АТЫМ
Менің атым — Мерей Отан, Астана қаласында 1994 жылы дүниеге келдім, ол кезде қаламыз Ақмола деп аталатын.
Mercury Cachalot деген лақап атым туралы жиі сұрайды «Мүмкін оны өзгертерсің? Әдемілеуін ойлап тапсаңшы. Mercury Cachalot тым оғаш және түсініксіз», — дейтіндер де бар. Бірақ маған ұнайды. Бұл атым түбінде ән, музыка, концерт сияқты шығармашылығыммен байланысады деп ойламаппын.
Әпкем мені Кашалот деп атайтын
Негізінде бәрін де қарапайым түсіндіруге болады. Менің есімім — Мерей. Mercury сөзімен үндесіп тұр. Оған қоса мен Фредди Меркюриді және Queen тобын қатты жақсы көремін. Сондықтан мәселе тек қана үндестікте емес. Оған қоса бұл Фредди мен оның тобына деген құрметім. Ал Cachalot сөзіне келетін болсақ … әпкем мені Кашалот деп атайтын.
БАСТАУЫ
Музыкамен айналысатын немере ағаларым мен әпкелерім өте көп. Олар пианинода, гитарада ойнайтын, ал мен жай ғана оларды бақылап жүретінмін. Бірте-бірте өзім де ойнай бастадым. Акустикалық гитарадан бастадым. Түрлі рок-топтардың «каверларын» ойнадым. Содан кейін синтезаторға кезек келді. Кейін бас-гитараға ауыстым.
Ағаларым мен әпкелерімнің әсерімен британиялық және америкалық рок-музыкаға әуес болдым. Мысалы, Radiohead, Muse, U2, Red Hot Chili Peppers. Шығармашылығымның бастапқы кезеңінде осы музыканттардың әсері өте көп болды. Уақыт өте келе көбінесе инди (Indie music) және Arctic Monkeys, The Kooks т.с. алтернативті музыканы тыңдай бастадым.
Университетте жүргенде өз әндерімнің мәтінін жаза бастадым. Сол жерде алғаш рет сахнаға да шықтым. Менің алғашқы және сүйікті әндерімнің бірі «Көктем» де сол жерде орындалды. Оған дейін де әндердің бірнешеуін жазсам да, «Көктем» мен үшін өте маңызды, өйткені ол алғашқы махаббат туралы.
ҚАЛАЛАР
Астанада дүниеге келіп, өз қаламды қатты жақсы көрсем де, Алматы — жаныма жылу беретін жайлы қала. Бірақ алматылықтарға әрдайым «Астана — ең керемет қала» деп айтамын.
Алматы — әдемі қала. Астана — салмақты, әкімшілік жағы басым және аздап қатал қала, ал Алматы — студенттерге, жастарға, шығармашыл адамдарға арналған қала.
2017 жылдың көктемінде тұрмысқа шықтым. Тойдан кейін күйеуіміз екеуміз Қазақстанның оңтүстік өңірін аралап кеттік. Өмірімде алғаш рет оңтүстіктегі қалаларда болдым. Тараз, Шымкент, Арал, Түркістан, Кентау. Маған тарихы бай, Қазақстанның ең көне қалаларының бірі Тараз ұнады.
Алматыда немесе Астанада тұрып жатсаңыз, қаланың даму деңгейі мен инфрақұрылымына үйреніп қаласыз, содан соң Арал немесе Түркістанға барсаңыз, ол жақта бәрі басқаша. Түркістан — ежелгі қала, оны «Түркi әлемiнiң бесiгi» деп атайды, бірақ бір өкініштісі, осындай аңыз қалада немесе басқа да шағын қалаларда адамдардың жан-жақты дамуы мен өмір сүруіне жеткілікті жағдай жасалмаған.
СӨЗ
Мектепте қазақ әдебиетіне деген көзқарасым біржақты еді. Маған кейбір қазақ ақындары қазіргі жастар үшін қызықсыз, маңызды емес, ал басқа бір бөлігі үгіт-насихатшыл немесе кеңес одағының иісі шығып тұрғандай боп көрінетін. Алматыда Есет атты кластасым болды, ол ақын еді. Қазақ поэзиясы мен нағыз ақындарын дұрыс тануыма себепші болды. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне махаббатым ашылды. Оның өлеңдері әдемілікке толы және жалған ұран сөздерден ада. Мақатаевтың өлеңдері қазіргі жастарының көңілін дөп табар еді деп ойлаймын.
Мен сөз және түрлі тілдермен көп тәжірибе жасадым. Ағылшын тілінде, орыс тілінде де өлеңдер жаздым. Енді ғана өлең жаза бастағанда қазақ тілінде балама музыка өте аз еді. Сондықтан тек қазақ тілінде ән айтамын деп шештім. Бірақ қазір жағдай өзгерді. Қазақша ән салатын көптеген креативті орындаушылар пайда болып жатыр.
ТЕРРИТОРИЯ
Екі ұдай сезім. Қазақстанда тұрып жатасың, мұны бір болмыс не шындық деп қабылдап жүресің, содан бір күні біздің тарих пен мәдениетке қызығушылығы жоғары шетелдікті кездестіресің де, өз Отаныңды басқаша бағалай бастайсың. Жақында Нидерландиядан келген студенттер тобымен таныстық. Олар Human Geography деп аталатын қызық мамандықта оқып жатыр екен. Қазақшаға не орысшаға қалай аударуға болатынын білмеймін… Сонымен осы жас голландиялықтар біздің қалалар мен адамдарды сондай қызығышылықпен зерттеді. Аралда күйеуіміз екеуміз Австралия мен Чилиден келген саяхатшы-бэкпэкерлармен таныстық. Олар Pink Floyd тобының Арал теңізінің қасіретіне арналған Louder than words әніне түсірілген клипті көрген соң Қазақстанға келген. Біз олармен әңгімелестік. Оларды тыңдап отырып, Қазақстанды басқа қырынан таныдым. Шетелдіктің еліңе деген көзқарасы белгілі бір дәрежеде басқаша ойлауға итермелейді.
Алехандро Гонсалес Иньяритту шығармашылығын жақсы көремін. Маған оның барлық фильмдері ұнайды: «Вавилон», «Бердмэн», «Выживший». Біздің музыканттардан Ғалымжан Молданазарды тыңдағанды жақсы көремін. Оның шығармашылығы маған қатты әсер етті, оның музыкасы, оның сөздері… Жақында онымен жүзбе-жүз жолықтым. Ол керемет адам екен. Сондай мейірімді, көпшіл, кiшiпейiл, сабырлы. Оның бойынан жұлдыз ауруын немесе даңғойлық пен менменшілдікті көрмедім. Қазақ музыкасына тілектес болуы және осындай әндер жазуы — сондай тамаша. Бұрын қазақ әншісі Наяны тыңдайтынмын. Оның әндері мен вокалы ерекше. Бірақ соңғы кездері көрінбей кетті. Қайда екенін білмеймін. Оған қоса маған Қытайдан келген музыкант бауырымыз Мамырдың әндері ұнайды. Ол қазақ халық әндерін ерекше қызық стильде орындайды.
Біз жаз бойы Таразда болдық. Ол жерге Австралия мен Чилиден келген бэкпеккерлармен келген болатынбыз. Таразда «Бәйтерек» балалар лагері деген ерекше қызық жер бар. Бұл лагерде отбасылар мен балалар үйінің тәрбиеленушілері демалып жатқан еді. Біздің бос уақытымыз көп болды, сондықтан бірнеше ойды жүзеге асырғымыз келді. Лагерьге бардық. Балаларға балмұздақ әкеліп, жаңа саяхатшы достарымыздың шағын концертін ұйымдастырдық. Содан соң өз күшімізбен менің өлеңіме видео түсіреміз деп шештік.
Клиптің бюджеті қарапайым: 30 хот-дог пен 30 піскен жүгері
Балаларды осы клипке түсуге шақырдық. Түсірілімге шын мәнінде қызыққан балалар келді. Шамамен 20 бала жиналды. Бәрі де жетім балалар үйінен еді. Видеомызда ешқандай күрделі сюжет болған жоқ, бәрі қарапайым болды. Ән айттым, балалар ойнап жүрді, секірді, жүгірді, кейбіреулері қосылып ән айтты, біреулері әннің мағынасы туралы сұрады. Клиптің бюджеті де қарапайым: 30 хот-дог пен 30 піскен жүгері.
Бұл менің балалар үйінің тәрбиеленушілерімен болған бірінші тәжірибем емес еді. Бакалавриаттың бірінші курсында оқығанда университетіміздің студент үкіметінің еріктісі болдым. Балалар үйінің тәрбиеленушілеріне киім мен азық-түлік жинап әкеліп беруші едік. Мен үшін өте маңызды және айтарлықтай тәжірибе еді.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері тағдырлары сондай қиын болғанына қарамастан, мейірімділік пен бауырмалдықты сақтауға күш табады. Кейбіреуімен әлі күнге дейін хат алмасып, хабарласып тұрамыз. Видеоның монтажын аяқтаған соң, видеоға түскендерге жібердім. Фильмдегі қыздардың бірі қазір 15 жаста. Маған былай деп жазып жіберіпті: «Менің жақсы жаңалығым бар. Енді менің отбасым бар. Жақын арада өзімнің жаңа үйіме барамын». Балалар үйінің тәрбиеленушілерімен осындай қуынышты жағдайлар болатыны сондай керемет. Жер бетіндегі ең мейірімді жүрек осы балаларда бар болар.
ДАЛА МЕН ТЕҢІЗ
Мен журналистика бакалавриатын аяқтадым. Бұл мамандық мен үшін қызық, бірақ өзімді тұтастай журналист ретінде көре алмағандықтан академиялық бағытқа, зерттеулермен айналысуға ауысуды жөн көрдім. Оған қоса музыканы жақсы көргендіктен магистартурадағы зерттеуімді Қазақстанның қазіргі музыкасына арнауды дұрыс деп шештім. Маған Қазақстанның жаңа толқыны «new wave» қызық. Осы музыка өсіп келе жатқан ұрпаққа, оның бірегейлігіне қалай әсер ететінін білгім келеді. Зерттеуімнің объектісі жастар арасында танымал тәуелсіз орындаушылардың шығармашылығы болады деп ойлаймын. Олардың шығармашылығы біраз қызық сұрақтарға толы. Мысалы, бір ғана Ninety One жобасы ұлттық, гендерлік бірегейлік, мәдени глобализация мәселелерін қамтиды.
Сұраныс болмаса да, музыканы музыка үшін жазғым келеді
Алғашқы толыққанды концерттерім Астана мен Алматыда өтті. Алдымен Астанадағы Hot spot кофеханасыда, ал 2017 жылдың маусымында Алматыдағы Go Viral фестивалінің қатысушыларының алдында болды. Қазір жеке орындаймын, бірақ Астанадан мен сияқты альтернатива мен инди-рокты жақсы көретін мүдделес, ниеттес музыканттарды кездестіргім келеді. Жақсы топта, жақсы аспаптармен және жанды дауыспен ойнап, әндерімді орындағым келеді. Әрине өз альбомымызды да жазып шыққым келеді.
Өзімді музыкада дамытуды тоқтатпауға тырысамын. Сұраныс болмаса да, тіпті топырлаған фанаттарым болмаса да, музыканы музыка үшін жазғым келеді.
Далалық жерден болсам да, сүйікті көріністерім мұхит, Калифорния, теңіздермен байланысты. Лақап атымның Кашалот болуы да бекер емес болар.