Арқарлының киелі арқарлары

JerSu Қазақстан

Арқарлының киелі арқарлары

Автор: Зира Наурызбай

25 Тамыз, 2021 жыл

Алматы облысы, Қазақстан

Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева Арқарлыдағы киелі мекеннің арғысы мен бүгінін жан-жақты зерделеп, қасиетін ұғындырып, ашкөздікпен қиратылып жатқан жәдігерлердің қаншалық құнды екенін өзінің жаңа эссесінде тәпіштеп жазады.

Бұрын қорғандардан алтын іздеу үшін ұры-қарылар тарихи ескерткіштерді қиратқан, қазір олардың қатары бизнесмендермен толықты. Оларға көненің көзі, бабалар мұрасының құны көк тиын, тек қорғандардың орнын көзсіз қопарып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп не құрылысқа керек тас-құмды саудалап, саудыратып ақша тапса болды. 

Бұл оқиға 2017 жылдың тамыз айында басталды: 2018 жылы академик А.Н. Марьяшевке (қазір марқұм боп кетті) Малайсары кентінің іргесіндегі Арқарлы тауларында құрылысқа қажет қиыршық тас пен тақта тасты өндіру кезінде сол өңірдегі петроглифтердің жойылып жатқаны туралы хабар жетеді. Марьяшевтің шәкірті, әуесқой археолог-журналист Ольга Гумирова бастаған петроглиф десе ішкен асын жерге қоятын зерттеушілер тобы бұл хабар құлақтарына тиісімен Алматы облысының Кербұлақ ауданындағы Арқарлы тауларына барып, көне жартастарды аралап, ескерткіштерді зерттеуді қолға алады және 4 мың жылдық тарих жойылып кетпес үшін қайта-қайта өзгеріп жатқан аудан басшылығымен байланысып тұрады. Осы уақыт ішінде еріктілер қашалып салынған суреті бар жүздеген тақта тастарды, жүздеген қорғандарды, қола дәуірінің, ерте темір дәуірінің, көне түрік және қазақ хандығы кезеңдеріндегі ондаған ежелгі қонысты тапты. Бұл жәдігерлердің барлығы Талдықорған трассасы бойында Алматыдан 150 шақырым қашықта орналасқан.

Ольга Гумирова
Фото: Елена Ударцева

Бұл топ осыдан біраз жыл бұрын жергілікті басшылықпен көшпенді мәдениеті туристік паркінің жобасы туралы талқылап, жәдігерлерді бүлдіріп, қирату тоқтатылады деген уәдесін алады, бірақ карьер өз жұмысын тоқтатпай, тарихқа қиянат жасауын жалғастыра береді. Әлеуметтік желілерде қаншама жазба, баспасөзде қаншама мақала жазылды, бейнероликтер түсіріліп, депутаттар сауал жолдады, бірақ ауданның бұрынғы бір әкімінің бизнес-мүддесінің күші басым болды. Ежелгі наным-сенімді сипаттайтын суреттері бар үлкен ғибадатхана қирап, қиыршық тас пен тақта тасқа айналды. Өте үлкен территориядағы бірнеше төбешік сау-тамтығы қалмай түгел қопарылған. Олардың астында қандай жәдігерлер болды, тасқа қашалған суреттер болды ма, – ол жағын енді білу мүмкін емес. Қазір аман қалған біраз петроглифтерден 50 метр қашықтықта карьер тоқтатылған сияқты.

Мен де бірнеше экспедицияға олармен бірге шықтым, бірақ аңшылықтағы кәнігі ізшілер сияқты қанжығам майланбады. Тапқан олжам – түйелер мен салт аттылар қашалған үш-төрт кішкентай сурет және мүйізді жануарлар – таутеке мен арқарлардың бірнеше жеке бейнелері. Археологтар оларды еркелетіп «серкеш» дейді. Арқарлыда мүйізділердің суреттерін көп кездестіруге болады. Ольга Гумирова Арқарлыда болсын, басқа жерлерде болсын, бұл жануарлардың суреттері ежелгі адамдар үшін қасиетті орынға апарар жолды көрсететін жол белгілерінің рөлін атқарғанын айтты. Мұндай петроглифтердің орналасуының өзіндік қисыны бар. Сонымен қатар ежелгі жол белгілерінің өзіндік құрылым жүйесі бар екендігі белгілі болды...

 

 

Серкештер ата-бабаларымыздың ежелгі аңыз-әпсаналарында да адамдарға жол көрсеткен. Серікбол Қондыбай «Арғы қазақ мифологиясының» төртінші кітабының «Мүйізді тағыға тағзым» бөлімінде бірнеше осындай мысал келтіреді. VI ғасырдағы гот тарихшысы Иордан Ғұн патшасы Баламердің өз халқымен бірге Азау теңізінің шығыс жағалауынан қарсы бетке елікке еріп өткені туралы баяндалады. Ергенеқон туралы көне түрік аңызында ағайынды Нүкүз бен Қиян тайпаны талқандағаннан кейін, арқардың ізімен жүріп, тау аңғарына жетіп, пана табады. Жолды көрсететін мүйізді жануардың бейнесі қырғыз генеалогиялық Марал Ана аңызында да, қазақ ертегілері мен әпсаналарында да бар. Қазір де «қой отарын серке бастайды» ұғымы бар, сондықтан бұл сөз «көшбасшы, жетекші» деген ауыспалы мағынаға ие болды. «Мүйізді тағы туралы материалдарды жинау барысында осы мәселелер нақты құрылымдық заңдылықтар негізінде қарастыруға мүмкіндік туады деп үміттенемін», − деп жазады С. Қондыбай.

Зира Наурзбаева
Фото: Ольга Гумирова

Арқарлы жоталарын кезіп жүріп, бұл топонимнің мағынасы туралы ой шырмауына берілдім, өйткені біздің ата-бабаларымыз жер-су атауларын жайдан-жай қоймаған ғой. Бұрын мұнда арқар көп болған ба екен? Олай емес сияқты. Әрі фольклорға қарасақ, арқарлар Қазақстанның басқа өңірлерінде де көп кездесетін. Көптеген халық әнінен «тау басында арқар ойнайды» деген жолдарды кездестіруге болады, ол таудың орнына Баянауыл, Қарқаралы, Шыңғыстау атауларын қосып қойса да болады. Мысалы, «Гүлдариға» әнінде: «Басында Баянауыл ойнайды арқар...» дейді. Басқа емес, дәл осы аймақты неге Арқарлы деп атады?

 

 

Арқар қандай ассоциацияларды тудырады? Шығыс Қазақстанда арқар бейнесінде қырғыздар «кайып-ерен» (қазақша ғайып ерен) деп атайтын тағы тұяқтылардың қамқоршы рухы көрінуІ мүмкін. Маңғыстауда пір Бекеттің арқарлары (муфлон) туралы аңыздар айтылады: ол қонағына арқар сойып, етін асып береді екен, содан кейін сүйектерін жинап, терісіне орап, жануарды қайта тірілтіп алатын. Бекет атаның жер асты мешітінің жанында арқар көрінсе, жергілікті жұрт бұны жақсылыққа жориды. «Арқар» – төре тұқымы, Шыңғыс хан ұрпақтарының ұраны. Бұл әулеттің арғы атасы арқардан туған деген аңыз бар. Алтын мүйізді ақ бұғы – ежелгі түріктердің тотемы. Арқарлардың бас сүйегі қасиетті жерлердегі қабірлерде кездеседі, археологтар оларды хунну қорымдарынан да табады.

«Алтай петроглифтеріндегі мүйізді бұғылардың бейнесін екі жолмен қарастыруға болады: не бұл көбінесе күнгей жақтағы құрбандық шалатын тастарда қашалған күн кейіпті Алтын мүйізді бұғы бейнесі,...; немесе архаикалық Тәңір Ананың марал түріндегі бейнесі. Суретте − Тәңір Анаға табынудың көрінісі деп болжаған жағдайда, бұндай тектестірудің қосымша маркерлерін іздеу керек. Марал немесе Бұғы суреттері Алтай аумағында жиі кездеседі» (Жерносенко И.А.). Зерттеушінің болжамы бойынша Ұмай мүйізді болып бейнеленген және бұл иконография көшпенділер тарихында жалғасын тапқан. Археологтар кейде қыпшақ ерлерінің тас бәдіздерін әйел бәдіздерінен тек бас киімі арқылы ғана ажырата алады: әйел мүсіні мүйізді бас киіммен бейнеленген (Плетнева С.А.). Мүйізі бар бас киім халха-моңғол әйелдерінде сақталған. Олар қошқардың мүйіздерін, көп жағдайда арқардың мүйізін пайдаланған. «Алпамыс» жырының нұсқаларында Мыстан кемпір мүйізі бар деп айтылады, әрі жырда мүйіздер оң сипаттағы белгі ретінде, құт, даналық нышаны ретінде қарастырылады. Қазақтарда мүйізді Қойбас ананың мифологиялық бейнесі бар (басы қойдың басындай Ана), ол Қорқыттың қарындасы, домбыра әуені мен күйшілердің пірі, күйшінің домбырасына жан бітіреді. Яғни арқар мүйізі бар ежелгі құдай бейнесі түркі мәдениетінде кең тараған деуге негіз бар.

Арқар − ата-бабаларымыз үшін киелі жануар. Тағы мынандай назар аударатын жайт бар. «Аруақ» сөзі (ата-бабаның қасиетті рухы, жебеуші) араб тілінен алынған дейді, бұл «рух» сөзінің көпше түрі (С. Қондыбай араб және парсы тілдерінен енген деп саналатын бірқатар негізгі түркі ұғымдарының терең тарихы бар екенін дәлелдеді: өте көне заманда олар көне түрік тілінен Таяу Шығысқа ауып, содан кейін қайтадан кірме сөз ретінде оралды). Қазақ тілінде «аруақ» сөзінің орнына «арқа» сөзі де айтыла береді: «Арқасы бар» (оның аруағы бар); «Арқасы қозды» (рух қозған) және т.б. Даңқты, аруақты батырдың есімі ұрпағының ұранына айналады, ұран шақыру − сол аруақты шақыру. «Аруақ» сөзінің өзі – қазақтың ұраны, ал Шыңғыс хан ұрпағының ұраны – «арқар». Бұл тұрғыда «арқа», «арқар», «аруақ» сөздерінің дыбысталуы да, мағынасы да ұқсас.

Аруақ-арқа мен пен көпшілікке белгілі ту сырты, жота мағынадағы арқаға қатысы бар ма? Бар сияқты. Біріншіден, «ар» морфемасы «абырой» ғана емес, «басқа, сол, қарама-қарсы, теріс, ар (жақ)» дегенді білдіреді. Бұл аралық жер, шекара. Арқа дененің «теріс жағында» орналасқан, сондай-ақ рухтар біздің дүниеміздің сыртында, о дүниеде болады. Екіншіден, мифологиялық сана кеңістікті кейіптендіреді, «жандандырады». Түрік мәдениеті үшін Шығыс пен Оңтүстік − тіршілік жағы, ал солтүстік пен Батыс – өлімнің жағы, өлілер, аруақтар дүниесі . Қазақтардың жанданған кеңістігі «бетін» оңтүстікке және шығысқа беріп, ал арқасын солтүстікке қаратып жатыр. Сондықтан «арқа» сөзінің «солтүстік, қыр» деген мағынасы бар: Сары-арқа – Сырдарияның солтүстігіндегі кең қыратты дала.

Фото: Елена Ударцева

Ертеде жебеуші рух адамның ту сыртына қонып, оны қорғайды деген түсінік болған сыңайлы. С. Қондыбай батысқазақстандық жырда жау қоршаған батыр ұран шақырғанда, ата-баба аруағы айдаһар түрінде ұшып келіп, батырдың беліне оралады, сонда жаудың үрейі қашады дейді:

Келді де бұл Орақтың
Беліне айдаһар жылан оралды.
Өгіз хан жыланды көргенде,
Есі кетіп қалады,
Зәресі кетіп танады...

Зерттеуші «аруақ» сөзін заманауи тілдегі «арық» сөзімен салыстырады. Түріктерде сүйек − өмірдің дәні, бір атаның тіршілік күшін бойына жинап сақтайтын нысаны ретінде сипатталады. Сағанатамда бір рудың өлген адамдарының сүйектерін жинау − «сүйек қосу» − сол түсініктің көрінісі. Қазақта сүйек – рудың метафорасы болса, Сібір түріктерінде «сүйек» «ру, тек» деген мағынаны білдіретін сөз. «Арық» сөзі о баста қайтыс болған, сүйегі ғана қалған, ұрпағын желеп-жебейтін аруақты білдірген болу мүмкін. Қазақ тілінде «сүлде» деген сөз бар, ол ортағасырлық моңғолдардың соғыс құдайы Сүлдемен байланысты, халық ауыз әдебиетінде тас құдайын да солай атайды, сондай-ақ бұл сөз арыған, қураған денені білдіреді. Құр сүлдері деген сөз тағы да бар, олар о баста осы аруақ/арық сөзбен мағыналас болған сияқты. Мысалы, М. Әлімбаев «Құсни Қорлан» әнін шығарған Естайдың махаббаттан құса болған хәлін «тірі аруақ, құр сүлдері» деп суреттейді. 

 

 

Екі жыл бұрын Ольга Гумироваға Арқарлы атауы бұрын осында жайылған арқарлармен емес, тіпті жартастағы арқарлардың бейнелерімен емес, ата-бабаларымыз осы аймақты ерекше кие тұтқанынан шыққан деп болжам айтқан едім: Арқарлы – Арқалы (Аруақты) – қасиетті, киелі мекен. Биыл Арқарлы тауларының тарихи ескерткіштерін төлқұжаттау үшін Ольга Facebook-тағы адамдар мен Neonomad қорының қаражатына А.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының ғалымдары мен еріктілердің халықтық экспедициясын ұйымдастырды. Экспедиция кезінде кәсіби археологтардың таңданысын байқап, ол былай деп жазды: «Сіздің сөзіңіздің жаны бар. Ескерткіштердің, ең алдымен, қорымдардың аса көп шоғырлануы бұл жердің шынымен де ерекше қасиетті болғанын көрсетеді». Қазір Алматы облысы әкімдігінің қаржылай қолдауымен төлқұжатты рәсімдеу аяқталып келеді, әкімдікпен жерді мемлекетке қайтару және археопарк құру туралы келіссөздер жүргізілуде... Мәселе ақыры шешіледі деп үміттенгім келеді, бірақ...

Әруақ қонып, қасиет дарыған киелі мекеннің 4 мың жыл бойы сақталып келіп, дәл тәуелсіздік кезеңінде көрсоқыр, дүние қуған өзімшіл жандардың кесірінен ту талақайы шыққаны өте өкінішті. Заңға қайшы, ар-ұжданға қайшы. Ал аман қалғандары әлі талай мыңжылдықтарға ұласады деген әлсіз де болса, бір үмітім бар. 
 

Жарияланған уақыты: 25 Тамыз, 2021 жыл