Герольд Бельгер / Еркін ойлар
Иллюстрация: Перизат Сулейманова

Кітапхана DOCA Қазақстан

Герольд Бельгер / Еркін ойлар

Иллюстрация: Перизат Сулейманова

7 Ақпан, 2019 жыл

Алматы, Қазақстан

Герольд Карлұлы Бельгер 1934 жылы Еділ бойында туған. 1941 жылы Қазақстанға неміс ұлтының өкілі ретінде жер аударылған. Ол Сталин сенімсіз әрі жау деп таныған халықтардың аштық пен ауру жайлаған және ауаның жоқтығынан тақсырет тартып, тағдыры тәлкекке ұшыраған мыңдаған адамдардың вагонында аман қалды.  

Герольд Бельгердің балалық және жастық шағы Есіл бойындағы қазақ ауылында өтті. Алматыға келуімен ол қазақ, орыс және неміс халықтарының мәдени өміріне қан жүгіртіп, шырайын асырған көпқырлы әрі аса өнімді аудармашылық және әдеби қызметін бастап кетті. Оның есімі, оның үні, оның сөзі әдеби үдерістің шегінен шығып кетті. Парасаттылығы, туралығы мен азаматтық адалдығы үшін ол қоғам мен БАҚ беттерінде Ұлттың ары, Соңғы қазақ деп те аталды.

2015 жылдың 7 ақпанында Алматының Шевченко мен Байсейітова көшелерінің қиылысындағы емханада Герольд Бельгердің үлкен жүрегі мәңгілікке тоқтады. Біз оның негізінен 2007 жылы қағаз бетіне түсірген ойлары мен жазбаларын жариялап отырмыз.  Жылдар өтсе де, олар өз маңызын жойған жоқ. 

Ұстамдылық тұрмыста, өмірде жақсы болғанмен, шығармашылыққа жарамайды. Құштарлық ұстамдылықпен бірге жүрмейді. 


***

Адамды қалай болса, солай, қаз-қылпында қабылдау керек. Әйтпесе, оны көрместей боп кетуің мүмкін.

***

Мені қазақстандық демократияның «айрықша жолы» алаңдатады. Бұл – өз-өзін алдау, нонсенс. «Айрықша жол» жайлы айтылып жатса, сол деп біл. Тығырық. 

***

Біздің биліктің ойынша, нағыз отансүйгіш дегеніміз – зейнетке бір жыл қалғанда дүние салған адам. 

***

Ығына жығылғыштық – міне көп зиялыларымыздың бүгінгі ұраны. 

***

«Төменгі» деңгейдегілердің ақша жымқырғанына көзжұмбайлық жасаса болады.  Ал «жоғарғы» жақ ұрласа, қазақша айтқанда, түйені түгімен, биені бүгімен жұту дегеннің нақ өзі болмақ – қоғам бір үлкен жарылысты күтіп отыр. 

Бақытты құл – азаттықтың асқан жауы.

***

Орыстың боғауыз сөзі өзгенің аузынан шықса, жұмсарып кетеді. Кейде тіпті мейірімге толады. Қазақ жазушысын білемін, оқушы қызының шашын өріп отырып: «Өй, айналайын…. твою мать!» деп еркелетіп отыратын.

***

Біздің тұрақтылық деп жүргеніміз – жай ғана тоқырау.

***

Менің толқынымның тұрмыстық сатылары: әуелі – физикалық тұрғыдағы күнкөріс қамы, сосын – рухани тұрғыдан аман қалу қамы, енді – қарапайым күнкөрістің жанталасы.

***

Ешкімнің ештеңеде шаруасы болмаса, істі кім тындырмақ?!

***

Көкжайлау — сақтауға, қастерлеуге тиіс Құдайдың ғаламат жаратылысы.  Ең алдымен, оны сақтап қалу жайын қазақтар, замандастарымыз, алматылықтар ойлауы керек. 

***

Қазақстанда алпыс жылдан астам уақыт бойы өмір сүріп жатсам да, тіпті бұдан кейін де мен тұрғылықты адам бола алмаймын. Асылында, мен сырттан келгенмін. Кейде осы жөнінде ойлаймын. Тұрғылықты болу үшін мен Германияға қоныс аударуым керек. Алайда ол жақта мен әрі кетсе кейіннен қайтқан оралман ғана боламын. Қайда барсам да, ешкім өзім де білмейді.

***

Абай қазір арамызда жүрсе, ешқашан депутат болмайтын еді. Өйткені ол «Нұр Отан» партиясына, Қазақстан жазушылар одағына мүшелікке ат басындай алтын берсең де өтпесі анық.

Азаттық тек күштілерге керек. Әлсіздерге құлдық та жарайды. Азаттық алған құл өлтіреді.

***
Тағамдардан жылқы етін, қазы, қарта, жал, жая, шұжықты артық санаймын. «Шөп-шаламды» құп көрмеймін.

***

Қазақ достарымнан басты айырмашылығым сол, менде бәрі бір-бірден ғана: бір әйел, бір қыз, бір немере, бір шөбере.

***

Мен – атеиспін, бірақ Құдай маған түсіністікпен қарайды.

***

Аруақтарды қастерле, өзің де алға ұмтыл. 

Герольд Бельгер жұмыс кабинетінде, 2014 жыл
Фото: Тимур Нусимбеков


 

Жарияланған уақыты: 7 Ақпан, 2019 жыл