Келіспеушілік алдындағы қорқыныш Келіспеушілік алдындағы қорқыныш

Кітапхана DOCA Қазақстан

Келіспеушілік алдындағы қорқыныш

Автор: Рустам Қыпшақбаев

Суреттер: Роман Захаров

31 Мамыр, 2020 жыл

Қазақстан

Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесіне арналған бір іс-шарада спикерлер шындықты айту алдында қорқыныш барын бірнеше рет атап өтті. Кейін мен олардан «Неден қорқасыздар?» деп сұрадым. Спикерлер жауап бермеді — не олар өз жауаптарын қисынға келтіре алмады, не қорқыныштарының терең болғаны соншалықты, тіпті оларды сөзбен жеткізудің өзі қорқынышты. Жеке пікіріңді білдіру алдындағы қорқыныш мәдениеті, бәлкім, жаппай саяси қуғын-сүргін дәуірінен қалған терең із шығар. Біз өзгеше болудан, келіспеуден, өз пікіріміздің барынан немесе оны білдіруден қорқамыз: біз осылардың салдары жайлы білеміз, алайда бұл қандай салдар екенін өзіміз үшін әрдайым нақты тұжырымдай алмаймыз.

Саяси қуғын-сүргін — бұл тек біздің тарихымыз ғана емес, сонымен қатар қазіргі шағымыздың бір бөлігі.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанның қазіргі тарихында елеулі рөл атқарады. 1917 жыл төңкерісі, Азамат соғысы, «Кіші Қазан», Ашаршылық, 1930 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін, соғыстан кейінгі қуғын-сүргін, ХХ ғасырдың екінші жартысындағы өзгеше ойлау және диссиденттілікке қарсы күрес — осы тарихи жолдарда қазақстандықтардың бірнеше ұрпағы туып, өмір сүріп, көбісі қаза болып үлгерді. Бұл тұрғыда біздің тарих КСРО тарихын да, одан кеңірегін де, яғни әлемде не болып жатқанын да көрсетеді. Дәл сол 1930 жылдар әлемнің тек біз орналасқан бөлігінде ғана аштық пен саяси қуғын-сүргін шарықтау мен «гүлдену» кезеңі болған жоқ: Испандық фалангадан милитарлық Жапонияға дейін — мемлекеттер көптеген адамды жау деп жариялап, оларды технологияның дамуы мен алып мемлекеттік бюрократияның пайда болуынан туған тәсілдер арқылы жазалады. Сол кездегі адам құқықтарын бұзушылықтың ауқымды көлемі мен оларды қайталамау алдындағы қорқыныш заманауи халықаралық адам құқықтарын қорғау жүйесінің қалыптасуы мен дамуына алып келді.

Неліктен біз өткенде болған нәрселерді қоғам ішінде жанжал тудыру қаупіне қарамастан әлі де еске алу керекпіз? Неліктен «жаңа бет» бастап, «жараларды» жазбасқа?

Менің ойымша, бұл сұрақтың үш жауабы бар.

Біріншіден, қоғам ретінде біз қуғын-сүргіннің бүгінгі Қазақстанға саяси, мәдени, әлеуметтік жағынан қалдырған ізінің қаншалықты үлкен екенін толықтай түсіне қоймадық. Миллиондаған жеке трагедиялар тарихи жадымызда әлі де біртұтас оқиғаны құраған жоқ. Біздің бүгінгі тұрып жатқан саяси мәдениетіміздің өзі өзгеше ойлаушылыққа құрметсізідік танытуда.

Жабысқақ қорқыныш мәдениеті мен конформизмге табынушылықтың бойымызға сіңіп кеткені соншалық, олар санасыз тұрғыда балаға ата-атасы арқылы берілуде. Сонымен қатар бүгінгі Қазақстанның этникалық құрамы Ашаршылық кезіндегі депортация салдарынан қалыптасқан.

Екіншіден, жаппай қуғын-сүргіннің миллиондаған құрбандары жайлы естелік әділеттілікті талап етеді. Қуғын-сүргін мен ашаршылық жайлы айтқанда біз қаза болған адамдар, ойран болған отбасылар мен қираған тұрмыс жайлы айтамыз. Меніңше, мемлекет әрекеттері нәтижесінде өмірлерінен, отбасы мен жақындарынан, мүлкінен айырылған миллиондаған адам тәжірибесі жайлы айтып не айтпау жайлы сұрақ та тұрмау керек.

Және үшіншіден, саяси қуғын-сүргін мұрасы — бұл әлі де біздің осы шағымыздың бір бөлшегі. Бүгін Қазақстанда 80 жыл бұрынғыдай жаппай саяси қуғын-сүргін, әрине, жоқ және болмас та, алайда біз әлі де өзгеше көзқарастарға шыдамсыздық таныту парадигмасында өмір сүріп жатырмыз.

Арон Атабек, Макс Боқаев және басқа да қазақстандықтар әлі де қамауда отыр. Оларды саяси тұтқындар деп азаматтық қоғамның бір бөлігі мойындап жүр. Дәл қазір Әлнұр Ильяшев көрінеу жалған ақпаратты тарату ісі жөніндегі сотты қамауда күтіп отыр. Біздің Қылмыстық кодексімізде «көрінеу жалған ақпаратты тарату» және «араздық тудыру» атты баптар бар. Баптар келіспеушілікті қылмыстандырғаны үшін құқық қорғаушылар мен сарапшылар сынына іліккен. Жалғыз 2019 жылдың өзінде мыңдаған бейбіт қазақстандықтар бейбіт митингтер кезінде ұсталған. Бейбіт жиындар жайлы жуырда шығатын заң баптары сарапшылар қоғамдастығы мен халықаралық ұйымдар ойынша адам құқықтарын ұстану стандарттарына сай келмейді; заң адамдардың бейбіт және қарусыз жиналу сияқты табиғи дербес еріктерін, яғни реттелмеуі тиіс нәрселерді артық реттеуде. Мемлекет адамдардың дербестігіне және партияларға, кәсіподақтарға, үкіметтік емес ұйымдарға бірігу құқығына араласып жатыр. Партиялар үшін тым қиын тіркеу механизмі бекітілген, ол БАҚ-тағы саяси бастамашы топтардың кездесулеріне заңсыз кедергі келтіру жайлы хабарлармен толықтырылады. Кәсіподақтар жағдайына келетін болсақ, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстанды өз құрамынан 2018 жылы шығарып тастады. Заң бүкіл үкіметтік емес ұйымдардан міндетті түрдегі тіркеуді талап етеді. Мемлекет тіпті діни сенім бостандығын да тәртіптеуде — елдегі барлық діни бірлестіктер тіркеу және діни әдебиетін сараптау процесстерінен өту керек. Этникалық азшылықтарға жататын адамдар, ЛГБТ өкілдері, АИВ-пен өмір сүріп жүргендер және басқа да «өзгелерге ұқсамайтындар» маргинализация, өшпенділік тілі мен физикалық зорлық-зомбылықтың құрбандары болып жатыр.

Елімізде 8 наурыз күні әйел құқығы мәселесіне назар аудару мақсатымен бейбіт шеруге шыққан қызарды соттайды; әділ сайлауға шақыратын баннермен шыққан бейбіт белсенділерді 15 тәулікке қамайды; тіпті өзіміздің Конституциямыздан алынған дәйексөз жазылған плакатты ілген суретшіні де ұстап алады. Яғни мемлекет механизм ретінде әлі де өзінің (біздің!) ресурстарын бейбіт жұртты қудалау мен жазалауға құртуды жөн санап отыр.

Осы тұрғыда бейбіт жиындар туралы заң табиғи бостандығымыздың тәртіптеу, санкциялау, келісім алу объектісі бола алады деген логикадан, өкінішке орай, шыға алмады. Мемлекеттің жұрт келіспеушілігін көргісі келмеуі — бұл қалыпты жағдайдың жаппай қуғын-сүргін кездерінен келе жатқан бұрмалануы.

Біз өзінің қатыгез өткенімен бетпе-бет кездесуге мәжбүр болған жалғыз қоғам емеспіз. Әділ болайық — ХХ ғасырда мемлекеттер мен қоғамдар өздеріне өздері зақым келтіріп үлгерді. Алайда апартеид режимі құлағаннан кейін Оңтүстік Африка Республикасы шындық пен татуласудың аса ауыр үдерісінен өтті, ал латиноамерикандық мемлекеттер әсери диктатура құлағанда, Шығыс Европа мемлекеттері коммунисттік режим құлағанда дәл сондай үдерістерді өткеруге мәжбүр болды, бұл Африка елдерінде әлі де жалғасуда. Әдетте мұндай үдеріс «Енді ешқашан» деген ұранмен қоса жүреді, өйткені саяси қуғын-сүргінді есте ұстау, олардың мәні мен салдарын түсіну — бұл солардың қайталануына қарсы бола алатын ең әсерлі қару.

Өткен шақтың жаппай қуғын-сүргіні жайлы әңгіме біздің өткенімізді құнсыздандырмайды, біздің ата-бабамызды немесе адам құқығын бұзушылыққа қатысы барларды қараламайды. Мен өзім де қуғын-сүргін құрбаны болған отбасыдан және бір уақытта сол кезеңде жақсы орналасып алған отбасыданмын. Менің жағдайым Қазақстан үшін қалыпты деп ойлаймын. Мен үшін бұл, алдымен, қуғын-сүргінді атап, масқаралау туралы әңгіме: нәрселерді өз атымен атап, саяси қуғын-сүргіннің, өзгеше ойлағаны үшін қудалаудың, азаматтық бостандықтарды басудың жаман екенін және олардың болмауы тиіс екенін айту. Мүмкін, белгілі бір саяси идеология қатарына қосылудан гөрі ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін бекіту қажет.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылатыны 2020 жылдың 30 мамырында жарияланды. Бұл қажетті бағытқа апаратын қадам бола алады, бірақ, әрине, тек құрбандарды ақтаумен шектелмеуі тиіс. Ол шындықты іздеу мен оны жария ету, білімді кеңейту, Ұлы ашаршылық пен қуғын-сүргін кезіндегі жаппай адам құқықтарын бұзушылықтың себебін түсіндіру және сондай трагедиялардың болашақта қайталануынан сақтаумен айналысуы қажет.

Ұлы ашаршылық пен қуғын-сүргін кезеңі — тарихымыздың ең маңызды тарауларының бірі. Онсыз біз қазіргі заманның қай жері бұрыс екенін және онда нені өзгерту керек екенін толықтай түсінбес едік. Келіспеушілік алдындағы жабысқақ әрі улы қорқыныш мәдениеті — өз пікіріңді білдіру, бейбіт жиналу және бірігу алдындағы қорқыныш мәдениеті сол кездерден бастау алып, қазір де жалғасып келеді. Саяси қуғын-сүргін жайлы әңгіме — бұл тағы да біздің мемлекеттің қандай сипаттамалары бар және оның қандай сипаттамалары болуы тиіс екені, не нәрселерді артта қалдыру керек екеніміз жайлы әңгіме.

Өзіңіздің пікіріңізді білдіруге қорыққан кезде немесе жақыныңызға «байқа» деген кезде Сіз қорқыныш мәдениетін қалыптастырасыз. Бұл мәдениетте біздің ата-бабаларымыздың ұрпақтары өмір сүрді және қаза болды, бірақ біз және бізден кейінгі қазақстандықтар онда мүлде тұрмауымыз керек.

Бостандықтың жоқтығы адамның қалыпты жағдайына айналып кетуі мүмкін.

 


Автор жайлы:

Рустам Қыпшақбаев — адам құқықтары саласындағы сарапшы, азаматтық және саяси құқықтар мен адам құқықтары тарихы тақырыптарында маманданатын құқық қорғаушы. БҰҰ-ның адам құқықтары бойынша басқармасының кеңесшісі және Женевалық азаматтық және саяси құқықтар орталығының аймақтық үйлестірушісі болып табылады. Лондондық экономика және саяси ғылымдар мектебінің адам құқықтары жөніндегі магистратурасының түлегі.

* Мәтін автордың жеке пікірін білдіреді

Мәтінді орыс тілінен аударған — Айғаным Мұхамеджан

Жарияланған уақыты: 31 Мамыр, 2020 жыл