Ауа саф, әлем бейбіт болсын

Adamdar news DOCA JerSu Қазақстан

Ауа саф, әлем бейбіт болсын

Алматыда өткен митиңнен фоторепортаж

27 Ақпан, 2022 жыл

Алматы, Қазақстан

26 ақпанда Алматыдағы Шевченко көшесінің бойында Шоқан Уәлиханов ескерткішінің түбіне жиналған шерушілер Қазақстан билігінен қаланың нашарлап бара жатқан экологиялық жағдайына қатысты нақты шаралар жасауын талап етті. Шараны бірқатар экологиялық бастамалардың өкілдері, белсенділер және қоғам қайраткерлері ұйымдастарды.

Фото: Малика Ауталипова

«Біз бейбіт халықпыз. Біз сөз еркіндігін құрметтейміз, ешкімге жаулық тілемейміз. Біз әкімшіліктен заңды құқығымыз – таза ауаны талап етіп митиңге шықтық,» – деді ұйымдастырушылар бастама көтерген парақшасында.

 

 

 

 

Митиңге жиналғандар арасында жергілікті тұрғындар, экологтар, журналистер, құқық қорғаушылар, мәдениет, өнер қайраткері, азаматтық белсенділер болды. 

 

 

Таза ауаға арналған митиң ел есінде “Qandy Qańtar” деген атпен қалған, 2022 жылы қаңтарда құрбан болған қазақстандықтарды еске алып, бір минут үнсіздік жариялаумен басталды.

 

 

Спикерлер өз сөзінде жергілікті және Республикалық биліктен Алматы экологиясын жақсарту үшін нақты қадамдар жасауын талап етті: ЖЭС-ді газбен алмастыру, таулы аймақтарда құрылыс жұмыстарын тоқтату, эко транспорттарды көбейту, жасыл және су дәлізін қалаға қайтару, мегаполистің шаш етектен толып жатқан өзге де проблемаларын шешу де кезек күттірмес мәселе екенін айтты. Билік пен жауапты лобби топтардың бұл мәселелерде қол қусырып, дым атқармай отыруын сынға алды.

 

 

Кей қатысушылар митиңде сөйлеген сөзінде экологиялық талаптарымен қатар соғысқа қарсы екенін білдіріп, Украинаны қолдап жатты. Жиналғандардың көбі украин туын, символын, қолдайтын плакаттарын ала келіпті. Бірнеше адам деміл-деміл «Украина жасасын!», «Соғысқа жол жоқ!» деп хормен айғайлап тұрды. 

 

 

 

 

Таза ауа талап еткен митиң аяқталған соң, оншақты адам Украинаны қолдаған антисоғыс акциясы өткен жер – ақын Тарас Шевченконың мүсінін бетке алды. Жиналғандар: «Соғысты тоқтат!», «Украина тәуелсіз ел!», «Украинаға бостандық!», «Украинадан қолыңды тарт!», «Фашизм жойылсын!», «Путинді Гаагаға!» т.б. лозунгтармен шықты. 

 

 

Сөз алғандардың бірі өзін мұғалім деп таныстырып, жиналғандар алдында: «Біздің халқымыздың 2022 жылғы қаңтарда алған жарақаты әлі қансырап тұр, бірақ біз қарттар мен әйелдерді, балаларды бомбалап жатқанда елеусіз қарап тұра алмаймыз. Бұрынырақ бір диктатор дүниежүзілік соғысқа жол ашып еді, қазір оның орнына тағы бір диктатор келді… Соғыс тоқтатылсын!» деді. 
 

Жарияланған уақыты: 27 Ақпан, 2022 жыл