Тамғалық мұғалім

Төл сөз Қырғызстан

Тамғалық мұғалім

Мәтін: Тимур Нусимбеков

тамыз 2017

Тамға ауылы (Ыстықкөл облысы), Қырғызстан

Забиров  Камал Нуриахмедович — ауыл мұғалімі, аудандық мектепте география, химия, биологиядан сабақ береді. Тескей-Ала-Тау шатқалында қыдырғанды және ыстықкөл балын жақсы көреді. Бірнеше жылдан бері жергілікті мектеп оқушыларына табиғат аясында демалыстар ұйымдастырып жүр. Мұғалім болып жұмыс істегеніне 35 жыл болды. Камала Нуриахмедович отыз бес жылдан бері Ыстықкөлдің мыңдаған шәкіртін тәрбиелеп шықты.

 

ХХ ғасыр

Ауылымыздың жанында бірнеше ғасыр бұрын тибет монахтары салып кеткен ежелгі ғибадат тастары бар. Бұл тастарға қаншама күш жұмсалған! Бұл орын Тамға-Тас деп аталады. Осы тастардың себебінен біздің ауыл Тамға деп аталып кеткен.

Ата-әжем кезінде Алматыда1 дүниеге келген. Ол қала кезінде Верный деп аталған. Кейін Верныйдан Чолпон-Атаға жақын жердегі Ананьево2 ауылына көшіп келген. 1916 жылдары біздің өңірде көтерілістер болған, ал кейін қанды қырғынға3 ұласқан. Сол жылдары әжем жалғыз болды. Атамыз Германияға қарсы І Дүниежүзілік соғыста. Біздің отбасымызды қырғыздар аман алып қалған. Олар келіп: «Тезірек жиналып, бүгін қашыңдар! Ертең мында әскерлер келіп, бәріңді өлтіреді. Тірі тұрғанда, қашыңдар» деген. Әжем балаларын ертіп, қалай стіді солай қаша жөнелген. Бұл қиын жылдар еді, қаншама жазықсыз адамдар қайтыс болды.

1916 жылы әжем балаларымен аман қалып, Қаракөлде жаңа өмір бастады. Соғыстан кейін атам үйге оралған. Ағаштан үй тұрғызған. Атам 1922 жылы бұл үйді бұзып, бөренелерге белгі салып, қайық арқылы осында, Тамғаға алып келген. Ағаштарды кептіріп, үйді қайт тұрғызған. Атам өте шебер кісі болған, біз сол үйде әлі тұрып жатырмыз.  Біздің үй солай Ыстық-Көлдің бір бетінен екінші бетіне жүзіп келген.

Мүмкін сол кезде сиырды бермей, қарсылық білдіргенде Сібірге айдалып, атылып кетер ме еді. Бұл оқиғалардан кейін сегіз баланың бәрі ұзақ өмір сүре алмады...

Аштық жылдары4 біздің отбасына сауып отырған сиырлары құтқарған. Кейін ұжымдастыру басталды да, жалғаз сиыр үшін мылтықпен келіп алып кетті. Әжем балаларымен шығып, жалынып, қалдыруға тырысқан. Бірақ атам бірден түсінді. Сол кезде ата-әжемнің сегіз баласы болған, ал соның бәрін асырап отырған жалғыз сиыр. Мүмкін сол кезде сиырды бермей, қарсылық білдіргенде Сібірге айдалып, атылып кетер ме еді. Бұл оқиғалардан кейін сегіз баланың бәрі ұзақ өмір сүре алмады... Қиын жылдар еді, аштық... Бірақ тірі қалғандар жақсы азамат болды. Кейін соғыста (ІІ Дүниежүзілік соғыс — Å) әкемнің екі бауыры қайтыс болды. Еркек кіндіктен тек менің әкем ғана тірі қалды. Ал отбасымыздағы әйелдерді тағдыр әр жаққа жіберді. Бірі Бішкекте, бірі Мәскеуде, бірі Ташкентте, біреуі тіпті Қазанда.

1920 жылдары Тамғаға татарлар келіп қоныстанды. Сол жылдары Тамғада үйлер былай тұратын: татар, қырғыз, татар, қырғыз. Тамға көп ұлтты ауыл: қырғыз, татар, орыс, украин, өзбек, армян да бар. Барлығы дос, көрші. Кейбір ауылдарды көресің: күні бойы бір-бірімен ұрсысады да жатады. Ал бізде бәрі жақсы. Бір-бірімізбен ортақ тілі табыса аламыз.

Суретке түсірген: Тимур Нусимбеков

Мен Тамғада дүниеге келгенмін. Бала кезімде Тамға кішкентай ауыл еді. Қазір күннен күнге үлкейіп жатыр. Мен дүниеге келген жылы, 1961 жылдары ауылымызға тұңғыш ғарышкер Юрий Алексеевич Гагарин келген. Елестетіңізші, ғарышқа ұшқан тұңғыш адам біздің ауылға келді. Гагарин ауылға сәуірде келді, ал мен шілдеде дүниеге келдім.

Юрий Гагарин Тамғада

Мектеп

Алғашқыда мен оқыған кезде мектепке мұғалім жетіспеді. Бірінші сыныпта ұстазымыз қайтыс болып, орнына мұғалім таба алмады. Мұғалім жоқ, біреуі келеді-кетеді, басқасы келеді-кетеді... Тіпті кейді кітапханашы бібен 45 минут отырып, кейін: «Балалар осымен сабақ бітті, үйге бара беріңдер» дейтін де кездер болды. Кейін жағдай жайлап жақсарды. Ауылымызға мұғалімдер отбасы келе бастады.

Бір күні Тамғаға армия генералы Лященко Николай Григорьевич5 келді. Ол ауыл тұрғындарына «мектеп салып беремін» деп уәде берді. Бірақ мемлекеттен қаржы бөлінбеді, алайда әскери ауруханаға деп қаржы бөлгізді. Себебі сол кезде бүкіл Одақ Қытаймен соғысқа дайындалып жатыр еді. Әскери құрылысшылар аурухана салып берді. Лященко құрылысқа өзі бас-көз болып, ғимаратты өзі қабылдап алды. Ғимарат шын ниетпен салынды. Өзі қабылдап алғаннан кейін, ғимаратты мектепке берді. Армия генералы Лященко сөзінде тұрды. Жақында бұл мектепке 50 жыл болады. Әлі тұр! Бұл мектептен кейін салынған көптеген мектептер құлап қалып жатыр, ал біздікі әлі тұр, әлі де тұрады. Себебі бұл мектеп шын ниетпен салынған.

Суретке түсірген: Тимур Нусимбеков

Мен өзімнің ұстаздарымды ешқашан ұмытпаймын. Әсіресе биология пәні мұғалімін.

Ольга Ивановнаны ешқашан ұмытпайтын шығармын, ол бізге тарихтан және географиядан берген, менің сүйікті ұстазым...  Құдайға шүкір, әлі ортамызда, дені сау. Иә, әрине, қартайды...

Мен институтта оқығанымда, керемет мұғалімдер болатын. Олар ғылымды, ұстаздық қызметті жақсы көретін. Сол кісілердің арқасында біз де өз мамандығымзды жақсы көреміз.

Институт бітіргеннен кейін, Тамғаға келдім. Директорымыз Даут Иманалиевич Иманалиев көзі ашық, өте сауатты кісі болатын. Ол маған қарап тұрды да, «Забиров, гография мен биологияны оқытуды саған береміз. Сонымен қатар география кабинетін жасақтайсың» деді. Басында қорықтым, кейін ол кісі маған көп көмектесті. Кабинетті жасақтайтын материалдар тауып берді. Кабинетке бірге жөңдеу жүргіздік. Міне менің алғашқы директорым осындай кісі болған!

 

Дәріс

Тек алғашқы сынып емес, сонымен қатар алғашқы өткізген сабағым да есімде. Өте нашар болған! Маған не  бесінші сыныпты, не алтыншы сыныпты бермей, бірден он бірінші сыныпты берген. Өзіммен бірге өскен балалармен жұмыс істеу керек болды. Менен бар жоғы  бес-ақ жас кіші.

Ұлдар өздерін көрсету үшін сабақта мені атыммен атап, «сен» деп сөйлесетін. Бірақ мен бірден: «Бүгіннен бастап мен Камал емеспін, Камал Нуриахмедовичпін және сіздердің ұстаздарыңмын!» деп ескерттім. Әрине аздап толқыдым. Сол күні күн де ыстық болды. Қобалжығаныме Күннің ыстығы қосылып, терлеп кеттім. Жейдемнің терден су болғаны соншалық, оқушылар: «Камал Нуриахмедович, орамал әкеліп берейік пе, мүмкін монша сыпыртқысы керек болар?» деп қалжыңдай бастады. Кейін бәрі өз орнына келді. Мені мұғалім ретінде қабылдап, сыйлай бастады. Кейбіреуімен әл күнге дейін хабараласып, сөйлесіп тұрамыз. Кейін олардың балаларын оқыттым. Ал қазір алдымда немерелері отыр. Өмір деген осы...

Суретке түсірген: Тимур Нусимбеков

Институттан кейін екі жыл мектепте мұғалім болып, кейін әскерге кеттім. Отан алдындағы борышымды Мәскеуде өтедім. Сондықтан Мәскеуді бес саусағымда білемін. Бөлім командирі өте жақсы адам болатын. Мәскеуде қандай да бір концерт болса, командиріміз кассаға барып, бізге билет әкеліп беретін.

Әскердегі ең тамаша уақыты — кеш. Себебі кешке үйден келген хаттарды тарататын. Кейде маған бірден 40-тай хат келетін. Командир менен: «Забиров, мынаның бәрін қыздар ма жазған?» деп сұрайтын. Алайда хаттың бәрі Тамғадағы оқушыларымнан келетін.

1985 жылы әскерден оралғаннан кейін, мектепке қайта орналастым. Содан бері әлі қызмет етіп келе жатырмын. Міне солай...

Мұғалімге ең басты керек нәрсе — махаббат. Балаларға деген махаббат.

Біреулер жас мұғалімдерге шыдамдылық тілеп жатады. Мүмкін шыдамдылық маңызды шығар. Бірақ, менің ойымша, мұғалімге ең басты керек нәрсе — махаббат. Балаларға деген махаббат. Егер жүрегіңде махаббат жоқ болса, сен ұстаз емессің.

Мұғалім оқушыға қол көтеруге мүлдем құқығы жоқ. Егер бір рет оқушыға қол көтердің бе, өмірбақи оқушының сенімі мен құрметінен айырыласың, яғни бәрі бітті... Ұстаз әрқашан оқушының жүрегіне деген жолды қандай жағдай болмасын табуы керек.

Суретке түсірген: Тимур Нусимбеков

Бұрын студентті немесе жас мұғалімді тексеру үшін балалармен сыныпта жалғыз қалдыратын. Егер 45 минуттан кейін балалар оның айналасында отыратын болса, одан жақсы ұстаз шығады. Ал егер балалар бөлек отырса, одан ештеңе шықпайды. Мұғалім — тек білім беруші емес, сонымен қатар жас баланың жүрегін жаулап алушы адам.

Бірнеше жыл бұрын оқушыларға бір дәстүр ойлап таптым. Жыл сайын, соңғы қоңыраудан кейін, 1 маусым күні балаларды жинап, тауға демалуға шығамыз. Осы жылы да тамаша демалыс болды. Аспан ашық, көкпеңбек болды. Оқушылармен жиналып ән айтып, би биледік, ойын ойнадық. Кейін бәріміз тауға шықтық. Таудан түсіп келе жатқанда, таңғажайып оқиға болды. Аспаннан бірнеше шар бізге қарай ұшып келді. Мүмкін бір жерде ұшырған шығар, мүмкін Бішкекте, мүмкін Алматыда. Шар бәрімізге жетті, бір шар артық қалды оны кейін қайта ұшырып жібердік. Менің шарым әлі үйде тұр. Тауға шыққандарға көк аспан кейде осындай сыйлықтар жасап тұрады.

 

Тамға

Тоқсаныншы жылдары Тамғаның жағдайы қиын болды: халық саны бірден азайып кетті, біреулер Мәскеуге, біреулер Бішкекке, кейбіреулері Қазақстанға көшіп кетті. Ешқандай жұмыс болмады, бәрі жабылды. Бұрын біздің ауылға Кеңестер Одағының әр бұрышынан демалуға адамдар келетін. Одақ құлағаннан кейін адамдар демалысты ойлайтындай жағдайда болмады. Республикалар арсындағы байланыс үзілді, тіпті кей мемлекеттер бір-бірімен келіспей жатты. Кейкілжіңдер пен түсініспестіктер орын алды.  Тіпті сол кейкілжіңдердің себебін әлі күнге дейін түсінбеймін.

Қандай жағдай болмасын байланысымызды үзбеген жалғыз мемлекет бар. Ол — Қазақстан.

Мен адамдарды ұлтына, еліне қарап бөлмеймін. Маған Тамғаға келетін барлық адам ұнайды. Есімде Өзбекстаннан үнемі бір жігіттер келетін. Жақсы спорстмен жігіттер еді. Жыл сайын келетін. Біздің мектептің жанында өздерінің лагерьлері болатын. Рахаттанып демалатын, сонымен қатар мектептің жөндеу жұмыстарына көмектесетін. Үнемі бізді қолдап тұратын. Ондай адамдарды ешқашан ұмытпайсың. Біздің ауылда кім болмады француз да, америкалық та, голландиялық та, немістер де болды. Бірақ маған адамдардың мемлекеті мен ұлты қызық емес, адамның өзі ақжарқын, мейірімді болса болды.

Бұрын Қазақстаннан туристер көп келетін, кейін азайып кетті. Меніңше, дағдарыс кінәлі. Бізді де, қазақтарды да жалмады.

Қазір шетелдік туристер көп келе бастады: Италиядан, Оңтүстік Кореядан, Америкадан, Франциядан. Нидерландия мен Жапониядан да келетіндер бар. Ресейден көп келеді. Бұл жақсы ғой. Туризмнің арқасында жұмыс орындары пайда болады, жергілікті тұрғындар шет тілдерін үйрене бастайды.

Қазір көшеге шықсаң екінің бірі шетелдік. Тамға-Тас тауына немесе басқа бір шатқалға барсаң, онда да біздікілермен бірге шетелдіктер жүреді. Балалар да олардың тілдерін үйреніп қалды. Олар енді тез қабылдағыш қой. Кеше сізді мектептің жанынан үлкен сөмкемен кетіп бара жатқаныңызды көріп, «шетелдік шығар» деп ойлағанмын, сізбен сөйлесіп, өзіміз екеніңізді білдім. Қазақстаннан келгеннің бәрі өзіміз ғой.

Суретке түсірген: Тимур Нусимбеков

Бала жастайынан білім алып, еңбек етіп, адал жолмен ақша тапса жақсы ғой. Егер бұның бәрін жастайынан үйренбесе, Мәскеуге немесе басқа жаққа кетіп, жақсысы көше сыпырады, жаманы бұзақы болып, ұрлыққа түседі. Ал адамда тәрбие мен білім болатын болса, тілдік қиындыққа тап болса да, ол тілді үйреніп алдаы.

Французша сөйлей бастайды, кейін ағылшынша, қытайша, түрікше. Менің шәкірттерім жақсы жұмысқа орналасып, жетістікке жетіп жатса, қуанып қаламын. Кей шәкірттерім өз жолын тапты, тек елде емес, Түркияда, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда жұмыс жасап жатқандары бар.

 

Дәм

Бұрын «Орта Азия» дейтін, қазір «Орталық Азия» деп қолданатын болыпты, меніңше, бәрі бір нәрсе. Тіліміз басқа болғанмен, менталитетіміз бен салт-дәстүріміз бірдей.

Қырғызстанның дәмін сезіну үшін, біздің балдан дәм тату керек. Бұл — біріншіден. Бал — біздің басты ерекшелігіміз. Егер Ыстық-Көлдің балынан дәм татсаңыз, басқа балды мүлдем алмайсыз. Екінші — біздің көлдің суы. Біздің судың дәмі — басқаша, сондықтан міндетті түрде ішіңіз. Үшіншіден, біздің орман мен қарағайдың иісі. Менің ойымша, Қырғызстанды сезіну үшін маңызды осы үш нәрсе. Ал қалғандары жекелей, адамдардың өзіне байланысты, тіпті ет те.

Егер Ньютонның басына біздің алмалар құлағанда, әлемдік тартылыс заңын ашар ма еді

Қазір барлығы шет елге саяхаттай бастады. Біздікілер басқаларға, шетелдіктер біздерге үйреніп қалды. Шетелдіктерді қазір етпен таңғалдыра алмайсың. Барлығы етті, асылғн етті жақсы көре бермейді. Оның үстіне қазір көбі вегетариан болып бара жатыр. Алайда шетелдіктерді бұрынғыдай жеміс-жидектің дәмімен, көкөніспен, өрік, алмамен таңқалдыра аламыз. Ешқандай қоспасыз, химиясыз. Бәрі тәтті, пайдалы, экологиялық таза. Сондай дәмді өріктер бізде ғана өседі.

Біздің алмалар үлкен болып өседі. Егер Ньютонның басына біздің алмалар құлағанда, әлемдік тартылыс заңын ашар ма еді.

Суретке түсірген: Малика Ауталипова

15 жыл бұрын, анамның көзі тірісінде тандыр6 тұрғызғанмын. Бірінші ағаштардан доға жасап, кейін оның сыртын кірпішпен қалап, сосын ешкінің түгімен... дәлірек айтсақ түгі емес, қылымен қаптадық. Іштегі жылу шықпауы үшін бірнеше қабат қылып істедік. Содан бері нан мен тандыр нанды өзіміз пісіреміз. Менің наным дүкеннің нанына қарағанда өзгеше, айырмашылығы жер мен көктей.  

Қазір Тамға қайта гүлденіп, адам саны да көбейе бастады. Енді әлемнің әр түкпірінен адамдар келеді. Бұл  — өте жақсы.

Жас кезімде Мәскеуден қайтып келе жатқан уақыт. Бішкекке дейін  ұшақпен, ал ауылға автобуспен түнделетіп жеттім. Таңғы 4-терде көлдің жанынан өттік, кейін қайық бекетінің қасынан, сосын сәл аялдап, ауылға жақын төбенің басына шықтық. Дәл сол кезең шөп оратын уақыт еді, көк майсаның иісін айтсаңызшы, керемет еді! Бір жақтан жаңа шабылған шөптің исі, екінші жақтан гүлдеп жатқан бақшаның исі, оның үстіне жоңышқалы дала өзінше бір аңқып жатыр... тау да бар! Әрине, Ыстық-Көлдің таза ауасы... Құлпырған тамаша иістен құлап қала жаздадым! Жерге аунап, осынау керемет жұпарды өзіме сіңіріп алғым келді. Туған жердің исіне не жетсін, шіркін!

Әжем қиын кездерді бастан өткерді, бірақ соған қарамстан ауылдағы мінезі жұмсақ, жүрегі мейірімге толы адам болатын. Үйіміздің жанынан танымайтын адам өтіп бара жатса: «Әй, балам, шайға кір, нан ауыз ти» дейтін. Әжемізден: «Әже, мына кісіні танисыз ба?!» десек, «Егер ол кісіні үйге мен шақырмағанда кім шақырады?» дейтін. Иә, әжеміз сондай кісі болатын...

Ескертпе:

1 / Алматы — Қазақстан Республикасындағы ең үлкен қала, тәуелсіз Қазақстанның бірінші астанасы. Қола дәуірінде сақтардың, кейін үйсіндердің цивилизацияланған орталығы болған. Орта ғасырларда Алмату (Алматы) — Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда, ауылшаруашылық, қолөнер дамыған, ақша сарайы бар орталық және түркі, моңғол көшпенділерінің тұрағы болған. 1854 жылы Зайлийский, кейін Верный бекінісі тұрғызылды. 1867-1921 жылдар Верный, 1921 жылдан бастап орыс тілінде Алма-ата, қазақ тілінде Алматы деп аталды. 1993 жылдан бастап ресми атауы  - Алматы.

2 / Ананьево — Ыстық-Көлдің сол жағалауында орналасқан ауыл. Ауылға осы ауылдан шыққан, Кеңес Одағының батыры,  Алматыда жасақталған Панфилов атындағы 316-атқыштар дивизиясының (8-Гвардия) батыры Николая Ананьеваның аты берілген. Алматыда жасақталған бұл дивизия Қазақ КСР және Қырғыз КСР-нің солдаттары мен офицерлерінен тұрған. Батырлығы және ержүректігімен дивизия ІІ Дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес әскерінің тарихында үлкен орын алады. Панфилов дивизиясы Мәскеу үшін шайқаста, жауға тойтарыс беріп, қорғаныста басты рөл ойнады. Дивизия мүшелері асқақ ерлікпен елді қорғап, қаза тапты. Николай Ананьев те Алматылық полк 316-атқыштар дивизиясының құрамында болып, 1941 жылы күзде Волоколам бағытында қаза тапты.  

Николай Ананьев

3 / «1916 жылғы Орталық Азиядағы көтеріліс», «Түркістандағы бүлік» — Ресей Империясының орталық билігіне қарсы отарлауға шыдай алмаған Орталық Азиядағы халықтардың бас көтеруі. 20 ғасырдағы Орталық Азиядағы ең үлкен әлеуметтік оқиға. Бас көтеруге себеп Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстандағы бейбіт тұрғындардың жазықсыздан патша әскерінің қолынан қаза табуы еді.  Патша әскерінің мақсаты өңірдегі адамдарды толық жойып жіберу еді. Бұл қасіреттің арты «Чон Уркун» трагедиясына («Ұлы көшке») әкелді. Жүздеген қазақтар мен қырғыздар амалсыздан жерін тастап Қытайдың батыс бөлігіне көшуге тура келді. 1916 жылы А.Ф.Керенский бастаған патша жасағы бейбіт тұрғындарды қырып, халықты жоюға күш салды.  1916 жылы осы қасіреттен 100 мыңнан 400 мыңға тарта адам қаза болды. 1916 жылғы құрбандарды еске алу 2016 жылдан бері Қырғыз Республикасында ұлттық дәрежеде аталып өтіледі. Қырғызстан Орталық Азиядағы бұл күнді мемлекеттік дәрежеде еске алатын жалғыз мемлекет.

4 / 1931-1933 жылғы ашаршылық (Ашаршылық, Ұлы Жұт, Голодомор, «Голощекинский голод») — тарихтағы айтылмаған ең үлкен қасіреттердің бірі. Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру барысындағы зорлық-зомбылықтар орын алды. Бар дүниесінен, мал-мүлкінен, құрал-саймандарынан, тіпті жертөлесінен де айырылған адамдар ашаршылыққа ұшырап, босқын күйге көшті. Бұл ашаршылық Иосиф Сталиннің тікелей бұйрығымен іске асқан еді.  Кеңес Одағының бірнеше аймақтарында осындай қолдан жасалған ашаршылытар жүзеге асты. Ең қатты зардап шеккен аймақтар Қазақстан мен Украина, сонымен қатар Орталық Азия мемлекеттері, Сібір, Орал, Кавказ сияқты аймақтарда да орын алды. Қазақстанда аштықтан 1 млн-нан 3 млн-ға дейін адам қаза болды. 1930 жылдары Қырғызстан ашаршылықтан зардап шеккен Қазақстандықтарға қолдарынан келгенше көмек көрсетті. Сол жылдары Қырғыстан өз аумағы 100 мыңнан астам адамды қабылдап, 10 мыңдай  адамның тірі қалуына көмектесті.

5 / Лященко Николай Григорьевич (1910-2000) — Кеңес Одағының қолбасшысы, армия генералы, Кеңес Одағының батыры, «Манас» орденінің кавалері (Қырғыз Республикасы), «Легион Почета» (АҚШ) ордені,«Крест Грюнвальда» (Польша) ордені және басқа да ордендермен марапатталған. Бала кезінде ата-анасымен Қырғыз КСР-на (Қаракөл ауылы) көшіп келген. Испаниядағы азаматтық соғыста 1937 жылдың мамыр айынан бастап фашистерге қарсы соғысқан.  1941 жылдың жазынан бастап полк, кейін дивизияны басқарып, КСРО, Польша және Германияда нацистерге қарсы соғысқа қатысқан.

Лященко дивизиясы Ленинградтағы блокаданы бұзуға, Ропша, Гатчина, Пярну, Остероде, Гнев, Старогард, Данциг, Свинемюнде және т.б. қалаларды азат етуде Гитлер әскеріне қарсы тұрған. Сонымен қатар Лященко соғыс кезінде бірнеше рет жараланған. Соғыстан кейін Орталық Азияға оралып, қызмет ету үшін Киев әскери округінің және Мәскеу гарнизон қолбасшылығы сияқты үлкен мансаптардан бас тартқан. 1965 жылдың желтоқсанынан бастап Түркістан әскери округінің қолбасшысы болған, ал 1969 жылы тамыздан бастап Ортаазиялық әскери округтің қолбасшысы болды. Сонымен қатар, 1973 жылдан бастап Дінмұхаммед Қонаевпен бірге апатты жағдайдағы Медеу плотинасының құрылысына кірісті. Плотина 1973 жылы Алматы тұрғындарын үлкен табиғи апаттан құтқарып қалды.

6 / Тандыр — саздан жасалған нан пісіретін дәстүрлі пеш. Тандыр пешінің технологиясы Орталық Азияда, Кавказда, Таяу Шығыста, Латын Америкасында, Балқан түбегінде және әлемнің басқа аймақтарында кеңінен таралған. Пеш нан және басқа да тағам түрлерін пісіруге, сонымен қатар емге арналған дәрілік шөптер дайындауға қолданылған.

 

Жарияланған уақыты: 4 Сәуір, 2018 жыл