COVID-19: ауырған кезде не істеу керек

DOCA Қазақстан

COVID-19: ауырған кезде не істеу керек

(Қазақстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясы ұсыныстары)

Иллюстрациялар: Айжан Байтимбетова

1 Шілде, 2020 жыл

Қазақстан

COVID-19 ауруының Қазақстанда алғаш тіркелген жағдайлары пайда болған сәттен үш ай өте мемлекеттегі эпидемиялогиялық жағдай нашарлауда. Әлемде жаңа вирустан әсерлі ем немесе вакцина әлі де жоқ, еліміздің ауруханалары толып кетті, күн сайын жаңадан ауырғандар жайлы айтылып жатыр — осының барлығы сөзсіз үрей тудырады. Біз тағы да Қазақстанның отбасылық дәрігерлерінің ассоциациясының сарапшыларына жүгініп, олардан кеңінен таралған, осы күндері халықтан келіп жатқан сұрақтарға жауап беруін сұрадық. Дәлелді медицинаның қолдаушылары ретінде ҚОДА дәрігерлері өзіңізде коронавирус бар деп күдіктенгенде не істеу керек екенін, неге тест жасауға асығудың қажеті жоқ екенін, ауруханаларда немен емдейтінін, кімге шын мәнінде стационарға бару керектігін және тағы басқаларын түсіндірді. 

COVID-19 вирусы және оның алдын алу шаралары жайлы Adamdar/CA және ҚОДА-ның 19 наурызда жарияланған алғашқы ортақ материалын сілтеме бойынша оқыңыздар.

Төменде берілген ақпарат жарияланған кезінде — 2020 жылдың 1 шілдесінде аса өзекті болған.

ЕГЕР СІЗ АУЫРЫП ҚАЛСАҢЫЗ

Менде коронавирустық жұқпаның белгілері пайда болды / Менің ойымша, менде коронавирус / Менің коронавирусқа тестім оң нәтиже көрсетті/ КТ вирустық пневмония белгілерін анықтады. Не істеу керек?

Алдағы қадамдарыңыз сіздің хал-жағдайыңыз бен белгілеріңізге байланысты. 

Есіңізде болсын, Covid-19 жұқтырған адамдардың 80% еш белгілерсіз немесе жеңіл деңгейде ауырады.

Коронавирустық жұқпаның жеңіл түрімен ауыру — бұл: 

• дене температураңыз 39° аспайды;
• сіз тұншықпай дем ала аласыз (пәтерде/үйде жүре аласыз, душ қабылдай аласыз, дәретханаға бара аласыз, шай іше аласыз және т. б.) 
• ентігу және жөтел сөйлеуге кедергі жасамайды;
• басқа симптомдар: бас ауыруы, құрғақ жөтел, тамақтың ауыруы, бұлшық еттердің және сүйектердің ауырсынуы, иіс және дәм сезу қабілетінің жоғалуы, іштің өтуі — болуы/болмауы да мүмкін.

Егер белгілер жеңіл түрде байқалса, онда төмендегі көрсетілген жалпы ұсынымдарды ұстану қажет:

1) Басқаларға жұқтырмау үшін оқшаулану
Үйде қалыңыз. Егер үйде жалғыз емес болсаңыз, жеке бөлмеде болуға тиіссіз, оның есігі тұрақты түрде жабық болуы тиіс, бөлмені үнемі желдету керек, оның ішіндегі барлық заттардың беттері үнемі дезерітіндімен өңделуі тиіс. Сізге барлық қажетті заттарды (азық-түлік, сусындар, гигиена құралдары және т. б.) сіздің отбасыңыздың мүшелері, есіктің алдында қалдыруы тиіс. Егер сіз әжетханаға, жуынатын бөлмеге шықсаңыз, өзіңізден кейін, сіз ұстаған заттардың беттерін дезерітіндімен өңдеу қажет, сондай-ақ қолдарыңызды сабынмен жуып, санитайзермен (спирт ерітіндісімен) өңдеу керек.

2) Емханаға хабарласыңыз, белгілеріңіз туралы учаскелік дәрігерге хабарлаңыз
Бұл дәрігердің сіздің жағдайыңызды қашықтықтан бақылау үшін және оның нашарлаған кезінде ауруханаға жатқызуға көмектесу үшін қажет.

3) Көп мөлшерде жылы сұйықтықты ішу — күніне 2–4 литрге дейін
Интоксикация жағдайын тоқтатуға, бас ауыруын басуға, температураны төмендетуге, сусыздандыруды жеңуге (температура, ентігу және іш өту жағдайында сіздің ағзаңыз өте көп сұйықтықты жоғалтады) және қанды сұйылтуға көп мөлшерде сұйықтықты тұтыну көмектеседі.

Не ішу қажет? Ең алдымен, таза су (2-3 литр), кез келген шай (таңқурай, қарақат, шырғанақ, бөріқарақат, аллергия болмаса бал қосуға болады), сорпа (тауық, сиыр еті, қой еті). Көп мөлшерде тәтті сусындарды ішуге болмайды, әсіресе артық салмағы бар адамдарға.

4) Тыныс алу гимнастикасы — күніне 2–3 рет
Тыныс алу гимнастикасы өкпедегі қан іркілісін алдын алуға көмектеседі және тыныс алу жүйесінің қорларын арттырады. Негізгі принципі – терең демді ішке тартқаннан 7-20 дейін санап, тынысты кідірту (тоқтату). Содан кейін қатты және ұзақ дем шығару. Өкпенің артқы төменгі бөлімдерді іске қосу қажет. Ұзақ уақыт бір орында жатпауға, отырмауға тырысыңыз.

5) Дене белсенділігі
Тыныс алу гимнастикадан басқа тұрып тұру, жүру, бұлшық еттерді созуға арналған жеңіл жаттуғыларды жасау, бұрылыстар, еңкею және т. б. қимылдарды орындауға тырысыңыз. Тіпті, егер күшіңіз болмаса да, ұзақ уақыт бір орында жатпаңыз, барлық уақытта дене қалпыңызды ауыстырыңыз.

6) Толыққанды ұйқы
Тәулігіне 8 сағаттан кем емес. 

7) Үйлестірілген тағам
Балғын жемістер мен көкөністерді (қырыққабат, аскөк, бұрыш, қияр және т. б) көп мөлшерде тұтынуға тырысыңыз.

8) Д3 дәруменін қабылдау
Д3 дәрумені басқа да жіті вирустық жұқпаларда өзінің тиімділігін жақсы дәлелдеген. Зерттеулер көрсеткендей, қандағы Д3 дәруменінің төмен деңгейі COVID-19 -дың аса ауыр ағымына байланысты болды. Д3 дәруменді 2000 халықаралық бірлік (ХБ/IU) дозада қабылдау керек — күніне 1 рет, ас ішу кезінде, әсіресе сізде қандағы Д деңгейі төмен болғаны белгілі болса.

9) Тыныс алу қозғалыстарының бір минуттағы жиілігін бақылау
ТАҚЖ 1 циклы — бұл дем алу+дем шығару. Жиілігін өлшеу шарасын міндетті түрде басқа адам жүргізуі тиіс, сіз тыныштықта болғанда — отырғанда немесе жатқанда. Ересек адамдарда ТАҚЖ қалыпты деңгейі — минутына 12-ден 20 циклға дейін, ТАҚЖ минутына 24 жоғары болған жағдай ентігунің көрсеткіші болып табылады.

10) Дене температураны бақылау — күніне 2-3 рет 
Вирус жүйке жүйесіне, соның ішінде терморегуляция орталығына да зақым келтіреді, сондықтан температура өзгеріп тұруы мүмкін. Бұл ауру кезінде температура тәулік ішінде 35 градусқа дейін түсіп, кейін 37-37.8 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Қорықпаңыз, бұл қалыпты жағдай. 

COVID-19 кезінде басқа да вирустік және бактериалдық жұқпалар кезінде сияқты дене температурасының көтерілуі — жақсы белгі. Бұл ағзаның дұшпанның — вирус немесе бактерияның енуіне қарсы қорғану реакциясы. 37,0–38,0 градус температура кезінде иммун жүйесі жасушалары белсенеді. Эндогенді интерферондар және басқа да вирус өлтіретін ақуыздар пайда бола бастайды. активизируются клетки иммунной системы. Сондықтан дәрігерлер мен ғалымдар көтерілген температураға шыдап, 39,1 цифріне дейін мазаланбауға кеңес береді.

11) Тамыр соғу жиілігін бақылау —күніне 2-3 рет

12) Белгілер күнделігі
Блокнот жүргізуді бастаңыз, оған өзіңіздің белгілеріңізді, сондай-ақ ТАҚЖ, температура мен тамыр соғу жиілігінің көрсеткіштерін жазып жүріңіз. Осы көрсеткіштерді өзініңіздің учаскелік дәрігеріңізге жіберіп жүріңіз. ДССМ ыңғайлы чекпарағын шығарды. Осы жерден қарап шығуға немесе жүктеп алуға болады.

Қазіргі уақытта COVID-19-дан арнайы ем жоқ, сондықтан да қажет болған жағдайда симптоматикалық ем жүргізіледі:

Безгекке төзе алмаушылық немесе әлсіздік кезінде температураға қарамастан (бұлшықет ауыруы, бас ауыруы, дене мен буын «сырқырауы», жалпы ауру жағдайы) парацетамол мен ибупрофенді қабылдаса болады, бірақ тәулігіне 3 реттен артық емес. 

Тамақ ауырып, қышыған кезде және жөтелді жеңілдету үшін арнайы антисептикалық таблеткаларды, дражелерді, пастилкаларды, кәмпиттерді ауызда ұстап соруға болады. 

Ауру басым көпшілік жағдайда қарапайым вирусты инфекция сияқты өтеді, және иммундық жүйе ауруды өзі жеңіп шығады. Сондықтан:

• үрейленудің қажеті жоқ;
• Covid-19-ға қарсы ешқандай басқа әділетсіз өндірушілер насихаттайтын, дәлелденбеген «дәрі-дәрмектерді», дәрумендерді немесе тағамдық қоспаларды қолданбаңыз;
• спиртпен, ас содасымен немесе тағы басқа заттармен дем алудың керегі жоқ. 
• қажеттілік болмаған жағдайда жедел жәрдем немесе үйге отбасылық дәрігерді шақырудың керегі жоқ;
• вирусқа қарсы препараттарды, антибиотиктерді, аспиринді қабылдаудың керегі жоқ;
• Covid-19-ға тест тапсыруға тырысудың қажеті жоқ.

Неге шұғыл түрде ПТР-зерттеу жүргізудің және КТ түсірудің қажеті жоқ?

Егер белгілер болмаса, коронавирусқа тексерілу ештеңе де бермейді. Сіз бүгін жұтқыншақ жағындысынан теріс нәтиже алып, бірақ ертең-ақ жұқтырып алуыңыз мүмкін.

Тіпті белгілер пайда болса да, олардың коронавирустық жұқпамен байланысын дәлелдеу үшін ешқандай іс-әрекеттерді қабылдаудың қажеті жоқ. Өкінішке орай, бұл талдаулар ары қарай не істеу керек, қалай емделу керек, нені қабылдау керек деген сияқты сұрақтарға ешқандай нақты жауап бермейді. ПТР-дің сезімталдығы онша жоғары емес (30-60%) және көптеген факторларға байланысты. Егер сізде аурудың әдетті белгілері бар болып, алайда жағынды «теріс» нәтижені көрсетсе, сіз коронавирусты жұқтырғансыз.

Талдау емделіп шығу мүмкіндігіңізге әсер етпейді, бірақ жағдайды қатты қиындатуы мүмкін. Мысалы, сіз талдауды тапсырған сәтте вирусты жұқтырып алуыңыз мүмкін. Ауруханаға, поликлиникаға, лабораторияға бару — қауіпті, өйткені онда ауырып қалған адамдар жиналады. Талдаудың теріс нәтижесі жалған тыныштық сезімін тудырады, себебі COVID-19 кезінде талдау жиі қате теріс нәтижені көрсетеді. Расталған COVID-19 диагнозының өзі не істеу керектігіне әсер етпейді, себебі одан арнайы ем жоқ және кез келген жағдайда нәтиже тек қана сіздің иммунитетіңізге байланысты!

Өкпенің компьютерлік томографиясы (КТ) коронавирусты емес, вирустық пневмонияны диагностикалау үшін пайдаланылады. Коронавирусқа талдау сияқты (ПТР) КТ-да аурудың белгілерін, тіпті екіжақты пневмонияны анықтау да ары қарай не істеу керектігіне әсер етпейді. COVID-19 кезінде КТ-да тіпті ең жеңіл науқастарда да екіжақты пневмония жиі анықталады, кейін ол өз бетімен өтеді. Сонымен бірге томографтар көбінесе бөлмені жақсы зарарсыздандырмайды, тіпті егер сізде COVID жоқ болса да сіз томографтан, күту аймағында немесе қызметкерлермен байланысқанда оны жұқтырып алуыңыз мүмкін. КТ-ні тек жағдай ауыр кезде және ауруханаға жатқызу мәселесі туындағанда, науқаста гипоксия белгілері, яғни ағзада оттегінің жетіспеушілігі болғанда жасау керек.

Қандай жағдайларда ауруханаға жатқызу және талдау жүргізу шаралары талап етіледі? 

Ауруханаға жатқызу және коронавирусқа талдау жүргізу (ПТР, өкпенің КТ) тек ауыр науқастарға көрсетілген, яғни оттегімен жасанды қолдау немесе реанимациялық бөлме жағдайында емдеу жайлы сұрақ тұрғанда. Стационарлық көмек тек 20% залалданған тұлғаларға қажет. 

Уайымдауға және медициналық көмекке жүгінуге келесі белгілер себеп болады:

1) Ауыр деңгейдегі ентігу* (ауа жетіспеушілік сезімі)
тыныс алу қозғалыстардың жиілігі минутына 24 циклдан көп

* Ентігу ауырлық деңгейі бойынша жіктеледі:

Жеңіл деңгейдегі ентігу — күнделікті іс-әрекеттерге кедергі жасамайтын ентігу (мысалы, баспалдақпен көтерілген кезде, бір немесе екі баспалдақтан көтерілгенде немесе жылдам жүргенде).

Орташа деңгейдегі ентігу — күнделікті өмірге кедергі жасайтын ентігу (мысалы, тоқтаусыз, дем алусыз баспалдақпен көтерілу әрекетін шектейтін немесе тамақ пісіруге және жеңіл үй жұмыстарын орындауға кедергі жасайтын ентігу).

Ауыр деңгейдегі ентігу — тыныштық күйде туындайтын, науқас сөйлемдерді толығымен айта алмайтындай жағдайды туғызатын және жуыну не киіну сияқты қарапайым іс-әрекеттерге кедергі жасайтын ентігу.

2) Жоғары температура
Қызуды басатын препараттардың фонында түспейтін және ұзақ уақыт сақталынатын (7 күннен көп) 39° және одан жоғары температура

3) Қанды оттегімен қанықтыру деңгейінің төмендеуі 
Қанды оттегімен қанықтыру пульсоксиметр көмегімен өлшелінеді – бұл шағын аспап, оны қолдың сұқ немесе ортаңғы саусағына кигізеді. Ол оттегімен қанығу дәрежесін пайызбен көрсетеді және тамыр соғуының жиілігін анықтайды. Қанды оттегімен қанықтыру деңгейі 94% және төмен жағдайы өкпелер өз функциясын атқара алмайтыны туралы айтады, яғни науқасқа жасанды оттегі қолдау қажет етіледі.

4) Сананың бұзылуы
тежелген жай-күй, уақыт пен кеңістікте бағдарланудың бұзылуы

5) Артериялық қысымның төмендеуі немесе керісінше күрт жоғарылауы
90 мм рт. ст.-тан төмен немесе 220 мм рт. ст.-дан жоғары

6) Тамырдың жиі соғуы
минутына 130 соққыдан асса

7) Қосымша қауіп факторлардың бар болуы
жасы 65+, ілеспелі жүрек-қантамыр аурулары, диабет, семіздік, онкологиялық аурулар және т. б.

8) Қандай да бір басқа ауыр симптомдар
мысалы, шыдатпайтын ауырсыну (атап айтқанда, бас ауруы), тоқтамай құсу, іш өту

* Екі немесе одан да көп белгілердің үйлесуі ауруханаға жатқызу қажеттігін көрсетеді. Жағдайыңыз жайлы сіз тіркелген емхананың учаскелік дәрігеріне (жалпы тәжірибе дәрігеріне) хабарлаңыз немесе жедел жәрдем шақырыңыз.

Басқа аурулар жағдайында қолданылатын шаралар: жай-күйінің нашарлауын ескерту немесе асқынулардың алдын алу мақсатында медициналық көмекке жүгіну коронавирустық жұқпада, өкінішке орай, жұмыс істемейді. Медицина қызметкерлері осы тұрғыдан алғанда ешқандай көмек бере алмайды, аурудың ағымы және оның нәтижесі тек сіздің иммундық жүйеңізге байланысты. Сонымен қатар қандай да бір елеулі негіздерсіз медициналық қызметкерлерімен артық байланыс сізге ешқандай пайда әкелмейді, керісінше, егер осы уақытқа дейін сізде қарапайым вирустық немесе бактериялық инфекция болса, олар дәл коронавирустық жұқпаны тарататын қауіп болып табылады.

Менің COVID тестім теріс нәтиже көрсетті, ал КТ-да екіжақты пневмония. Олай болуы мүмкін бе?

COVID-ке тест сезімталдығы мұрын-жұтқыншақтан жағындыны алу процедурасының дұрыстығына байланысты. Жұтқыншақтың артқы қабырғасынан жағындыны алу процедурасын кейбір медицина қызметкерлері дұрыс жүргізе алмауы да мүмкін. Сондай-ақ тест нәтижесі ПТР-диагностикасының сапасына да байланысты. 

КТ нәтижесі әлдеқайда ақпаратқа толы. Суретте COVID-19-да болатын қалыпты жағдай бірден көрінеді және диагноз айқын болады. ПТР-тесттер статистика үшін маңызды, алайда емді анықтау үшін маңызды рөл атқармайды. 

Өкпе кез келген жағдайда зақымданады ма?

Коронавирустық жұқпа әртүрлі нысандармен өтуі мүмкін, бұл ретте өкпенің зақымдануы байқалмауы да мүмкін. Ауру көбінесе мүлдем белгілерсіз ағады. 

Белгілері болған жағдайда аурудың келесі нысандарын белгілейді: 
• жоғарғы тыныс алу жолдарының зақымдануымен коронавирустық жұқпа (ринит, фарингит)
• төменгі тыныс алу жолдарының зақымдануымен коронавирустық жұқпа (пневмония)

Соңғы нұсқада өкпенің зақымдалуы байқалады. Бірақ науқастардың көбінде ауру өкпе зақымдануына әкелмей ағады.

Мен ауырып қалдым, кішкентай балаларым бар, оқшаулануға мүмкін емес. Не істеу керек?

Балалармен жақын байланыста болған кезде жұқтырып алмау мүмкін емес. Оқшаулануға мүмкіндігіңіз болмаса, онда балалар бұл жұқпаны бәрібір жұқтырып алатынын күтіңіз, өйткені вирус жоғары жұқпалы. Бір үйде тұрғандықтан, тіпті тұрақты қорғау шаралары: қолды сабынмен жуу, маскалар, санитайзерлер, тұзды ерітінділер жұқпаны ұстап қалуға көмектеспейді. 

Бірақ балалар негізінен COVID-19-ды белгілерсіз немесе жеңіл түрде бастан кешіретінін біліңіз. Мұрын бітелу, орташа дене қызуының жоғарылауы, тамақтың жыбырлауы, сұйық нәжіс сияқты белгілер пайда болуы мүмкін, бірақ көп жағдайларда балалар өзін жақсы сезінеді және ересек адамдармен салыстырғанда қатты сырқаттану, әлсіздік немесе тәбеттің болмауын сезбейді. Белгілердің дамуы байқалса, симптоматикалық емдеуді ұстану қажет: балаға көп сұйықтық беру, мұрынды тұзды ерітіндімен шаю, дене температурасы 38.5°С жоғары болған жағдайда балаларға арналған парацетамол беру. 

Зерттеу деректері бойынша, тәуекел аймағына нәрестелер, сондай-ақ жасөспірімдер кіреді. Бірақ бұл ақпарат әлі де зерттелуде, әзірге нақты мәлімет жоқ.

Аураханада ауруды қалай емдейді?

Ауруханаларда аса ештеңе жоқ, себебі қауіпсіздік тиімділігі бойынша Covid–19 –дан дәлелденген дәрі-дәрмектер жоқ. 

Ауруханада сізге COVID-19 асқынуларын жеңуге көмектесе алады: ең алдымен, ағзадағы оттегі деңгейі төмендегенде көрінетін тыныс алу жетіспеушілігін жеңуге көмектеседі (ентігу туындайды). Тыныс алудың қиындауы вирус өкпеге түсіп, пневмонияны қоздырса туындайды. Ауыр деңгейдегі ентігу адамға журуге, тіпті отыруға және сөйлеуге мүмкіндік бермейді.

Қанды оттегімен қанықтыру деңгейін пульсоксиметр көмегімен анықтауға болады. Бұл апараттар жедел жәрдем мамандарында, аурухана дәрігерлерінде және кейбір учаскелік дәрігерлерде бар. Ересек адамдарда оттегімен қанығу 94% төмен, сондай-ақ тыныс алу қозғалыстардың жиілігі 24 көп болған жағдайлар ауруханаға жатқызу және мұрын түтікшелері (канюля) арқылы ингаляциялардың қажеттілігі туралы айтады.
Дәрі тамызғыштар өздері іше алмайтын ауыр науқастарға көмектеседі (сусыздандыруды төмендету, паретеральды тамақтандыруды дұрыстау және кейбір дәрі-дәрмектерді енгізу). Ауруханаларда антибиотиктерды көк тамырға енгізеді және вирусқа қарсы препараттарды береді. 

Егер оттегімен ингаляция көмектеспесе, өкпенің жасанды вентиляциясына ауыстырады (ИВЛ). Интубация шамамен 5% залалданған науқастарға қажет. Сондай-ақ, ауыр науқастарда тромб қалыптасуы күшейеді. Бұл тромбозды арнайы дәрі-дәрмекпен емдейді, тік антикоагулянттар деп аталады. Сондай-ақ тек қана жіті респираторлық дистресс синдромы және «цитокин дауыл» дамыған ауыр науқастарға (ОРДС) иммуносупрессанттар үлгідегі таблеткада және ағынды көк тамырға енгізіп дексаметазон береді. Кейбір елдер ОРДС емдеу үшін моноклондық антиденелерді қолданады.

 

ЖАЗЫЛЫП ШЫҒУ, ҚАЙТА ЖҰҚТЫРЫП АЛУ ЫҚТИМАЛДЫҒЫ, ЖАЗЫЛЫП ШЫҚҚАННАН КЕЙІНГІ ЕМ

Егер COVID жұқтырған науқас сауыға бастаса, оны басқа COVID науқастан оқшаулау қажет пе?

Егер сізде коронавирус анықталса, онда осы вирусы жоқ барлық адамдармен байланысты 2 аптаға тоқтату қажет. Далаға, дүкенге баруға, туысқандарымен, жақындарымен, балалармен қатынасудың қажеті жоқ. Егер отбасы мүшесінің немесе сізге жақын адамда сізбен бірге бір уақытта коронавирус анықталатын болса, онда бір-бірлеріңізбен байланысуға болады. 

Егер адамда вирус кейінірек анықталса, ал сіз қазірдің өзінде сауығып кетсеңіз және бұрын жазылып кетсеңіз (екі немесе одан да көп апта бұрын), онда «жаңа» жұқтырылған адаммен байланыста болу ұсынылмайды.

Коронавирустан жазылғандар қайта ауырып қалуы мүмкін бе?

Ағза жұқпаға жауап ретінде антиденелерді өндіреді. Антиденелер — бұл ақуыздар, жұқпалармен күресуге көмектеседі және әдетте қайталанған сырқаттан қорғанысты қамтамасыз етеді (иммунитет). Антиденелер әр ауру үшін айрықша болады. Мысалы, қызылшаға қарсы антиденелер, қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған адамды қорғай алады, бірақ егер адам тұмаумен ауырып қалса әрекет етпейді.

COVID-19 — жаңа жұқпа. Бұл вирусқа да жауап ретінде антиденелер өндіріледі. Бірақ олар қаншалықты тұрақты болатыны, қайта жұқтырудың алдын ала ма және қандай уақыт ішінде екені әзірге нақты белгілі емес. Сондықтан қайта жұқтырып алу жағдайы болуы мүмкін бе деген сұраққа әзірге жауап жоқ. Қазіргі уақытта бұл сұрақ зерттелінуде.

Менің ойымша, мен көктем айларында коронавирустан ауырып, жазылдым. Маған антиденелерге қан талдауын тапсыру қажет пе?

Көрсетілген белгілер бар жағдайда, коронавирустық жұқпадан шынымен де ауырып жазылған шығарсыз. Сіздің жағдайда антиденелерге қан талдауын тапсырудың ешқандай мәні жоқ. Біріншіден, осы тесттердің сезімталдығы мен ерекшелігі жеткілікті түрде зерттелмеген, яғни олардың қаншалықты дәл растайтыны белгісіз: сіз коронавирустық жұқпаға душар болдыңыз ба, жоқ па. Екіншіден, жазылған адамдарға иммунитет қаншалықты тұрақты қалыптасатыны белгілігі емес. Яғни, тіпті сіздің қаныңызда коронавирусқа антиденелер анықталса да, бұл сізді қайта жұқтыру жағдайынан қорғай алмайды, яғни сіз айналадағы адамдар сияқты жұқтырудың алдын алуға қатысты барлық шараларды қабылдауға тиіссіз. 

COVID вирусын бастан кешіргеннен кейін қалай емделуге болады?

Өкінішке орай, жұқпаның ұзақ уақыттағы әсері жайлы тұжырым жасау үшін аз уақыт өтті. Бүгінгі таңда ауру салдарды әртүрлі бола алатыны белгілі. Бұл өкпе фиброзы, миокардиттер және тағы басқа да ісу процесстері. Тыныс алу үрдісін қалпына келтіру үшін тыны салу гимнастикасын жасау керек.

Тыныс алу гимнастикасы ретінде әуе шарын үрлеуге кеңес береді. Бұл COVID-19 кезінде пайдалы ма

Шарларды үрлеу — дем шығару кезінде тыныс алу бұлшықеттерін жаттықтыру. Бұл демікпе және СОӨА (созылмалы обструктивті өкпе ауруы) жағдайларында пайдалы, науқастар ұзақ уақыт терең дем шығаруға үйренсін деген мақсатпен қолданылады. Себебі осы ауруларда бронхтардың саңылауы тарылады. 

COVID-19 кезінде оның қажеті жоқ: бұл жағдайда дем алу әрекетін жетілдіру маңыздырақ болады, өйткені бронхтар емес, альвеолалар зардап шегеді, тыныс алу беті азаяды. Газ алмасу нашарлайды. Тыныс алу гимнастикада біз оттегімен алмасу үшін сол бетті кеңейтеміз және қабынулық сұйықтыққа альвеоларды толтыруға жол бермейміз.

 

ТАНЫМАЛ ПРЕПАРАТТАР, ЕМДЕУ ПРОТОКОЛДАРЫ ЖӘНЕ Т. Б.

Қазір COVID кезінде антикоагулянттарды қолданудың пайдасы туралы көбісі айтып жүр. Оларды профилактикалық тұрғыдан қабылдау керек пе?

Қажет емес. Антикоагулянттар инфекцияны емдемейді және сақтандырмайды. Олар тромбоз сияқты асқынуларда көмектеседі. Артерия мен тамырларға вирустың түсу салдарынан тромбоздардың күшейтілген түрде пайда болуы өте сирек болады, әрі тек ауруханада, реанимацияда жатқан ауыр науқастарда болады. Емдеу үшін инъекция түрінде өте «ауыр» дәрі-дәрмектер пайдаланылады. Гепарин және оның туындылары сияқты. Бұл дәрі-дәрмектер көптеген көрсеткіштері бойынша ұйыту жүйесінің жағдайын мониторлауды талап етеді.

СOVID-19-бен күресте қазір көптеген адамдар белсенді түрде сатып жүрген танымал препараттар тиімді ме

Нобазит (энисамия йодид), ингавирин (имидазолилэтанамид пентандиовой қышқылы), мұрынға тамызатын интерферон (лейкоцитарлық адам интерфероны немесе ерітінді дайындауға арналған ұнтақ немесе ерітінді), арпефлю (умифеновир гидрохлориды), гроприносин, сияқты дәрі-дәрмектердің тиімділігі дәлелденбеген. Бұл препараттардың барлығы вирусқа қарсы деп жарияланады, бірақ рандомизирленген клиникалық сынақтардан өтпеген және дәлелді медицинаны қабылдаған елдерде қолданылмайды. 

Дәрілердің нұсқаулықтарында кездесетін «иммунтүрлендіруші әсер», «иммунитетті нығайту» немесе бір нәрсенің «протекторы» сияқты сөздерді «қызыл шүберек» ретінде пайдалануды ұсынамыз. Бұл ғылыми емес және екі ұшты ұғымдар, оларды дәлелденбеген препараттардың және тағамдық қоспалардың өндірушілері ғана жиі қолданады.

Тұмау вирусына қарсы тек (маусымы қыста болады) тамифлю (осельтамивир), реленза (занамавир) және инавир (ланинамивир) әсер етеді, бірақ көбісі осы дәрі-дәрмектерді коронавирустан екен деп қате қабылдайды.

Нимесил — бұл нимесулидтың коммерциялық атауы, ондаған стероидтік емес қабынуға қарсы препараттардың бірі, оларға, сондай-ақ, аспирин, ибупрофен, парацетамол, диклофенак натрий және т. б. жатады. Егер өзіңізде COVID бар деп күдіктенсеңіз, нимесилды қабылдаудың керегі жоқ, себебі ол қауіпсіздік бойынша сынақтан өтпеді. Бүгінгі күні бұлшықеттердің және сүйектердің өте қатты ауырсынуы сезімінде, өте жоғары температураны көтереалмаушылықта тек екі препараттардың қабылдауы ақталған: парацетамол (оның басқа халықаралық патенттелмеген атауы — ацетоминофен) және ибупрофен.

Сумамед (халықаралық патенттелмеген атауы — азитромицин), цефтриаксон және кез келген басқа да антибиотиктерді коронавирустық жұқпамен адамдарға қабылдауға болмайды, себебі сіз өз микробиомыңызды бұзасыз (ішекте және мұрынжұтқыншақта пайдалы микробтарды өлтіресіз), антибиотиктерге тұрақтылықтың дамуына ықпал жасайсыз. Еш антибиотиктер вирустарға әсер етпейді! Олар тек тиімсіз ғана емес, сонымен бірге вирустық жұқпа кезінде зиян келтіреді. Оларды егер сіз COVID-пен қатты ауыр деңгейде ауырсаңыз, интубация астында реанимация бөлімінде жатсаңыз, интубация кезінде өкпеге түсіретін қайталама бактериалды жұқпаның алдын алу үшін ғана тағайындайды. 

WhatsApp желісі арқылы небір коронавирустық жұқпаны емдеу хаттамалары белсенді түрде тарап жатыр. Хаттамада антибиотиктерді және вирусқа қарсы препараттарды бірден қабылдау қажет деп жазылған. Сол дұрыс па?

Сондай және басқа вирусқа қарсы дәрілерді немесе антибиотиктерді қабылдауға кеңес беретін коронавирустық жұқпаны емдеу хаттамаларға немесе басқа ақпарат көздеріне сенудің керегі жоқ. 

Өкінішке орай, бүгінгі күні коронавирустық жұқпадан ешқандай арнайы ем жоқ. Яғни ауру дамуының алдын алуға қабілетті немесе ауру ағымын тоқтата алатын, неғұрлым тез жазылуға ықпал ететін тиімділігімен дәлелденген еш препарат жоқ, сондықтан аурудың бірінші күндерден бастап вирусқа қарсы дәрілерді немесе антибиотиктерді қабылдаудың ешқандай қажеттілігі жоқ. Пайдасы болмайды, керісінше осы дәрілердің жанама әсерлері бар және олар сіздің хал-жағдайыңызды және ауру ағымын нашарлатуы мүмкін.

Екіншілік бактериялық жұқпа қосылу кезінде дәрігер вирусқа қарсы препараттарды және антибиотиктерді тағайындайды. Оған қатаң көрсеткіштер бар, дәрігер оларды стационарда ауыр науқастарды емдегенде ғана қолданады. Тіпті бұл жағдайларда да емдеу жиі эмпирикалық (тәжірибелік) сипатта болады және бұл препараттар қандай да бір нақты жағдайда әсер ететініне ешқандай кепілдік жоқ. 

Ибупрофен асқынуларды тудыруы мүмкін. Бұл рас па? 

Шынымен де, індеттің басында түрлі мақалалар жарияланған болатын: ибупрофенді қабылдаған COVID науқастары жиі қаза болатыны немесе оларда түрлі асқынулар туындайтыны жайлы. Алайда кейінгі зерттеулер ибупрофенді толығымен ақтады.

Сонымен қатар рандомизирленген бақыланатын сынақтар жүргізілген, олар көрсеткендей, бұлшықеттердегі қатты ауырсынулардан, бас ауруынан немесе температураны көтере алмаушылықтан қабылданатын ибупрофен қауіпсіз. Сонымен бірге басқа да осыған ұқсас дәрі-дәрмекпен салыстырғанда ибупрофеннің артықшылықтары көбірек.


 
 


ҚОДА дәрігерлері Telegram арқылы тегін онлайн-консультация жүргізеді.

Жарияланған уақыты: 1 Шілде, 2020 жыл