Түркілердің қасиетті Жер-Суы Түркілердің қасиетті Жер-Суы

Кітапхана JerSu Қазақстан

Түркілердің қасиетті Жер-Суы

Авторы: Зира Наурызбай

Қазақшалаған: Кәмшат Әбілқызы

Иллюстрациялар: Эрмина Такенова

27 Ақпан, 2024 жыл

Қазақстан

Мәдениеттанушы әрі жазушы Зира Наурзбай JerSu арнайы жобасы үшін арнайылап жазған жаңа эссесінде Шығыс Қазақстандағы кейбір топонимдердің семантикасына, ұлы Ертіс өзеніне қатысты көне әфсанаға тоқталып, Орталық Азия көшпелілері суды неліктен киелі деп, тіршілік иесі санайтындығы хақында ой қозғайды. 

Материал Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар Кеңсесімен бірлесе жасалды.

Ертіспен алғаш кездескен кезім әлі есімде. Семей арқылы марқұм күйеуімнің туған ауылы — Айғызға бір топ жас ақынмен бірге барған едік. Мен атақты Түйемойнақ аралын көрсетуін өтіндім, оны Жүсіпбек Аймауытовтың (1889–1931) өзі қазақ әдебиетіндегі ең бір батыл, мықты психологиялық туындысы «Ақбілек» романында былай дәріптейді:

«Ертістің оң қабағында — Семей, сол қабағында – Алаш қаласы. Алаш пен Семей арасынан өткенде, Ертіс сауулы інгендей талтаяды. Талтайған жерінде арал пайда болады…»

Ол аралдың тағы бір аты Полковничий, ал «Түйемойнақ» деген сөз аты айтып тұрғандай түйе мойны дегенді білдіреді, сондай-ақ «мойнақ» сөзі иір деген де мәнге ие.

Ақын әрі Алашорда тарихын терең зерттеп жүрген Ербол Алшынбай сол аралда 100 жыл бұрын болған жайттарды, сонда ізі қалған ұлы тұлғаларды еске алып, әңгіме тиегін ағытты. Мен мынандай үлкен аралдың өзен ортасында жатқанына сене алмадым. Содан кейін мына аралдың аты қай заманда қойылғанын, Жүсіпбек өзенді неге інгенмен салыстырғанын ойладым. Мифология маманы ретінде бұл бейнелеудің тегін емесін ішім сезеді…

Ортағасырлық парсы тарихшысы Гардизидің еңбегінде мыңдаған жыл бұрын Алтай мен Ертіс өңірін мекен еткен қимақ-түркі тайпалары (кей нұсқаларда моңғол деп те айтылады) туралы мынандай аңыз келтірілген:

«Бірде Шад Ертістің жағасында өз халқымен бірге тұрыпты. Сонда оның құлағына: „Шад, судағы мені көріп тұрсың ба?“ — деген үн келеді. Шад су бетінде қалқи аққан қолаң шаштан өзге ештеңені көре алмапты. Ол атын байлай салып, суға қойып кеткен екен, қолына ұзын шаш ілігіпті. Сөйтсе, ол өзінің жары Қатын екен. Ол одан: „Суға қалай құлап кеттің?“ — деп сұрапты, сонда Қатын: “Мені өзен жағасындағы қолтырауын (неханг) тартып әкетті“, — деген екен. Қимақтар бұл өзенді қастер тұтып, табынып, ол жайлы: „Бұл өзен — Қимақтардың құдай-өзені“ дейді екен».

Әрине, Гардизидің өзі парсы жұртынан болғандықтан, бұл аңызда қолтырауын деген сөз қолданған, әуелде қимақтар өзенді айдаһар-жылан кейпінде сипаттайтын. Тарихшы Сержан Ақынжанов аңызды былай түсіндіреді: «Қатынның тәңірлік өзенде қалқып жүрген шашы, Қатынның өзі мен айдаһар-жылан ұғымдарының төменгі дүние құдайымен ассоциативті байланысы нәтижесінде қимақтардың генеалогиялық негізі қалыптасып, каи-қимақ (айдаһар-жылан-қимақ деген мәндегі сөз) халқы пайда болыпты-мыс». Ертіс кейпіндегі айдаһар шын мәнінде ұрғашы айдаһар болғаны анық. Ертіс жағасын мекен қылған қазақ тайпалары — Ертісті айдаһар кейіпті құдай деп санаған қимақтардың жалғасы, ұрпақтары. Жүсіпбек Ертісті алып түйе бейнесінде көрсе, оның да бір мәні бар болар? Серікбол Қондыбайдың болжамы бойынша, Семей мен Кереку арасында, Баянауыл өңірінде орналасқан Қоңыр әулие үңгірі Қимақ қағанатындағы Тәңір ананың басты киелі мекені болған екен. Ал сонда Түйемойнақ аралын қимақтар қалай атады?

Қара Ертіс келіп құятын, Ақ Ертіс ағып шығатын көлді қалмақтар Зайсан деп атаған, әлі күнге сол атаумен аталады. Серікбол Қондыбай көне аңыздарға сүйеніп, Зайсан сөзі қазақтың жайсаң – асыл, ізгі деген сөзінен шыққан деген болжам айтады. Оның пікірінше, Зайсан аңғары ата-бабалардың мифологиялық әлемінің үлгісі болды, мұндағы көптеген жер-су аттары түркілер мен парсылардың көне замандарда қалыптасқан ұғым-түсінігіне қарай жетелейді. Мысалы, Зайсанға құятын тау өзендерінің бірі Жеменей деп аталады. Қазақша «жеменей» сөзі кей түркі тілдерінде «йеменей» боп айтылады (лингвистикада түркі тілдес топ «ж» тілді және «й» тілді деп екіге бөлінеді, мысалы: жүрек/йүрек, жігіт/йигит).

С.Қондыбайдың пікірінше, жеменей сөзінің этимологиясы айқын: Йима + ене – Йиманың анасы. Қондыбай бұл атауды адайдың ішіндегі жеменей руының атымен, үнді-парсы мифологиясындағы адамзаттың ең түпкі ата-анасы саналатын егіздердің таңғажайып жұбы Йима-Йимак (Яма-Йами) есімімен және қимақ тайпаларының еймүр (ими) және имек руларының атауымен байланыстырады. Аңыз бойынша, жеменей руының түп атасы — Жомарттың аты кеңдігімен, қолының ашықтығымен ұзын елдің үйірі, қысқа елдің қиырына жайылыпты. Серікбол оны парсы мифологиясының ең алғашқы атасы — Гайомарт есімімен және найманнан тарайтын сарыжомарт руының атымен салыстыра қарастырады.

Бұл мифологиялық ұғымдар қатарын жалғастыруға болады. Біздің бағзы замандағы ата-бабаларымыз мына әлемді тірі, жаны бар деп білген. Осыдан біраз бұрын мен Жайық өзенінің атауы — жаратушы құдайдың ұмыт болған мифологиялық аты екенін жазған болатынмын. Қазақтар өзен, сулардың жаны бар, олар тірі деген түсінікті мұсылман дәуірі кезінде де ұстанды. Мәселен, аңызға сүйенсек, Асан Қайғы Ертіс өзенінен су перілер патшасының қызын ұстап алады, ол қыздың сұлулығы тіл байлайтындай көркем екен. Асан Қайғы оған үйленіп, екеуінен бір ұл бала дүниеге келеді. Ілгері уақытта су иесі жылан, жылқы, аққу, сиыр кейіпті болады десе, мұсылман діні келген соң, су иесі қызға айналатын аққу кейіпті деген ұғым пайда болған. Асан Қайғы ғана емес, дәстүрлі қазақ кейіпкерлері арасындағы бас кейіпкерлердің көбі аққу-қызға үйленеді. Кезінде Сүгірдің «Аққу» күйіне осындай аңыз-әңгімелер негізінде анимациялық ролик түсірген едік.

Түркі қағанатында түркілерді жарылқаған мейірімді үш құдай болды: Тәңір, Ұмай және ыдұқ Йер-Суб (тура аударғанда, қасиетті Жер-Су). Олар жайлы Орхон-Енисей жазбаларында: «Жеңісті Көк тәңірі, Ұмай ана, ыдұқ Йер-Суб сыйлады» деп дәріптеледі. Аңыздарға сүйенсек, Йер-Суб биік тау жоталарының қарлы шыңында, өзендердің бастауында тұрады. Көктемде оларға арнап құрбандық шалынады екен. Сібір түркілері су рухтарына табынуды әлі күнге сақтап қалған. Қазақ халқы да суды киелі санап, өмірдің нәріне балаған, бұл түсінік бүтін бір ұлттың дүниетанымы, өмірлік қағидасы ретінде болмысымен астасып кетті. Үлкендер: «Судың да сұрауы бар» дегенді жиі айтады. Бұның мағынасы «сутегін су болмайды» дегеннен де кеңірек, адамзат баласының күллі әлем алдындағы жауапкершілігін есіне салатын сөз. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген де аталы сөз бар, бұл — кез келген жанның қалтқысыз орындауға тиіс қасиетті борышы.

Күйші-жазушы Таласбек Әсемқұловтың айтуынша, қазақтың киелі дәстүріндегі Қорқыт — біз сияқты адам емес, ол Көк Тәңірдің кебі. Қорқыттың бір өзінің жеті кебі болған, оның бірі — су. «Су аяғы — ер Қорқыт» дейді қазақ. Барлық су Қорқыттан келіп, соған қайтады. Су жарық дүниеде не бар, соның бәрін жуады, кірден тазартады, ал Қорқытқа қайта оралғанда, оған жол бойында нені көріп, не білгенін айтады. Сондықтан одан әлдене жасыру мүмкін емес (толығырақ оқу үшін «Вечное небо казахов» атты кітабымнан қараңыз).

Әрине, бұл интерпретация кең таралмады. Бірақ, 1980 жылдардың аяғында бір немересін Ыстықкөлге шығарып салып жатып, әжеміз: «Ол киелі көл, оған көп шомылуға, мазасын ала беруге болмайды. Көлге шомылмас бұрын тазаланып, дәрет алып, одан рұқсат сұрау керек», — деп ақылын айтқаны есімде. Біздің әжеміз Батыс Қазақстан облысынан, Жайық жағасынан келген, Қырғызстанда тіпті болмаған адам.Өмірінде қырғыздармен араласпаған да шығар. Сонда ол бұл көлдің киелі екенін қайдан білді? Кейінірек Ыстықкөл дегендегі «ыстық» сөзі әсте су температурасына қатысты емес екені (расында, Ыстықкөлдің суын ыстық түгіл, жылы деуге келмес), көне түркілердің «ыдұқ» сөзі — қасиетті деген мәнге ие екендігі жайлы гипотезаны оқығанда, есіме сарт етіп әжемнің сөзі оралды. Бұл гипотеза Алматының іргесінде орналасқан Есік көліне де қатысты. 

Әлихан Бөкейхан 1926 жылы Маңғыстауға экспедиция жасапты. Сонда біреу асқан зор еңбекпен құдық қазса, тіпті тереңдігі 100 метрге кететін құдық қаздырып, оны әйкел-тас шеңберлермен қалап шықса да, ол құдықты меншіктеуге қақы жоқ екенін естігенде, керемет таңғалыпты. Құдықты қазған яки қаздырған адам немесе ру да оны иелене алмайды, оның бар қақысы — суды кезексіз бірінші боп ала алуы екен. Жерге қатысты да дала заңы тап осындай.

Ата-бабаларымыз өзінің қасиетті қонысы — атамекені жайлы «Жеті жұрт келіп, кеткен жер» дейді. Бұның мәнісі — бұл жерді ешкім иелене алмайды, адамдар, тіпті бүтін бір халық қасиетті қара жерді уақытша тұрақ қылған бұ дүниенің қонағы деген сөз. Сондықтан адам баласы Жер-анаға құрметпен қарап, аялап өтуі тиіс. Ұлы Ертістің жағасына жолыңыз түссе, не кішкентай бір бұлақ көрсеңіз, осы айтқанымды есіңізге аларсыз. 

 


1 наурызда Астана қаласында Фридрих Эберт Қоры және ЕҚЫҰ-ның Астанадағы бағдарламалар Офисінің қолдауымен түсірілген «Шығыс: жер, су, ауа» қысқаметражды деректі фильмінің көрсетілімі өтеді. Іс-шара бағдарламасы мен тіркелу формасы — сілтемедегі материалымызда.

Жарияланған уақыты: 27 Ақпан, 2024 жыл