Лұқпан сөзі

Төл сөз DOCA Қазақстан

Лұқпан сөзі

Жазып алған: Тимур Нусимбеков

30 Сәуір, 2020 жыл

Орал, Қазақстан

Лұқпан Ахмедьяров — журналист, азаматтық белсенді, «Уральская неделя» газетінің бас редакторы, деректі фильмдердің авторы және со-авторы. Еліміздегі ең үздік журналистердің бірі, Қазақстандағы тәуелсіз медиадағы кәсібиліктің және азаматтық қоғамдағы ерліктің символы.

Лұқпан Ахмедьяров сөз бен еркіндікті қорғау үшін бірнеше азаматтық акциялар ұйымдастырды. Бірнеше рет провокацияларды бастан өткеріп, заңсыз тұтқындалды және қамауға алынды. Жеке басына қастандық жасалды. Азаматтық батылдығы мен тәуелсіз журналистика ұстанымдарын қорғағаны үшін Лұқпан Ахмедьяров «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы тағайындайтын Питер Маклер атындағы халықаралық жүлдеге ие болды.

Лұқпан Ахмедьяров балалық шағы, журналистикадағы алғашқы қадамдары, өз қаласы мен еліне қатысты ойларын ADAMDAR/CA оқырмандарымен бөлісті.

Фото: Тимур Нусимбеков

БАЛАЛЫҚ ШАҚ

1975 жылдың ең қысқа күнінде — 23 желтоқсанда дүниеге келдім. Бригадир мен фельдшердің соңғы, бесінші баласымын.

Үлкен отбасыда туып өскендіктен, «советский балалық шақтың» кереметтері мені айналып өтті. Мәселен, бала кезімде өз велосипедім, жасөспірім шақта гитарам, магнитофон немесе мопедім болмады. Бұның бәрі үлкен ағаларыма бұйырып, маған мұрагерлікке қалатын. Сондықтан мендегі асхаттан қалған «Романтик» магнитофонның ұсқынын көрсең, маған қарағанда магнитофонның өмірде көргені көп болғанын байқар едің.

«Әпкелерім, анам және мен», 1989 жыл

Отбасымызбен Орал қаласынан қырық шақырым жердегі Новопавловка поселкесінде тұрдық. Новопавловка — этникалық украиндар тату-тәтті тұрып жатқан поселок еді. Алғашқы балалық естеліктерім сол жермен байланысты... Новопавловкіден кейін Ақсуат поселкесіне көштік. Ақсуатта мұғалім және қартайған анасы бар орыс отбасымен көршілес тұрдық. Анашым үш айдан аса үйлеріне барып тұрды: қарт әжей ауыр бір сырқаттан дерт құшып жатқан. Анам күнде кешке барып укол салатын. Алғаш рет сол үйге кіргенде еденнен төбеге дейін, кіре берістен төрге дейінгі кеңістіктің бәрін кітап алып тұрғанын көргенмін. Ғажайып әлемге тап болған Алисаның күйін кешкендей болдым. Анаммен күн сайын сол үйге барып тұратын болдым. Анам қарт кісінің жан қиналысын жеңілдетіп жатқанда, мұғалім қызы ақырын-ақырын сауатымды ашатын. Бес жасымда алғашқы кітаптарымды оқып бітірдім.

Кеңістіктің бәрін кітап алып тұрғанын көргенмін. Ғажайып әлемге тап болған Алисаның күйін кешкендей болдым.

Ауылымызда колхоз және мектеп кітапханасындағы кітапты түгел оқып тауысқан екі адам болды. Біріншісі — көршім Қуаныш. Ол менен үш жас үлкен. Ауылдың екінші бас оқырманы өзім едім. «Адам құқығы» деген ұғымды алғаш ұқтырған да осы Қуаныш болатын. 7-класста оқып жүргенде Қуанышты әлдебір себеппен комсомолдан шығарып жіберді. Кейін білгеніміздей «Қоғамтану» сабағында кез келген мемлекеті, тіпті СССР да зорлық-зомбылық құралы деп мұғалімді тығырыққа тірепті.

«Мектеп бітіргенім жайлы аттестат табыстап жатыр», 1992 жыл

ХАТ

Мәтінге деген махаббатым бірден ашылмады. Шамасы, мәтін жазуға қатысты алғашқы қызық сәт мектепте, мектеп көлемінде атымды шығарған шығармадан кейін болған болар.

Айгүлді институтта жолықтырдым. Ессіз ғашық едім, қыр соңынан жүгірдім. Төртінші курста жүргенде махаббатым жауапсыз қалатындай көрінді... Ауылға қайтып кеттім де, оған хат жаздым. Хатым ұзақ, елу беттен аса болды әрі осы хат мәтін жазудағы екінші кезең болған сияқты. Осы хат үшін керемет сыйлыққа ие болдым: осы қызға үйлендім. Алғашқы кездесуден кейін 10 жыл өткен соң отастық. Аружан және Рания есімді екі қызымыз бар.

 

АУЫЛ МҰҒАЛІМІ

1996 жылы институтты аяқтап, алғашқы жұмыс орным — жас туристер станциясына орналастым. Алғашқы айлық ретінде екі қапшық пиязымды алған соң жұмыстан шығып кеттім. Ақсуатыма оралып, мектепте география, биология және неге екені тарих мұғалімі болып жұмыс істедім. Мектепте 4 жыл жұмыс істедім. Төрт жыл ішінде облыстық және аудандық басылымдарға жазылмай, директордың жүйкесін жұқарттым. Төртінші жылы «болғаны осы болсын» деп Speed Info газетіне жазылдым. Директор бұған қуанбағанымен военрук пен физруктың қуанышында шек болмады.

Ауыл мұғалімі. 1999 жыл

Мектептен өз еркіммен кеттім. Жұмыстан шыққан соң үш айдан кейін радиодан Оралда тәуелсіз, жекеменшік газет ашылады дегенді естідім. Көрсетілген адреске келдім. Алғаш рет Тамара Еслямовамен кездестім . «Журналистикада жұмыс тәжірибең бар ма?» деп сұрады. «Иә,» — деп өтірік айта салдым. «Тамаша!» деді де «жаңалыққа айналдыр» деп Тамара бір пресс релизді қолыма ұстатты. Пернетақтадан бір саусақпен әріп теріп отырғанымды көрген Тамара журналистикада тәжірибемнің жоқтығын түсінді. Бірақ қуып шықпады. «Соғыс және Бейбітшіліктің» бір томын ұстатып, компьютер алдына отырғызды. Таң атқанша жартысын теріп болып, екі қолмен мәтінді жылдам теретіндей халге жеттім. Осылайша журналист атандым.

 

ҚАМАУ

Алғаш рет 2008 жылы қамады. Орал қаласындағы облыс әкімі бір қоғам қайраткерін жала жапты деп сотқа беріп, сол туралы жазған журналистерді куәгер ретінде сотқа тартты. Сотқа келіп, бұл мән-мағынасы жоқ іске араласпаймын дедім. Сотқа құрметсіздік таныттың деп мені бес тәулікке қамап қойды.

 

 

Екінші рет мені 2011 жылы 23 желтоқсанда қамауға алды. Санат екеуміз туған күнімді атап өткелі жатқанбыз. Осы кезде Өскеменде бір ақсақалдар президент Назарбаевқа өмірінің соңына дейін қайта-қайта сайлауға түсуге мүмкіндік беру жайын айтып, «Ұлт көсемі» деген әңгімелер шыға бастады. Мемлекеттік ақпарат құралдарында осы тақырып ауқымды насихатталғанына қарап, бұл тегін емес екенін сездік. Бастаманы заңдастыру үшін мақсатты түрде кампания басталғаны анық еді. Қазақстан оппозициясы бұған қарсы шығып, митинг ұйымдастырып немесе басқа жолмен реакция танытар деп бірнеше күн күттік. Ешкім жауап қатпады. Барлығы үнсіз бақылады. Соңында Санат екеуміз алаңға шығуды ұйғардық.

Біз екі плакат жасадық. Қолымыздан жұлып алмас үшін плакатты курткамызға тігіп қойдық. Санаттың плакатында: «Не НАНом единым жив человек (қаз. Адам НАНсыз да күн көреді)» деген жазу және астық алқабының ортасындағы президент суреті болды. Ал менде теңге презентациясындағы қолына бір бума ақша ұстап тұрған президенттің суреті және «Назарбаев — мой президент, и я ничего не могу с этим поделать (қаз. Назарбаев менің президентім, көнбеске амалым жоқ)» деген жазу болды. Біз алаңға шықтық, сол жерде қолдарымызды қайырып ұстап әкетті. Полицияға алып келді. Сол күні арнайы қамау бөліміне апарып тастағысы келді. Бірақ бұған мұрша бермедік. Өзімізді қорғау үшін сотқа физикалық түрде емес, құқықтық тұрғыдан қарсыластық. Сол кезде маған адам құқығын қорғайтын жергілікті бюродағы тәжірибем жақсы көмектесті. Құқыққорғаушы Павел Михайлұлы Кочетков көп нәрсе үйретті. Сол кісінің арқасында құқық факультетін аяқтайтындай білім алдым десе болады. Біз сотпен ұзақ қарсыластық, бірақ бізді бәрібір де тура 15 тәулікке қамады.

Өзімізді қорғау үшін сотқа физикалық түрде емес, құқықтық тұрғыдан қарсыластық

Алғаш рет камераға тап болғанда, үстел үстіндегі ұсқсынсыз, аузы балқытылған пластмасс бөтелке бірден көзге түсті. Камералас жігіттерден: «Бұнысы несі?» десем: «Бұл — біздің ыдыс» деді. Қамауда отырғандарға не темір, не пластмасс ыдыс бермейді екен. Жазасын өтеп жатқандарға минералды су әкелгенде суын ішіп, пышақтары болмаған соң оттықпен бөтелкені балқытып, екіге бөлген. Нәтижесінде ас ішетін осындай «ыдыс» болып шыққан. Сұмдық.

Содан кейін «тамақ» деп аталатын қоймалжың алып келді. Бұны ішуден бас тарттым. Кезекшіден қалам мен қағаз алып келуін талап еттім де арыз жаздым. Камераластарға бұл әрекетім ұнамады: «Қажеті не? Бізді қазір жазалайды. Қайнаған су бермейді» деді. Ал қайнаған су деген жабық орындардың басты құндылығы екен. Бірақ мен қайнаған суға қарайтындай емес едім. Кезекші прокурор арызымды оқып, мені тыңдады. Сол күні кешке біздің камераға қоймалжың заттың орнына тауық еті мен күріш және табиғи шырынды дені дұрыс ыдысқа салып алып келді. Камераластарым аңтарылып қалды. Камерадағы қалған күннің бәрі бекер кетпеді. Камераластарыма заңды құқықтарын талап ету үшін арызды заңды түрде қалай жазу керек екенін үйреттім. Осының нәтижесінде біздің унитазымызды, төсек жабындыларымызды және тағы басқасын ауыстырды. Үшінші күні бізді есік алдына серуенге алып шықты. Дәлізде қасымнан өтіп бара жатқан уақытша оқшаулау басшысы: «Құрғыр, Ахмедьяров, қашан жоғаласың? Сенің кесіріңнен проблемам көбейді ғой!» дейді. Мен болсам: «Сізге осы жүйеде жұмыс істе деген мен емес» дедім.

Камераластарыма заңды құқықтарын талап ету үшін арызды заңды түрде қалай жазу керек екенін үйреттім

 

Лұқпан Ахмедьяров және Санат Урналиев «Нұр Отан» парктиясының кеңсесі алдында қарсылық акциясын ұйымдастыруда, 2011 жыл

ҚОҒАМ

Қазақстанда болып жатқан соңғы оқиғалардың бәрін жеке өз призмамнан өткіземін. Өмірлік көзқарасыма қатты әсер еткен бірінші оқиға төртінші курста оқып жүргенде болды. Тобымызды жинап алып, әкімшілік бәрімізге «Отан» партиясына мүшелікке кіресіңдер деді. Ол кездері «Нұр Отан» деп аталмайтын. Сол кездің өзінде ұсыныс немесе өтініш емес, нақты талап ретінде естілді. Бір оқытушымыз орнынан тұрып: «Тоталитарлы коммунизммен қоштасқанымыз жаңа, енді қайтадан сол жаққа қайтамыз ба? Студенттерді КПСС тәрізді партияға тоғытып жатырмыз ба?» деген еді. Осы сөз есімде қалды. Бұл тарихи сәт еді: Назарбаев мүддесіне бағынған билік өзегі қалыптасып келе жатқан еді.

Қазақстанда болып жатқан соңғы оқиғалардың бәрін жеке өз призмамнан өткіземін

Екінші маңызды оқиға жергілікті өзін өзі басқарушыларды сайлау кезінде болды. 2006 жыл, жергілікті маслихат сайлауы жүріп жатқан. Өзімді үміткерлікке ұсындым. Тіркелдім, сайлау алды штабымды әзірледім, үнпарақтар әзірлеп, сайлау учаскелеріне бардым, кездесулер ұйымдастырдым. Сол кездегі қарсыласым «Нұр Отан» адамы еді, ол менен әлсіздеу еді. Біріншіден, көпшілік алдында сөйлеуі нашар, тіпті сөйлей алмайды. Екіншіден, осы аймақ бойынша депутат болып отырғанына біраз болған. Бақылаушылар бюллетендерді санап, дауыс саны бойынша мен басым түстім. Түн ішінде: «Тамаша, сен жеңдің!» деп хабарлады. Ал таңертең Орталық сайлау коммисиясы менің аймағым бойынша дауыс берушілердің 80%-ы «Нұр-Отан» үміткеріне дауыс беріпті-міс және Ахмедияров Лұқпанға 20% деп мәлімдеді. Келіспедім. Дауыстарды қайта есептеуді талап еттім. Бірақ бұл істі жылы жапты. Бұл сол кезде халықтың талабына немқұрайлы қараудың жарқын көрінісі еді. Сол кезде алғаш рет сайлау нәтижесін бұрмалау — мемлекетке, қоғамға қарсы жасалған ең үлкен қылмыс екенін терең ұғындым.

Қоғамға, елге, елдегі сөз бостандығына қатысты көзқарасыма журналист Асхат Шәріпжанның өлімі де қатты әсер етті. Әлі күнге дейін бұл қастандық болды деп ойлаймын. Биліктің «оқыстан болған жол-көлік оқиғасының құрбаны» дегенімен келісе алмаймын. Бұдан кейінгі Заманбек Нұрқаділовтің өз-өзіне қол жұмсады дегені, Алтынбек Сәрсенбайұлынан құтылу дегендердің тізбегі кетті. Билік есінен адасқанын, біз белгісіз құрдымға қарай кетіп бара жатқанымды сол кезде түсіндім. Билік кісі өлтіруге дайын екенін, әрі оны дұрыс деп санайтыны анық көрінді. Мен үшін бұл ой 2012 жылдың 19 сәуірінде маған қастандық жасалғанда түйінделді.

Қастандықтан бір апта бұрын. Мен, Рауль Упоров және Тұрар Төлегенов. Жәнібек ауданына бара жатырмыз. Суретте алдымызда қалың нөсер болғандықтан әрі қарай жүрер, жүрмесімізді білмей тұрған сәт. Сәуір 2012 жыл

ҚАСТАНДЫҚ

Полиция және прокуратура бұл бар болғаны «қорқытып-үркіту әрекеті» болды деп бірнеше рет мәлімдеме жасағанымен мен осы күнге дейін бұны қастандық деп санаймын. Әлі де болса бұл мені өлтіру мақсатында қасақана ұйымдастырылған деп ойлаймын.

Бәрі де әдеттегідей болды: ымырт түскен кез, мен үйден шықтым, дүкенге барып, үйге келе жаттым. Қолымда фонарь болды. Ақырын келе жаттым. Аяқ астыма жарық түсіріп келе жаттым. Есік алдында екі жігіт отырғанын көрдім. Оларға жарық түсірмедім. Керісінше олардан жарықты аулақ ұстадым. Себебі адамдардың көзіне жарық шашу — жақсы емес. Қастарынан өтіп бара жатқанда: «Мынау ғой» дегендерін құлағым шалды. Бұрылып қарадым, маған қарай жүгіріп келе жатқанын естідім, сосын бірінші оқ атылды. Қараңғыны оқ жарығы жарып өтті. Қатты ауру сездім. Басымды ұстай қалдым. Ол кезде бойымда қорқыныш емес: «Қалайша? Естерің дұрыс па?» деген ыза болды. Екі жігітпен алыса кеттім. Қараңғыда екінші оқ атылды. Еттің қызуымен ештеңе сезбедім. Кейін байқасақ шынтағыма тиіпті. Жігіттердің біреуі біртүрлі төбелесті. Маған таянып, бір қолымен ұрды да, артқа шегінді. Сөйтсек қолында пышақ болыпты. Қараңғыда байқамаппын. Сол пышағын сұққан екен. Төбелесіп, арпалысып, подъезд алдындағы балалардың ойын алаңына шығып кеттік. Ол жер жарық еді. Жарық түсіп тұрған жерге келгенде біреуі тұра қашты, екіншісі қашуға тырысып еді, жерге сұлатып, төбелесіп кеттік. Сосын ол менен сытылып шығып, қашып кетті. Мен подъезд жаққа қарай жүгірдім.

Әлі де болса бұл мені өлтіру мақсатында қасақана ұйымдастырылған деп ойлаймын

Подъезд ішіне келгенде қыз бен жігіттің сүйісіп тұрғанын көрдім. Қыз мені көре сала шыңғырды. Үсті басым қан еді. Қыздың айғайынан құлағым тұнып қалды. Басымды ұстап, құлағымды жаппақ болған кезде барып, үстімнен қан сорғалап жатқанын ұқтым. Сол кезде ғана өз денемдегі қанды көріп, шошып кеттім. Аяғым әлсіреп, подъезд алдына шығып, сұлқ құладым. Көршілер атып шығып, орындыққа отырғызып, алғашқы жәрдем көрсетті, жедел жәрдем шақырды.

 

АҚША ЖЫМҚЫРУ

Қастандықтан соң өз-өзіме тез келіп, оңалдым. Дәрігерлер де денеңдегі жара тым жылдам бітіп кетті деп таңқалды. 21 күн дегенде емханадан шығарды.

Қастандықтан кейінгі алғашқы сурет. Веймер. Германия. 2012 жыл.

Қастандықтан кейін денсаулығым қалпына келмей ауруханада жатқанда маған хабарласып, сұхбат беруімді өтінді. Қастандыққа кім тапсырыс беруі мүмкін деп сұрады. Мен тапсырысты кім бергенін білмеймін, бірақ мақалаларымның кейіпкері болуы мүмкін дедім. Ол кездері мемлекеттік тапсырыс, жемқорлық, сайлау туралы көп жазып жүрдім. Биліктегі әлдекімге бұл ұнамай, маған қатысты осындай шешім қабылданды... Әлі күнге дейін биліктен кім тапсырыс бергенін білмеймін. Сол кезде тапсырысты орындау үшін сырттан басқа біреуді жалдағанын, ал олар менің кім екенімнен хабарсыз деп болжаған едім. Оларға осыны орындау үшін бар болғаны ақша берген. Өзіміздің Қазақстанды білетін болсам, қастандыққа тапсырыс беруші мен оны орындаушы арасында жемқорлыққа қатысты жайт анықталып, ақша жымқырылады деп қалжыңдаған едім.

Кейін орындаушыларды тауып, бетпе бет жүздестірді. Олардан қанша төлеуге уәде бергенін сұрадым. Олар 10 мың доллар деп жауап берді. Сосын: «Нәтижесінде қанша алдыңдар?» деп едім, «Қолымызға 100 мың тиді» деді. Біраз уақыт өткен соң қастандықты ұйымдастырушы ұсталды. Оны жеке соттады. Сотта ол тапсырыс берушінің атын атаудан бас тартты, әлі күнге айтпады. Бірақ әңгіме барысында бастапқыда әңгіме 50 мың доллар жөнінде деді. Осылайша олар тіпті кісі өлтіру ісінде де жымқырып, ақша жеуден тиыла алмайтынын көрдік.

«Суретте БҚО ІІД басшысы Махамбет Абисатовқа маған қарсы жасалған қастандық ісі бойынша ауылдың жазықсыз балаларын тұтқындағанын хабарлар тұрмын». Қаңтар 2013 жыл

ҚАЗАҚСТАН

Сөз бостандығы мен адам құқығына қатысты Қазақстанда соңғы жылдары болып жатқан жайттар менің ойымша жағдайды жоспарлы түрде қиындату салдары. Күн өткен сайын қиындап бара жатыр. Осыдан 10 жыл бұрын мені полиция тоқтатса, заң күшімен өзімді қорғай алатынмын, билік өкілінен: «Мені ұстауға қандай хақың бар? Қай заңды бұздым?» деп сұрай алатынмын. Бұл сұрақ оларды біраз есеңгіретіп, тіпті кейде тоқтатын. Қазір ештеңе де тоқтата алмайды, заңды да елемейді және сұрақ қоюға да мұрша бермейді. Ең қарапайым құқық пен заңды белшесінен басып, қамайды. Осы жүйе, қалың полиция әскері сенің құқығың мен Конституцияңа қарамай осындай тапсырмаларды орындауға дайын. Өткен жылдан бері журналистер мен қоғам белсенділерін ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдерді, әйелдер мен жай жүргіншілерді де дөрекі түрде ұстап, қамай бастады. Билік ең төменгі деңгейде заң мен құқыққа құрмет көрсетуді де қойды. Бұған тіпті бастарын да қатырмайды. Ұзағырақ билегісі келеді, тек сонымен әуре.

Алғаш журналистикаға келе бастағанда, адамдар менің мәтініммен санасатыны және әлдебір шенеуніктің сескенетіні жаныма жағатын. Бұл бір жасөспірімдік мақтаныш еді. Қазір мұндай сезім жоқ. Мені сотқа шақырғанда, үстінен қандай да қиянпұрыс әрекет ойластырғада немесе 15 тәулікке қамағанда, үнемі санамда: «Осының бәрінің не керегі бар... Еуропаға кету керек немесе мұхит асып, тыныш өмір сүру керек» деген ой жылт ететін. Кейін бәрі өз қалпына келгенде, жұмыс өз ырғағына түскенде: «Иә, мен басқа жаққа кете аламын. Бірақ өзгерісті осы жерде жасағым келеді. Америка мен Еуропада бірнеше буын ұрпақ өмірді жақсы жаққа өзгертті, ал Қазақстанда игерілмеген жұмыс көп!» деген ой келеді. Сол себепті Орал мен үшін жай қала емес. Өзім жасай алатын, бір нәрсе өзгерте алатын қала. Уақыт өте келе өз жұмысым арқылы, мәтінім мен жарияланымдарым арқылы қалаға, қоғамға еліме әсер ете алатынымды ұқтым.

Иә, мен басқа жаққа кете аламын. Бірақ өзгерісті осы жерде жасағым келеді.

Орал, қаңтар 2020 жыл
Фото: Тимур Нусимбеков

Adamdar/CA өтініші бойынша Лұқпан Ахмедьяров сайтымыздың оқырмандары мен көрермендері үшін тәуелсіз журналитер жұмысына арналған видео әзірледі. Видео документалистер, азаматтық белсенділер, тәуелсіз журналистер мен сторителшілер үшін пайдалы болуы мүмкін (сілтемесі).

 

Жарияланған уақыты: 30 Сәуір, 2020 жыл