Малика Колесова және оның көзге көрінбейтін оркестрі Малика Колесова және оның көзге көрінбейтін оркестрі

Төл сөз Қазақстан

Малика Колесова және оның көзге көрінбейтін оркестрі

Қазақшалаған: Кәмшат Әбілқызы

24 Тамыз, 2022 жыл

Алматы, Қазақстан

Өзі орындайтын әндердің авторы әрі кәсіби баспагер Малика Колесова Me and My Invisible Orchestra жобасы, Tentek баспасы және қазақ тілі мен орыс тілінің жанасу нүктелері жайлы ой қозғайды. 

 

Армандары

Менің аты-жөнім Малика Колесова, жасым 30-да. Орал қаласында дүниеге келдім, Алматыда тұрып жатқаныма 4 жыл болды, бұған дейін 10 жыл Санкт-Петербургта тұрдым. 

Анам орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, сондықтан үйімізде кітап көп болды: бала күнімнен оларды оқу, парақтау маған ұнайтын. Мен үйде ойнағанды жақсы көретінмін, үнемі бір нәрсемен айналысып, сурет салып, пластинкаларды қосып ән тыңдайтынмын. Бала күнімде әнші болуды армандадым, сәл есейе келе режиссер болуды қаладым, бірақ кітаптар менің өмірімде ерекше рольге ие еді. Өмірдің қызығын қараңыз: әуелі ойымда пайда болған сол нәрселер өмірімде біртіндеп болса да жүзеге асып жатыр. 

Қазір мен Me and My Invisible Orchestra деген жобада музыкамен айналысамын әрі кәсіби кітап шығарушымын. Мен Қазақстандағы балалар кітабына жақсы бір өзгеріс әкелгім келеді.

 

Музыка

Бала күнімде өзге де қатарластарым тәрізді Бритни Спирсті қатты жақсы көрдім. Жасөспірім кезімде мүлде басқа әндерді тыңдадым, тіпті панк-рок командасының мүшесі болдым. 

Бұғанам қатпаған сол күндерде шашымды да бояп, гитарада да ойнап, татуировка да жасадым, соны неге жасадым деп өзімді әлі күнге жазғырам. 13 жасымда анам Оралдағы «Семь нот» деген дүкеннен алғашқы гитарамды алып берді. Ол гитара жап-жасыл, түрі бір қызық гитара еді, сонымен алғашқы аккордтарды үйреніп, тыңдап жүрген бар әнді айтатынмын. 

 

Me and My Invisible Orchestra

17 жасымда университетке түсіп, Санкт-Петербургке келдім, мүлде өзге әлемге күмп ете түстім. Бірінші курста өз әндерімді ағылшын, француз тілдерінде жаза бастадым. Диктофонға жазып алып, әлеуметтік желіге жүктейтінмін. 

Неге менің тобым Me and My Invisible Orchestra деп аталады? Бәрі үнемі солай сұрайды. Мәселе былай ғой, маған әуелі «ВКонтакте»-де қауымдастық құрып, әр түрлі пост салу керек болды. Әуелі басыма келген ой, міне, мен бармын және менің басымда көзге көрінбейтін, әртүрлі әуен ойнайтын оркестрім бар. Ол бар, бірақ жоқ. Бұл атаудың туу себебі осындай. 

 

 

Санкт-Петербург

Санкт-Петербургте мен қоғаммен байланыс мамандығын оқыдым, бірақ оқудың екінші аптасында-ақ бұл маған қызық емес әрі менің жеке принциптеріммен үйлеспейтінін түсіндім.

Бізге өндірістік тәжірибеден өту үшін бір ұйым таңдау керек деді, сол кезде мен кітап қалай жасалатынын көргім келді. Сондықтан үшінші курста баспада жұмыс істей бастадым, ол жер маған қатты ұнады, сенің интеллектуал еңбегің физикалық денеге айналса, ол сипаттауға сөз жетпейтін қуаныш, бақыт! Басында мен тек стажер ретінде жұмыс істедім: бәрінің кофесін тасып, көмектесіп жүрдім. Ақыр аяғында кітап баспасында бақандай алты жыл жұмыс істедім, онда мен көп нәрсе үйрендім, тіпті өзім баспаға «айналып» кеттім. 

Мен Петроград ауданында оқыдым, Васильев аралында жұмыс істедім. Былай айтқанда, сен таң бозынан оянып, офиске келіп, біраз жұмыс істейсің, сосын лекцияңа барасың, ол біткен соң қайтадан жұмысқа келіп, авторлармен кері байланыс орнатып, тапсырыс қабылдайсың. Қолым қалт етсе, дизайнердің кабинетіне барып, көз шырымын алып, сәл де болса сергіп қалатынмын. Солай оқу мен жұмысты қабыстырдым, университет бітірген соң сол баспада еш нәрсеге алаңдамай жұмыс істедім. 

Университетте Орталық Азиядан қазақстандық мен, сосын түркіменстандық бір жігіт қана болды. Бітті. Сондықтан мен қазір көп айтылып жүрген ксенофобия, шовинизм дегендердің кей тұстарын тұла бойыммен сезіндім. Ондай оқиғалар болды, бірақ Санкт-Петербургтің өзі, ондағы көптеген адамдар өте тамаша еді! Әлі күнге сол қаланы жақсы көрем, әсіресе ашық күндерін… жылына бір рет сондай шуақты күнге куә болуға болады. Бір күндері мен бұнда өзіме басқа жол қалмағанын сездім. Сырттай да, іштей де бір тұралап қалғандай күй кештім. Мүмкін жергілікті саяси оқиға да маған сондай сезім «сыйлаған» шығар. Ирониямен айтсам, мүмкін мен алыстағы даламнан талып жеткен, өзіне шақырған бір үн естіген шығармын. Өзіңнен қаша алмайсың: сен шын мәнінде кімсің, әлгі көп айтылатын тамырыңды іздеу деген не, — былайша айтқанда соның бәрін айқындағың келеді.

 

 

Алматы

2016 жылы анам екеуміз демалысымызды бірге өткізу үшін Алматыда кездестік. Ауыр рюкзагымды арқалап, көше-көшені аралап келе жатып, Алматы менің жаныма жақын қала екенін түсіндім. Сол кезде кезген мүлде көрмеген, білмеген әр көшем әлі есімде. Сонда бұл жер мен тұратын, өзімді дамытатын құтты ордам болатынын жаныммен сездім. Бірден Санкт-Петербургтан Алматыға көше салу деген қазір айтуға ғана оңай, ана жақта менің жұмысым болды, міндеттемелерім болды, елге оралуға дайын екеніме де сенімді болмадым. Бірақ осы қаладан «менікі» екенін, оның тарихын, жанға жайлы «сүйкімін» сезіне алдым. Сондай-ақ Алматыда жүргенде тұралауды емес, керісінше бір жақсылықтың, жаңалықтың бастамасын сезіндім. Екі жыл өткенде Санкт-Петербургтан кетіп, Алматыға түбегейлі бауыр басқанымды сездім. Ғылыми-танымдық журналға жұмысқа тұрып әрі музыкамен кәсіби түрде айналыса бастадым. 

 

Шығармашылық

Қазір Me and My Invisible Orchestra деген — мен және менің серігім Константин Кохан. Костя — музыкалық продюсер, сондықтан шығармашылық процесті екіге бөліп алғанбыз: кейде ода бір әдемі өңделген музыкалық жұмыс болуы мүмкін, мен оған мәтін жазам. Кейде мен қарапайым ғана аккомпанемент аясында драфт не демо жазсам, Костя оны жетілдіреді. 

Менің әндерім — рефлексия, яғни мені мен менің ішкі монологымның, жан-дүниемнің көрінісі. Мен өзімді қоршаған әлем жайлы айтпаймын, көбіне өзімді тану, мына әлемдегі менің орным жайлы ойланам. Кейде бойды кернеген бұндай толғаныстар сыртқы әлеммен де үндесіп, тарала түседі. Ойыма бір әдемі ой орамдары оралатын кез болады, өзіме жақын ойларды әр жерден оқып қалатын кездер болады, сондай сәттерде оларды іштей тереңдетем, дамытам, менің әндерім осылай туады. 

Бірде гитарама каподастр сатып алдым да, сонымен шерткенімде, өзіме таңсық аккорд шықты, «Үндеме» әні осы алғашқы таңсық аккордтан өрбіді. Мен бұл жайлы әлі ләм демедім, «Үндеме» Қазақ көктемінде орын алған жайттармен байланысты, шамамен сол уақытта жазылды. Бұл менің сол оқиғаларға қатысты сезімім, өзіңді қалай ұстау керек, бірдеңе жасау керек пе; неге өлу жеңіл де, арыңның алдында кіршіксіз таза болып өмір сүру одан қорқыныштырақ? Тұтастай алғанда, осындай идеялар осы әнді жазып болғанымша пәлсапалық дүниеге ұласты. 
 

 

 

Қазақстандағы баспа ісі

Елге келе сала кітап дүкендерін аралап, онда не бар екенін қарап шықтым. Сатылымдағы қазақша әдебиеттің, жалпы қазақстандық авторлар туындыларының балалар әдебиеті сөрелеріндегі саны көңіл көншітпейді. Жергілікті үлкен баспалардың жұп-жұқа ғана, жұқа ғана емес, жалт-жұлт еткен кітаптары менің талғамыммен үйлеспейді.

Аударма ісімен айналысатын тамаша баспалар да бар. Мәселен, Steppe & World Publishing, олар өте келелі іс атқарып жатыр, бірақ, жергілікті авторлармен әлі де кең көлемде жұмыс істемейтін сияқты. 

Мен жергілікті комьюнити мен ортаны қалыптастырғым келеді, жергілікті авторлардың туындылары басылып, жарық көріп, сатылса, олардың жазған-сызғандары тек өзі жазған тілің аудиториясы аясында қалып қоймай, басқа аудиторияларға да таралса екен деймін. Біздің қоғамда айқын жік болмағанымен, екі тарапқа бөлінген: қазақтілді орта және орыстілді орта, сондай-ақ авторлар да не ана тарапқа, не мына тарапқа жазады, олардың жаңалықтары біздің елдегі әдебиетсүйер адамдардың бәріне бірдей үнемі жете бермейді. 

Мен өз баспам арқылы екіге жарылған осы жіктің арасын жалғасам деймін, мәселен қазақтілді оқырман мен орыстілді оқырман бірін-бірі жете танып, елімізде әдебиет әлемінде ортақ кеңістік қалыптастырғым келеді. Соған орай қазақтілді жазушы өзінің жазғанын орыстілді ортаға, орыстілді орта өзін қазақтілді ортаға танытса деймін. Мен үшін бұның маңызы зор. Маған бірде бұл бизнес-концепция емес, ғылыми зерттеу жұмысы деген еді. Солай болса, солай-ақ болсын. Әйтеуір өзім өз ана тілін білмейтін қазақпын, осы үшін бала күнімнен өзімді іштей жеп келем, кінәлі сезінем, бірақ бұл жердегі мәселе үлкен, біздің елімізде мәдени, тілдік бөлініс неге осылай көрініс берді екен деп толғанам. Бұл да біздің тарихымыз, бұған үндестікпен, дос пейілмен қарап, өзімізді танып, тілімізді білуге ұмтылыс жасауымыз керек. Маған осы екі полюстің жігін қосатын, екеуінің арасына жіңішке болсын жіп тартатын сондай баспа ма, ұйым ба жетіспейді.

 

 

Кітаптар

Балалар әдебиеті, балаларға арналған кітаптар — адамның тұлға боп қалыптасуында, өзін-өзі тануында  маңызды роль атқарады деп санаймын, өйткені бала күнімізде өмірлік тәжірибеміз аз болады, бірақ кітаптар, оның ішінде жақсы кітаптар мен кейіпкерлерді оқу, тану арқылы өмірлік тәжірибеміз толыға түседі. 
Біз кітап оқығанда, анау айтқандай, фантазия әлеміне ғана сапарлап кетпейміз, біз қай жерде қалай қимылдау керегін де түсінеміз. Достықтың, туыстық, жақсы қарым-қатынастың маңызын, біздің қоғамда не нәрсе қалыпты, не нәрсе бұрыс екенін жіктеп-жіліктей алуың — сенің кейіпкерлерге қарап қорытқан ойың, өйткені жақсы кітап, жақсы фильмдерде түбегейлі жақсы яки жаман персонаждар болмайды. Бұның бәрін қорыту оңай емес, бірақ сен кейіпкер не істеп жатқанын ұғынып, сол күйі қабылдай аласың ба, — соны ойланасың. Егер қабылдамасаң, неге? Неге оның қылығы сеніңше жаман болды? Өмір жайлы танымы енді қалыптасып келе жатқан, мына әлемде өзін енді-енді тани бастаған адам үшін балалар кітабы тұлға болып қалыптасуға үлкен сеп болады. 

 

 

Тентек

Жақсы кітап деген не? Жақсы кітап — қолға ұсталатын, жарық көрген кітап деген сөз емес, ол автордың яки принтердің ғана емес, кәсіби үлкен ұжымның бірлескен ақ тер, көк тер еңбегі. Жақсы кітап жарық көруі үшін кілең хас мамандар бас қосуы керек және ол мамандар жөндеп іс атқаруы керек — баспа осы үшін керек.

 

 

Алматыда балалар баспасын ашуды ойлағанда, аты қалай болар екен деп бас қатырдым. Әуелі баспамды «Тентек жүрек» деп атағым келді, өйткені «Жайық» деген әнімде «Тентек жүрек — таза жүрек» деген жолдар бар. Ойлана келе, күрделендірмейін деп шештім, өйткені «тентек» деген сөздің өзі маған ұнайды және бұл сөз кішкентай балаға қатысты айтылады. Қазақ тілді отбасыларда «ерке»деген де, «тентек» деген де сөз бар. Мен үшін «тентек» деген сөз басбұзар сотқар да емес, есірген ерке де емес, балалығы да, шалалығы да аралас, даналығы да аралас, риза кейіппен айтылатын және тек балаларға арналған сөз. Ержетем дегенше, біз біраз жайтты бастан кешеміз, солардан өзімізге сауыт жасап аламыз, бірақ біздің ішімізде кішкентай бір бала болады, ол ешқайда да жоғалып кетпейді, мен біздің оқырмандарымыз — әлі кішкентай тентектер мен тентектері ішіне бұғып қалған үлкен оқырмандарым білуге, жаңа әлем ашуға құмар қалпынан танбай, балалықтың шуағын сезінсе деймін. 
 

 

Қолдау

Кез келген тарихи баспа кітап шығарғысы келген бір адам мен оған қаржысы бар тағы бір адамның көмектесуі арқылы өз тарихын бастайды. Еуропада да, Америкада да солай болған. Кейінірек ол баспа да мәуелеп өседі, бірақ оның бәрі кішкентай істерден басталған. Қазақстанда бізді баспа ретінде қолдау көрсететіндей не мемлекетпен, не жеке ұйымдармен келісу мүмкін еместей. Неге олай? Меніңше, бұның себебі біз тендерлер еліміз, әдетте ана кітап керек, мына кітап керек деп мемлекет тапсырыс жасайды және ондай тапсырыс түскенде үнемі ұйымдастырып отырған ұйымның қолайына жаққандар ғана ұтып алып кетеді, көбіне өте қысқа мерзімде жасаймыз дегендер алады, ал асығып жасалған іс шала болады, сапа болмайды.
Бұл бір жағы, сондай-ақ талап етуші ұйым өзі қалағандай мазмұндағы кітапты сұрайды. 

Кітап шығару ісі бизнес ретінде дамыған елдерде бұл салаға үлкен корпорациялар, сондай-ақ мемлекет те көп көмек көрсеткен. Бұның жолдарын біз Қазақстанда да қарастырып жатырмыз, біз бұл салада үлгі қалыптастырғымыз келеді, мемлекет те, корпорациялар да, жеке инвесторлар да бұл салаға ақша құюдың маңызы мен қызығын түсінсе дейміз. Өйткені бұл, шынында да, келер ұрпаққа мұра боп қалатын дүние әрі кітап рыногындағы ойын ережесін өзгертетін тәсіл. 

Бастамашы ретінде бізбен құндылықтары үндес кез келген ұжымның қолдауына қуанамыз, тек жекеше ұжымдар мен инвесторлар ғана емес өзгелер де әдебиет дамуына мүдделі болса дейміз және бұл іс балалар жылы не балалар әдебиеті жылы дегендей арнайы бір дата аясында ғана емес, үздіксіз жалғасса дейміз. Өйткені біздің атқарып отырған жұмысымыз ел дамуында маңызды роль атқарады.
Бұл тек менің баспама ғана емес, ел мәдениетінің өзгерісіне үлес қосып келе жатқан, жұмыс істеу принциптерін өзгертіп, тарихтың оң қалыптасуына ықпалын тигізіп келе жатқан кез келген ұйымға да қатысты. 

 

 

Жарияланған уақыты: 24 Тамыз, 2022 жыл