Тамыздың басынан бері Adamdar/CA сайтының негізін қалаушылардың бірі әрі редакторы Тимур Нусимбеков Украинада жүр. Ол орыс-украин соғысы басталғалы бері Украинаға ат басын тіреген алғашқы қазақстандық журналист. Тимур өзінің Телеграм-каналында өзімен жолыққан адамдар жайлы, оқиға, соғыс уақытындағы Украина келбеті жайлы баяндап отырады. Кей үзінділерді біз өзіміздің сайтымызда «Украина жазбалары» айдары аясында топтастырып беріп отырамыз. Алғашқы жазба — автор сапары бастау алған Польша астанасынан.
***
Жексенбі. Варшава. Джетлаг. Жауын. Жаңбыр тамшылары қолшатырдан сырғып түсіп, жолды жапқан тас кесектеріне барып жарылып жатыр. Король сарайы алаңы: поляк монархы Сигизмунд III мұнарасының түбінде 20-30 шақты қыз-жігіт топтасып тұр. Олар жарты ай бейнесінде тұр. Мен жарты айға жақынырақ келдім. Қуатты әрі әдемі әйел үні төгіліп жатыр. Қара киініп алған жігіт акустикалық гитарада ойнап тұр, оның жанындағы қыз сұр худи киіпті. Қыздың қолында қолшатыр жоқ, сондықтан басынан бақайшағына дейін малмандай су болған. Сұр худидағы қыз былай әндетеді:
«Ми — Україна!
І ми — справжня сила!
Ми стоїмо
Один за одного,
Бо наша любов —
Це головна зброя!»
Мағынасы былай:
«Біз – Украина!
Біз мықты күшпіз!
Біріміз үшін бәріміз
Тұрып береміз!
Біздің махаббатымыз —
Бұл біздің басты қаруымыз!»
Олар әнін орындап болған соң, адамдар келіп сұр худидегі қызды құшақтайды, рахметін айтады, бәз біреулер көз жасын тия алмайды. Олардың көбі украиналықтар еді.
Алаңға келгендердің бірі сол кеште маған өз өмірі жайлы айтып берді: оның үйі Шығыс Украинада болған екен, ресейлік сарбаздар тонайтынын тонап, қалғанын өртеп кетіпті, кей көршілерін өлтірген, оның әкесі өз еркімен әскерге сұранып, қазір соғыс даласында жүр екен, ал өзі еріктілермен жүріп, гуманитарлық көмек жинайды.
Сұр худидағы қызға ең соңғы болып мен де жақындадым. Таныстық. Мен оған «Қазақстан» шоколадын ұсындым, мынандай жауыннан соң оған тәтті-дәмдімен ыстық шәй ішу керек. Сұр худидағы қыз маған бірер сағаттан соң қайта алаңға келуімді өтінді: олар тағы дәл осы жерде өнер көрсетеді екен.
Бірнеше сағаттан соң сары-көк туын желбіреткен топ король сарайы алаңына қарай ағылады. Ол кезде олар бір шоғыр ғана болмайды: әуелі он шақтысы жиналады, сосын жүз шақты, сосын олардың қарасы көбейе-көбейе алаңда ине шаншар орын қалмайды.
Бұл адамдар Украинада 24 ақпаннан бері қайтыс болғандарды, шілденің соңғы аптасында ажал құшқандарды еске алатын болады. Бұл адамдар шығыста шыбын жанын шүберекке түйіп, Украина үшін, күллі әлемнің бейбітшілігі үшін қан кешіп жүрген батырларға гуманитарлық көмек жинайды. Сұр худидағы қыз жанындағы өзге де музыканттарымен, еріктілерімен бірге ертең өзге қалаға кетеді, өйткені олар Украина сарбаздарына көмек жиюуы керек.
Варшава, Польша
31 шілде 2022, соғыстың 158-ші күні
Қазақстандықтар Украина тұрғындарына көмек бере алады. Оған қатысты ақпараттар мұнда:
Украинаның Қазақстандағы елшілігі
Қазақстанның Украинаға гуманитарлық көмегі ресми штабы
Қазақстанның Украинаға гуманитарлық көмегі штабы
Сондай-ақ Qańtar2022 волонтерлік жобасы туралы да ұмытпаңыз, ол #QandyQantar оқиғасында зардап шеккен қазақстандықтарға, осы оқиға барысында азапталғандарға және құрбан болған қарапайым азаматтардың отбасына қолдау көрсетеді.