Соңғы екі айда Қазақстанда қызу талқыланған экологиялық кейс – Бозжыраның жағдайы оң шешіле бастады. Бұл өзгеріс 11 желтоқсанда #SaveBozjyra тобының сарапшылары мен белсенділері жариялаған ресми мәлімдемеден кейін біліне бастаған. Мәлімдемеде жоспарланған құрылысты тоқтату және Бозжыраны сақтау үшін нақты шараларды қабылдау талап етілген болатын.
Бұған #SaveBozjyra мүшелерінің шатқал аймағында ұйымдастырған экологиялық акциясы себеп болды.
Adamdar/CA ұжымы акцияның маңызды сәттерін видеоға түсіріп алды.
Видео: Малика Ауталипова, Сергей Хачатрян, Тимур Нусимбеков
Музыка: Mirha Robotopolus
12 желтоқсанда экология министрі Мағзұм Мырзағалиев, Бозжыраға салынбақшы болған қонақүйдің басқа жерге салынатынын мәлімдеді.
«Бозжыра шатқалындағы құрылыстың тоқтауы – мемлекеттің сарапшылар мен қоғамның пікіріне құлақ асқаны. Мұндай жағдай Қазақстанда күнде бола бермейді,»
— дейді, Қазақстанның био-алуандықты сақтау қауымдастығы өзінің Facebook желісіндегі ресми парақшасында.
Бірақ Қазақстанның әртүрлі қаласындағы экология белсенділері Бозжыраны қорғау бойынша жұмыстарын әрі қарай да жалғастырып жатыр.
Контекст:
Бозжыра – әлемдегі ең сұлу әрі ерекше орындардың бірі. Бұл шатқал Маңғыстау облысында орналасқан. Бұл жерді ғажайып және киелі деп те атайтындар бар.
Қарашаның басында Маңғыстаудың жергілікті тұрғындары мен экология белсенділері Бозжыра аймағында құрылысқа арналған шиыршық тас пен көп қоқыс жатқанын байқаған. Сол сәтте ғана қазақстандықтар Бозжыраға Rixos Safari қонақүйін салу жоспарланғанын білді.
Сарапшылар мен экология белсенділері Бозжыраның сыртқы кейпі мен эко-жүйесіне қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қаға бастады.
Бозжыра мәселесі кең таралып, қоғам арасында қызу талқыға түсті. Ал желтоқсанда Ақтау, Атырау, Астана мен Алматыдан жиналған тәуелсіз сарапшылар мен белсенділер шатқалға экспедиция жасап келді. Белсенділер «инвестордың» артынан қалған қоқысты жинап, Бозжыраны қорғау бойынша экологиялық акция ұйымдастырды.
Тақырып бойынша басқа мақалалар:
«Бозжыраны құтқару» — Ажар Джандосовамен сұхбат
«Бозжыра: жер беті мен тылсым әлем арасы» — Зира Наурызбаеваның Бозжыраның қазақтың танымындағы және мәдениетіндегі маңызы туралы эссе