Георгий Иванченко — Adamdar/CA-ның Киев облысындағы жаңа авторы, фотограф-документалист. Ол ресей-украин соғысы басталғалы бері өзінің камера объективін Украина әскерилері мен бейбіт тұрғындарына бағыттап жүр. Георгий Иванченко жаудан азат етілген бейбіт жерлерде де, фронт іргесінде де, қан майданның ортасында да жұмыс істейді.
Ол Харьков облысының солтүстігінде, соғыстың өте қызып тұрған нүктелерінің бірінде жүздеген адамның өмірін құтқарған волонтерлар тобы жайлы әңгімелеп береді. Ресей басып кірген күннен бастап бұл аудан оқ пен оттың астында.
Пятихатки — «Харьков физика-техникалық институты» Ұлттық ғылыми орталығының маңында орналасқан аудан, II Дүниежүзілік соғыс кезінде неміс әскерлері талқандап кеткен. Қайта қалпына келтірілген соң ол Украинаның атом энергетикасын дамытатын негізгі институтына айналды. Аудан тұрғындарының басым бөлігі сол институтта жұмыс істейді немесе институтты қамтамасыз етеді.
Пятихаткилықтардың көпшілігі орыс тілді, олардың тілі ғана емес, көбінің түп-тұқияны да орыс. Ресей басқыншылық жасайды деген ой олардың үш ұйықтаса түсіне кірмеген. 24 ақпанда напалммен (ішіне бензин толтырылған әскери жарылғыш зат) олардың үйін жарғанда, соңғы үміттің де күлі көкке ұшты. Ал 25 ақпанда көшелер Харьковке қарай бет алып, ойраны шыққан Ресей әскери техникасына толып қалды.
Географиялық тұрғыда Пятихатки Харьковтың солтүстік жағындағы шағын аралға ұқсайды. Бұл аудан Ресей шекарасынан отыз-ақ шақырым қашықтықта, ал Руська Лозова деген ауылдан сегіз шақырым қашықтықта орналасқан, Ресей армиясы басқыншылық жасағанда, қолында бар барлық қару түрімен атқылаған жер.
Руська Лозова 2022 жылдың тамызынан бастап картада сұр зона ретінде қарастырылып жүр. Ол жерге кірерде бойыңды үрей билейді. Соғыс пен қирандының арасында ғайыптан тайып аман қалып, тірлік кешіп жатқан тұрғындармен жолықтық. Оқтан тұтанған өрт, қираған көпір, снарядтар жарған қауіпті жол және шаңырағы ортасына түскен үйлер — жаралы ауыл арасынан қызыл «Ниссанмен» зуылдай өтіп бара жатып, осындай көріністерді қазақ журналисі Тимур, киевтік ерікті Влад пен ВСУ офицері Петро бәріміз бірге көрдік.
Еріктілер
Соғысқа дейін Пятихатки тұрғындарының саны 12-14 мың адам еді. Осы көктемде бұнда 350 адам ғана қалды. Олардың тек 50 шақтысының ғана күш-қуаты толық. Күнделікті ЗАЖ (зымыран атушы жүйе) «Градпен» атқылаған артилериялық соққысына қарамастан, жаралану, ажал құшу қаупінің жоғары болуына қарамастан, жергілікті кей тұрғын Пятихаткида қалып, көршілерінің аман қалуына көмектесейік деп шешіпті. Жергілікті «Пятихатки-БАМ» атты еріктілер пункті осылай құрылған.
«Пятихатки-БАМ» еріктілер командасында 25 адам бар: ең жасы 18-дегі Саша болса, ең үлкені 51-дегі парамедик Виктория. Олар үшін ең маңызды тапсырма — қарт, науқас, өзін-өзі күте алмайтын 218 адамды бағып-қағу.
«Ауданның бұрын салынған аймағында сау бір ғимарат қалмаған, ал орталықта терезесі сынған, жартылай қираған көпқабатты үйлер», — дейді еріктілер командасының негізін салған Андрей Тагаев. Осындай жағдайға қарамастан, адамдар оралып жатыр, тамыздан бері тұрғындар саны бес есе өскен.
«Мен айналамда тірі жан топырлап жүргенін жақсы көрем. Өмір өлімді жеңсе деймін»
Аудандағы тіршілікті қолдау еріктілердің күнделікті міндетіне айналған: түскі ыстық ас дайындау, әрең қозғалатын науқастарды аралап шығу, тұрғындарды дизель генераторымен қамтамасыз ету, үйінділерді қарау, медикаменттер жеткізу, жан-жануарларға тамақ тасу, халықты эвакуациялау, сынған терезелерді ДСП-мен жабу – олардың айнымас тірлігі. Әр апта сайын еріктілер 800-ден аса тұрғынға қол ұшын созады, олар қамтитын аймақта Черкаська Лозова, Лісне мен Руська Лозова сынды көрші ауылдар да бар, бұл ауылдар күні кеше ғана, 2022-нің тамызында өте қауіпті аймақ болып, өзгелердің кіруіне тыйым салынған еді. Ереже бойынша, еріктілер басын өлімге тігіп, экстремалды жағдайда жұмыс істеп жатыр: Харьковщина — Украинаның аса қауіпті, аспанынан оқ қарша борап тұрған облыстарының бірі.
Виктория Герасименко — азаматтық парамедик, соғысқа дейін ландшафт дизайнері болып, ауданды абаттандырып жүрген жан. Қазір Виктория Герасименко мен жары екеуі үйін кішігірім зообаққа айналдырып алған: оларда қаншама мысық, ит, тотықұс, күзен, егеуқұйрық, ол аз десеңіз балық та бар, бұл аң-құс атаулының бәрін жауынгерлік әрекеттер кезінде құтқарып алып шыққан. «Мен айналамда тірі жан топырлап жүргенін жақсы көрем. Өмір өлімді жеңсе деймін», — дейді көзі шуақ шашқан Виктория.
Балалар әткеншегінің жанынан өтіп бара жатып Виктория бізге 90-ға келген Галина әжені таныстырды: «Бұл кісі біздің көңіл-күй волонтері, біздің еріктілер орталығына үнемі өз қолымен баптап-өсірген гүлін әкеп тұрады», — дейді ол әткеншекте тербеліп отырған қарт әже жайлы.
Волонтерлік топ жаралылар мен науқастарға өз көліктерімен барып, алғашқы медициналық көмегін көрсете алады. Бұнда жұмыс жолға қойылған, әркім өз міндетін біледі және соны атқарады. Еріктілер командасымен сөйлесе келе, олардың тірлігін сыртынан бақылай отырып, бір-бірі үшін алаңдап тұратын, бір-біріне қуана жәрдем ететін үлкен, бауырмал отбасын көресің.
«Біз өз елімізге, жерімізге разы болуымыз керек әрі оларды қорғауға міндеттіміз»
Сергей мен Виталий атты еріктілермен бірге мектеп дәлізін бойлап келе жатырмыз: соғысқа дейін бұл мектеп Харьковтегі ең бір айтулы мектеп болған. Соғыс басталып, мектепке ресей артиллериялық снаряды түседі. Киім ауыстыратын бөлмеге кіргенде Сергей өзінің баласының қызғылт сумкасын тауып алды.
«Бұл біздің аудан, осында туып-өстік, алғашқы махаббаттың да не екенін осында білдік, бұл мектепте мен оқығам, менің қызым оқиды, Виталиктің қызы оқиды; Біз өз елімізге, жерімізге разы болуымыз керек әрі оларды қорғауға міндеттіміз», — дейді ол.
Мектеп директоры Александр Гряник мені мектептегі сау қалған жалғыз орын — «Светлица» атты жарық-мұражайға алып келді,бұндағы заттарды оқушылар өз қолымен жасаған екен: «Біздің жарық бөлмеміз бүлінбеді, демек ресейліктер жарығымызды өшіріп, мәдениетімізді жоя алмайды деген сөз. Қайтадан мектеп салып аламыз, бұрынғыдан да тамаша болады!»
«Біздің лагеріміздің үстінде көк-сары туымыз желбіреп тұр»
23 тамызда, яғни Харьков күні мен Украина жалауы күнінде, орман арасын кесіп ағып жатқан өзен бойында тағы да өзге еріктілермен жолықтық, олар едел-жедел жаздық лагерь ұйымдастырыпты: «Бұл лагерьді біз өзіміз үшін ұйымдастырдық, өйткені бірнеше айдан бері толас таппаған мынандай жағдайда өзіңді жоғалтып аласың. Қысым, ұрыс-керіс… Сонымен ауданымыздағы баласы бар ата-аналарды демалуға шақырдық», — дейді еріктілердің бұл тобын ұйымдастырушы Андрей Тагаев.
Кешкілік от жағып жүрген екі жасөспірімнің әңгімесін құлағым шалды:
— Сенің өмірлік мақсатын не?
— Тірі қалу. Қазіргі менің өмірімнің басты мақсаты — тірі қалу.
Бұл адамдарды бұнда қандай құдіретті күш жібермей ұстап отыр деген сауалға еріктілердің жауабы әзір: «Біздің лагерьдің үстінде көк-сары туымыз желбіреп тұр, біз ол ту аясындағы өмірді қорғаймыз».
Ауданның алдағы күндердегі тіршілігі үшін мынандай көмек түрлері керек: азық-түліктен бастап жекебас гигиенасына арналған заттар, киім-кешек, құрал-сайман. Сіз Пятихатки тұрғындарына ақшалай да садақа беріп, көмек көрсете аласыз.
ГО «ПЯТИХАТКИ-БАМ» реквизиттері
Банк арқылы аударым жасау үшін:
USD есепшоты: UA543515330000026008025906218
EUR есепшоты: UA683515330000026008025901989
Гривен есепшоты: UA303515330000026008025903158
Алушы атауы: П'ЯТИХАТКИ-БАМ ГО
Алушы коды: 44701467
Банк атауы: ХАРКIВСЬКЕ ГРУ АТ КБ «ПРИВАТБАНК»
Картаға аударым жасау: 5457 0822 7125 6393 (Pyrozhenko Valentyna)
PayPal: rottweiller.sh@gmail.com
Редакциядан:
Қыркүйек айынан бастап Украина қарулы күштері кенеттен қарсы соққы жасау стратегияларын құрастырып, нәтижесінде Харьков облысының көп бөлігін басқыншылардан қайтарып алды. Деоккупация жасалған аудандарда Ресей армиясы жасаған көптеген әскери қылмыс белгілі болды: Харьков облысына қарасты Изюмде 440-тан астам адамның мәйіті көмілген орын, ресейлік әскер украина тұрғындарын азаптаған 18 орын анықталды. БҰҰ тарапынан құрылған Украинадағы заң бұзушылықты тергеу халықаралық тәуелсіз комиссиясы зорлау, азаптау, балаларды заңсыз еркіндігінен айыру мен оларды өлтіру, шабуыл барысында даралау сынды қылмыстарды тіркеді.
Пятихаткидағы еріктілер, сол сияқты олардың Харьков облысы, Украинаның өзге облыстарындағы әріптестері өмірді құтқару мен қорғау ісін жалғастыра береді.
Adamdar/CA командасы осы материалды жасау барысында көмек көрсеткен Украинаның Харьков облысы еріктілері, тұрғындары мен қорғаушыларына алғыс білдіреді.
Түпнұсқа мәтінді автор украин тілінде жазды. Орысшаға аударған: Мария Луговська.