Саодат Исмаилова, DAVRA және Орталық Азияның documenta 15-тегі 40 күндігі
Кескін авторы: Саодат Исмаилова

Adamdar news Германия

Саодат Исмаилова, DAVRA және Орталық Азияның documenta 15-тегі 40 күндігі

13 Маусым, 2022 жыл

Кассель, Германия

Оқиға: суретші Саодат Исмаилова мен DAVRA Орталық Азия ұжымының documenta заманауи өнер көрмесі аясындағы бағдарламасы 
Уақыты: 25 маусым — 4 тамыз, 2022 жыл
Өтетін орыны: Кассель, Германия

Өзбектен шыққан видео-суретші, бірнеше фильмнің авторы Саодат Исмаилова documenta халықаралық, айтулы заманауи өнер көрмесіне қатысады. Бұл көрме әр 5 жыл сайын Германияның Кассель қаласында өтеді. Биылғы көрменің көркемдік жетекшісі – индонезиялық ruangrupa ұжымы.
 
Орталық Азиядағы шілтен мифологиясының ерекшелігін танытатын бұл жобасында Саодат Исмаилова бірнеше бейнежұмысын таныстырады, оның ішінде documenta 15 көрмесі үшін арнайы түсірген Bibi Seshanbe атты жаңа жұмысы да бар. Сонымен қатар ол Орталық Азиядан шыққан 19 жас суретшінің басын қосып, DAVRA ұжымын құрған. DAVRA Кассельде көпшіліке арнайы дайындаған 41 күндік бағдарламасын таныстырады.
 
Шілтен немесе қырық шілтен – көзге көрінбейтін 40 нөкері бар қасиетті рух, көне наным түсінікте ол адамдардың басына іс түскенде, қолтығынан демеп, көмектеседі, дұрыс бағыт нұсқайды, ауырғанды емдейді дейді. Қырық шілтен адам, аң-құс кейіпте, кейде табиғат құбылыстары немесе өсімдік болып та кездеседі. Олар жайлы көп нәрсе беймәлім. Әдетте, әйел бақсылар жайлы мәтіндерде, содан соң қасиетті мекендерде ауыздан-ауызға тарап жеткен әңгімелерде кездеседі.
 
2022 жылдың 25 маусымынан 4 тамызына дейінгі шілде кезінде, яғни жаздың ми қайнатар ыстық 40 күнінде DAVRA ұжымы мен арнайы шақырылған қонақтар өздерінің шілтен жайлы ұғымын басқаларға түсіндіріп, түрлі көркем тәсілдер арқылы, атап айтқанда: фильм көрсету, талқылау, бірге тамақ дайындау, мәтін оқу, би, шеберлік сабақтары, сондай-ақ перформанстар, музыкалық қойылымдар мен балаларға арналған бағдарламаларын таныстырады.

Автор: Жазгүл Мадазимова

Суретшілер жайлы:

Саодат Исмаилова – 1981 жылы Ташкентте дүниеге келген өзбек суретшісі әрі режиссері. Ташкенттегі өнер және мәдениет мемлекеттік институтын және Франциядағы Le Fresnoy ұлттық өнер студиясын тәмамдаған.
Оның фильмдері мен бейнеинсталляциялары Венеция биенналесінде, Берлиналеде, Роттердам халықаралық кинофестивалінде және т.б. жерлерде көрсетілді. Саодат жұмыстары Париждегі Помпиду орталығында және Амстердамдағы Стеделийк музейіне қойылған.
 
DAVRA – Саодат Исмаилова құрған, Орталық Азиядағы бірнеше елдің суретшілерінің басын біріктерген зерттеу ұжымы. Оның құрамындағы суретшілер: Азиза Пулатова (Өзбекстан), Аида Әділбек (Қазақстан), Беназир Ибраимова (Қырғызстан), Дана Искакова (Қазақстан), Дария Нұртаза (Қазақстан), Дарья Ким (Өзбекстан), Диана Рахманова (Тәжікстан), Диана У (Қырғызстан), Ділдә Рамазан (Қазақстан), Жазгүл Мадазимова (Қырғызстан), Зумрад Мирзалиева (Өзбекстан), Интизор Отаниёзова (Қазақстан), Мадина Жолдыбекова (Қазақстан), Мунис Жураева (Өзбекстан), Мухиддин Рискиев (Өзбекстан), Назира Карими (Тәжікстан), Одина Рискиева (Өзбекстан), Тоғжан Қаратай (Қазақстан), Тилланисо Нурёгди (Өзбекстан).
 
Documenta жайлы:
Documenta дегеніміз халықаралық маңызы зор заманауи өнер көрмесі. 1955 жылдан бастап күні бүгінге дейін әр бес жыл сайын немістің Кассель қаласында өтеді, ұзақтығы 100 күнге созылады. documenta 15-тің жетекшісі – ruangrupa атты индонезиялық ұжым. Олардың ұсынысы бойынша көрме тұжырымдамасы lumbung яғни күріш сақтайтын қоғамдық қамба ұғымы аясында болуы керек. Бұл термин көрменің жалпы мазмұнын сақтап, өзара көмек, ұжымдық және біртұтас экожүйедегі ресурстарды әділ пайдалану ұстанымдарына негізделген.
 
Қысқаша мәліметтер:
documenta 15 көрмесі 2022 жылы маусымның 18-нен бастап қыркүйектің 25-не дейінгі аралықта өтеді. DAVRA-ның көпшілікке арналған бағдарламасы 2022 жылдың 25 маусымда басталып, 4 тамызда аяқталады, жалпы ұзақтығы 41 күн.


DAVRA жобасы Қазақстан мен Өзбекстандағы Гёте-институты, documenta 15 көрмесінің қолдауымен жүзеге асырылады.

Жарияланған уақыты: 13 Маусым, 2022 жыл