Adamdar/CA-мен сұхбаттасу барысында «ЭКОМ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, павлодарлық Светлана Могилюк АЭС-ке қатысты өзінің азаматтық әрі сарапшы-маман ретіндегі көңілге қонымды ұстанымын жеткізді.
Энергия шығыны
АЭС салуды қолдаушылардың басты дәйегі — Қазақстанда энергия тапшы дейді.
Бірақ кез келген ірі станциялардан электр энергиясы алыс-алыс қашықтықтарға қарай таралуы тиіс, бұл энергияның көп бөлігінің жоғалуына әкеледі. Біздің желілеріміздің әбден тозығы жеткені баршамызға бесенеден белгілі, яғни бұл шығынды одан әрі көбейтеді. Сондықтан, ең жақсы шешім — энергияны жаңартылатын көздер арқылы қажет жерлерде өндіріп, тікелей тарату.
Энергия үнемдеу
Біздің экономикамыз әлемдегі ең көп энергия тұтынатын экономикалардың бірі: біз энергияны есепсіз қолданамыз.
Сондықтан энергия қорын көбейту үшін оны үнемдеуіміз керек. Бұл арқылы, біріншіден, көп отын жақпаймыз. Әрі энергия үнемдеу нарығы — қосымша жұмыс орындары деген сөз.
АЭС салу үшін қыруар қаржы керек. Оған 15 миллиард доллар бөлінеді дегенді құлағымыз шалып қалды. Бірақ бұл ақшаға жаңа қуаттарды қажет етпейтіндей қылып, бүкіл энергетика саласын дұрыстап жасап шығуға болады. Ал энергияны үнемдеп пайдалансақ, жаңа станциялар салмай-ақ, керек энергиямызға қол жеткізе аламыз.
Су
Бұнда, әсіресе, су мәселесіне назар аударғым келеді.
Қазір көптеген елдер атом энергиясынан бас тартуға мәжбүр немесе АЭС салуға қарсы. Өйткені бұндай технологиялар судың соры: олардың ядролық реакторларын суыту үшін өте көп мөлшерде су қажет. Бізге үнемі Францияны мысал қылады, бірақ былтыр Франция кей реакторларын суытуға су жетпегендіктен жұмысын тоқтатуға мәжбүр болды.
Балқаш
Балқаш көлі өте таяз, Іле өзенінің ағысына байланысты оның суы бірде толып, бірде азайып кетеді, АЭС реакторын суыту кезінде осы мәселе алдымыздан кесе көлденеңдейтінін болжау қиын емес.
АЭС-ті жақтаушылар реакторды суытуға аз ғана су керек, Балқаштың буға айналып жатқан беткі қабаты да жеткілікті дейді. Бұл күлкілі уәж, өйткені булану процесі тоқтамайды, көлдің көп бөлігі булана береді, ал АЭС үшін тағы қосымша қанша тонна су алынады деңіз. Одан бөлек салқындатқыштан аққан ыстық суды қайта көлге құйса, булану мөлшері жылуға байланысты тек ұлғайған үстіне ұлғая береді.
ЖЭК
АЭС-ті қолдаушылар ЖЭК тұрақсыз екенін жиі айтады: күн бірде жарқырап тұрса, бірде жоқ. Бірақ, біріншіден, қазір жинақтаушы технологиялар қарқынды дамып жатыр. Екіншіден, ЖЭК шашыраңқы болған кезде, олар өз міндеттерін жақсы орындайды, өйткені біздің еліміздің аумағы үлкен: күн көзі мол түседі,(бір уақыт белдеуінде тұрамыз деп айтса да) уақыт белдеуі бізде жақсы ауысады.
Тұрақсыздық
АЭС — энергияның тұрақты емес көзі.
Қарапайым мысал: әлемдегі ең жаңа станциялардың бірі саналатын Беларусьтағы атом электр станциясы 2022 жылдың тек жартысында ғана жұмыс істеп тұрған. Неге бұлай болғанына қатысты түрлі нұсқа бар, бірақ бұл АЭС-тің ең тұрақты энергия көзі емес екенін көрсетеді. Сонымен қатар, отын толтыру үшін технологиялық үзіліс жасалатын сәттер болады, ондай сәтте кез келген станция тоқтап тұруға міндетті, ал сонда жұмсалған энергияның көлемін бір нәрсемен ауыстыру қажет болады.
Жаңартылатын энергия көздерімен жұмыс істейтін, қуаты аздау бірақ саны көп станцияларда оны қадағалап отыру жеңіл, сондықтан бұл ең жақсы шешім.
Жұмыс орындары
ЖЭК салу жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Күн энергиясы — көп еңбек етуді талап ететін сала, 1 мегаватт қуат өндіру үшін шамамен 5000 жұмыс орны ашылады. Ал АЭС-те 1 МВт-қа 1000 жұмыс орны ғана ашылады. Сонымен қатар, ол мамандардың [АЭС-тегі] жоғары біліктілігі мықты болуы тиіс.
Қазір ЖОО-ларда мамандарды даярлап жатыр, оқытып жатыр дегенді естиміз, бірақ бұл санаулы ғана адам, халықтың өте аз бөлігі, бұл Үлкен ауылының тұрғындарын уәде еткен жұмыспен қамтамасыз ете алмайды. Оларға өз жерінде АЭС салынса, халық жұмыспен қамтамасыз етілетінін айтады. Бірақ олар, асып кетсе, электр станциясы жұмысшыларына қызмет көрсетеді, болды.
Мерзім
АЭС-ты орта есеппен 10 жылда салады. Егер қазір бізде энергия тапшылығы туатыны туралы айтатын болсақ, 1,5–3 жыл шамасында-ақ жел және күн электр станцияларын үлкен қылып салуға болатын кезде, бұл тым ұзақ уақыт емес пе?
Тритий
АЭС туралы айтқанда, абсолютті қауіпсіздік туралы тезисті жиі қайталайды, бірақ бұл күмәнді ақпарат. АЭС жұмысы нәтижесінде түзілетін көптеген изотоптарды сүзіп алуға болғанымен, тритийді ұстап қалу мүмкін емес, ол қоршаған ортаға түседі. Тритийдің тірі ағзаларға қауіпі зор: ол ағзаға түссе, онда түрлі мутациялар жүреді, өзге де зақымдану түрлеріне ұшырайды. Жұмыс істеп тұрған АЭС маңында зерттеулер жүргізгенде, тритий изотопының мөлшері станция жанындағы суда, топырақта және азық-түлікте жоғары екені анықталған.
Еуропалық зерттеулерге сәйкес, АЭС маңында тұратын балалардың аққан және түрлі обыр ауруларына шалдығу ықтималдығы жоғары.
Апаттар
Тіпті ақаусыз жұмыс істеп тұрған АЭС-тің өзі адам денсаулығына және өзге де тірі ағзаларға үлкен қауіп төндіреді.
Ал апатты жағдайлар туралы айтсақ, Фукусима мен Чернобыль тарихы бәрімізге белгілі, АЭС жақтаушылары еске алғанды қаламайтын бұдан өзге оқиғалар да жетерлік. Өкінішке қарай, атом энергетикасы тарихында салдары ауыр болған апат саны көп.
Қалдықтар
Бізге АЭС-те қалдық аз болады, отын аз жұмсалады дейді, бірақ ол жұмысын тоқтатса, күллі станция түгелдей радиоактивті қалдыққа айналады, өйткені оның барлық құрылымы — радиоактивті қалдық. Біз Германия мен АҚШ-та АЭС жабылған аймақ күңгірт тартып, көңілсіздік жайлаған мысалдарын көрдік, өйткені декомиссия, атом станция жұмысын істен шығару үшін өте көп қаржы қажет.
Экономика
Бүтін тізбекті қарастырсақ: уран өндіруден бастап станцияның жабылуына дейін бұл өте қымбат энергия болады, бұл салық төлеуші ретінде бәріміздің мойнымызға және бизнеске зіл батпан салмақ болады.
Бизнесмендер ақша санауды біледі. Біз осыған қатысты модельдеу жүргізген бірқатар қазақстандық бизнес өкілдерімен кездестік, олардың айтуынша, атом энергиясын пайдалану — олардың өнімдерінің құнын шарықтатып әрі бәсекеге қабілетсіз қылады.
Осылайша, атом энергетикасы жалпы экономикамызға үлкен зиян келтіруі мүмкін: біріншіден, АЭС салу үшін үлкен шығын шығады, екіншіден, өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігі төмендейді.