Қаңтар: от айнала билеген жан Қаңтар: от айнала билеген жан

Кітапхана DOCA Қазақстан

Қаңтар: от айнала билеген жан

Автор: Зира Наурызбай

Суретші: Роман Захаров

Қазақшалаған: Кәмшат Әбілқызы

31 Қантар, 2023 жыл

Қазақстан

Ерлан Жағыпаров — кәсіпкер, ерікті археолог, Арқарлы алқабындағы тарихи ескерткіштерді қорғау кампаниясының мүшесі. Жағыпаров 6 қаңтарда Алматыда болған Қанды қаңтар оқиғасы кезінде қарулы күштердің қолынан қаза тапты. 

Жағыпаровты жақсы танитын әрі онымен археологиялық экспедицияларға бірге шыққан жазушы, мәдениеттанушы Зира Наурызбай досы жайлы және 2022-нің қаралы күндері жайлы естелік жазды. Зира Наурызбайдың жазбасы мәтін күйінде жарияланған. Ал анимациялық деректі фильмде автор соны қысқаша баяндайды. 

Ескерту: материалда адамгершіліктен ада, тұрпайы қарым-қатынас жасалған жерлер бар. Егер сіз зорлыққа қатысты материалдарды оқығанда, көргенде, жаныңызға ауыр алсаңыз, онда фильм қарағанда не мәтінді оқығанда, абайлаңыз немесе өткізіп жіберіңіз.

Қазіргі кезде ақпарат нөпірінің көптігі сондай, не болып жатқанын нақты бағамдау қиын. Бұндайда қашанда сенімді бір критерий бар. Жеке тәжірибе. Мен үшін Қаңтар – бұл біздің командалас жолдасымыз, «Петроглиф аңшыларының» бірі, ерікті археолог Ерлан Жағыпаровтың өзекті өртеген қайғылы өлімі. 

6 қаңтарда командамыздың капитаны Ольга Гумирова телефон соғып, менің халімді сұрады, даусынан әлденеге алаңдап тұрғаны байқалды. Мен ол кезде өз үйімде, Астанада едім, біз омикронмен бе, әйтеуір, ауырып жаттық, бірақ жеңіл өткен. Сөйтсе, таңнан бастап Ольга бірнәрсені сезгендей, жүрегі өз-өзінен атқақтап, көңілі байыз таппапты, байланыс ұстай сала, достары мен өз командасының әр мүшесіне хабарласыпты. 6 қаңтарда Республика алаңының маңынан сағат 19.00 шамасында біздің жолдасымыз Ерлан Жағыпаровты ұстап әкетіпті. Біз оны келесі күні естідік. Ол досына хабарласып, Ұлттық Гвардия сарбаздары өзін ұстап алғанын айтып үлгерген. Телефонмен сөйлесіп жатқанда, оны ұрып жатқаны естіліп тұрған, оның қалтасында құжаты болып, алаң түбінде Самал-2-де тұратынын дәлелдеп жатса да, қарамаған. Досы Ерланның: «Жігіттер, қазақпыз ғой, қазақпыз» деп бірнеше рет қайталап, қарулы күш сарбаздарын ақылға шақырып жатқанын да естіпті. Ерланның қолынан телефонын жұлып алған адамның аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып, досын да анасынан сыбап: «Алаңға келіңдер бәрің, мен сендерге көрсетейін» деген мәнде сөз айтқан. Біраз уақыттан соң Ерланның телефоны өшіп қалған. 

 

 

Мен Ерланның жоғалғанын естіп, ел тағдыры қалай болар екен, бейбіт митиңге шыққандар тағдыры қалай болар екен деп, уайымдап, жаным ауырып, көз жасыма ерік бердім. Сол кезде енді бұлай жылай алмайтын шығармын деп ойлайтынмын, көп нәрседен айырылдым ғой. Бірақ көз жасымды тоқтата алсамшы. 4 күн талмай іздеп, 11 қаңтарда Ерланның денесін мәйітханадан тапты. Қолындағы кісені де алыпбапты. Денесі аяусыз соққыдан көк ала қойдай, тіпті Калашников автоматының оқ іздері байқалады. Ерланды, қолында кісен, тұтқын боп отырған оны қарулы күштер аяусыз соққыға жығып, атқан. Сол күні біраз адам қаңғыған оқтан өлді, Ерланның да ажалы содан келсе, қабылдау жеңілірек болар еді. Я сол жерде арпалысып, жастығын ала кеткенде ғой. Бірақ оның қолын артына қайырып байланған күйде азаптап өлтірді. Өлтіргендер – азаматтардың өмірі мен құқықтарын қорғауға тиіс адамдар еді. Сол күндері біз еліміз қандай сұмдық оқиғаларды бастан кешіп жатқанын білдік, тағы да көз жасы тоқтаусыз аға жөнелді. Ешқандай өксік жоқ, тек жас қана тоқтаусыз аға береді.

 

 

Кейін мен Алматыға Ерланның қырқына бардым. Бізге, аңшыларға Ерланның туыстары келіп, алғысын білдірді. Мен Ерланмен бірге 2-3 рет қана экспедицияға шықтым (мен Астанада тұрам), онымен Ольга капитанымыз штурман сияқты үнемі қатар отырады, ұзақ жолда біз арасында ұйықтап, не артқы орындықта отырып сөйлесетінбіз. Петроглиф іздегенде, әрқайсымыз жартас арасын жеке кезіп кетуші едік, сондықтан мен Ерланмен жақын танысып үлгермедім. Бірақ мені оның петроглиф тапқанда, Ольгадан не өзге кәсіби археологтардан сол суреттің бүге-шігесіне дейін түгін қалдырмай сұрайтын әуесқойлығы, нақтырақ айтсам білмекке құмарлығы мен табандылығы таңғалдыратын. Ол өзінің білмейтінін жасырмайтын, қайта негесі таусылмайтын бала құсап, білмегенін қысылмай сұрап,археологтарға небір сұрақ қойып жүретін. 

Қырқында Ерланның жасы мен ойлағаннан да үлкенірек екенін білдім. 50-ге келіпті. Бала күнінде ол тарихшы болғысы келген екен, әкесі оны «жігіттерге тән профессия» таңдауға көндіріпті. Ерлан құрылысшы болды, оның шағын жеке құрылыс фирмасы болды. Қырықтың қырқасында ФБ-дағы жарнама бойынша (ФБ-дағы оның нигі Ерлан Степняк еді) айтулы археолог Бекен Нұрмұханбетовтың қайтқанына жыл толуына орай балалары Арман мен Бекбол ұйымдастырған халықтық археологиялық экспедицияға қатысты. Бекен атаның ұлдарының арқасында Ерлан жазушы, журналист, әуесқой археолог Ольга Гумировамен танысты, Ольга өзінің қайтыс болып кеткен ұстазы, академик А.Н.Марьяшевтің ісін жалғап, еріктілер тобын құрған еді. Ерлан бала күнгі арманын жүзеге асырып, петроглиф аулайтын белсенді аңшы болды. 

 

 

Ольганың 6 қаңтар күні ең көп телефон шалған адамы — Ерлан екен. Жүрегі әлденені сезіп, дәп Ерланға қара бұлт үйірілер ме екен депті, себібі баладай аңғал, қызба мінезді, жауынгерлік рух бойын кернеп тұрған жан еді ғой. Бірақ хабарласа алмаған. Sms жіберген, бірақ әрине, одан жауап болмаған. Арман Нұрмұханбетов сөйлескен екен, сол кезде Ерлан Қарғалыдағы үйінде екенін айтыпты, Арман одан қалаға бармауын деп өтініпті. Бірақ Ерланның анасы қатты науқас еді, оған күтім керек. Ерлан жұмысын аяқтап, Самал-2-ге тартып кетеді.

 

 

Ольга Ерлан жайлы көп біледі, олар экспедицияға үнемі бірге шығатын, қазанамасында Ольга оны «петроглиф аулайтын аңшылар командасының жаны мен жүрегі еді» деді. Волонтер-археологтардың тобына кіру, жартастардағы суреттерді, өзге де тарихи жәдігерлерді іздеп, тауып, өзінің ашқан жаңалығын кәсіби археологтарға беру деген оңай жұмыс емес. Бұл істе жалғыз құмарлық аздық етеді. Күні бойы аптап ыстық, қақаған суық демей, тастан-тасқа секіріп, жартастан жартасқа өрмелей алатындай мықты шыныққан денең болуы шарт. Және ата-баба мұрасын ерекше құрметтей білуің керек, өйткені демалыстарыңды экспедицияға арнайсың, таңғы 5-6-да үйден шығып, түннің жарымында ораласың, көп жағдайда джипті жалға алып, шопырына да ақысын төлейсің, оның сыртында бензинді де өзің құясың. Бұл жолда әдепті, сенімді болу да маңызды, өйткені экспедиция барысында небір оқиғалар болып жатады. Табиғат пен техника ғана сенің мықтылығыңды сынамайды, сонымен қатар петроглиф аңшылары кейде жергілікті шенеуніктерге, жалғанды жалпағынан басам деген шенділерге де қарсы тұратын кездер болады. Мәселен, Арқарлыдағы жайт, әлеуметтік желі, БАҚ, Парламент депутаты Жанарбек Әшімжан т.б көмегімен петроглифтер жартасын құрылысқа керек қиыршық тасқа айналдырып сатып жатқан осы жердің бұрынғы әкімінің жолына тосқауыл болдық. Егер аңшылар капитаны Ерланды команданың жаны мен жүрегіне баласа, демек ол бар істі алаңсыз сеніп тапсыруға болатын адам деген сөз.

 

 

2020 жылы карантинде даланы аңсап жатып, 2019 жылы мамырда шыққан экспедициямыз жайлы «Уақыт машинасы, немесе „Көне заман адамы сияқты ойлаңыз“» деген мақала жаздым. Сол кезде мен өз экспедициямыз жайлы әсерлерімді жаздым, Ерланға баса назар аударып, ерекше тоқталмадым. Ал қазір сол кездегі кейбір сәттерді еске алғым келеді, өйткені біз сол экспедицияға жалғыз машинамен бардық, жолда тартқан азабымыз да аз болмады, сол келеңсіздіктер арқылы Ерланның адами келбетін жақынырақ тануға мүмкіндік көп болды.

Сонымен, мен балаларыммен, әпкем Айша, Ольга бәріміз Ерланның жол талғамайтын көлігімен жолға шықтық. Ол бізді таңғы 6-да алып кетті. Ерлан бір шаруалары болып, түні бойы көз ілмепті, бірақ бұл оның көңіл күйіне, күні бойы жолсыз жерде көлік айдауына титтей де әсер етпеді. Ерлан қайтыс болған соң Ольга оның жас кезінде рульде келе жатып, Қапшағай трассасында ұйықтап кеткені, солай машинасы аударылып, әкесі қайтыс болғаны, ал өзінің мойын омыртқасына қатты зақым келгені жайлы айтып берді. Содан бері ол әке ажалына өзін кінәлі сезініп, алыс жолға шығар алдында ұйықтай алмай, қиналады екен. Оған әсіресе біз бірге шыққан сол трассадағы сапар өте ауыр тиіпті. Ольга оның осы күйін жеңілдетуге барынша көмек берген екен. 

Біз Талдықорғанға жетпей бұрылып, біздің заманымызға дейінгі 3-2 мыңжылдықта пайда болған қасиетті орынға келдік, біздің аңшылар бұны тапқанына көп болған жоқ. Алыста біреулер саңырауқұлақ теріп жүр екен, Ерлан оларға сенімсіздік танытты. «Бұлар кеткенше, күте тұрайық» деді, өйткені олар біздің ізімізді бағып, петроглифтер жайлы білсе, онда оларды қиратып кетуі мүмкін екен айтты. Сол кезде маған оның бұл қылығы шектен тыс сақтық болып көрінді, ал қазір оның бұл қылығы көнеден жеткен қасиетті мұраны сақтауға деген ерекше ықылас екенін білем, біздің замандастарымыз онсыз да бұл жәдігерлерді сындырып, қиратып, жоғарғы жағын бұзып, қоқыс алаңына айналдырып жіберді. 

 

 

Біз тау бөктеріндегі жартастардың арасымен жаяулатып, алдыңғы сапарымызда көзге ілінбей қалған сурет бар ма деп, соларды іздеп келеміз, ал Ольга болса өзіне бұрыннан таныс жерлерді басқаша жарықпен суретке түсіріп жүр. Біз Ерлан екеуміз бір қап қоқыс жинап, оны жүксалғышқа тиеп қойдық. Жұмыстың бәрі бітті, біз көкжиектен көрінген көп жартасты бетке алдық, ол жерден ғылымға әлі белгісіз көне суреттер іздемекпіз. 

Бір кезде Ерлан көлігін тежей салып, сыртқа секіріп түсті, біз оның артынан түстік. Шөп арасында жатқан үшкір тас дөңгелекті жарып кетіпті. Ерлан оны ылдым-жылдым ауыстыра салды, біз көлікке қайта отырамыз дегенде… тағы бір дөңгелектің тесілгенін білдік, оны ауыстыратын басқа дөңгелек жоқ. Трассаға дейін он шақырым, Алматыға дейін 200, жақын жердегі дөңгелек жөндейтін орынға дейін… Бүгін демалыс күні. Ерлан әдетте қызба болса да, джиптің екі бірдей дөңгелегі тесілгенін сабырлы кейіпте қабылдады. Ольга Мұратхан аға деген фермерге хабарласу керек деді, ол кісі біраз жыл бұрын ғалымдарға Арқарлы петроглифтері жайлы айтып, оларды қонақ қылып күтіп, қондырып, өзге де қойшылардан ақпарат жинауға көмектескен еді. 

Фермер келгенше, Ерлан от жағып, шай қойды. Маған оның бұл қылығы біртүрлі көрінді, термоста дайын шай тұр, күн болса шыжып тұр, ал Ерлан от жағып отыр. Және бұл жұмысқа бар ынта-шынтасымен кірісіп кеткен, оның жүксалғышында қапқа оралған балта бар екен, ошақ қазатын күрек, табиғатқа шыққанда қолданатын ыдыстар, металдан жасалған, қазан не шәугім ілуге арналған үш аяқты мосы да табылды. Менің жасөспірім ұлым да Ерланға көмектесіп жүгіріп жүр, ол да от жаққанды жақсы көреді. 

 

 

Көмекке Мұратхан аға келгенде, Ерлан домкрат пен екі дөңгелекке барынша тіреліп тұрған джиптің багажнигін шалқасынан ашып жіберді. Мұны біз көлеңкеде отырсын деп істеген екен. Көлік төңкеріліп кетпес үшін ішінде абайлап жүруімізді ескертіп, құтқарушымызбен бірге дөңгелек жөндейтін жерге кетті. Ольга Айша екеуі ми қайнатар ыстықта сағым әсерімен көкжиекте көгеріп көрінген жартасқа қарай жаяу кетті. Бала күнімде Іледе жүріп, күн өтіп, қатты ауырған соң, маған талтүсте аптап ыстықта жүруге болмайды, сондықтан мен оларға ілеспей, сол жерде қалдым. Балаларымның да серуендеуге зауқы соқпады. Көліктің іші де жанып кетті. Біз еңкейтілген борттың астына карематтарымызды абайлап апарып төседік. Көлік астында жанға рахат сыйлап, самал соқты. Ерланның осыны ертерек ойлап, біздің жағдайымызды жасап кеткені де бір бақыт болды. Ұлым ұйықтап қалды, мен бозторғайдың шырылын тыңдап жатырмын, ал қызым кітап оқып отыр. Сондай бір жанға жайлы тыныштық. Біз құдды ыстықтан арба көлеңкесін саялаған көне дәуірдегі адамдардай болдық. Ұлымның іші пыса бастады, ол шығып, өшіп қалған отты тұтатты. 

Бірер сағаттан соң петроглифтердің жаңа топтамасын фотоға түсіріп, Ольга мен Айша келді. Ерлан мен Мұратхан аға жамалған дөңгелектерді алып келді. Бәріміз бірге отырып шай ішіп, біз қалаға қарай қайттық. Мен Ерланға бензин мен машина жөндеу құнын бәріміз бөліп төлейік деп қалай сыпайы сұрасам болады деп ойладым. Әдетте, біздер, аңшылар, – жүргізуші ақысын, бензин, т.б. қаржыларды өзіміз төлейміз. Әрине, Ерлан жүргізуші ретінде ақы алмасы анық, өйткені ол экспедицияға тарихты, мына даланы сүйгені үшін шығып жүр. Бірақ шығын аз емес, оны бәріміз бірге көтерсек, әділетті болар еді. Бірақ Ерлан одан үзілді-кесілді бас тартатынын, қайта оған ақша ұсынсақ, ренжитінін түсіндім.

Кейіннен осы күнді жиі есіме алдым. Әрине, сенімді, ойлы, сөзі аз, өз серіктері мен көне жәдігерлерге қамқорлық танытып, керек болса, қорғауға әзір, дүниеуи байлықтан адамдықты биік қойған Ерланды да есіме алдым. Біз сияқты ол да мына даланы жанымен сүйді, фейсбукта Степняк (далалық) деген никпен жүруінде үлкен мән бар, ол өзінің бұрынғы өткен ер жүрек ата-бабаларын ерекше құрметтеді. Өзі де нағыз ер жүрек еді.

 

 

Қаңтарда орны толмас осы қазаға қабырғам қайыса отырып, жоқтай отырып, бірнеше сапарға маған ілесіп бірге шыққан, 16-ға толған ұлымнан: «Ерлан аға есіңде ме?» деп сұрадым. Есінде екен. Бірге от жаққан кездерін де ұмытпапты. 8 жасында әкеден айырылған оған бұл сәттің орны ерекше болды деп ойлаймын. Оның үстіне Ерланның болмыс бітімі, қимыл қозғалысы, ересек жігіт болса да, баладай аңғалдығы, құрал-сайман, техникаға әуестігі, әлсізге қамқор пейілі мен алаңсыз арқа сүйеуге болатын қасиеті менің марқұм өмірлік серігім – күйші, жазушы, зерттеуші Таласбек Әсемқұловты еске салады. Бұны петроглиф аулаушылар оның өлімі жайлы хабар келген соң, ортақ чатқа суреттерін салып жатқанда аңғардым. Жылай-жылай етегім жасқа толды, бұл жас сол кезде құрбан болған бар жанды жоқтаған жас еді, олардың жиынтық бейнесі мен үшін Ерлан болды. 

Бірақ… Ерлан қол көтеріп, құрбан бола салатын жан емес еді. Ол жауынгер еді. Оны тізе бүгіп, басын имегені үшін өлтірді, мен бұған сенімдімін. Қолы кісендеулі күйі оны азаптап, соққының астына алып жатса да, ол өлімді тік тұрып қарсы алды, қайта қанқұмар жендеттің көзіне тік қарап тұрды, бұған да сенімдімін. Ал қазір ол жарқыраған үлкен жұлдыз астында, өзі рухтас бабаларының қасында, жолдастарының иығына қолын қойып, мәңгілік алау жанында жауынгер биін билеп жүр. Оның әруағы өзі ашқан киелі мекен Арқарлыны қорғап жүреді, артында қалған жолдастарын да дәл тірі кезіндегідей қолдап, қорғайтын болады. 

 

 

Біз оны жадымыздан өшірмейміз, оның рухын сеземіз, әсіресе экспедицияға шыққанда жанымызда жүргендей болады. Осы күзде Ордақұлдан керемет суреттері бар үлкен тақтатас таптым, ол жартастан бөлініп, сырғып барып, астында тұрған тасқа тіреліп қалыпты, оны мен жердің арасында кішкене саңлау бар екен. Мен петроглифтерді суретке түсіріп алайын деп, жерге жатып, оның астынан сырғып өттім. Ерлан Арқарлыда қиыршық тас өндірушілердің кесірінен құлаған жарты тонналық тақтатасты білікті құрылысшы ретінде ауыр затты жоғарыға көтеретін шығыр мен арқандар пайдаланып, орнына қойған еді, сонда ол бәрін ескеріп, есептеп, шебер ұйымдастырған. Ерлан тірі болса, Ордақұлдағы мына жәдігерді де орнына қойып, аңшыларды жаңа экспедицияға бастап, петроглифтер іздеп, от жағып, командаға тосын сый жасап, экспедицияға жаңа құрылғылар алып, талай ізгі іс жасар еді-ау. Ерланның кіші бауыры Нұрлан Жағыпаров қазір Ерлан ашқан, қатысқан Ордақұлдағы естеліктерді зерттеп жүрген халықтық экспедицияға демеуші болып жүр. Ордақұлдағы жәдігерлер аңшылар ойлағаннан әлдеқайда көп боп шықты. 

Ерланның орны біз үшін – петроглиф аңшылары үшін, өзі қатты сүйетін оның анасы үшін, аялап жүрген қызы үшін, бауыры үшін, достары, туыстары үшін ойсырап тұр. Қырқында еске алған туыстары оның сондай адал ниетті, туған-туыстың басын қосып, шуақ шашып жүретін жан болғанын айтып жатты. Ол ағайындарына да экспедиция жайлы, табылған тың жәдігерлер жайлы да айтып жүріпті. Олар соңғы жылдары Ерлан үлкен армандарының орындалғаны үшін сондай бақытты болғанын, жадырап, жарқырап өмір сүргенін айтып, соған сеп болған аңшыларға үлкен алғыс білдірді.

Қаңтар кезінде әр түрлі адамдар: бейбіт шерушілер де, кездейсоқ жүргінші де, күштік құрылым өкілдері де және шын қылмыскер болуы мүмкін адамдар да қайтыс болды. Олардың әрқайсымен бірге бір-бір әлем бірге кетті, әрқайсын жоқтайтын жандар бар. Олардың аттары ұзын сонар тізімге жазылып, сол жазылған күйі қалмауы керек. Біз олардың әрқайсы жайлы: бұл неғылған адам, Қаңтарға не үшін келді, қалай және не үшін қайтыс болды, бұған кім кінәлі – бәрін жеке-жеке білуіміз керек. Өйткені лайықтыларға құрмет көрсету үшін, Қанды Қаңтардың не себепті болғанын анықтау үшін және 1986-дағы Желтоқсан, 2011-дегі Желтоқсан, тағы басқа қанды қасіреттер қайталанбауы үшін білуге міндеттіміз. 

 

 

Мен үшін мәңгі бақи Қаңтар деген – біздің досымыз Ерлан Жағыпаров. 

Тергеу барысында оққа қарап, оның кімге тиесілі болғаны анықталды, бұлтартпас айғақтар келтіргендіктен иесі де мойындады. Оның қолындағы қару тағы қанша адамның өмірін жалмағанын тергеу мен уақыт көрсетеді. Ерланның жанында тұрып, оның азапты өліміне куә болған жандар, өзге біреудің күнәсін мойындарыңа жүктеп қайтесіңдер? Шындықты айтыңдар. 

Енді соттың әділ төрелігін күтеміз.

 

 

Редакциядан:

Жобаны жасау барысында көрсеткен көмектері үшін, берген кеңестері үшін Нұрлан Жағыпаровқа, Ольга Гумироваға, археологтарға және «Петроглиф аңшылары» тобының басқа да мүшелері мен еріктілеріне алғысымыз зор.


Adamdar/CA командасы Qandy Qańtar-да қайтыс болған немесе зардап шеккен жандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтады. 

Біз қаңтар оқиғасын халықаралық дәрежеде тергеу керек дейтін барлық Қазақстан азаматтарын, барлық құқық қорғаушыларды және тәуелсіз журналистерді қолдаймыз.

#AlmatyQańtar2022
#QandyQantar

Жарияланған уақыты: 31 Қантар, 2023 жыл