Қазақстанның әр қаласынан жиналған тәуелсіз сарапшылар, мәдениет өкілдері және экология белсенділерінің шағын тобы Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалына экспедиция ұйымдастырды. Сапардың соңында экспедиция мүшелері ерекше шатқалды сақтау үшін нақты шаралар қабылдауды талап етіп, мәлімдеме жасады.
Бозжыра – Маңғыстау облысында орналасқан, «ғажайып мекен» деген атқа ие, әлемдегі ең сұлу әрі ерекше орындардың бірі. Қарашада саяхатшылар мен маңғыстаулық экология белсенділерінің дабылынан соң, Бозжыраға «сафари-қонақүй» салу қаупі төніп тұрғаны белгілі болды. Мұның салдарынан шатқалдың сыртқы кейпі мен эко-жүйесі бүлінуі мүмкін еді. Экология белсенділері мен сарапшылар жобаның заңға қайшы тұстары көп екенін айтады. Мысалы, қоғамдық талқылаудан өтпеуі, қоршаған ортаға әсерін бағалайтын тәуелсіз сараптаманың жүргізілмеуі және Бозжыраға зиянын тигізуі мүмкін басқа да қауіпті салдарының ескерілмеуі көп сауал туындатады.
Бұл құрылысқа Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласының тұрғындары ғана емес, қазақстандықтардың көпшілігі наразылығын білдірді.
Қазақстанның био-алуандықты сақтау қауымдастығының сарапшылары да «Бозжыра шатқалындағы құрылысқа тыйым салу керек,» – деп мұның алты себебін атады.
Бозжыраға төнген қауіп Қазақстанның әр қаласындағы сарапшылардың, экология белсенділерінің, мәдениет өкілдерінің және медианың бірігуіне себеп болды. Ал желтоқсанда Ақтау, Астана, Алматы және Атыраудан жиналған тәуелсіз сарапшылар мен белсенділер тобы шатқалдың қазіргі жағдайын біліп, оны қорғау мен сақтау шараларын әзірлеу үшін арнайы экспедиция ұйымдастырды.
Сапар барысында Бозжыра аймағынан көп қоқыс табылды. Белсенділер олардың бәрін жинап, біржола тазалап кетті.
Сапардың соңында экспедиция мүшелері ресми мәлімдеме жасады:
«Ерекше табиғи мұрамыз Бозжыра шатқалына қауіп төнгендіктен, яғни ол жерге қонақүй салу көзделгендіктен, біз, табиғатқа бейжай қарай алмайтын қазақстандықтар, еліміздегі мемлекеттік органдарға, бизнес және азаматтық қауымдастыққа мәлімдеме жасауды қажет деп таптық.
Біз
1) Бозжыра шатқалына зиян келтірген адамдар мен ұйымдарды тауып, оларды жазалауды;
2) Бозжыра шатқалындағы кез келген жұмысты және техникалық тұрғыдан өзгеріс жасауды тоқтатуды;
3) Бозжыра шатқалына Республика деңгейіндегі ерекше қорғалатын табиғи аумақ статусын беру және Бозжыра аймағын қорғау, сақтау және көркейту үшін қоғамдық және ғылыми тәуелсіз бақылауға жағдай жасауды талап етеміз.
Біз табиғат, адам, қоғам, бизнес және мемлекет мүддесі үшін саналы шешім қабылдағымыз келеді. Қоғам назарынан тыс, асығыс, экологияға зиян тигізетін шешімдердің бұдан әрі де қабылданғанын қаламаймыз.
Маңғыстау мен Қазақстанның басқа да аймақтарында туризмді дамытуды толықтай қолдаймыз, бірақ қазіргі дамыған әлемде қоршаған ортаға барынша аз әсерін тигізу принциптерін де ұстануға болатынына сенеміз. Біз ерекше табиғи байлығымызды шығындап, пайда табудың орнына қала мен ауыл тұрғындарының мүмкіндігін арттыруды қалаймыз.
Бозжыраның табиғи қалпына кез келген жолмен араласу оның ерекшелігін жояды, эко-жүйесіне, табиғи және тарихи құндылығына зиян тигізеді, туристер үшін тартымдылығын жоғалтады.
Жергілікті халықтың қиын экономикалық жағдайын және Маңғыстаудың жұмыссыздық деңгейін шынайы экологиялық туризм ғана жақсарта алады деп ойлаймыз. Мұның арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болып, шағын-орта бизнес дамиды, аймақтың мәдени-әлеуметтік атмосферасы мен экономикалық жағдайы жақсарады. Сонымен бірге жергілікті халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрі сақталады және байиды, әлеуметтік араздық азаяды.
Біз Божыраның «ақсүйектердің жұмағына» айналғанын қаламаймыз. Біз табиғи мұрамыздың игілігін бәрі бірдей көргенін қалаймыз.
Бозжыра – әрбір қазақстандық үшін киелі жер және баға жетпес қазына. Бозжыра – бүкіл әлемнің игілігі. Сондықтан да отандастарымызды, азаматтық қоғам мүшелері мен мемлекеттік органдарды және халықаралық мәдени және экология ұйымдарын Бозжыраны сақтауға және қорғауға шақырамыз.
Бозжыраны сақтайық! Сохраним Бозжыру! Save Bozjyra!
#BozjyranySaqtaiyq #СохранимБозжыру #SaveBozjyra #ЖивиБозжыра #ЖасаБозжыра»
Тақырып бойынша басқа мақалалар:
«Бозжыраны құтқару» — Ажар Джандосовамен сұхбат
«Бозжыра: жер беті мен тылсым әлем арасы» — Зира Наурызбаеваның Бозжыраның қазақтың танымындағы және мәдениетіндегі маңызы туралы эссе
Қазақ тіліне аударған — Заңғар Омар.