COVID-19: Дәрігерлер — вакцинация туралы COVID-19: Дәрігерлер — вакцинация туралы

DOCA Қазақстан

COVID-19: Дәрігерлер — вакцинация туралы

Иллюстрациялар: Айжан Байтимбетова

4 Мамыр, 2021 жыл

Қазақстан

Сәуірде Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинация бағдарламасы басталды. Қазіргі уақытта вакцинаның екі компонентінің біріншісін республика тұрғындарының 6,8% алды. Вакцина еккен адамдар саны бойынша Алматы және Алматы облысы озып жатыр. 

Елдегі аурудың өсуі және пандемияның өмірдің барлық саласына тигізген зиянына қарамастан қоғамда екпе егуге қарсы көңіл-күйлер әлі де кеңінен таралуда. 

Adamdar/CA тағы да Қазақстанның отбасылық дәрігерлер ассоциациясы (ҚОДА) мамандарына жүгініп, олардан вакцина жайлы басты сұрақтарға жауап беріп, мифтерді жоққа шығарып, пандемия жағдайындағы қастандық теориясы несімен қауіпті екенін түсіндірулерін сұрадық. 

Adamdar/CA мен ҚОДА-ның бұрынғы ортақ материалдары:
COVID-19: дәрігерлер сөзі 
COVID-19: ауырған кезде не істеу керек 

ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ

Вакцина — пандемиядан шығудың жалғыз жолы ма?

Вакцина — пандемиядан шығудың жалғыз жолы емес, бірақ қуатты көмекші құралдардың бірі. Локдаун, әлеуметтік арақашықтық, бетперде тағу және байланыстарды шектеумен бірге жаппай вакцинация тұрғындар денсаулығына зақым келтірусіз (яғни жай ғана барлығына жаппай ауырып жазылуына ерік беру) барлық мемлекеттерді қайтадан «ашуға» мүмкіндік беретін ұжымдық иммунитет дәрежесіне тезірек қол жеткізуге көмектеседі. 

 

COVID-19-бен біржолата қоштасу үшін халықтың неше пайызы вакциналанған болуы керек?

Бұл жаңа вирус екенін және басқа сипаттамасы бар (жұққыштығы жоғарырақ және таралуы тезірек) жаңа SARS-CoV-2 мутацияларының пайда болуына байланысты жағдайдың өзгеруі мүмкін екенін ексере, популяциялық иммунитет деректері әлі ұзақ уақыт бойы зерттелетін болады. Қазіргі таңда нақты деректер жоқ. Ғалымдардың бағалауы бойынша, бұл сан шамамен 70% құрайды. 

 

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ВАЦИНАЦИЯ ТӘРТІБІ

Қазақстандықтарға COVID-19-ға қарсы қандай вакциналар қолжетімді?

Бүгінгі таңда Қазақстанда QazVac (отандық өндіріс), Қарағанды фармацевтикалық кешені негізінде өндірілген «Спутник V» және ресейлік өндірістегі «Спутник V» қолжетімді. Барлық үш вакцина қатар қолданылатын болады. 

 

Қазір ҚР-да заңды ақылы вакциналар қолжетімді ме?

Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация Қазақстан Республикасы аумағында тегін жүргізіледі. Қазіргі уақытта елде «Спутник V» және QazVac препараттарымен вакцинациялау қолжетімді. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі басқа да вакциналарды сатып алуды жоспарлауда, олардың кейбірі ақылы болуы мүмкін. 

 

Халытың қандай әлеуметтік және жасқа байланысты топтары қай кезеңдерде вакцинация жасай алады?

2021 жылдың басында Қазақстанда вакцинация вакцинаның түсуіне орай кезең-кезеңмен жүзеге асты. Бірінші кезекте вакцинация халықтың COVID-19-дың жұқтыру және таралу қаупі жоғары осал топтарын қамтыды: жұқпалы аурулар ауруханасы, жедел медициналық жәрдем, реанимация, БМСК, қабылдау бөлмесі медицина қызметкерлері, санэпидқызмет қызметкерлері. Екінші кезеңде жалпы білім беретін мектеп, ЖОО, колледж мұғалімдері мен студенттер вакцинациядан өту керек болатын, алайда аурушаңдықтың өсуіне байланысты сәуірде барша қалаушыларға медициналық ұйымдарда жаппай вакцинация басталды. 

Қазақстанда вакцинация 2021 жылдың 1 ақпанынан бастап жүргізулуде. 2021 жылдың 28 сәуіріне екі компоненттің біріншісін салдырған адам саны 1 293 379 адамды құрайды, бұл шамамен тұрғындардың 6,8%-ы. Вакцинацияның мерзімдері мен кезеңдері, біріншіден, мемлекетте вакцинаның қолда болуына байланысты. 

 

Қазақстанда вакцинация паспорты бар ма?

Иә. Осындай төлқұжатты алу үшін смартфонға Egov mobie қосымшасын жүктеу керек. Екінші инъекциядан кейін «Сандық құжаттар» бөлімінде вакцинация жайлы мәліметтер пайда болады. 

 

QAZVAC, «СПУТНИК V», SINOVAC

Қазақстандық вакцина QazCovid-in (QazVac) жайлы не белгілі?

Вакцинаның QazCovid-in атауы Қазақстан, COVID-19, инактивті» деген мағына береді (басқа, саудалық атауы — QazVac). Қазақстнадық ғалымдар инактивті вакцинаны таңдады. Оның негізінде химикалық реагентпен «өлтірілген» SARS-CoV-2 вирусы бар. Бұл ондаған жылдар бойы қолданылып келе жатқан вакцина жасаудың классикалық технологиясы неғұрлым зерттелген әрі қауіпті болып саналады. 

Қазақстандық вакцинаның клиникаға дейінгі сынақтары республикада коронавирустың алғашқы анықталған жағдайларынан екі ай өте — 2020 жылдың мамырында басталған. 2020 жылдың қыркүйегінде мамандар клиникалық зерттеулер кезеңіне көшті. Қазір вакцина соңғы үшінші сынақ кезеңінде тұр (3000 ерікті).
Вакцина Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігінің уақытша тіркеуін алды. QazCovid-in-ге тұрақты тіркеуді клиникалық сынақтар аяқталғанда және зерттеудің қорытындыларын жариялағанда беретін болады. Зерттеудің аяқталуы 2021 жылдың 25 маусымына қарай жоспарланып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) қазақстандық зерттемеге үміткер-вакцина мәртебесін берді. 

 

Басқа вакциналарға қарағанда QazVac вакцинасы несімен артық?

Біріншіден, вакцина жеңіл өткеріледі. Жасаушылардың айтуынша, осындай сияқты вакциналардың реакциялары жеңілірек, дене температурасы көтерілмейді. Вакцина енгізілген жердің аздап күйдіруі және шаншуы мүмкін. Бұл әсерлер инъекциядан кейін бірнеше күнде ізсіз жойылады. 

Ғалымдардың айтуынша, қазақстандық вакцинаның тағы бір маңызды артықшылығы бар — оны 2-8 Цельсий градусы кезінде сақтауға және тасымалдауға болады. Препараттың мұндай қасиеті вакцинамен түкпірдегі қуатты вакцина сақтауға арналған мұздатқыш камералары жоқ елді мекендерде жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

 

«Гам-КОВИД-Вак» («Спутник V») вакцинасы жайлы не белгілі?

«Гам-КОВИД-Вак» вацинасы, немесе «Спутник V», ресейлік Н. Ф. Гамалеи атындағы Ұлттық эпидемиология мен микробиология зерттеу орталығымен жасап шығарылған. «Гам» — бұл атақты ресейлік ғалым, Луи Пастердің серіктесі — Николай Гамалеи фамилиясының қысқартылуы, ал «Вак» — бұл вакцина. 

«Спутник V» спайктік (S) протеиннің (ақуыз) синтезіне жауап беретін коронавирус бөлшегі бекітілген тірі әлсіз аденовирусқа негізделген тасушы немесе вектордан тұрады. Спайктік ақуыз — вирустың маңызды бөлігі: оның көмегімен вирус адам жасушасына жабысады. Вакцинаны енгізгеннен соң адам жасушалары спайктік ақуызды өндіре бастайды. Ал біздің иммундық жүйеміз бөгде ақуызды танып, оған антиденелер өндіріп, жасушаларды өзгені жоюға бейімдейді. «Спутник V» вакцинасы өте жақсы нәтижелілікті көрсетті — 91,6%. 33 мың еріктілерге жасалған зерттеулер қандай да бір күрделі жанама әсер болған бірде-бір жағдайды анықтамады. Сондықтан «Спутник V» вакцинасы бүгінгі таңның нәтижелілік және қауіпсіздік жағынан ең күшті вакциналарының бірі болып мойындалды (50 елден астам жерде тіркелген).

«Спутник V» вакцинасының өндіріс қорытындылары және апробациясы жайлы мәліметтер әйгілі, ең беделді, рецензияланған медициналық Lancent журналында жарияланған. Бұл журналда тек расталған, жоғарғы деңгейлі мамандармен тексерілген материалдар ғана жарияланады. 

«Спутник V» Ресейден жеткізіледі, сонымен қатар Қазақстанның өзінде Қарағанды фармацевтика зауытында ресейлік өндірушілер лицензиясымен өндіріледі (құрамы мен сапалық сипаттамалары жағынан ресейлік аналогынан мүлдем айырмашылығы жоқ).

 

Болашақта Қазақстанда қолдануды жоспарлап жатқан қытайлық вакцина жайлы не белгілі?

Қытайлық биофармацевтикалық Sinovac компаниясы шығарған CoronaVac — бұл инактивті вакцина, құрамында ағзада көбейе алмайтын, бірақ иммунды жауапқа түрткі бола алатын «өлтірілген» бүтін COVID-19 қоздырушы-вирустардан тұрады. Клиникалық сынақтардың үшінші кезеңі Бразилия, Түркия, Индонезия, Чили, Малайзия, Филиппиндерде өткізілген. Оның нәтижелілігі жөнінде алдын ала деректердің айырмашылығы бар және Бразилияда 50,4%, Индонезияда 65,3% және Түркияда 91,25% құрады. Ақырғы қорытындыны тек зерттеудің барлық нәтижелерін өңдеп, жариялағаннан кейін жасаса болады. Салыстыру үшін: Pfizer және Moderna вакциналарының нәтижелілігі — шамамен 95%, «Спутник V» — 91,6%, AstraZeneca — 62-90%. Бірақ барлық вакциналар аурудың күрделі түрлері мен ауруханаға жатқызудан 100%-дық сақтауды көрсеткен. 

 

COVID-19-БЕН АУЫРЫП ЖАЗЫЛҒАННАН КЕЙІНГІ ВАКЦИНАЦИЯ

Вакцинация жасамас бұрын антиденеге тест өткізу керек пе?

Вакцинация алдында антидене деңгейін анықтау үшін тест жасаудың қажеті жоқ, өйткені өткерілген инфекциядан кейін вирус бейтараптандырғыш антиденелер саны уақыт өте азаяды. Антиденелердің жалпы титрі әжептәуір жоғары болғанына қарамастан 6 айдан соң ауырып жазылғандардың 20-30%-да олар толықтай жойылады. Желілік зертханалармен қолданылатын тест-жүйелер тек антиденелердің жалпы санын анықтайды, бірақ олардың вирусты бейтараптандыру қасиетін бағалай алмайды. 

Сондықтан вакцинация өткерілген инфекциядан жарты жылдан кейін антиденелер мен «жады жасушаларын» көп мөлшерде өндіру арқылы ағзаның қорғаушы иммундық механизмдерін анағұрлым белсенді қылып, күшейтуге мүмкіндік береді. «Жады жасушалары» ағзаға вирустың қайта енген кезінде иммундық механизмдердің оны жоюы үшін тез жұмылдыруына әсер етеді. 

 

Егер вакцина алып жатқан сәтте мен COVID-19-бен жұқпаланған болсам, бірақ ол жайлы білмесем не істеу керек?

COVID-19 қоздырғышымен жұқпаланған ағзаға вакцинаның ықтимал әсері жайлы ақпаратты жинау ұдайы жүргізілуде. Бүгінгі күні жұқпаланған адам екпе кесірінен аурудың күрделірек ағымы немесе асқынудың дамуы қаупіне ұшырайды деп алаңдауға ешқандай негіз жоқ. 

 

COVID-19-бен вакцинаның бірінші компонентін енгізгеннен кейін ауырып қалсам не істеу керек?

Бұл жағдайда жазылып болған соң 6 айдан кейін вакцинаны қайта егу керек. 6 айлық уақыт аралығы «Спутник V» нұсқаулығында ұсынылған. Ғалымдар қайтадан қандай вакцинаны — «Спутник V» немесе басқасын егу керектігін әлі шешкен жоқ.

 

ВАКЦИНАЦИЯ КӨРСЕТКІШТЕРІ ЖӘНЕ ҚАРСЫ КӨРСЕТКІШТЕР

Балаларға вакцина егуге болады ма?

Балалар әзірше коронавируске қарсы вакцина алып жатқан жоқ. Ол үшін, ДДСҰ-ның кез келген вакцинаға қойылатын талаптары бойынша, препарат клиникалық сынақтардың төртінші кезеңінен өтуі тиіс.
«Спутник V» коронавирусқа қарсы вакцинасының қолдану жөніндегі нұсқаулығына сай оны тек 18 жастан бастап қолдануға болады. Әзірге бұл вакцинаның нәтижелілігі мен қауіпсіздігі жайындағы зерттеулер балаларға жүргізілген жоқ, сондықтан жас шектеуі бар. 

 

65+ жастағы адамдар үшін вакцинацияның қандай қауіптері бар?

Вакцинациядан кейін ауруды қоздырғышқа қарсы иммунитет иммундық жүйе белсенділігінің жасқа байланысты төмендеуі әсерінен жастардікі сияқты күшті әрі ұзақ болып қалыптаспайды. Бұл егде адамдар үшін басты қауіп болып табылады. Мүмкін, болашақта оларға вакцинаның бустерлік (күшейткіш) дозаларымен (дәл сол немесе басқа түрімен) вакцинациялау қажет болатын шығар. 

 

Аллергия вакцинаға қарсы көрсеткіш болып табылады ма?

Өткенде күрделі аллергиялық серпіліс болған жағдайда вакцинация сұрағы жекеше түрде шешілуі керек. Бастысы — күрделі аллергияның неге болғаны. Вакцинацияның қарсы көрсеткіштері болып антифилактикалық шок түрінде басқа вакцина, сарысу немесе дәрі егуден кейінгі аллергикалық серпілістер табылады. 

Тамақ өнімдерінен, жәндіктердің шағуынан, косметикалық құралдардан болған аллергикалық серпілістер вакцинацияға қарсы көрсеткіш болып табылмайды. Маусымдық аллергия да COVID-19-дан вакцинацияға қарсы көрсеткіш болып есептелмейді.

Әркім вакцина қабылдағаннан кейін 30 минут аралығында дәрігер қарауында қалу керек. Сізде бұрын аллергия болған болса вакцина дозасын алған жерде 2 сағатқа қалыңыз. Вакцинацияға жіберілген қызметкерлер шұғыл жәрдем, соның ішінде анафилактикалық серпіліс жағынан арнайы дайындықтан өткен. 

 

Бала емізу кезеңінде «Спутник V»-ді егуге болады ма?

«Спутник V»-дің соңғы нұсқаулығын бойынша жүктілік және емізу кезеңі вакцинацияға қарсы көрсеткіш болып саналады. ДДСҰ қазіргі уақытта жүкті және бала емізетін әйелдерге зерттеулердің жеткіліксіздігі үшін коронавирусқа қарсы екпені екпеуді ұсынады. 

Сонымен қоса ДДСҰ егер емізетін әйел вакцинацияға ұсынылған қауіп-қатер тобына кіретін болса (мысалы, ол медицина қызметкері болса) вакцинацияны жүзеге асыруға болатынын айтты. ДДСҰ вакцинациядан кейін емізуді тоқтатуды ұсынбайды.

 

COVID-19-ға қарсы вакцинациядан соң қанша уақыттан кейін жүктілікті жоспарласа болады?

Ұрықтауды вакцинаның екінші дозасын алғаннан соң үшінші аптаға қарай жоспарласа болады. 

 

Созылмалы демікпе жағдайында вакцина егуге болады ма?

Созылмалы демікпе кезінде (ал қазір бұл ауру созылмалы өкпенің обструктивті ауруы деп аталады) вакцинация міндетті, өйткені созылмалы аурулар коронавирустық инфекцияның ең күрделі ағымына итермелеуші жағдай болып саналады. Вакцинаны күйіңіз тұрақты болған және аурудың асқынуы жоқ жағдайында егуге болады. Бұл шылымқорларға да қатысты, өйткені темекінің түтіні ААФ-2 рецепторлар санын көбейтеді. Коронавирус дәл осы рецепторларға жабысады. 

 

Тромбофилиясы бар адамдарға екпе егуге болады ма?

Тромбофилиямен зардап шегіп жүрген адамдарға және де семіздігі, қант диабеті, гипертониясы бар адамдар COVID-19-ды жұқтыру кезінде жоғарғы қауіп-қатер тобына жатады. Коронавирустық инфекция оларды тромбоздарға алып келіп, бұл өліммен аяқталуы мүмкін. 

Сондықтан жоғарыда аталған ауралары бар адамдарға COVID-19-ға қарсы вакцинация ұсынылады.

 

Неврологиялық аурулары бар, қимыл-қозғалыстары шектелген және инсульт алған адамдарға екпе егуге болады ма?

Болады және егулері қажет!

Мұндай пациенттер вакцинацияның басымдылық тобына жатады, өйкені COVID-19-ды жұқтыру кезінде күрделі ағымның даумуының жоғарғы қауіпі бар.

 

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің вакцинация туралы қаулыларының бірінде препаратты кей созылмалы аурулар бар болған жағдайда сақтықпен қолдану керектігі айтылған. «Сақтықпен қолдану» деген нені білдіреді?

Қант диабеті, жүрек-қан тамырларының аурулары, созылмалы өкпенің обструктивті ауруы (СӨОА), астма сияқты және басқа да созылмалы аурулар (немесе созылмалы жұқпайтын аурулар) аясында коронавирустық инфекцияның күрделірек, асқынулармен өтеді және көбінесе өлім нәтижелеріне алып келеді. 
Сондықтан осындай аурулары бар адамдар бірінші кезекте вакцина егулері қажет. Бірақ қауіпсіз әрі нәтижелі вакцинация үшін вакцина алу сәтінде аурулардың тұрақты ағымда болуы, аурулардың асқынуысыз және декомпенсациясыз болуы маңызды. Мысалға, күйзеліс жағдайындағы күретамырлы қысымның көтерілуі, глюкозаның секірмелі көтерілуі немесе оның деңгейінің қатты түсуі кезеңіндегі қант диабеті, күніне бірнеше рет тұншығу ұстамасы болатын асқыну кезеңіндегі астма — мұның барлығы вакцинацияны халдің тұрақталуына дейін қалдыра тұру керек жағдайлар. 

 

Вакцинаны қандай препараттармен қатар қолдануға болмайды? Егер мен антибиотиктерді қабылдаған болсам (қабылдап жатсам) қашан вакцина егуге болады?

«Спутник V»-ді қолдану нұсқаулығында былай деп жазылған: жіті жұқпалы және жұқпайтын аурулар, созылмалы аурулардың асқынуы вакцинацияға қарсы көрсеткіштер болып табылады. Осындай жағдайларда вакцинацияны жазылғаннан не ауру бетінің қайтуынан соң 2-4 аптадан кейін жүргізеді. Яғни сіз қазіргі уақытта антибиотиктер қабылдап жатсаңыз, оларды қабылдауды аяқтағаннан соң 2-4 аптадан кейін және өзіңізді жақсы сезінсеңіз вакцина ексеңіз болады. 

Ауыр емес ЖРВИ, асқазан-ішек жолы күрделі жұқпалы аурулары кезінде вакцинацияны температураның қалпына келгенінен кейін жасайды. 

Пациенттер цитостатикалық заттарды, моноклональді антиденелерді ұзақ уақыт бойы қабылдап жүрген жағдайларды аса атап өту керек. Бұл онкологиялық, аутоиммундық аурулары, АИТВ бар адамдар, мүшелерді ауыстырып қондырудан кейінгі пациенттер. Мұндай жағдайларда кез келген вакцина нәтижелілігі иммундық реакцияның басылуына байланысты азаятын болады.

Вакцинация жайлы шешімдер әр жағдайда емдеуші дәрігер кеңесімен бөлек, пациенттің қалаулары мен COVID-19-ды жұқтыру қаупін ескере қабылдануы керек.

 

ЖАНАМА ӘСЕРЛЕР

COVID-19-ға қарсы вакциналардың қандай жанама әсерлері болуы мүмкін?

Ешбір вакцина, ешбір дәрілік зат немесе емдеу тәсілі (ота жасау, тіс емдеу, дәрі тамызу, уқалап сылау және т.б.) жанама немесе жағымсыз әсерлерсіз болмайды. Бірақ жағымсыз әсерлер сирек кездеседі және міндетті түрде сізде болады дегенді білдірмейді. Вакциналардың жанама әсерлері бар болуы мүмкін және бұл — қалыпты реакция. Көбінесе бұл қысқа мерзімді салдарсыз өтетін жеңіл немесе біркелкі реакциялар. Мысалы, инъекция орнының ауруы, бас ауруы, бұлшықеттер ауруы, қалтырау, дене температурасының көтерілуі, шаршағандық — бұл вакцинаның калыпты реакциялары. «Спутник V»-ден кейін адамдар тамақтың ауруы мен жыбырлауын, бұлшықеттердің ауруы мен сырқырауын, әлсізденуді, мұрынның бітеліп қалуын, мұрын ағуын, түшкіруді, жүрек айнуын, құсуды, іш өтуді атап өткен. Әдетте мұндай жанама әсерлер екі-үш күнде кетеді. 
«Спутник V»-ден кейін өте сирек бас айналу мен талу болады. Күрделі асқынулар жайлы мәлімет болған жоқ. Тағы да инъекция орнының ауырып ісуі мүмкін. Әдетте барлық жанама әсерлер 1-3 күннен аспайды. Симптомдарды жеңілдету үшін жай дем алу және кейбір жағдайларда қабынуға қарсы стероидті емес дәрі-дәрмектерді — парацетомол немесе ибупрофенді қабылдау жеткіліткті. Егер симптомдар ұзақтығы 3 күннен асса және қабынуға қарсы стероидті емес дәрі-дәрмектерді қабылдау жағдайды жеңілдетпесе емдеуші (бөлімшелік) дәрігермен хабарласу қажет. 

 

Жанама әсерлердің көріну деңгейі мен менің денсаулығым/иммунитетімнің байланысы бар ма?

Иә, бұл сұраққа мақұлдап жауап беруге болады. Жаңа коронавирустық инфекциядан вакцинаны, соның ішінде «Спутник V»-ді, түрлі мемлекеттің миллиондаған адамдары қабылдады. Вакцина қабылдағандарды бақылау деректері бойынша ағзаның вакцина егу аясындағы жалпы (температура, қалтыраумен бірге тұмау тәрізді жағдай, денедегі сырқырау, әлсіздік, бас ауруы) және жергілікті (инъекция орнының қызаруы және ісуі) реакциялары көп кездеспейді, айта кететіні, олар жастарда көбірек кездеседі. Бұл ағзаның бөтен ақуызды енгізуіне деген айқын жауабын көрсетеді. Егде жастағы адамдарда бұл реакциялар иммундық механизмдердің әлсізденуіне байланысты сондай айқын емес. Оған қоса иммунитеті төмен, АИТВ, күрделі қан аурулары, онкологиялық, аутоиммундық аурулары бар, иммундық супрессивті терапия қабылдап жүргендердің де вакцинацияға иммундық жауабы аса анық болмайды. 

 

ИММУНИТЕТ

Вакцина қабылдағаннан кейін нешінші күні иммунитет қалыптасады?

COVID-19-ға қарсы вакцинациядан кейін иммунитет орта есеппен 3 аптадан кейін қалыптасады. Коронавирусқа қарсы көптеген вакциналардың екі дозасы бар. Біріншісі иммундық жүйенің алғашқы реакциясын шығарады, оны «дайындап» жатқандай, ал 3 аптадан кейін салынған екінші доза күрт күшеюді тудырады, иммундық жауапты «айдап» жатқандай. Дәл осы екінші дозадан кейін айқын, көптеген бейтараптық антиденелері бар берік иммунитет қалыптаса бастайды. Антиденелер және жасушалық иммунитет өз максимумына вакцинаның екінші дозасынан соң 3 аптадан кейін жетеді.

Зерттеулер инъекцияларды егу арасындағы мерзім толыққанды қорғауға жету үшін маңызды екенін көрсетті. Вакцинаның екінші дозасын 21-28 күннен кейін (3-4 апта) қабылдау ең қолайлы болып саналады. Рұқсатты мерзім — 2 айға дейін (8 апта). Екінші вакцинаны кейінірек егу азырақ қорғау беретін болады. 

Екпеден кейін антиденелер мен қорғау механизмдері 3-6 аптада қалыптасатынын ескере осы уақыт аралығында санэпидрежимнің жалпы ережелерін сақтау маңызды, яғни әлеуметтік ара қашықтық сақтау, бетперде тағу, жиі қол жуу. Бұл вакцинациядан кейінгі кезде егілген адам әлі жеткілікті деңгейде қорғалынбаған және осы оңай ережелерге мән бермеген жағдайда COVID-19-бен ауырып қалуы мүмкін. 

 

Қорғаушы иммунитет вакцинациядан кейін қанша уақыт бойы сақталады?

COVID-19-дан вакциналар, соның ішінде «Спутник V», тек 2020 жылдың желтоқсан айының соңынан қолданыла бастады. Қорғаушы иммунитеттің сақталу ұзақтығын сенімділікпен айту үшін тым аз уақыт өтті. 
«Спутник V» жасаушыларының сақтықпен бағалауына жүгінсек, вакцинациядан кейін иммунитет 1 жылдай сақталатын болады. Бірақ бұл тек болжам және ондаған, жүздеген мың екпе еккен адамдар негізінде ғылыми растауды талап етеді. Қазақстандық QazVac вакцинасына келетін болсақ, ол әлі барлық клиникалық сынақтардан өтпеді. Сол себепті оның нәтижелілігі немесе әсерінің ұзақтылығы жайлы айту әлі ерте. 

 

ВАКЦИНАЛАР ЖАЙЛЫ МИФТЕР МЕН ҚАСТАНДЫҚ ТЕОРИЯЛАРЫ

Неліктен көптеген адамдар жалпы вакциналардан және соның ішінде COVID-19-ға қарсы вакцинадан қорқады?

Бұл, ең алдымен, соңғы жылдары бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер көптеген тексерілмеген, расталмаған, ақпарат көздері көрсетілмеген ақпаратты тарататындығына байланысты. Олар адамдарда вакцинацияның жалпы аурудың алдын-алу құралы ретінде немесе қандай да бір нақты вакциналарға қатысты алаңдаушылық пен қорқынышты тудырады.

Өкінішке орай, осындай көңіл-күйлер медицина қызметкерлерімен күшейтіледі, олар түрлі мақсатпен екпе егуден бас тартуға шақырады және оны шын мәнінде жоқ асқынулардың (балалардағы аутизм түрі, парез, паралич түріндегі неврологиялық асқынулар, дененің иммундық жүйесіне теріс әсер етуі сияқты) бар болуымен түсіндіреді. Ресми медицина, озық дәрігерлер мен ғалымдар әрдайым вакцинаның зияны жайлы мифтерді жоққа шығарады. Өкінішке орай, осындай вакцина алдындағы қорқыныштар қоғамда әлі де сақталуда. 

 

«Спутник V» вакцинасында бөтен геномдар бар ма?    

Геном — бұл ұрпақ өндіре алатын бір хромосомадағы гендердің жиынтығы. «Спутник V» вакцинасының құрамына адамның 26 серотиптегі (1 компонент) аденовирусы және адамның 5 серотиптегі (2 компонент) аденовирусы кіреді. Олардың көбеюін қамтамасыз ететін бөліктері олардан алып тасталынып, оларға SARS-CoV-2 вирусының S-ақуыз гені енгізілген. Вакцинадан аденовирус та, коронавирус гендерінің бір бөлігі де өз вирустарының көшірмелерін жасай алмайды. Яғни көбейіп, содан кейін ауруды қоздыра алмайды, дәл жеке саусақтан адам өспейтін сияқты.

Яғни «Спутник V» құрамында бөтен геномдар жоқ.

 

Егер екпенің біз ұзақ мерзімді салдарын білмесек оны қалай еге аламыз?

Денеге вакцина түрінде енгізілген коронавирустың беткі ақуызының фрагменті (S-ақуыз, спайк-ақуыз) бір аптадан кейін адам ағзасында толығымен жойылады — тек антиденелер ғана қалады, сондықтан вакциналардың ұзақ мерзімді салдары туралы еш жерде айтылмайды. 

Керісінше, сіз ауырған кезде ағзаңызға енген «жабайы вирус» қарқынды көбейіп, әртүрлі органдар мен жүйелерге әсер етуі мүмкін. Аурудың өткір кезеңінен кейін пациенттердің едәуір саны симптомдары сақталады, олар бірнеше айға, мүмкін, жылдарға созылуы мүмкін. Сондықтан коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациядан емес, оның ұзақ мерзімді әсерінен сақ болу керек.

Коронавирустық инфекцияға қарсы вакциналардың гипотетикалық ұзақ мерзімді жағымсыз әсерлері туралы алаңдауға негіз жоқ. Әртүрлі жұқпалы ауруларға қарсы вакцинацияның 200 жылдан астам тарихы бар. Бұл адамзаттың медицина ғылымындағы ең үлкен жетістіктерінің бірі.

Вакцинация — бұл адамның ауру қоздырғыштарымен байланысқа түскенге дейін аурудан қорғанудың қарапайым, қауіпсіз және тиімді тәсілі. Вакцинация жұқпалы ауруға төзімділікті қалыптастыру үшін дененің табиғи қорғаныс механизмдерін қолданады және иммундық жүйені күшейтеді.

Вакцинация жұқпалы аурулармен күресудің қауіпсіз және нәтижелі әдісі екендігі туралы ғылыми консенсус бар. Бұл іс жүзінде әртүрлі инфекцияларға қарсы вакциналарды қолдану арқылы дәлелденді, вакциналар жыл сайын миллиондаған өлімді алдын алады.

 

Вакциналардың нәтижелілігі белгісіз бола тұра вакциналарға қалай сенуге болады?

CОVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы барлық вакциналар (кез келген басқа вакциналар сияқты) тіркеуге және пайдалануға рұқсат алғанға дейін қауіпсіздік пен тиімділігін анықтау үшін клиникалық сынақтардан өтеді. Сынақтардың дәл осы үшінші кезеңі вакциналардың тиімділігін анықтайды, яғни олардың егілгендерді осы инфекцияны жұқтырудан қаншалықты қорғайтындығын.

Бұл зерттеулер ондаған мың еріктілерге жүргізіледі және әдетте дененің қалыптасқан қорғаныс деңгейі туралы нақты мәліметтер береді. Бүгінгі таңда қолданылып жатқан COVID-19-ға қарсы вакциналар осындай зерттеулерде нәтижелі екендерін көрсетті. Мысалы, «Спутник V»-дің (Ресей) нәтижелілігі 91,6%, Pfizer (АҚШ, Германия) – 95%, Moderna (АҚШ) – 94%, Sinovac (Қытай) – 50%.

Осы вакциналарға клиникалық зерттеулер жүргізген әзірлеушілер мен ғалымдардың айтуынша, олардың барлығы адамды коронавирустық инфекцияның ауыр ағым жағдайынан толықтай қорғайды, яғни вакцинация сізді инфекциядан қорғамаса да, ауру жеңіл түрде жүретін болады — бұл сізді асқынулар мен ауруханаға жатқызудан қорғайды.

Сондықтан вакциналардың тиімділігі белгілі — ол өте жоғары. Вакцинацияның пайдасы еш күмән тудырмайды.

 

COVID-19-ға қарсы вакциналарды қалай тез ойлап шығарды, бұған әдетте жылдар керек емес пе?

Медицина мен ғылым технологиялық прогресс сияқты бір орында тұрмайды. COVID-19 вакциналары осындай қысқа мерзімде «нөлден» жасалған деген пікір — қате.

«Спутник V» және AstroZeneca аденовирустық векторға негізделген, ал Pfizer/BioNTech және Moderna — бұл мРНҚ вакциналары.

Векторлық вакциналар технологиясы 50 жылдан астам уақыттан бері дамып келеді және матрицалық (м-РНҚ) вакциналардың дамуы онымен 40 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеген ғалым доктор Каталин Кариконың есімімен тығыз байланысты. 

Матрицалық РНҚ өзінде белгілі бір ақуызды синтездеу үшін ақпаратты қамтиды. Осылайша, егер қажетті ақуызды кодтайтын m-РНҚ-ны жасушаға енгізсе, жасушаны, коронавирустың S-ақуызы немесе инсулин молекуласы болсын, қажетті компоненттерді өндіруге «үйретуге» болады.

Вирустық векторларға негізделген препараттар ұқсас әсер ету механизміне ие, бірақ олар жасушаға ДНҚ бөлігін (ген) енгізеді, оның көмегімен м-РНҚ тікелей жасушаның өзінде оқылады, содан кейін қажетті ақуыз одан синтезделеді.

Осылайша, COVID-19 вакциналарына дайын әзірлемелерді модификациялау үшін аз ғана қалған, тек SARS-CoV-2 коронавирусының генетикалық кодын декодтау керек болатын. Қытай ғалымдары бұл ақпаратты әлемде бірінші болып алды және онымен 2020 жылдың қаңтарында әлемдік ғылыми қауымдастықпен бөлісті. Коронавирустардың жасушаларға енуінің «кілті» болып олардың бетіндегі шыбық тәрізді ақуыздары (немесе S-ақуыздар) табылады, сондықтан векторлық және матрицалық вакциналарды жасаушылар S-ақуыздың генетикалық кодын препараттарының негізі ретінде қолданды. Қазіргі ғылымның даму деңгейінде Biontech компаниясына препараттың дизайнына бірнеше сағат, ал басқа компанияларға бірнеше күннен бірнеше аптаға дейін уақыт керек болды.

Бірқатар басқа вакциналар (Sinovac, QazVac және т.б.) «классикалық» тәсілді — инактивация принципін қолданды (яғни ағзаға «өлтірілген» ауру қоздырғышы енгізілген кезде, бұл жағдайда — COVID-19). Бұл технология бұрыннан бар көптеген вакциналарды өндіруде қолданылады.

Осылайша, пандемия вакцина өндірісі саласындағы жаңа жетістіктердің аренаға шығуын тездетті. Матрицалық вакциналар да, вирустық векторлар да бірнеше ондаған жылдар бойы жануарларға да, адамдарға да қатысты клиникалық зерттеулерде қолданылды: қатерлі ісік, безгек, АИТВ инфекциясын тәжірибелік емдеуде, сондықтан осы уақытқа дейін олардың жақсы төзімділігі және сирек кездесетін асқынулары туралы жеткілікті ақпарат жинақталған. Жақын болашақта барлық вакциналар тек матрицалық және векторлық негіздерде шығарылуы әбден мүмкін.

 

Неліктен кейбір дәрігерлердің өздері вакцина екпейді және пациенттерді де екпеуге көндіреді?

Өкінішке орай, бүгінгі таңда көптеген медицина қызметкерлерінің білім деңгейі мен ақпаратты сыни тұрғыдан түсіну қабілеті төмен. Шетелде (дамыған елдерде) өзінің емделушілеріне екпе жасауды ұсынбайтын дәрігерді кәсіби біліктілігіне сәйкес келмегені үшін лицензиясынан айырар еді. Егер дәрігер вакциналарға «сенбесе» және екпені екпесе, бұл тек оның білім деңгейін ұзақ уақыт бойы көтермегенін және өз жұмысында заманауи ғылыми білімге емес, күнделікті өмірде кеңінен таралған қате түсініктерге жүгінетінін білдіреді. Денсаулығыңызды осындай маманға сеніп тапсырасыз ба, тапсырмайсыз ба — өз шешіміңіз.

 

Вакцинадан бас тартқан адамдар өздері үшін, отбасылары үшін және қоғам үшін қандай қауіптер-қатерлер туғызады?

Коронавирустық пандемия кезеңінде, аурудың өршуі қайта-қайта қайталанып жатқанда вакцинациядан бас тарту инфекциямен ауыру қаупін едәуір арттырады. Коронавирустық инфекцияның ағымы алдын-ала болжаланбайды және кез келген адамды ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Вирус жұқтырған адамның ішіндегі жабайы вирусты ешкім бақыламайды, сондықтан ол кез келген органға немесе жасушаларға, соның ішінде өкпеге, жүрекке, бүйрекке, ұрпақты болу органдарына, бауырға, ішекке, миға әсер етуі мүмкін. Сол үшін адам өз денсаулығы мен өміріне үлкен қауіп төндіреді. Сонымен қатар вакцинацияланбаған адам аурудың одан әрі таралуына ықпал етеді (отбасында, жақын адамдар арасында, кәсіби ұжымда, жалпы қоғамда). Ал бұл сырқаттанушылық пен өлім-жітімнің өсуіне, карантин кезеңдерінің ұзартылуына ықпал ететін болады.

 

Неліктен COVID-19 вакцинасы мен қастандық теориялары арасында байланыстар туады?

Біріншіден, оның себебі болып ғылымның, технологиялардың жылдам дамуы мен халықтың жалпы білімділік деңгейі арасындағы бос орын табылады. Адамдар жаңа бағыттардағы білім мен тәжірибе жинауға үлгермейді, оларды адастыру оңай. Көптеген адамдар үшін білім жоғарғы оқу орнында диплом алумен аяқталады, ал әлем болса бір орында тұрмайды.

Ақпараттың үлкен ағымында адам өзін дәрменсіз сезінеді, ересек туыстарымыз смартфондарымен тілдесе алмай жатқандай — оларға көмек қажет. Өкінішке орай, ақпарат өрісінде сондай «көмекшілер» болып блогерлер, үлкен аудиториясы бар медиа-тұлғалар жиі жалған ақпарат таратады: өйткені олардың әлеуметтік желілердегі парақшалары ғылыми сайттарға қарағанда әлдеқайда танымал; сонымен қатар олар өз оқырмандарымен дәрігерлер мен басқа ғалымдарға қарағанда түсінікті тілде сөйлеседі. Бұл ютуб, инстаграм, фейсбук және теледидардағы сөйлеушілер нағыз іспен, ғылыммен, айналысып жатқан жоқ, өз мақсаттарында көбірек оқырманды қызықтыруға талпынады. Өздеріне назар аудартуға оларға фактілермен манипуляция жасау көмектеседі. Олар әртүрлі аурулардан зардап шегетін адамдарды, ауру балалардың ата-аналарын, қорқыту әдістерін және «қорқынышты оқиғаларды» қолданады.

Қастандық теориялары әрдайым бар болған, енді оларды айыптаудан қорықпай тарату оңай болды — «жіберу» түймесін басу арқылы. Мұндай жөнелтімдер неғұрлым көп болса, соғұрлым олар өз «ізбасарларын» табады. Вакцинацияның 5G мұнараларымен, Билл Гейтспен және чиптеумен байланысы — дәл сондай теориялардың мысалдары.

Елестетіп көріңіз: әлемдегі бар билік құрамында ғаламшардың барлық ең бай адамдары бар Құпия қоғамға тиесілі (ал әлемдегі ең бай адамдардың бірі кім? Дұрыс — Билл Гейтс). Жер бетіндегі барлық адамдарды бағындыру үшін (бірақ неге, не үшін? Мұны ешкім білмейді) олардың денелеріне арнайы чип енгізу керек. Мұны қалай жасауға болады? Әрине, вакциналардың көмегімен! Бірақ неге антибиотиктер немесе, мысалы, тамақ өнімдері арқылы емес — олар халық арасында танымалдырақ қой? Мұны ешкім нақты түсіндіре алмайды.

Жаппай вакцинацияның алғышарттарын жасау үшін себеп қажет — әрине, жасанды түрде өндірілген, өлімге алып келетін вирус. Оны 5G мұнараларының көмегімен бүкіл әлемге таратса болады, олар әсіресе жоғары жиіліктерді тудырады — бұл вирустың ауа арқылы ұзақ қашықтыққа жақсы таралуына ықпал етеді. Солай шексіз ойдан шығара берсе болады — бұл өте қызықты ғой! Ал сыни ойлауды дамытып, ғылыми мақалалар оқу барлығының қолынан келмейді, өйткені бұл мидың үлкен еңбегін талап етеді және көбісі үшін түсініксіз әрі қызықсыз болып табылады. Дәл солай вирустай секілді небір ойдан шығарылған қорқынышты нәрселер таралады, бірақ әлі де кеш емес екеніне және қоғамның басым бөлігі сана мен ғылым дауысын тыңдау қабілетін жоғалтпағанына үміт бар. 

 

Қастандық теориялары мен антивирустық ақпараттық науқандар қоғам үшін қаншалықты қауіпті?

Егер біз жұқпалы ауруларға қарсы ұжымдық иммунитеттің деңгейі туралы айтатын болсақ өте қауіпті: тек COVID-19 ғана емес, сонымен қатар қызылша, дифтерия, көкжөтел, полиомиелит сияқты және т.б. вакцинамен басқарылатын балалар инфекциялары. Адамның жады өте алғыссыз әрі қысқа және осы уақытта бұл аурулардың қандай қорқынышты салдарға әкелетінін көрмеген адамдар ұрпағы (дәрігерлерді қоса) өсіп келеді.
Қоғамның иммундық қабаты неғұрлым жұқа болса, ұқсас инфекциялармен «танысу» қаупі соғұрлым жоғары болады. Мысалы, қызылша ауруы қызылша энцефалитімен қорқынышты, одан өліп қана қоймай, өмір бойы «көкөніс», терең мүгедек және паралич, болып қалуға болады. Ал балалардағы менингиттің 65%-ын гемофильді бацилл туғызады, 32-33% — пневмококк, қалғанын — менингококк. Бұл микробтарға қарсы вакцинация біздің балаларымызды менингиттен, өлімнен немесе мүгедектіктен құтқарады. Жабайы коронавирус ерлер мен әйелдердің жыныстық жасушаларына әсер етіп, оларды бедеулікке әкелуі мүмкін.

 

КОРОНАВИРУСТЫ «ЕМДЕУДІҢ» ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІ ТУРАЛЫ

Куркумин коронавирусқа қарсы тұруға пайдалы деп айтылады. Бұл рас па?

Дәрігерлер мен ғалымдардың COVID-19 жаңа коронавирустық инфекциясын емдеуге арналған тиімді дәрі-дәрмектерді әзірлеуге белсенді күш салғанына қарамастан бұл мақсат әлі жүзеге асқан жоқ. Бұл аурудың тиімді дәрілік терапиясының болмауы көпшілікке белгілі бір дәстүрлі емес емдеу әдістерінің пайдалы қасиеттері, соның ішінде өсімдік өнімдерін пайдалану туралы ақпаратты тудырады.
Атап айтқанда, әлеуметтік желілер, бұқаралық ақпарат құралдарында сарымсақ, куркума, лимон, зімбір және т.б. COVID-19 пациенттері үшін ғажайып әсерлері болғандығы жайлы мақалалар мен хаттар кеңінен таралды. Бірақ пандемия жалғасуда, адамдар әлі ауырып, ауыр жағдайларда өліп те жатыр. Медициналық қоғамдастықта бұл емдеу тәсілдерінің оң әсері бар екендігі туралы ресми расталған деректер жоқ. Сондықтан коронавирустық инфекциясы бар науқастарға куркуминнің пайдасы сіз күнделікті жейтін басқа өнімдермен салыстырмалы, бірақ одан басқа ештеңе жоқ.

 

Ыстықкөл тамыры COVID-19-ға көмектеседі ме?

Ыстықкөл тамыры немесе жоңғар акониті — улануы өлімге әкелетін өте улы өсімдік. Акониттің барлық бөліктері өте улы, оларды ішке және тіпті сыртқа да қолдануға болмайды. Акониттердегі алкалоидтар (аконитиндер) көп мөлшерде сілекейді, ас қорыту жолындағы ауырсынуын, терінің қышуын, қарашықтың тарылуын, құсу және диареяны, құрысуларды, жүрек ырғағының бұзылуын, содан кейін тыныс алу мен жүрек соғуының толық тоқтауын тудырады. Улану белгілері тез дамиды, өлім 2-4 сағат ішінде, уақытылы медициналық көмек көрсетілмеген кезде пайда болады.

Ежелгі кездерде жебелер мен найзалардың ұштары жеңіл жаралардың өзі жауға өлім әкелуі үшін осы өсімдіктің сығындысымен сүртілген.

Ыстықкөл тамырын COVID-19-ды емдеу үшін қолданудың ғылыми негізі жоқ. Сонымен қатар медицина аконитинді уларға жатқызады, сондықтан адамдардың тіпті зерттеу мақсатында аконитинге негізделген препараттарды сынақтан өткізуіне жол бермейді.

Ыстықкөл тамырынан жасалған препараттарды қолдану өмірге қауіпті. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз, тағдырыңызды сынамаңыз.

 

 

Адыраспан мен қойдың майы коронавирустан қорғайды ма?

Баяу еритін жануар майларын (қойдың, үйректің және т.б) теріге жаққанда үлбір түзіледі. Бұл жылуды ұстап тұрады. Сондықтан олар қыздырғыш эффект беріп, бұлшық еттер мен буындарды босатып, ауруды басады. Суық тию және бұлшық еттерде кез келген инфекциялық аурудың болуы сирек емес. Ондайда бұл «физиотерапия» симптомдарды жеңілдетеді. Бірақ бұл майлар ешқандай инфекцияның бетін қайтара алмайды.

Адыраспан немесе кәдімгі Гармала — өте әсерлі жәндік жойғыш. Онымен бөлмені түтіндейді. Мұндайда абай болу керек, егер бөлмеде жүкті әйел болса адыраспан уақытынан ерте босану немесе түсік тастауға алып келеді. Өкінішке қарай, бүгінде ғылыми қоғамдастыққа бұл шөптердің вирусқа қарсы күші белгісіз. Шөптің вирус пен бактерияға қатысты әсері туралы ғылыми дәлел де жоқ. 

 


Бүкіл әлемде COVID-19-ға қарсы вакцинация процестерінің қалай өтіп жатқандығы туралы жаңа мәлімет күн сайын түсуде. ҚОДА мамандары байланыста болады және оқырмандардың сұрақтарына ҚОДА инстаграм парақшасында демалыс күндері өткізілетін сұрақ-жауап тұрақты айдары аясында жауап беруге дайын. ҚОДА халықты онлайн-қолдау және ақпарат беру жобасы «Теңізшевройл» ЖШС қолдауымен іске асып жатыр.

Жарияланған уақыты: 4 Мамыр, 2021 жыл