Қазақстан тарихындағы әйелдердің ең ірі шеруі

Adamdar news DOCA Қазақстан

Қазақстан тарихындағы әйелдердің ең ірі шеруі

Авторлар: Малика Ауталипова, Тимур Нусимбеков

9 Наурыз, 2021 жыл

Алматы, Қазақстан

8-наурызда Алматыда әйел құқығы бойынша тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі шеру өтті. 2021 жылғы әйелдер шеруін кейінгі жылдардағы азаматтық, еңбек және саяси бейбіт шерулердің ішіндегі ең ірісі деп атасақ та болады.

 

Шеру Ганди саябағынан басталып, Шевченко көшесін беттей жалғасты. Жиналғандар санының көптігі сонша, шеру сабы бірнеше жүздеген метрге созылды. 5 километр шерулеткен қатысушылар Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдына тоқтап, сонда митиң өткізді. Шеру мен митиңге шамамен 500-ден 1000 адамға дейін қатысты деген түрлі болжам бар.

 

 

2021 жылдың әйелдер шеруінің тақырыбы — әртүрлі әйелдің құқығы мен белсенділігі болса, ұраны — «Қазақстанды феминизм құтқарады».

 

Биыл әйелдер шеруін ұйымдастырушылар алғаш рет қала әкімдігі тарапынан рұқсат алды. Қазақстандағы басқа бейбіт жиындар, флешмобтар мен пикеттер әдетте қатысушылардың ұсталып, қамалуымен, бірнеше сағаттап құрсауда ұстауымен, титушкалар мен араңдатушылардың шабуылымен, бейбіт азаматтар мен бейбіт жиында жасалатын басқа да қысым түрлерімен аяқталатын.

 

 

2020 жылғы 8 наурыздағы дәл осындай шеруден кейін азаматтық белсенділер Арина Осиновская мен Фариза Оспан сотқа шақыртылып, әкімшілік істер бойынша (ұсақ бұзақылық және заңсыз митиңге қатысқаны үшін) кінәлі деп танылды. Арина Осиновская мен Фариза Оспан кінәлі емеспіз дейді. Олар биылғы митиң мен шеруді ұйымдастырушыларының бірі болды. 

 

 

Халықаралық әйелдер күнінде марш өткізу Қазақстанның фем-қозғалыстары үшін жыл сайынғы дәстүрге айналғандай. Митиңде шеру ұйымдастырушыларының бірі, «ҚазФем» тобының өкілі Вероника Фонова 2017 жылы өткен ең алғашқы әйелдер шеруіне шамамен 20 адам қатысқанын еске салды.  

 

 

2019 жылы шеру тоқтатылса, 2020 жылы әйелдер шеруіне бірнеше жүздеген адам шықты, ал 2021 жылы бірнеше есе көп адам шығып, бұған дейінгі митиңдер мен шерулерді баса озды. 

 

 

Әйелдер шеруін «ҚазФем», FemAgora, «Феминита», SVET қоғамдық қоры секілді тәуелсіз ұйымдар мен топтар ұйымдастырды. 2021 жылғы Әйелдер шеруі мен митиңге түрлі жастағы, түрлі мамандық пен сала иелері: оқушылар, студентер, құқыққорғаушылар, түрлі арт- және фем-топтың қатысушылары, мәдениет, өнер, ғылым, медиа және спорт өкілдері қатысты.

 

 

Бүгінгі әйелдер шеруіне алматылықтардан бөлек Ақтау, Астана, Атырау, Шымкент және Қазақстанның басқа да қала тұрғындары келді. 

 

 

Осы жылы Бельгия, Болгария, Канада, Эстония, Финляндия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Солтүстік Ирландия, Латвия, Нидерланды, Португалия, Словакия, Словения, Испания, Швеция, Швейцария елшіліктері мен Еуропалық Одақтың Қазақстандағы өкілдігі ресми баяндамада әйелдер шеруіне қатысушылармен ниеттес екенін жеткізді. 

 

КAZTAG-тың хабарлауынша, 2021 жылы ақпанда: «Еуропапарламент Қазақстандағы саяси жағдайды қатаң сынға алып, «Қазақстанда соңғы апталарда адам құқығы мәселесінің нашарлауы мен азаматтық қоғам ұйымдарына жасалған қысымға, сөз бостандығы, бейбіт жиындар мен қауымдастықтарға бағытталған қатаң шектеулерге» назар аударды. Еуропарламент мүшелерінің пікірінше, „Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтық қоғам мен адам құқықтарын қорғайтын ұйымдарға ел билігі тарапынан жасалатын қысым артып келеді, ол елдегі реформалау жұмыстарына кедергі келтіріп, азаматтық қоғамның маңызды жұмысын шектейді“».

 

 

 

 

 

Митиң ұйымдастырушылары ағартушы және ғалым Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдына жиналып, жиын соңында келгендерге алғыс айтып, әйел құқығын талап ететін митиңдер мен шерулер жыл сайын өтіп тұрады, бұдан да көп адам жиналатын болады деді. Митиң мен шерудің жүздеген қатысушылары «Рақмет!» және «Спасибо!» деп ұрандата бастады.

 

Жарияланған уақыты: 9 Наурыз, 2021 жыл