Түн Түн

11 Қантар, 2022 жыл

Алматы, Қазақстан

2022 жылдың 4 қаңтарында еліміздің бірнеше қаласы мен ауыл-ауылдары Жаңаөзендегі бейбіт шеруді қолдап, қосылып жатты. Алматыда шерушілер саны өте көп болды: 4 қаңтардағы бейбіт шеруге мыңдаған адам шықты. Бұл 30 жылдық тарихы бар тәуелсіздік кезіндегі ең үлкен жиын екені ақиқат. 4-нен 5-іне қараған түні бейбіт ниеттегі шерушілерді күш қолданып таратқысы келді, одан бөлек мародерлар мен бұзақылар бейбіт тұрғындарға, полицияға, коммерциялық нысандарға, қаладағы түрлі объектілерге шабуыл жасап, ойран салды. 

Бүгін, 11 қаңтардан бастап, ұзақ уақыт шектелген байланыс қосылған шақта, біз Adamdar/CA авторларының сол күндер жайлы жазбаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 


4 қаңтардың кешінде әуелі жүздеген, кейін мыңдаған ешқандай қарусыз, бейбіт адамдар менің қаламның орталық алаңын бетке алды. Олардың көбі алдарында не күтіп тұрғанынан бейхабар еді, сондықтан көтеріңкі көңіл-күймен алаңсыз келе жатты. Олар (баяғыда жоғалтып алғандай болған) сан алуан сезімнің күйін кешіп, қуанып, күліп келеді. Бірде қазақтың халық әндерін шырқаса, бірде әнұранды әуелетеді. Олардың ішінде титтәй балаларын жетелеп алғандар да, қарт әке-шешелерін ерте шыққандар да бар еді.

Халық алаңға, сол маңға жақын көшелерге жинала бастағанда, полиция мен арнайы жасақ жарық-шулы гранаталар лақтырып, көзден жас ағызатын газ шашты. Көбін ұрып-соғып, автозакқа (тұтқындар тиелетін көлік)тиеп жатты. Бірақ оған қарап жатқан жұрт жоқ, газдан әрең тыныстап, қақалып-шашалып, көзінің жасы сорғалап жатса да, Алматының, Қазақстанның бас алаңына қарай қарай қайта-қайта ентелей түсті. Олардың көпшілігі жас жігіттер еді, араларында жас қыздар да, әйелдер де, жасөспірімдер мен зейнеткерлер де болды. Шерушілердің бірі қолына алып, бірі арқасына жамылып, алтынмен әдіптелген бүркіті мен күні бар көк туымызды ала шығыпты.⠀

Мен дәл менің қаламда, 4 қаңтардағыдай соншама нөпір халықтың бір мезетте бақыттан шалқыған жүзін бұрын-соңды көрмеппін. ⠀

Мен дәл менің қаламда, 4-нен 5-не қараған түндегідей соншама халықтың қорқыныштан шыңғырып, ауырсына ыңыранып, қаһарлана ашуланғанын бұрын-соңды көрмеппін. 

Мен бұрын-соңды дәл мұндай көп жедел жәрдем көлігін кездестірмеппін. Алматы санитарлары, медбикелері мен дәрігерлері дәл сол ауыр түндегідей қанға бөккен, жарақаттанған жандарды өмірінде қабылдап көрмеді.

Мен сондай ұзақ түнде соншама адамның айналасында болып жатқан сұмдықтарға қарамастан, бір-біріне жәрдемдесіп, басына қайғы келген яки жанға батқан аурудан құлақ тұндыра шыңғырған бейтанысқа көмектесіп жатқанын бұрын-соңды көрмеппін. 

Мен Сәтбаев көшесінде резеңке оқ тиді ме, әлде жарық-шулы граната бетіне тиді ме, – әйтеуір бір адамның құлағанын көрдім. Сол сәтте оның айналасын бірнеше адам шеңбер бойымен қоршап, жарылыстар мен газдан алыс аймаққа алып кетті: бірі қанын жуу үшін бетіне су құйса, бірі жарасын таңып жатты. 

Мен мопедпен жүрген бір курьердің балдақ таянған бейтаныс жігітті артына міңгестіре салып, қырғын болып жатқан аймақтан алысқа алып кеткенін көрдім. 
Мен дәл сол түні өзге де курьерлердің нағыз қаһарман істеріне куә болдым: олар өздерінің желден жүйрік мопедтерімен су тасып, тегін таратып жүрді, жаралыларды алып кетіп жатты, қауіпсіз аймақтарды нұсқап жатты.

Мен бір апаға: «Апа, кетіңіз!» деп, оны газ бен гранатадан қорғап жатқан жігіттерді, оларды тастап ешқайда кетпейтінін айтқан апаны көрдім, расында ол ешқайда кеткен жоқ. 

Мен сол сәтте де, кейінірек те бұзақыларды тоқтатуға тырысқан қаншама жанды көрдім.

5 қаңтардың таңына қарай улы газдың түтіні сейіледі. Жарық-шулы граната жарылмайтын болады. Көшелердегі жаралылардың ыңырсыған, ауырсына бақырған үндері тыншиды. Айқай мен газдан тамағы қарлыққан менің қаламның даусы ашылғандай болады. Аз уақытқа үнсіздік басады. Дауыл алдындағы тыныштық орнайды. Тек аз уақытқа ғана. Сосын қайтадан бұл тыныштықты айқай мен жарық-шулы граната үні тіліп түседі. Сосын оқтың үні үдей береді. Енді әскери қарудан оқ атылады: мылтық пен автомат кезек ойқастайды. Ғимараттар отқа оранады. Менің қорғансыз, үні қарлыққан, жаралы қалам мародерлар мен қандықол қарақшылардың азабын көреді. Менің қаламның көшелері, менің қаламның үйлері, менің қаламның тұрғындары қанға бөккен 2022-нің қаңтарын жадында сақтайды.

Алматы, Республика алаңы. 5 қаңтар 2022 жыл
Фото: Тимур Нусимбеков

Бұл оқиғаға қатысты тағы бір жазба: Данияр Молдабеков, «Ар қымбат»

#AlmatyQańtar2022
#QandyQantar

Жарияланған уақыты: 11 Қантар, 2022 жыл