Азалы күн, ашулы күн

DOCA Қазақстан

Азалы күн, ашулы күн

Репортаж: Данияр Молдабеков

Иллюстрация: Роман Захаров

Фото: Тимур Нусимбеков, Малика Ауталипова

14 Ақпан, 2022 жыл

Алматы, Қазақстан

Қаңтар оқиғасының 40 күндігіне орай еске алу шарасын ұйымдастырып, Қазақстанды қыл бұрауымен шырылдатып жатқан репрессия толқынын тоқтатуға тырысқан алматылықтар жайлы Данияр Молдабековтің Adamdar/CA үшін арнайы дайындаған репортажы.

Жексенбіде, 13 ақпан күні, Алматыда бейбіт шеруге жиналғандар Тоқаевқа импичмент жариялауды, Назарбаев даңғылын Qańtar деп атауды, қаңтар оқиғасында адамдардың қайтыс болуы мен азапталуына қатысы барлар жазалануын талап етті. Тәуелсіздік монументінің жанына жиналған жүздеген адамға өртенген әкімшілік ғимараты биліктің әсіре қолданған күшін еске салып тұрды. 

«Фашизмді тоқтатыңдар»

Солардың бірі — алматылық Шолпан Өтегенова. Оның ұлы Бақберген Төлегенов досы екеуі Жетісу аудандық полиция басқарамасы ғимаратының жанынан өтіп бара жатқанда қаралы қаңтарда қаза тапқан. «Ол 20-ға енді толған өрімдей жас еді. Жалғыз ұлым, асыраушым еді. Досы екеуі таксилетуге шыққан. Екеуі бірге жүрген. Жетісу аудандық полиция басқармасының жанына тоқтағанда, оларды атқылай бастаған. Олар тіпті не болғанын аңғармай қалды. Ұлымның досы тірі қалған екен, сол айтып берді. Ұлымның денесін көлікке тией сап, кетіп қалған. Бес күн бойы бүкіл аурухананы шарладық», — дейді қаралы ана. Көмейіне кептелген өксік ары қарай сөйлеуіне мүмкіндік бермеді. 

Асқар Ғалиев — археолог Ерлан Жағыпаровтың жан досы, Ерланды 6 қаңтарда Республика алаңында ұстап, кейін мәйітханадан жансыз денесін алған. Ғалиев — Жағыпаров хабарласып, өзін Ұлттық гвардия ұландары ұстағанын айтып үлгерген соңғы адам. Ол Жағыпаровты тірі көрген де соңғы адам. Ғалиев досын тапты, бірақ қолындағы кісені де алынбаған, денесінің бәрі көкала қойдай боп сабалған денесін тапты. «Оны соңғы көрген де — мен, оны алғаш тапқан да — мен. Сол кезде көргенімді ешкім өмірі көрмесе екен. Қолындағы кісені де алынбаған. Сол кезде фотоға түсіріп алғам, солар сақтаулы, сосын кісені де менде сақтаулы… Енді оғы да менде», — дейді Ғалиев. Ол бәрін кінәлаудан аулақ, нағыз майталман құқық қорғаушыларды басқаларына қоспау керегін, сондай-ақ қандықол қызметкерлерді табу керек екенін, басқалар таба алмаса, өздері іске кірісетінін баса айтты. 

«Оларды табу керек. Кінәлілерді таба алмаса, оларды біз табамыз. Бәрін ашық айтудан қорықпаймын. Солай болады. Жақынын жоғалтқан біз сияқтылардың саны қанша? 200, 300 адам ба? Бізге де бірнәрсе болса, онда санымыз өсе береді, мыңдаған адам боламыз. Демек, ең жақсысы — кінәлілерді табу», — дейді Ғалиев.

Оны соңғы көрген де — мен, оны алғаш тапқан да — мен. Сол кезде көргенімді ешкім өмірі көрмесе екен.

 

Митингіні ұйымдастырушылардың бірі Марат Тұрымбетовтің айтуынша, акцияның бір мақсаты — бейбіт адамдарды өлтіргендерді, ұсталғандарды азаптаушыларды табуды талап ету. «Бұл жай митинг емес, қаралы жиын, – деді белсенді: – Біз әуелі қаза тапқан жандарды еске алып, Құран бағыштадық. Енді әділ тергеуді жалғастыруды талап ете береміз. Көптеген жігіттер жазықсыз қамауда отыр. Оларды босатуды да талап етеміз».

«Қаңтар оқиғасы әлемді дүр сілкіндірді. Бәрі сонымен бітуі керек еді, бірақ оқиға созбақталып әлі келеді. Саналы түрде, аяусыз түрде жалғасып жатыр,» — дейді қоғам қайраткері, экология саласы бойынша белсенді Ажар Жандосова

Фем-белсенді Олеся Котова «Мүмкіндіні болса, қазақстандық әр адам орын алып жатқан оқиғаға келіспейтінін білдіруі керек». «Бәрінен қатты шошытқаны — жасөспірім балаларды да азаптап жатқаны. Қолымыздан не келеді, білмеймін… Қазірге жасай алып жатқаным — мына болып жатқан жағдайға қарсы екенімді білдіру ғана», — дейді ол. 

Фотограф Бауыржан Сәбитов бұл акцияға қатыспаса болмайтынын айтты. Оның пікірінше, қазіргі таңда адамдарға Қазақстан азаматтары террорист емес екенін ұқтыру керек. 

Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Абкеева да үйінде қалуға дәті шыдамапты. 
«Үйде қалуға болмайтын жағдай. Үлкен-үлкен сөздер айтуға болады, бірақ айтқым келмейді, жүрегім қан жылайды. Жазықсыз жастар, қарт адамдар, басқалар өліп кетті. Саясатқа тереңдегім келмейді, бірақ мұнда қаңтар қырғыны құрбандарын еске алуға келдім. Басқа қолымнан келері не?» — дейді Абкеева. 

«Бұл не қылған қанға құмарлық? Біз, мұғалімдер, осы қанішерлер біздің алдымызда отырып дәріс алғандар болуы мүмкін-ау, біз кішкентай кезінде олардың басынан сипаған да шығармыз деп шошындық... Олар бүгін соншалық қанішерлікпен айналасып кеткені, адамдарды азаптап ұрғаны, ыстық үтікпен адам үтіктегендері несі?! Олар фашистер ғой. Үндемей қалуға болмайды,» — деді Абкееваның әріптесі әрі аттасы тағы бір Роза

«Фашизм» деген сөз сол күні митингке қатысушылардың қолындағы плакаттарда да көрініс тапқан. «Фашизмді тоқтатыңдар», «Тоқаев, кет!», «Полиция, азаптауды доғар!» — шерушілер талабы осы төңіректе болды. 

Бір кезде құрсауланған трибуна маңындағы El Tiregi Демпартиясы, өзге де қозғалыс өкілдерінің назарын қырық бестер шамасындағы бір ер адам өзіне аударды. Ол монументтің ар жағына аппақ парақтарды қатарластырып төсеп, әр парақтың үстіне бір алмадан қойып жатты. Ол Кеңес өкіметі кезінен бері белгілі қазақстандық суретші Иван Стадничуктың ұлы Денис Стадничук еді. Оның бұл акциясына басқа шерушілер де қосылып кетті. 

«Қаламыздың қақ ортасында өз адамдарымызды өлтіру деген миға сыймайтын жайт! Мейірімнің де, жауыздықтың да шегі болды. Тәуелсіздіктің отыз бірінші жылында, өкінішке қарай, осындай қайғы басты… Неге??? Он жыл бұрын Жаңаөзен оқиғасы болған. Қандай нәтиже шықты, қандай?... Он жылдан бері түк өзгермеген. Бұрын Сәрсенбаев, Нұрқаділов сияқтыларды жекелеп өлтірді, Жаңаөзенде он шақты адамды атты, қазір жүздеп өлтірді. Біз олардың аттарын да білмейміз. Мүмкін мұнда, — Стадничук артына бұрылып, ақ парақ үстіндегі алмаларға қарады, — олардың портреттері тұрар ма еді? Болашақта мына граниттерге олардың аты-жөндері ойылып жазылатын шығар».

Болашақта мына граниттерге олардың аты-жөндері ойылып жазылатын шығар.

Стадничук айтқандай, Мадина апаның аты да мына гранит тақтаға ойылып жазылар ма еді, — кім білсін. Тұманды, қан иісі айналаны түгел жапқан қаралы қаңтарда ол да Республика алаңында болды. Ол бейбіт шеруге шығып, Қазақстандықтарды террорист деп атамауды талап етті. Сосын Мадина апа Тәуелсіздік монументі маңындағы қоқысты тазалады: 1986 жылдың желтоқсанында, 28 жасында да осы алаңға бір шығып еді, сондықтан қатігез билеушіге қарсы шыққан бұл орын кәнігі күрескер үшін өте қымбат. 13 ақпанда, жексенбіде қайтыс болған құрбандарды еске алуға келген ол Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Атамекен» әнін шырқап тұрды. 

Шеру барысында кемінде үш рет құрбандарға бағыштап құлшылық жасалды. Тәуелсіздік монументі айналасындағы гранит батпақ еді, бірақ құлшылық жасалған уақытта, адамдар мына жер лас деместен, тізерлеп отырды. 
 

«Аппақ армен өмір сүру керек»

Алматыдағы қаралы шеру кезінде астанадағы «Хазрет Сұлтан» мешітінде де құрбандарға Құран бағышталды. Ол жерде президент Қасым–Жомарт Тоқаев та болды, сол сәтте алматылық шерушілер президентке импичмент жариялауға шақырып жатты. 

Ал президент тағы да «террористер» туралы сөз қозғап: «Ел тәуелсіздігіне, тұрғындар қауіпсіздігіне, мемлекет болашағына қауіп төнді. Біз террористерге қарсы тойтарыс беріп, олардың жолын кестік. Өкінішке қарай, бұл бүлік кезінде бейбіт тұрғындар да қаза болды. Бұл – нағыз трагедия. Тиісті органдарға мұқият тергеу жүргізіп, осындай әр жайттың анық-қанығын ашуға пәрмен бердім. Мен үшін адам құқы мәселесі бірінші орында», — деді.

Сол сәтте, Тоқаев террористер жайлы әңгіме қозғап жатқанда, 2001 жылы дүниеге келген суретші Медина Базарғалиева сөз алып, үмітсіздік, депрессия және болашақ жайлы ой қозғады.

«Осы аптада бесінші сыныптарға дәріс оқуға бардым, мен соларға қарап, болашақты қазір қалыптастырып жатқанымызды түсіндім, — деді Базарғалиева шеруде тұрып, бізге берген сұхбатында. — Мен бұнда болашақты құруда үмітіміз үзілмесін деуге келдім. Ол балалардың жанарлары от шашып, өз өнер жолдарын қалыптастырарына сенімдері зор болды. Олардың да менің жасыма келгенде, қазіргі мен сияқты үміттері үзіліп, сары уайымға салынбаса екен деп тілеймін. Мен адамдардың өмірін қиып жатқан, бізден ақпаратты жасырып, жауып жатқан жайттарды сырттай ғана қарап, бақылап отыра алмаймын, сол үшін келдім. Аппақ армен өмір сүру керек». 

Мен бұнда болашақты құруда үмітіміз үзілмесін деуге келдім.


Контекст

Қазақстандағы қаңтар оқиғасы 2 қаңтарда Маңғыстау облысында басталған. Келесі күндері еліміздің өзге өңірлері де қосылып кетті. Газ бағасының төмендетілуіне қатысты талап әлеуметтік-экономикалық, саяси ұрандарға ұласты.

 4 қаңтарда еліміздегі ең үлкен қала — Алматыда бейбіт шерушілердің наразылығы басталды. Бұл тәуелсіздік тарихындағы ең үлкен шеру еді. Бұл шеруді полиция күшпен басты, шерушілерге қарсы жарық-шулы гранаталар атып, резеңке оқтар, көзден жас ағызатын газ қолданды. 

 

 

5 қаңтарда күндіз қала әкімшілігі, Алматыдағы президент резиденциясы басып алынып, өртке оранды. 5 қаңтарда жергілікті тұрғындар мен журналистер отты қару пайдалылғаны жайлы, қарапайым тұрғындар өлімі жайлы бірнеше мәлімдеме жасады. Сондай-ақ 5 қаңтарда және кейінгі күндері ұйымдасқан мородерлік топтар, провокаторлар мен «титушкалардың» шабуылы жайлы да хабарламар келіп жатты. Интернет бұғатталған соң ірі мегаполис тұрғындары ақпарат ала алмады, ал билік мемлекеттік арналар арқылы «халықаралық террористер» шабуылы туралы айтып жатты. Қаңтар оқиғасына «халықаралық террористердің» қатысқаны жайлы дәлел әлі күнге жоқ (14.02.2022 ж. дерек бойынша). 

6 қаңтардан бастап көптеген куәгерлер мен құқық қорғаушылар, журналистер зерттеуіне сүйенсек, әскерге қарсы шеруде Алматыдағы Республика алаңында ескертусіз қару қолдануға пәрмен берілді. ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин 6 қаңтарда Республика алаңында оқ атылғанын теріске шығарады

 

 

«…Билікпен көзқарасы сәйкес келмейтіндер мен ел территориясындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайға көңілі толмайтындардың аузын жабу үшін «терроризм» сөзін қолдануға болмайды,» – деп, БҰҰ Адам құқықтарын қорғау жөніндегі арнайы баяндамашы Қазақстандағы бейбіт шерушілерге қарсы қару қолдануды және биліктің «террористер» деген сөзін айыптады.

6 қаңтар 2022. Фото: Тимур Нусимбеков

БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерде түрлі өлім мен қарапайым тұрғындарды жаппай азаптауға қатысты көптеген куәгер пайда болды. Қазірге қолда бар дерек бойынша, қаңтар оқиғасында Қазақстанда 227 адам қайтыс болған. Сондай-ақ Бас прокуратураның мәліметі бойынша, қаңтар оқиғасына қатысып, қамалғандардан азаптауға қатысты 250 шағым түскен. 

Қайтыс болғандар жайлы ақпаратты белсенділер, құқық қорғаушылар мен журналистер өз бетінше іздестіруде. Билік әлі күнге құрбандардың ресми тізімін жариялаған жоқ. 

Қайғылы қаңтар оқиғасына қатысты Қазақстан қоғамы, мәдени және масс-медиа өкілдері Qandy Qańtar деген атау аясында бірігіп кетті. 2022 жылдың қаңтар оқиғасы заманауи Қазақстан тарихында аса ірі гуманитарлық апат, аса үлкен қанды қырғын болып қалады. 

 

 

Adamdar/CA командасы Qandy Qańtar-да қайтыс болғандардың, зардап шеккендердің жақындарына, отбасыларына қайғырып, көңіл айтады. 

Біз қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеп-тексеруді қолдайтын барлық қазақстандықтармен, құқық қорғаушылармен, тәуелсіз журналистермен біргеміз. 

#AlmatyQańtar2022
#QandyQantar


Adamdar/CA командасы дайындаған өзге де материалдарды QandyQantar хэш-тегі арқылы таба аласыз. 

Жарияланған уақыты: 14 Ақпан, 2022 жыл