Әсияның сөзі

Төл сөз Қазақстан

Әсияның сөзі

21 Сәуір, 2019 жыл

Алматы, Қазақстан

21 сәуірдің кешінде, Алматы қаласында азаматтық белсенділер Әсия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековке қатысты сот отырысы өтті. Алматыдағы марафонда «ШЫНДЫҚТАН ҚАША АЛМАЙСЫҢ» деген жазуы бар, #AdilSailayUshin және #уменяестьвыбор («Менде таңдау бар») деген сөз жазылған плакатты алып шыққаны үшін Ә.Тулесова мен Б.Толымбековті 448-ші әкімшілік баптың 3-ші бөлімі бойынша кінәлі деп тауып, әрқайсысын 15 тәулікке тұтқындауға шешім шығарды. Сот залында Әсия Тулесова сөз алып, флешмобқа қатысу себебін айтты. Сотқа, таза ауаға, спортқа, демократиялық құндылықтарға көзқарасын білдіріп, ұлт мақтанышы Денис Тенді еске алды, адам өлтірген Үсенов ісіне тоқталды. Adamdar/CA Әсия Тулесованың судья мен прокурордың сұрақтарына берген жауаптарын және сотта сөйлеген сөзін ықшамдап ұсынады.

Фото авторы: Тамина Оспанова

Уақыты: 2019 жыл, 21 сәуір, кешкі мезгіл.
Оқиға орны: Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты.


Әсия Тулесова: Ар-ұжданымның шақыруымен шықтым. 9 маусымда бізде сайлау болады. Менің ойымша, ол әрбір қазақстандықтың өміріндегі маңызды сәт. Таза, әділ сайлауды өткізуге жол ашылды. Бірақ, өкінішке қарай, біздің жүйеміз шынайы кандидаттарға, қарапайым азаматтарға сайлауға түсуге мүмкіндік бермейтіндей құрылған. Мұны айту өте маңызды деп санаймын. Флешмобымыз дәл осы мәселені қаузайды. Бейбарыспен бірге: «Достар, бәріміз жиналып, тәуелсіз сайлау өткізейік» деу үшін шықтық.

Айналамызда өтіп жатқан оқиғаларды ауыр қылмыс деп есептеймін. Ол қылмыс менің мемлекет алдындағы емес, мемлекеттің маған жасаған, ҚР азаматына жасаған қиянаты деп білемін. Бұлай деуімнің себебі — бізде сөз бостандығына кепілдік беретін Конституциямыз бар емес пе еді? […]

Судья М.Абраев: Мақсатыңыз не еді?

Ә.Т.: Әділ, тәуелсіз сайлау өткізу керегін адамдардың назарына жеткізуді мақсат тұттық. Кез келген сайлау әділ өтуге тиіс. Ол мейлі, президент сайлауы болсын, мейлі судьялар, әкімдер сайлауы болсын. Атқарушы билігіміз азаматтармен есептесуі керек, жалпы әркез солай болуға тиіс қой.

Прокурор: Сөзіңізге сенсек, ол баннер саясатқа қатысты екен. Алайда, оның алдында баннерді марафонға тікелей қатысты деген едіңіз.

Ә.Т.: Әрине. Менің ойымша, ол өте ұтымды баннер. […] Онда: «Шындықтан қаша алмайсың» деген жазу бар. Адамдар шындықтан да қашады ғой. Тіпті бізді тергеген адамдар да сол марафонда жүгіріпті. Осы бір энергиямыздың асып-тасыған жарысында Қазақстанның ушыққан мәселелерін ұмытып кеткен сияқтымыз. Сыбайлас жемқорлықты мысалға алайын: құқық қорғау органдарындағы немесе соттағы сыбайлас жемқорлық, тіпті болмаса Алматының ауасын жақсартуға кедергі келтіріп отырған сыбайлас жемқорлық. Мәселе жетіп артылады.

Прокурор: Баннеріңіз спорт пен марафонға түк қатысы жоқ екеніне келісесіз бе?

Ә.Т.: Спортқа тікелей қатысы бар. «Жүгіре беріңіздер, бірақ ештеңе өзгермейді... Спорт – жақсы ғой, ал спорт пен белсенді азаматтық ұстаным тіптен керемет» деп тұрған жоқпыз ба?

Прокурор: Жақсы. Ал бұл баннердің ішкі мазмұны нені меңзейді?

Ә.Т.: «Менде таңдау бар» ма? «Менде таңдау бар» деген сөз — таңдауым барын білдіреді. Адамдар да өзінің таңдау құқы барын білсе деймін, шынайы жұмыс істей алатын демократиялық институттарды құруды үйренсек деймін. Бізге халқының өмір сапасының қамын ойлайтын, халыққа есеп бере алатын жақсы президент керек. 

Бұлар қарапайым ғана ақиқат қой. Біз қарапайым ғана ақиқатты қалаймыз, сіздің де оны қалайтыныңызға сенімдімін. Балаларыңыз тап-таза қалада өссе дейсіз ғой? Сіздің ұлыңызды не қызыңызды қағып кеткен Үсеновтер тиісті жазасын алғанын құптайсыз! Түсінікті айтып тұрмын ба? Осындай бір қарапайым жағдайлардың қалпына келгені керек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз, байғұс студенттерді дауысын беру үшін мәжбүрлейтініне де қарсымыз...

Прокурор: Тақырыптан ауытқымаңыз.

Ә.Т.: Ауытқып тұрған жоқпын. Бұл ойдың бәрі осы баннерде бар, түсінесіз бе?

Студенттерімізді еркін ойлауға үйреткіміз келеді, Ал егер бізде сайлау өтсе олар дауысын әлдебіреудің көрсетуімен бермеуі керек емес пе? Судьяларымыз да әлдебіреудің айдауымен емес, кінәлілерді ғана соттауын үйретейік. Қане, құқық қорқау органдары да саяси белсенділерді аңдуын доғарып, қарапайым халықты қорғасын. Халықты жай ғана қорғап үйренсін. Өмір сүргісі келетін, жаңа қоғам құрғысы келетін адамдар бар. Бейбарыс екеуміздің флешмобымыз осы жайында еді.

Прокурор мырза, судья мырза, хатшылар, мемлекетіміз үшін барлығыңыз да осыны қалайтындарыңызға сенімдімін. Мен де сіздердің қатарларыңыздамын. Бүгін осы жерге келгендер де осыны қалайды. Қазір күрделі бір кезеңде жүргенімізді жақсы түсінемін. Ойымызды айтуды, талап-тілегімізді шын, тура, ашық айтуды үйренбейінше бізді жалмап бара жатқан жүйенің құрсауында қалып, шырмауда тұншыға береміз. Осылайша мемлекетімізді құрдымға жіберетінімізді түсінесіз бе?

Бұл кішкене ғана баннер еді, біздің алып та әсем еліміздің еңсесін тіктейік, оны көркейтіп, іргесін көтерейік деген жан дауысымыз болатын. Студенттеріміз прогресті жалғастырсын! Олар қарсылығын айтсын, алаңдарға шықсын. Азат, еркін болсын. Тамаша әндер шығарсын. Балаңызды көшеге алаңдамай-ақ шығарып сала алуыңыз керек қой. Жап-жас өрімдер көлігінің айнасын ұрлап жатқан ұрылардың соңынан жүгірем деп арғы дүниеге бір-ақ өтіп кетпеуі тиіс, түсінесіз бе?*


* Денис Тен (1993–2018) — біртуар фигурист, 2014 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, мәнерлеп сырғанаудан 2013 жылы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Қазақстанның ұлттық мақтанышы. 2018 жылдың 19 маусымында Алматының қақ ортасында, өз көлігінің айнасын ұрламақшы болған екі бірдей қылмыскердің үстінен түседі. Қылмыскердің біреуі Денис Тенге пышақ салып, қатты жарақаттайды. Арада екі сағат өткенде Денис Тен көз жұмады. Теннің өлімі Қазақстан халқы мен спортшының әлемнің әр түпкіріндегі өнеріне тәнті болған табынушыларының жан жарасына айналды.


Сіздер де осындай мемлекеттің болғанын қалайсыздар. Алайда біз шешімімізді өзгертпейінше, түсімізге ғана кіретін институттарды құрмайынша, жағдай бәз-баяғы қалпында тұра береді. Әрқайсысымыз да күн сайын шешім қабылдауымыз керек. Мен де соны айтамын: «Шешім қабылдайық. Дұрыс шешім. Ар-ұжданымыз қызармайтын шешім». Адалдық, еркіндік, мейірім, махаббат, ақыл... деп аталатын құндылықтарға сүйеніп өскен едік қой. Бұлар қарапайым ғана ақиқат емес пе еді? Жанымыз бен ақылымызды адастырған, бізді жегідей жеген институттардан іргемізді аулақ салған кезде үйімізде ғана жан тыныштығын табамыз. Сіздер мүлде басқа адам емессіздер ме? Ұрпағыңыз үшін Қазақстанның таңғажайып, айырықша болғанын қалайсыз. Ешкімнің де бұл елден кеткісі келмейді...

Судья: Әсия Тасболатқызы, әңгімеден ауытқымаңыз...

Ә.Т.: Әңгіменің анығы осы. Сіз үшін бұл соншалықты қарапайым көрінер, бірақ баннер сол туралы еді. Қалаға шыққан Бейбарыс та солай ойлады. Мен де түсіне алмаймын, түсіне алар емеспін... Жасы жиырмаға келген, бассауғалап қашпай, әскер қатарында міндетін өтеген бозбаланы «Әділ сайлау өткізейік те» дегені үшін 15 тәулікке қамағандарыңыз мүлде түсініксіз. 

Қане, әділ сайлау өткізейік. […] Менің ойымша, қандай да бір орынға жиналып, «Жетер, дәл осы сәттен бастап жақсырақ өмір сүруге тырысамын» дегеніміз жөн сияқты. 

Судья: Баннердің саси реңкі бар ма?

Ә.Т.: Өзге бояулармен қоса саяси реңкі де бар. 

Судья: Демек, бұл пикет. Бейбіт пикет.

Ә.Т.: «Пикет» дегеніміз не? Пикеттің мәнін айтып беріңізші. Меніңше, бұл флешмоб. 

Судья: Саяси тақырыптарды көтеріп алып, бейбіт флешмоб демексіз бе?

Ә.Т.: Әрине. Сөзіме құлақ салыңыз: алматылықтарға таза ауа керек десем, ол да саяси тақырып болып шықпай ма? Себебі, Алматыдағы таза ауа саяси тақырыптардың біріне айналып кеткен. Ірі компаниялардың, қалалардың мүддесі бар болған соң, оны қалай саяси дей алмайсыз? Осындай қарапайым дүниенің барлығы саясиланған. Біздің бүкіл өміріміз қып-қызыл саясат, түсінесіз бе?

Қорытынды сөзінде Әсия Тулесова сотқа жүгініп: «Бейбарыс бостандыққа шыққанша, оның қасында болғым келеді», – деді. 

Сот Ә.Тулесова мен Б.Толымбековті кінәлі деп тауып, әрқайсысын 15 тәулікке тұтқындауға шешім шығарды. Әсия Тулесова сот шешіміне наразылық ретінде әкімшілік жауапқа тартылғандарды қамауда ұстайтын мекемеде сәуірдің 23-інен бері аштық жариялап жатыр. 

Amnesty International халықаралық ұйымы Әсия Тулесова мен Бейбарыс Толымбековті «ар-ождан тұтқыны» деп таныды.

Сурет авторы: Азиза Киреева

 

Жарияланған уақыты: 22 Сәуір, 2019 жыл