хэштегтері бар.
Оффлайн
5 шілде күні белсенді Фариза Оспан әлеуметтік желілерде өзінің келесі күні Ася Тулесованы қолдау үшін Шымкентте жалғыз ереуілге шығу ниетін білдірген. 6 шілдеде плакатын ашпастан Фариза Оспан белгісіз адамдармен ұрланды және полиция бөліміне жеткізілді. Онда оны дөрекі түрде тергеп, оған қысым көрсетті. Белсенді жағдайды толығырақ өзінің инстаграм-парақшасындағы постта сипаттады.
Мәнмәтін:
Асия Тулесова — экологиялық және азаматтық белсенді, «Common Sense» қоғамдық қорының жетекшісі, AUA / Almaty Urban Air экологиялық ұйымын құрағандардың бірі. Ол бірнеше жыл бойы Алматы ауасының ластануын зерттеумен, экологиялық мәселелерді шешу жөніндегі жұмыстармен айналысып келеді.
Асия Тулесова — 2019 жылдың 21 сәуірінде алматылық марафонда өткен «Шындықтан қаша алмайсың» арт-науқанына қатысқандардың бірі. Сол кезде тұтқындалып, сот шешімімен 15 тәулікке қамалған. Отырыс кезінде Ася Тулесова жан толғандыратын сөз сөйледі. Кейінірек БАҚ одан дәйексөз алып, ал белсенділер сөздерді Қазақстанда, Еуропа мен АҚШ-та өткен көптеген ынтымақтастық науқандарға дайындалған плакаттарына жазды.
Сенбі күні, 2020 жылдың 6 маусымында, Қазақстан қалаларында бейбіт митингілер өтті. ҚР ІІМ деректері бойынша, онда 53 адам ұсталды. Митингшілерді ұстау дөрекі түрде өтті, полиция зорлық көрсетіп, жиі физикалық күшті жөнсіз қолданды. Куәгерлер айтуы бойынша, бейбіт митинг қатысушыларымен қатар автозактарға қарапайым жүргіншіерді де тиеді. Алматыда автозактардың бірінің қасында Асия Тулесова бейбіт азаматтарды қорғағысы келді және сол үшін ұсталды. Тулесованы тұтқындауға бірнеше полиция қызметкері қатысты, олар белсендіні ұстап алып, жерге жықты. Өзге ұсталғандармен бірге ол Алматы қаласы Медеу аудандық Полиция басқармасына жеткізілді, онда оны бірнеше сағат бойы ұстады. Босатылғаннан кейін Асия Тулесова журналистермен, құқық қорғаушылармен, азаматтық белсенділермен бірге полиция ғимаратының маңында қалды және заңсыз ұсталған отандастарын босатуды талап етті. 18:00-ге таман полиция қызметкерлері Тулесованы тұтқындау себебін айтпастан күштеп полиция басқармасына кіргізді. Кейінірек, Асия Тулесованың анасының айтуы бойынша, оны қала шетіне апарып, босатты.
8 маусымның кешінде Асия Тулесова тергеуге қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде шақырылды және сол кеште уақытша ұстау изоляторына жіберілді. Бірнеше күннен кейін оны тергеу изоляторына көшірді, қазір ол әлі сонда.
Асия Тулесоваға ҚР Қылмыстық Кодексінің екі бап артылды: 380-1-бап — «Билік өкіліне қатысты өмiрiне немесе денсаулығына қауiпті емес күш қолдану не күш қолдану қатерін төндіру» және 378-2-бап — «Билік өкілін қорлау».
Белсендіге қарсы 6 маусым түсірілген бейне үзінді қолданылып отыр, онда ол митингшілерді ұстауға қатысқан полиция қызметкерлерінің бірінің басынан фуражкасын қағып түседі. Кейінірек іске қатысты жалпы есеппен 6 «жәбірленуші» шыққаны белгілі болады.
Қорғаушылардың Асия Тулесоваға кепіл мен ешқайда кетпеу туралы тілхатқа байланысты берілген бұлтартпау шараларын өзгерту туралы өтінішіне қарамастан, ол әлі қамауда қалып отыр. Тулесованың адвокаттарының бірі — Джохар Утебеков ҚР қылмыстық-процестік кодексіне сүйене отырып, өз фейсбук парақшасына соттың Асия Тулесованы қамауға алу шешімін бұрыс санайтынын жазды: оған белгіленген бап бойынша берілетін максималды жаза — 3 жылға бас бостандығынан айыру, ал ҚР ҚПК 147-бабына сәкес «адамдарды 5 жылдан АСТАМ мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазасы бар қылмыс үшін тұтқындауға болады». Адвокат нақтылады: «ҚПК ішінде осыған байланысты 7 ережеден тыс жағдай бар. Бұлтартпау шарасы жайлы қаулыда тергеуші бұлардың БІРЕУІН ДЕ атамады».
9 маусым күні ҚР Президентіне Асия Тулесованы босату талабымен жазылған үндеу бір күн ішінде 4000 астам қол жинады және президент әкімшілігіне ҚР электрондық үкімет порталы арқылы жіберілді. Алайда, Құқық қорғаушылар қауіпсіздігі мен оларды қорғау сұрақтары бойынша коалиция (PANA) сайтындағы ақпаратқа орай, үндеу жауапсыз қалды.
Бастапқыда бұл іске сот болып азаматтық белсенді Альнур Ильяшевті Nur Otan партиясын сынағаны үшін бас бостандығын 3 жылға шектеу үкімін шығарған Залина Махарадзе тағайындалған.
Бүгінгі таңда іс бойынша негізгі тыңдаулар әлі де белгіленбеген. Алдында тек тергеу соты отырыстары мен Алматы қаласы Медеу аудандық № 2 Сотта алдын ала тыңдау өтті. Алдын ала тыңдауда 7 шілде күні адвокаттар Джохар Утебеков пен Назерке Ризабекова 8 өтінішхат білдірді, олардың ішінде тек үшеуі қанағаттанған: Асия Тулесованың анасы Жанар Жандосованы оның қорғаушысы ретінде мойындау, мамандар тұжырымдарын іс материалдарына қосу және соттық филологиялық сараптаманы белгілеу. 24 шілдеде құқық қорғаушы Бахытжан Торегожина өз фейсбук парақшасына Тулесова ісі бойынша сараптама аяқталғаны және сотқа қайта берілгені жайлы жазды. 28 шілде күні істің басқа сотқа — Шакиров Такен Шаймановичке берілгені мәлім болды.
* 28 шілде кешінде, осы материалды жариялағаннан кейін, Жанар Жандосова өзінің фейсбук парақшасында «Асия Тулесованың ісін қарастыру 3 тамыз, 11:00-ге Медеу сотына белгіленді» деп жазды.