The Wall Street Journal: Ұмыт болған аштық

Кітапхана DOCA Қазақстан

The Wall Street Journal: Ұмыт болған аштық

3 Қараша, 2018 жыл

АҚШ, Қазақстан

1 қарашада The Wall Street Journal уеб-ресурсында «Кеңес Одағындағы ұмыт болған аштық. Сталиннің Украинаға не істегені есімізде, бірақ Қазақстан жайын ұмыттық» (The Forgotten Soviet Famine. We remember what Stalin did to Ukraine but not Kazakhstan) деген тақырыпта мақала жарық көрді. Мақаланы профессор, Мэриленд университетіндегі тарих кафедрасының доценті, «Аштық жайлаған дала: аштық, зорлық-зомбылық пен Кеңестік Қазақстанның құрылуы» кітабының авторы Сара Кэмерон (Sarah Cameron) жазған. 

Сара Кэмерон мақаласында ХХ ғасырдың ең ірі трагедиясы, Қазақстан тарихындағы ең ауқымды гуманитарлық апат — 1930 жылдардағы «Ашаршылық» (Голодомор) неліктен ұмыт қалды деген мәселені көтереді.

Орталық Азия мен Қазақстан оқырмандары үшін бұл материал маңызды әрі өзекті болар деген оймен Adamdar/CA сайты Сары Кэмеронның мақаласын қазақшаға аударды.

Қазақ тіліне аударған Қарагөз Смәділ.

 

Ұмыт болған аштық

Сталиннің Украинаға не істегені есімізде, бірақ Қазақстан жайын ұмыттық

АҚШ Сенаты қазан айында Украинадағы 1932—33 жылдардағы аштықтың 85 жылдығына орай қарар қабылдады. Осы жылы Қазақстандағы аштыққа да 85 жыл. Сталиннің аяусыз қылмыстарының бірі — қазақ даласындағы аштық, әлем назарынан тыс қалған.

Кейбір пікірлерге ден қойсақ, Қазақстандағы аштық Украинамен салыстырғанда тіптен аяусыз жүрген. Ұжымдастыру қазақ даласында күшпен жүрді, оған жаппай қуғын-сүргін қосылды, аш-жалаңаш, жәбір-жапа көргендер бассауғалап сырт елге қашпас үшін шекараны тарс қымтап, жауып тастады. Шамамен 1,5 млн. адам қаза тапты. Сол замандағы қазақтардың ширегі көз жұмды. Кеңестер Одағында ұжымдастырудың кесірінен о дүниелік болған халықтардың ішіндегі ең үлкен көрсеткіш де осы.

Алапат аштықтың кесірінен қазақтар өз республикасында азшылыққа айналып, орыс келімсектерінің саны артты. КСРО құлаған 1991 жылдан кейін ғана Қазақстандағы қазақтар саны жалпы халықтың 50 пайызынан артты. Аштықтан кейінгі жылдары республиканың демографиялық саясаты Мәскеу жүргізген қатаң саясаттың бақылауында болды. Бұрынғы жайылымдық жерлерге еңбекпен түзеу лагерлері орнығып, Қазақстан жер айдалған, депортацияланған топтардың алаңына айналып шыға келді.

1980 жылдары Конгресс украиндердің аштығын зерттеді. 2015 жылы Вашингтонда ол аштықтың құрбандарына ескерткіш орнатты. Алайда, қазақстандық апат Батыстың назарына ілікпеді. Неліктен?

Біріншіден, АҚШ-тағы қазақ диаспорасы өте аз. Украиналықтармен салыстырғанда, қазақтар ол ашаршылықтың апатты жағдайын ұлттың басты  қайғы-қасіретіне айналдыра қоймайды, бәлкім, қазіргі қазақ билігінің Ресеймен тығыз қарым-қатынасы осы жағдайға итермелеген болар.  Кейбір украиндар да Ашаршылықты Украинаның ғана басынан өткен қайғы-қасірет етіп көрсеткісі келді. Соның салдарынан ол кезеңдегі қазақ және кейбір орыс шаруалары бастан кешкен сұмдық аштық ұмытыла бастады.

Екінші бір себеп, ол уақытта украиндар толығымен шаруалар, ал қазақтар көшпенділер еді. «Өркениетке жетеледік» деген желеумен, көшпенді халыққа жасаған зорлық-зомбылықты тез ұмытып қалатын бір «әдетіміз» бар. Тірі қалған қазақтар отырықшы өмірге көндігу үшін мәдениеті мен бірегей салт-дәстүрінен жаппай бас тартуға тура келді. Одан өзге, АҚШ кеңестік және ресейлік тарихты «еуропалық» санайды. Бұл әдіс Кеңес Одағының Азия бөлігін маргиналдандырып жібермей ме?

Сенаттың мұндай қарары үлкен нәтижеге жеткізе қоймас. Бірақ бұл АҚШ-тың нені құрмет тұтып, нені ұмыт қалдыратынын да дәлелдейді. Мыңдаған адамның өмірін қиып, республика халқын түп-тамырымен өзгертіп жіберген қазақ даласындағы аштық Конгрес залында еске алуға, тарих кітаптарында жазылуға әбден лайық апат.

Мақаланың түпнұсқа мәтінімен WSJ уеб-ресурсында танысуға болады.


Adamdar анықтамасы

1931–33 жылдардағы ашаршылық («Ашаршылық», «Ұлы Жұт», «аштық», «Голощекин аштығы») — жаңа тарихтағы ірі, алайда ұмытылған апат. Иосиф Сталиннің басшылығымен жүрген ұжымдастыру, шаруалардың мүлкін тәркілеу, бай-құлақтарды «әшкерелеу» науқандары КСРО-дағы кейбір аймақтарда жаппай аштыққа ұласты. Ең көп адам Украина мен Қазақстанда зардап шекті, Орталық Азия, Сібір, Орал, Кавказ бен Еділ бойындағы жұрт та аштыққа ұрынды. 1930 жылдардағы аштық Қазақстандағы ең ауқымды әлеуметтік апат: аштықтан 1–3 миллион аралығында адам қаза тапты. Онсыз да аштыққа ұшыраған халықты большевиктер партиясы жаппай қуғын-сүргінге ұшырата бастады:  ал аштық пен қуғын-сүргінге қатысты толқулар мен көтерілістерді жергілікті ОГПУ (НКВД) аяусыз басып-жаншып отырды. Жүз мыңдаған адам Қазақстаннан босып, Орталық Азия мен Азияның басқа қиырына (Ауғанстан, Қытай, Түркия, Моңғолия) жөңкіле көшті. Он мыңдаған қазақ далада арлы-берлі көшіп жүріп аштан, жазалау отрядтарының қаруынан көз жұмды. 1930 жылдары аштыққа ұшыраған адамдардың тірі қалған ұрпақтары Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында майданға аттанды. Олардың көпшілігі 1941–45 жылдары соғыстан оралмады. (Екінші дүниежүзілік соғыс майданында 600 мыңнан аса қазақ опат болған). 

Жарияланған уақыты: 3 Қараша, 2018 жыл