Ар қымбат

11 Қантар, 2022 жыл

Алматы, Қазақстан

2022 жылдың 4 қаңтарында еліміздің бірнеше қаласы мен ауыл-ауылдары Жаңаөзендегі бейбіт шеруді қолдап, үн қосып жатты. Алматыда шерушілер саны өте көп болды: 4 қаңтардағы бейбіт шеруге мыңдаған адам шықты. Бұл – 30 жылдық тарихы бар тәуелсіздік кезіндегі ең үлкен жиын екені ақиқат. 
4-нен 5-іне қараған түні бейбіт ниетпен шеруге шыққандарға қарсы күш қолданып таратқысы келді. Мародерлар мен бұзақылар бейбіт тұрғындарға, полицияға, коммерциялық нысандарға, қаладағы түрлі объектілерге шабуыл жасап, ойран салды. 

Бүгін, 11 қаңтардан бастап, ұзақ уақыт шектелген байланыс қосылған шақта Adamdar/CA авторларының сол күндер жайлы жазбаларын назарларыңызға ұсынып отырмыз. 


 

Бәрі былай басталған:

Төртінші қаңтарда кешке қарай тұңғыш президент паркінің маңына адамдар жиналып жатқанын естідім. Қысқа ғана бейнежазбадан өз достарымды да көзім шалып қалды. Мен соларға бардым. Таксиге отырғанымда, шерушілердің кейбіреуін полиция әкеткенін естідім. Қалған шерушілер қайта топтасуға тырысып жатқанын да білдім. 

Шерудің видеосы тұңғыш президент паркі мен Розыбакиевтегі «Меганың» жанында түсірілген екен. Көп ұзатпай олардың көбін полиция мен арнайы жасақ ұстап жатты. Арнайы жасақ өкілі Айзат Әбілсейіт деген белсендінің бетінен екі рет салып қалды. Айзат фармацевтикада оқиды, ол жараланғандарға көмектесу үшін келген еді. 

Біраз достарым мен әріптестерімді ертіп, Әуезов ауданының бөлімшесіне келдім. Бұнда Айзат бар еді. Ол күп боп ісіп кеткен жағын көрсетті. Көп ұзамай жедел жәрдем де келді. Айзатқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп жатқанда, оның жақтастары, Oyan,Qazaqstan қозғалысының белсенділері өз достары Нағашбек Бекдайырды да босатуын талап етіп, айқайлап жатты. Өзге де полиция бекеттерінде қозғалыстың біраз қатысушыларын қамап қойған еді. Бірақ олардың майдандастары тек Бекдайырдың ғана қайда екенін білген сияқты. Соңында оны босатып алды. Белсенділердің қолында дыбыс зорайтқыш бар еді, олар сонымен «Босат!» деп айқайлады. 
 

 

«Жоғалтатын нем бар? Өлсем, өлейін»

Полиция бекетінен шыққан соң екі әріптесіммен бірігіп, «Алматы арена» жақты бетке алдық. Әріптестерім ол жақта кісі қарасы көп екенін айтқан. 

Такси бізді межелі жерге жеткізгенде, шерушілер сап түзеп кетіп бара жатыр екен. Мыңдаған адам Момышұлының бойымен жоғары өрлеп барады. Біз таксиден шығып жатқанда «Шал, кет!» деген дауыстар естідік. Жылдар бойы айтылып келе жатқан, қарғыс сипатты бұл ұран бірнеше рет қайталанды. Сондай-ақ олар әнұран айтып, арасында «Жинал!», «Оян, Қазақстан!» деп ұрандатып келе жатты. Мен де, менің әріптестерім де ешқандай экстремистік ұрандарды естімедік, ешқандай қаруды да көрмедік. 

Түн қоюлана түскен, бірақ ояту жайлы ұран күшіне мінген сияқты, жиналғандар қатары көбейіп, шерушілер көлігінің жанындағы үйлердің терезелерінен смартфон жарықтары жылтырап, қолдаған үндер естіліп жатты. Мен ол жақтан қашан гүл шоқтары лақтырылар екен деп күттім. Бірақ сол түні бізге қарай жарық-шулы гранаталар легі топырлады. 

Шерушілер тобы бір жарым сағатта «Алматы Арена» маңынан Республика алаңына дейін жүріп өтті. Бұл уақыт адамдардың көшбасшылары жоқ екенін, болса да, олар оппозиция серкелері атанған белгісіз саясаткерлер немесе медиада түр-тұлғасы танылмаған бозбалалар емес екенін түсінуге жеткілікті болды… Бәлкім ол көшбасшы тамақ таситын курьер; такси жүргізушілері; әлде сіз шығарсыз?! Анығын білмедім. 

Алаң маңынан жарылыстың үні естілді. Алтын адам ескерткішінің жанында әлдене тұтап, көк түтінге оранды. Қолында арнайы жасақтың қалқаны бар, «Иллиада» рухымен үндес бозбала, сырттай студентке ұқсас, сары курткасы бар өрімдей қыздар, көк туды көтеріп, ескерткішке өрмелеп шығып бара жатқан жастар – бәрі-бәрі қазір қақалып, құдды терісінің ішіне еніп алған қиқоңызды жұлып шығарардай беттерін осқылай тырнай бастайды… Улы газдың ұйыққан бұлтынан олар бір-біріне сүйеніп, әрең шықты. 

Сәтбаев пен Желтоқсанның қиылысында жұртты қуып жүрген ұлттық гвардияның жүк көлігі ентелеп келіп, бір топ адамды таптап кете жаздады, оның ішінде осы жолдардың авторы да бар, – жан-жаққа қашып үлгердік. Кейбіреу арыққа құлап жатты, бір адам басын жарақаттап, оған жедел жәрдем шақырдық. 

Шерушілер газдың ұйыққан бұлтынан кері шегініп барып, ол сейіле бастағанда, алаңға қайта ұмтылды. Біраз уақыттан соң оларды Абай даңғылына қарай ығыстыра бастады, олар өздеріне із салып кеткен желтоқсаншылар атындағы көшемен төмен түсе бастады. Жолай бірнеше әскери жүк машиналарын қуып жіберді. 

Осыдан соң шерушілер алаңға қайта оралуға ниет қылды. 

Осы кезде Роза апа мен Ерланды (аттары өзгертілген) кездестірдім. Мен олармен болашақта тағы жолығам ба, білмеймін, бірақ оларды ұмытпасым анық. Сондықтан олар жайлы менің жазбамда айтылуы тиіс. 

Ерлан – орта бойлыдан сәл биік, отыздар шамасындағы жігіт; жарылыстар мен теріні күйдірер, көзді ашытар газ арасында танысқан бірер уақыттан соң, қоштасар кезде ол мені “бауырым” деп жақын тартты. Біз бұл жауыздыққа толы газдан бірнеше рет бір-бірімізді демей шықтық. 

Роза апа – Ерланнан қырық жас үлкен, ажалдан қорықпайтын, ап-арық қана қарт кісі.

— Абайлаңызшы, апа, — деймін мен.

— Менің жоғалтатын нем бар? Асарымды асадым, жасарымды жасадым. Өлсем, өлермін. Сен ақсап тұрсың ғой, кел саған көмектесейін, — дейді ол мені сүйемелдеп жатып. 

Он минуттан кейін Роза апа да көзден жас ағызатын газдың әлегін көрді. Адамдар тарай бастағанда, ол: 

— Соңына дейін барамыз! – дейді рухтанып. 

Шерушілер табандылық танытқанымен, жарық-шулы гранатаның газы олардың көздерін аштырмай, терілерін күйдіріп жатты. Олар Сәтбаев көшесін бойлап келе жатып, Сейфуллиннен жоғары қарай бұрылды.Бұнда олар ары қарай қалай бір-бірінің артынан топтасып жүру жайын ақылдасты әрі жарық-шулы гранатамен атқылап жатқан полиция шабуылынан аулағырақ кетті. Мопедпен, жеңіл көлікпен келе жатқан адамдар жанаса беріп, шерушілерге су тастап кетіп жатты. 

 

Оқ дәрі

Forum ойын-сауық орталығының (ОСО) маңында олар құрыққа ілікті. Басқаша топтаспаққа ОСО маңына қарай ойысты. Бірақ төмен жақтан – Тимирязев жақтан келе жатқандай болған арнайы жасақ сарбаздары оларды жоғары қарай ығыстырды. Қарулы күш қалқандарын дубинкаларымен ұрғылап келеді. Бір сәтке шерушілердің бойын үрей биледі, бұл тек бір сәтке ғана орын алды. «Біз қоршауда қалдық,» – деді әлдекім. 

Қарулы жасақ әскері қуып келе жатқанда алдарынан кезіккен сәл биіктеу темір шарбақ жеңіліс пен үрей туғызуы керек еді, бірақ адамдар тез ес жиып, ебін тауып қоршаудан өтіп жатты. Тіпті ерік жігері мұқалмаған Роза апаға да бұл оңай болар еді, бірақ ол кісіні де адамдар өткізіп алды. 

Оның артында газон болды, онда шыбық сияқты әлдене ырғалып тұрды. Кейбіреулер арнайы жасақтан қорғану үшін сол шыбықтарды жұлып, Тимирязв бойымен кетіп бара жатты. Бірнеше рет олар қарсы шабуылға шықпақ та болды, бірақ жарық-шулы граната жолдарына кесе көлденең болды. Олар орталық стадион маңына қарай шегінді. Сол арадан әріптестерім отырғызып жіберген машинамен үйге келдім, аяғым жұлынып түсердей қақсайды, ақсаңдап әрең жеттім. Жарық-шулы граната үні түні бойы да, таңда да тыншымады. 

Бесінші қаңтарда Алматыда қалалық әкімшілік, президент резиденциясы басып алынды. Мен бір сағатқа ұйқыға кетіп едім, бұл оқиғалардың куәгері бола алмай қалдым, бірақ менің әріптестерім куәгер болды. 

Өкініштісі, олардың арасында біразы жапа шекті: біреулері жарық-шулы гранатаның жарықшақтарынан жарақаттанды, кейбіреуінің техникаларын тартып алды (олар бұзақылар ма әлде қауіптенген шеруші ме, – белгісіз). 

Алтыншы қаңтарда, шерудің соңғы күні, қаланы тұман басты. Оқ дәрінің иісі мүңкіп тұрды. Орталық көшелерде – өртенген көліктер, қираған сөрелер мен бірен-саран адам ғана болды. Қала жартылай қирап қалған. 

Бірақ бұл қираудан да жаман қирау – біздің жан дүниемізде болуы мүмкін еді. Қазір, әлеуметтік желілерге қолым жетіп, қоғамға басқаша түсінік егілгенін байқадым: мемлекет саясатына қарсы шыққандарды «террористер мен бұзақылар» деп атау жиі кездеседі. Әлбетте бұзақылар да болды. Сондай-ақ бейбіт шерудің де шырқын бұзғандар болды. Мен еліміздің туын желбіретіп, әнұранын айтып, өзгеріс талап еткен бейбіт жандарды көрдім, қанға шөлдегендерді емес.

Егер алтыншы қаңтардың таңында оқ дәрінің иісі мүңкіп тұрса, қазір репрессияның иісі қолқаны қабады. Осындай қауіппен бетпе-бет келгенде, бізге абыройымызды сақтап қалу керек, өйткені жаннан ар қымбат. 


Бұл оқиғаға қатысты тағы бір жазба: Тимур Нусимбеков, «Түн»


Adamdar/CA командасы Qandy Qańtar-да қайтыс болғандардың, зардап шеккендердің жақындарына, отбасыларына қайғырып, көңіл айтады. 

Біз қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеп-тексеруді қолдайтын барлық қазақстандықтармен, құқық қорғаушылармен, тәуелсіз журналистермен біргеміз. 

#AlmatyQańtar2022
#QandyQantar

Жарияланған уақыты: 11 Қантар, 2022 жыл