QyzPwr: Шынжырды үзу QyzPwr: Шынжырды үзу

Төл сөз Қазақстан

QyzPwr: Шынжырды үзу

Лейла Зулейха Махмудова оқиғасы

19 Қазан, 2020 жыл

Алматы, Қазақстан

Лейла Зулейха Махмудова — азаматтық белсенді, FemAgora ортаазиялық гендерлік теңдік фестивалінің негізін қалаушылардың бірі. Adamdar/CA сұхбатында Лейла «ортаазиялық феминизм», созақ тілі, Алматы қаласы әкімдігін не себепті сотқа бергенін және қорқыныш шынжыры қалай үзілетінін әңгімелеп берді. 

Фото: Тимур Нусимбеков

ЗУЛЕЙХА

Балалық шақты еске алғанда поселкеміздегі ойнап жатқан сәтім есіме түседі. Түркістан облысындағы Таукент кеңес кезінен бері уран алатын жер еді. Тұтастай алғанда Қаратаудың етегіндегі бос жатқан жер еді. Кейін Алматыға көшіп келгенде тауға қарап тақалмадым. Себебі өзім таудың етегінде туып- өстім. Бұл мен үшін қалыпты өмір еді. Сырттан келген студенттер Алматының тауларына тамсанып жүргенде: «Таудың аты – тау. Не болыпты?!» дейтінмін.

Таукентке жақын жердегі Созақ ауданында әке жағымнан туысқандарым тұрды. Себебі 1920 жылдары үлкен әжемді Қарабахтан осы ауылға жер аударған еді.

Зулейха есімді үлкен әжемнің оқиғасы маған қатты ұнайды. Күйеуінің бірнеше әйелі болған. Репрессия мен депортация кезінде ол амалын тауып өзінің және күйеуінің бірнеше баласын сақтап қалды. Солармен бірге Оңтүстік Қазақстандағы Созаққа жер аударылды. Бізге өмір берген де сол кісі деп ойлаймын.

Фамилия жайлы айтқанда әдетте, әулетті көтерген, аяққа тұрғызған жанды меңзейді. Әкем жағынан біздің әулетті көтерген осы әйел деп санаймын. Себебі сол кісінің қамқорлығы, балаларды аяқтандырудағы жанкештілігі болмаса, қазір ешқайсымыз да болмас едік. 

1993 жылы үлкен әжеміз әл үстінде жатқанда, әкемнің үйінде келін болып жүрген анам көп сырласатын. Таңқаларлығы және қызық болғаны үлкен әжеміз әзірбайжанша, ал анам әлі күнге созақ тілі деп аталатын өзбек-қазақ шалыс сөйлескенімен бір-бірімен сөйлесе беретін. Анам – жүрегі кең, жаңалыққа жаны құштар жан. Үлкен әжеміздің өмірінің соңғы айларында қасынан шықпай бағып, әңгімелерін тыңдайтын. Анам әжемізден әкеміздің отбасы, Кавказдағы өмірі туралы көп оқиғаларды естіп сақтап қойды. Бұл мені рухтандыратын оқиғалар. Көпшілігі қазіргі істеп жүргеніммен байланысты. Әйелдер тарихы ешкімге ешқашан қызық болмаған. Атам, арғы атамның немесе басқа бір еркектің басынан өткені үнемі жазылып, сақталып таратылатын. Себебі еркектердің соғысқа барғаны, астық орғаны тәрізді барлық әрекеті көпшілікке белгілі, есімдері жазылып қалған. Бірақ әулетіміздің әйелдері не істегенін тыңдамасақ, жазып алып, әрі қарай таратпасақ, құжатталып та қалмайды. Сондықтан да жазылып қалған тарихтан әжем мен арғы әжемнің қандай болғандарын біле алмаймын. 

Жазылып қалған тарихтан әжем мен арғы әжемнің қандай болғандарын біле алмаймын

ФЕМИНИЗМ

Қалайша фемнист атанғаным немесе феминизмнің маған маңызын ұққан сәтім қашан болғанын дөп басып айта алмаймын. Бірақ кішкентай кезімде қыз болғандықтан маған кешке аулаға шығуға болмайтын болса, ағама бар еркіндік берілетініне ызам келіп, ашуланатынмын. Бұл қауіпсіздіктен туындаған сақтық шаралары екені түсінікті, бірақ тұтастай алғанда бұл маған ұнамайтын. Әрі маған қыз немесе бойжеткен, әлде болашақта әйел болатыным немесе болмай жатқаныма қатысты пікір айтылғанда үнемі өзімді қор сезінетінмін. 

Феминист әйелдер сөзсіз мықты деп ойлаймын: олар тұтас бір академиялық бағыт және философия теориясын жасап шықты. Адамның тұлғалық болмысына негізделген басқа қозғалыстардың қаншасы осындай нәрсе жасай алады? Қалыптасқанына аз уақыт болса да феминизм осыны жасап шықты және болашағы да сөзсіз даңғыл болмақ. 

Өкінішке қарай, бізде Орталық Азияда феминист теориясы жоқ. Гендер теориясына негізделген академия, университет немесе тіпті осы салаға маманданған кафедра да жоқ. Қазіргі кезде феминист теориясы белсенділердің жұмысы ғана емес, сонымен қатар биліктің таралуын, ресурстар көзін, әлемдегі болған және болып жатқан жайттарды талдайтын ауқымды призма іспетті философиялық бағытқа айналды. Посткеңестік елдерде Украинада, Белоруссияда, Ресейде бұл теория өзінше дамып жатыр. Бірақ ортаазиялық академиялық феминизм, өкінішке қарай, әзірге қалыптаспады. Зерттеулермен айналысып жүрген феминистердің Орталық Азияға қатысы жоқ немесе өздерін феминистік деп атамайтын өзге ұйымдардың бөлшегі ретінде жұмыс істеп жүр. 

Фото: Малика Ауталипова

Әзірге феминизм белсенділік деңгейінде дамып отыр.

Академиялық феминизмде кез-келген зерттеудің нысаны ретінде субъект зерттеледі. Бұл өз кезегінде тақырыпты зерттей аласың ба, жоқ па деген сан түрлі сауалдар тудырады: қаншалықты түсінесің, зерттеу субъектісіне қаншалықты қауіпсіз және қолайлы жағдай тудыра аласың, зерттеуге қаншалықты құқың бар. 

Феминизм мен үшін үлкен тіреу. Феминизмді және Орталық Азиядағы фем-теорияны ашу бірінші кезекті адамның өзінің жеке оқиғаларын зерделеуден басталады. Мен үшін бұл жеке рефлексия. «Өмірлік тәжірибесінің эксперті» деп атаймыз. Өз тәжірибемізден көргеніміз, сезгеніміз бен ұққанымызды феминизм призмасы арқылы саралап біртұтас түсінік қалыптастырамыз. Сол үшін FemAgora спикерлерінің барлығы сырттан сөйлеген эксперт ретінде емес, өз оқиғасы тұрғысынан, өзі жайлы, өзінің қоғамы жайлы айтқаны маңызды.

Мен үшін феминизм жеке рефлексия

Бұл тәсілдің өзекті болатынының тағы бір тұсы – Орталық Азия жайлы құжаттар мен академиялық білімнің  дені, өкінішке қарай, Орталық Азияда емес. Сырттан айтылған эксперттер: адамдар келіп, зерттеп, аймақ эксперті атанып, күллі әлемге осы жердегі жайтты баяндайды. Әдетте мұндай зерттеушілер бірнеше күнге, сәті түссе бірнеше айға ғана келеді. Бірақ санаулы күн немесе айдың ішінде адамдардың мәдениеті, өмірі жайлы не ұғуға болады?

Егер шетелдік зерттеушілер өздерімен біртілде сөйлейтін адамдардан ақпарат алып жүрсе, бізде жергілікті эксперт атанып, әлемге осы өңір немесе аймақ атынан, өз атынан ақпарат бөлісе алатын адамдар бар деген сөз. Бізде жергілікті ресурс, қолдау, осындай адамдар жұмыс істейтін ғылыми орталықтар жоқ, сондықтан ақпаратты өзгелерге беріп жатыр. Нәтижесінде аймақ өзі жайлы өзі айта алмай отыр.


FemAgora

Алғашқы феминистік жоба ретінде 2016 жылы TEDxWomen болды. TEDx конференциясының Women форматы бар екенін білгенде, бұны істеуім қажет деп шештім. Қазіргі тәжірибем тұрғысынан қарасам, сол кездегі бастамаларыма көз жүгіртіп, басқаша істеуге болар еді деп ойлаймын. Дәл қазір TEDx жасау маған қызық болар ма еді? Жоқ, себебі маған қазір, тұтастай тәуелсіз, өзін дамытып, қалыптастыратын, салалық форматтағы FemAgora ұнайды. Бұны жеке өз тәжірибем арқылы ұғу маңызды болды. 

Алматыдағы Сулейман Демирель Университетін аяқтап жатқанда ол жерге Молдияр Ергебеков ​ есімді жаңа оқытушы келді. Ашық, қалыптан тыс, көзге бірден түсетін жан. Бірақ онымен кейін танысып, достастық: TEDxAbayStWomen конференциясындағы алғашқы спикерлердің бірі, ал келесі жылы бізге волонтер ретінде көмектесті. 2017 жылы екінші TEDx шарасына дайындық кезінде Молдияр бізге «өз үніміз» естілетін фестиваль қажет деген ұсыныс айтты. Мені әсіресе, бізде 8 наурызда «әйелдердің еркектердің көз қуанышы», «әйел бақыты» тәрізді сексистік ұрандар көп айтылатыны, ал бұл күн негізі феминист әйелдер мен еркектердің бас көтеріп, әйелдердің экспертизасын, ынтымағын көрсетуі тиіс дегендері қатты ойландырды.  

Сөйтіп, осындай бөлек шара жасап көрелік деп шештік. Осылайша, 2018 жылы алғашқы FemAgora фестивалін ұйымдастырдық. Ол 8, 9 және 10 наурызда өтіп, бағдарламамыз пікірталастар, көрмелер, кинокөрсетілімдер, белсенді қыздар мен жігіттердің және эксперттердің әртүрлі тақырыптағы баяндамаларын қамтыды. Молдияр екеуміздің көзқарасымыз «фестиваль ортаазиялық болуы тиіс» деген жайтта түйісті. Мәселен, ол әу бастан Умида Ахмедованы спикер ретінде көргісі келетін. Ал қазір ол біздің барлық фестивалімізге қатысады. Біз мақсатты түрде жыл сайын әртүрлі адамдарды шақырмаймыз. Керісінше, негізгі құрам сақталып, қауымдастық құрып, сол қауымдастықтың өмірінде болып жатқан жайтты бақылап, құжаттап отыру аса маңызды.

Фото: Малика Ауталипова

FemAgora — ортаазиялық платформа. Біз Орталық Азия туралы айтамыз, себебі бір-бірімізді түсінеміз, ортақ тақырыбымыз көп. Біз өзіміздің «ортаазиялық» орысшамызда сөйлесеміз. Бұл ресурсты қолданып әрі қарай қарым-қатынас құруға тырысуымыз керек. Орыс тілі бізге бір бірімізді оқуға, қадағалап жүруге, танысуға мүмкіндік береді. 

Біз Орталық Азия туралы айтамыз, себебі бір-бірімізді түсінеміз, ортақ тақырыбымыз көп

Жеке өз басым үшін Орталық Азия аса маңызды, себебі мен Қазақстанның оңтүстігіндегі поселкеде өстім, этникалық тұрғыдан қазақ емеспін. Әкем Қарабахтан. Олар – Әзірбайжандар, анам – өзбек.  Этникалық тұрғыдан қазақ болмағандықтан өзімді шет қалғандай сезінетінмін. Себебі қоғам ішінде «өзіміз» болып қабылданбайтын тәрізді сезіндім. Ал анам Ташкенттегі туысқандарына барғанда, мәселенің екінші жағы шығатын: ол жақта қазақша сөйлемеу абзал еді. Бұл менің жеке болмысыма қатты әсер етті: өмір бойы қай жерде жүргеніме байланысты өзімнің кім екенімді, өзбек пе, әлде қазақ па анықтау керек болатын. Қазір Алматыда тұрғандықтан, мәдени және логистикалық тұрғыдан ортаазиялық болу ыңғайлы болғандықтан таңдаудың қажеті жоқ. 

Сол себепті фестиваль де ортаазиялық, әрі өзім де ортаазиялықпын. 

Алғашқы FemAgora фестивалі үш күнге созылды. Биыл алты аптаға. Көпшілік үшін де бұл маңызды айырмашылық болды. Фестиваль ауқымы мен көлемі кеңейді. Өз басым үшін прогресс ішкі мазмұнында болып тұр. Жыл өткен сайын фестивальдің өз болмысы, сауалдары табиғи жолмен қалыптасып келеді. Күткенім де сол еді. 


АКТИВИЗМ

Азаматтық белсенділік те болмысымның бір қыры. Егер феминизмнің ішінде жүрсең, азаматтық/саяси белсенді болуың да міндет деп санаймын. 

Бұл жайт өткен жылдан бері мейнстримге айналмай тұрғанда, фемактивизм және акционизммен айналысқан KazFem атты салалық феминистік бастамашылар тобы бар еді. Өте батыл жандар. 2016 жылы Арбатта әйелдердің алғашқы маршын ұйымдастырды. Егер осы KazFem жұмысы, олардың митингтері мен акциялары болмаса, Алматыда осыншалық феминистік белсенділік болмас та еді. Себебі олар жергілікті феминизмге көз үйреткен сыңайлы.

28 қыркүйек 2019, Алматыдағы әйел құқықтарына арналған митинг
​​​Фото: Тимур Нусимбеков

Қауымдастықтың болуы, соларға қарап шабыттанып, істеп жатқаның дұрыс екенін біліп отыру маңызды. Мысалы, 2019 жылы KazFem Алматы қаласының әкімдігіне митинг өткізу үшін бірнеше рет өтініш берді. Біз де бердік. Жыл ішінде шамамен 4-5 өтініш бергенімен, бәрі кері қайтарылды. Осыған орай қазір әкімдікті сотқа беріп, Қазақстан сотына әкімдіктің азаматтық құқығымды тартып алуы дұрыс еместігін айтып жүрмін. Қалалық соттан апелляциядан өттік. Бұл күлкілі болды. Ол жерде мен, заңгерім және судья болды. Әрі судья сөзімізді үнемі бөліп отырды. Біз аяқтаған соң, судья: «Енді екі тараптың жарыссөзі басталады» деді. Қайдағы жарыссөз? Отырыста тек мен және заңгерім ғана болды. Бір сөзбен айтқанда ештеңе өзгермеді. Алдымызда Жоғары сот бар.

Мен үшін де алғаш рет өзім жүргізіп жатқан сот ісі болды. Мүліктік емес, басымнан өткен қандай да бір зорлық бойынша емес, азаматтық құқығымды шеттеп отырған, бейбіт жиналыстар өткізу құқығымды бұзып отырған тікелей мемлекеттік органға қарсы алғашқы сотым. Әрі қарай не боларын көреміз. Бірақ біз үшін бұл стратегиялық іс. Біз үшін деп отырғаным, себебі бізді «Феминита» қозғалысы қолдады. Осыған ұқсас процесстерде тәжірибесі мол болғандықтан, менің ісіме жетекшілік етіп отыр. 

Бірнеше ай бұрын 8 наурыз маршын өткізу бойынша өтініш бердік. Бізге әдеттегідей өтінішті кері қайтарды. Әртүрлі бастамашыл феминистік топтармен феминистерді көбірек тартудың жолын ақылдастық. Әрі жұмыс бабымен мемлекеттік органдармен жұмыс істейтін, мысалы, дағдарыс орталықтары, құқыққорғаушыларға кесіріміз тиіп кетпеу жағын ойластырдық. 

Нәтижесінде барлығын өзіміз ойлағанымыздай істеуді жөн көрдік. Қала шетінде де, «Сарыарқа» артындағы «рұқсат етілген» форматта да емес, көпшілік көретін жерде, хабарлап, қосылғысы келген адам қосылатындай жерде маршпен өткіміз келді. 8 наурызда жиналған адамның көптігіне таңқалдық. Бұған менің ойымша өткен жылғы оқиғалар және митинг, марш түрінде шығу және айту әрі өзіңді сол үшін дұрыс істеп жатқаныңды сезінуге халықтың бойы үйренісе бастағаны түрткі болды деп ойлаймын. 

8 наурыз 2020, Алматыдағы әйелдер маршы
Фото: Тимур Нусимбеков

Маршты қала ортасында өткізу бізге не үшін маңызды? Себебі қала ортасында бәріне ыңғайлырақ: инфроқұрылым, транспорт бар. Сонымен қатар марш көзге көрінеді: орталықта қыдырып жүргендер немесе тұратындар не болып жатқанын бақылап тұрады. 

8 наурыз 2020, Алматыдағы әйелдер маршы
Фото: Малика Ауталипова

Адамдар өздеріне қызық нәрсеге қосылып, қатысуға мүмкіндік беретін алаңдардың құрылғанын қолдаймын. Мысалы, кеше «Маскулиндік дағдарысы» пікірталқысына қатыстым. Бұл тақырып та фем-теория арқылы қарастырылады. Аз ғана адамның қатысқанына қынжылмадым. Бастысы осындай талқылаулардың Орта Азияда өтіп жатқаны маңызды. Себебі маған немесе басқа біреуге біздің орта бойынша тәжірибесі жоқ мүлдем басқа адамдардың алаңына барудың қажеті болмағаны дұрыс. Иә, ол да қызық. Бірақ маған біздің жерде болғаны қызығырақ. Бұл әңгімеде бір өзім ғана болайын. Соның өзі көп жайтқа әсер етеді. KazFem белсенділерге мен тәрізділерге әсер еткендей әсері болады. 

Қазір қолдан келері мүдделес адамдарды жинап, қауымдастық құрып, соны дамытып, мүмкіндіктерді көбейту, көріну. 

Фото: Малика Ауталипова

8 наурызда Марш өткіздік. Сол кезде мен үшін ең маңызды сәттердің бірі Панфилов көшесіне «Хлеб и розы» әнін айту үшін тоқтаған кезіміз болды. Ән сала бастаған кезде, бұл бір ең тамаша сәт екенін ұқтым. Себебі бәріміз тек бір жерде ғана жиналып, ән салып тұрмадық сонымен қатар ынтымақтастықты сездік. Айналамыздағы адамдар тоқтап, бірі түсінбей, бірі қолпаштап, бірі жай ғана қарап, суретке түсіріп жатты. Сосын мен сол сәтте құлдықтың, ішкі қорқыныштың шынжырлары өздігінен үзіле бастағанын сездім. 

Мен сол сәтте құлдықтың, ішкі қорқыныштың шынжырлары өздігінен үзіле бастағанын сездім

Жарияланған уақыты: 19 Қазан, 2020 жыл