Букреевтің туған күні
Иллюстрация: Перизат Сулейманова

16 Қантар, 2019 жыл

Іле Алатау, Қазақстан

Бүгін Анатолий Букреевтің туған күні.

Анатолий Букреев (1958–1997) – ерен ерлік пен ерік-жігердің үлгісі болуға лайықты, таңғажайып тұлға. Скайраннингтің алғашқы қарлығаштарының бірі. Қазақстанның танымал альпинисі, КСРО-дағы ең мықты альпинистердің бірі, дүниежүзілік альпинизмде есімі ерекше құрметпен аталатын жан. 

Анатолий Букреев Эверест шыңының ұшар басында. Дереккөз: bobmckerrow.blogspot.com

Ол артық сөзге жоқ, салмақты, ақынжанды адам еді. Су өтпейтін, ашық-сары, «The North Face» күртешесінің қолтығына пленкалы фотоаппаратын салып алып, жер бетіндегі ең биік нүктелердің ең таңғажайып суреттерін түсіріп жүретін.

Букреев Оралда туған, Іле Алатауының тау бөктерінде өскен. Жары АҚШ-тың Нью-Мексико штатының тумасы. А.Букреев өмірінің көп бөлігін жалғыздықта: Памирдің дауылды мұздықтарында,Тянь-Шаньнің қарлы шыңдарында, Гималай тауының бас айналдырар биіктерінде өткізді. «Қол бұлғар тау бізге алыстан…» – дейді ол өзінің бір өлеңінде.

Анатолий Букреев. Суретке түсірген: Линда Уайли

Ол әлемнің ең биік нүктелері 11 800 биіктікке 18 рет көтерілген еді. 1996 жылдың мамыр айында, Эверестен түсіп келе жатқан кезде Анатолий Букреев жападан жалғыз құтқару жұмысын бастады: бет қаратпас қарлы дауылда АҚШ-тың үш бірдей альпинисін төменге алып түсті.

1997 жылдың желтоқсан айында Анатолий Букреев италиялық альпинист Симоне Моро және қазақстандық альпинист, биіктерді түсіретін кинооператор Дмитрий Соболевпен бірге ғаламшарымыздағы ең биік және ең қатерлі Аннапурнаға көтеріледі. 

1997 жылдың 25 желтоқсанында, «Рождество» мейрамында, үш адамнан құралған топтың жүріп келе жатқан соқпағына қар көшкіні құлайды. Қар мен мұз, қара тас алпинистерді басып қалады. Симоне Моро ғайыптың күшімен аман қалды. Басы мен қолы жарақаттанған ол жолай альпинистердің негізгі қосына жетіп, қайғылы апат жайын баяндайды. Қар көшкіні болған жерде кәсіби маман Ринат Хайбуллиннің бастамасымен алматылық альпинистерден құралған іздеу тобы жұмыс істейді. Алайда олар Букреев пен Соболевті таба алмайды. 1998 жылдың көктемінде Ринат Хайбуллин мен Симоне Моро апат болған жерге оралып, іздеу жұмысын жалғастырғанымен, қос альпинистің сүйегін таба алмайды.

Иллюстрация: Перизат Сулейманова

Анатолий Букреев бір өлеңінде былай дейді:

Қол бұлғар тау бізге алыстан,
Достар көп қойнында 
мәңгілік мекенін сол жерде табысқан 
Жүрегі тазалар биікке ұмтылар
Шыңдарда қалғанды ұмытпа
биікке қол бұлғап жарысқан...

Анатолий Букреев осы өлеңінде өзі туралы жазғандай. 

Эвересте адамдарды құтқарудағы еңбегі үшін оны Америка альпинистер клубы ең жоғарғы сыйлығы – ерлігі және адамдарды құтқарудағы қайтпас қайсарлығы үшін берілетін Дэвид Соулс атындағы төсбелгімен марапаттаған. Сондай-ақ АҚШ конгресінің өкілдері қазақстандық альпинистке алғыс хат жолдаған. Қаһармандығы мен батырлығы үшін Қазақстан тарабы алпинист қайтыс болған соң «Ерлiгi үшiн» төсбелгісімен марапаттаған.

Аннапурнадағы қайғылы жағдайдан аман қалған итальялық альпинист Симоне Моро биік тауға шыққан сайын Анатолий Букреевтің құрметіне Қазақстан туын алып жүреді.

1999 жылы Букреевтің көңілі сүйген жары, америкалық альпинист, дәрігер Линда Уайли Аннапурнаның Оңтүстік шатқалындағы альпинистер қосынында Букреевтің құрметіне ескерткіш тақта орнатты. Апатқа ұшырардан бұрын ол осы таста ұзақ отырып ойланған екен.

Ескерткіш тақтада Букреевтің мына сөзі жазылған: 

«Тау менің көңілімді көтеретін алаң емес, сенімімді бекітетін ғибадатхана».

Анатолий Букреевке арналған ескерткіш тақта (Гималай, Непал)

Іле Алатауының Букреев мекендеген Алматы баурайына жақын шыңдарының бірі альпинистің атымен аталады. Альпинистер, скайраннерлер және тау туристері, алматылықтар мен өзге де қонақтар жыл сайын осы шың басына шығады. Букреев шыңында олар көпке белгілі, сөзге сараң, қатал, алайда жүрегі нәзік, осы таулардың арасында өскен, әркез биікте жүрген, сол биігінде қалған альпинисті еске алады.

Жарияланған уақыты: 16 Қантар, 2019 жыл