Түнекте: Семей ядролық полигоны кесірінен зағип атанғандар

Төл сөз DOCA JerSu Қазақстан

Түнекте: Семей ядролық полигоны кесірінен зағип атанғандар

24 Наурыз, 2021 жыл

Қазақстан

Қазақстан аумағында қырық жыл бойы ядролық қару сынақтары өткізіліп, оның салдарынан миллионнан астам қазақстандық зардап шекті. Сынақтар елді-мекендерге тым жақын жерде өтті. Осындай қатігез экспериментер талай адамның өмірін жалмады, талай тағдырдың күйреуіне себеп болды. Семей ядролық сынақ полигоны (СЯСП) салдарынан зағип атанған бірнеше қазақстандықпен сөйлесудің сәті түсті. Полигон құрбандарының оқиғасы сан қилы, бірақ мына бір сөз олардың бәрін біріктіретіндей: «Жақын маңайда ядролық қаруды сынап жатқанын білмедік. Біз мұны жер сілкінісі деп ойладық». Барлық кейіпкеріміз радиация қаупі жоғары елді-мекендерде туып-өскен. Сұхбат барысында кейіпкерлеріміздің өміріндегі трагедиялы оқиғаларды естіп, бұл адамдардың бүгінгі проблемасы не және өмірін жақсарту үшін не қажет екенін білдік. 

 


Тарихи анықтама

1949-1989 жылдары Қазақстан аумағында Семей сынақ полигоны деп аталатын адамзат тарихындағы ең алып ядролық полигон жұмыс істеді. Ол 18 500 шаршы километр аумақты алып жатты. Мұнда 40 жыл ішінде 460-тан астам ядролық, термоядролық және сутек қаруының жарылысы болды. Ол үшін 600-ден астам ядролық және термоядролық құрылғылар қолданылды. Жарылыстар жер бетінде де, жер астында да, ауа мен суда да жасалды. Кеңес өкіметі ядролық қаруды Қазақстанның Павлодар, Семей, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарына жақын елді-мекендер маңында сынады. Радиоактивті шөгінділер 1,7 миллионнан астам адам өмір сүретін аймаққа дейін тарады. СЯСП кесірінен Қазақстанның шығыс бөлігі түгелдей дерлік радиацияланды, ал кейбір аудандар экологиялық апат аймақтарына айналды. Полигон маңында өмір сүретін адамдар бірнеше ондаған жылдар бойы радиация зардабын шекті. Ядролық қару сынағынан 1 миллионнан астам қазақстандық зардап шекті. Туа біткен аурулар, кемтарлық, жүктіліктің тоқтауы, қатерлі ісік қаупі артуы, иммун жүйенің зақымдануы, генетикалық ауытқулар, зағип атану, жүйке жүйесінің ауруы — мұның бәрі СЯСП-тің қазақстандықтарға тигізген зардабының бір бөлігі ғана. Зардап шеккендердің сөзінше, билік көп уақытқа дейін ауру мен ауытқулардың полигонға қандай да бір қатысы барын жоққа шығарып келген.


 

БЕРІКХАН МҰСАБЕКОВ
Берікхан Мұсабеков 1970 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Оның анасының бүкіл дерлік өмірі ядролық сынақ өтіп жатқан жердің маңында өткен және көру қабілетінде, жалпы денсаулығында да сызат болған. Берікханның көру қабілеті жасөспірім кезінде нашарлай бастаған, уақыт өте келе зағип атанды. Берікхан қазір Алматыда тұрады және көру қабілеті нашар балаларға массаж жасайды. Ол — 1-топтағы мүгедек. Десе де ядролық сынақтан зардап шекті деген куәлікті ала алмай қойған. 

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Балалық шағым Кеңес өкіметінде өмір сүрген әр баланікі секілді қарапайым өтті. Бірінші сыныпқа барғанымда октябренок белгісін бергені есімде. Күнде таңертең қызыл галстугымды үтіктеп, мектепке жөнелетінмін. Ата-анам үнемі жұмыста болатын. Тауарлардың жетіспейтіні де есімде қалыпты. Сол кездерді еске алып, адамдардың бір-біріне мейірімді, адал болғанына, бірін-бірі алдамағанына қайран қалам.

 

ТҮНЕК
1980 жылдардың соңында көз жанарым бұлдыр көре бастады. Сол кезеңде көру қабілетім нашарлап, қатарластарымнан артта қала бастадым: достарым кешкі қараңғылықта да көретін, ұсақ-түйекті де, заттардың бөлшегін де көретін, ал мен — жоқ. Мұны бастан кешіру қиын болды. 1990 жылдары көру қабілетім нашарлай түсті, ал дәрігерлер маған көмектесе алмады. Қазір мен мүлде көрмеймін, бірақ уақыт өте келе бұған да үйреніп кеттім.

«СТАТИСТИКА»
1990 жылдарда-ақ тұрғылықты жерімде полигон мен көру қабілетімнің қандай да байланысы бар ма деп сұрадым. Маған полигонның бұған түк қатысы жоқ деп жауап берді. Бірнеше жылдан соң, 1-топтағы мүгедек статусын алдым, кейін Талдықорғандағы медицина колледжіне массажист мамандығына түстім. Оқу барысында радиацияның көру қабілетінің нашарлауына ықпалы бар екенін білдім. Сонда ғана өмірімді тас-талқан еткен полигон екенін түсіндім. Дәрігерлерге менің проблемама полигонның түк қатысы жоқ деп айтуды бұйырған деп ойлаймын. Бәлкім, олар статистиканы бұрмалап, полигоннан зардап шеккендер санын аз етіп көрсеткісі келді. Әлі күнге дейін ядролық сынақтан зардап шеккенімді ресми түрде дәлелдей алмадым.

СЯСП-тан зардап шеккенімді дәлелдеу үшін Семейге барып, ядролық физика институтына жүгініп, сонда қаралуым керек. Олар адамдағы радиация деңгейін анықтайды. Онда барып-қайтуыма уақытым да, қаржы да жоқ. Әрі зағип болғасын, жүріп-тұруым қиын. Мұнда джунгли заңы бар. Артымнан жүгіріп, менің полигоннан зардап шеккенімді дәлелдейік деп ұсынатын адам жоқ. Ол қағазды өте көп уақыт бойы көп күш салған адамдар ғана алады.

КӨМЕК
Мүгедектікке байланысты мемлекеттен жәрдемақы аламын. Сондай-ақ бір жолы бірреттік өтемақы алдым. Менің Семей полигонынан зардап шеккенімді мемлекет ұмытып кеткен көрінеді: шипажай, ем-дом, қосымша өтемақы берілмейді.

Қызым бар. Жасы жиырмада. Оның да көзі нашар көреді — миопия. Ол соның кесірінен сыртқа шығуға ұялады.
 

ТҮС
Кішкентайымда көрдім ғой. Сол себепті түстерді ажырата алам, сондай-ақ «көру» дегеннің не екенін білемін. Сондықтан мен де қарапайым адам секілді түстер көремін.

ЖҰМЫС
Қазір мен массажист болып жұмыс істеймін. Көзі нашар көретін балаларға массаж істеймін. Ол балалардың физикалық дамуы нашар, олар менің көмегіме зәру. Өмірімдегі ең шат уақыт — жұмысым. Мен ата-анаға баланың дене мүсінін қалай қалыпқа келтіру керегін, майтабан мен сколиоздан қалай құтылу керегін айтып бере аламын. Бос уақытымда дыбыс синтездеуіш арқылы смартфонды қолданып үйренемін, аудиокітаптар, жаңалықтар мен бағдарламалар тыңдаймын. Смартфон деген мен үшін тұтастай жаңа мүмкіндіктер әлемі. Өмірімдегі ең қуанышқа толы тағы бір сәт  — жақындарыммен сөйлесу. Қазақтың дәстүрлі әндерін тыңдағанды жақсы көремін. Ал заманауи әндер беймаза деп ойлаймын.

ҚОҒАМ
Көру қабілеті нашарлап жатқан не зағип жандарға айтарым: сізді кемсітетін қоғамға назар аудармаңыз және өзіңізді есіркетіп қоймаңыз. Мемлекет ондай адамдарды бейімдеуі керек деп ойлаймын. Өйткені қазір зағип жандар өзін қоғамнан алшақ сезінеді. Ал біз басқалар секілді қарапайым азаматпыз ғой! Мемлекет бізге қолайлы жағдай жасауы үшін не істеуіміз керек деп бізден сұрауы қажет. Олар бізге арнап бірдеңе істеуге ұмтылады-ақ, бірақ онысы бізге көмектеспейді.

 

ОЛЬГА ЧИКУНОВА
Ольга Чикунова 1966 жылы Семейде дүниеге келді. Ол дүниеге келген сәттен бастап зағип. Ольга СЯСП-тан зардап шеккенін дәлелдей алды. Оның көзі нашар көретін туған әпкесі бар. Ол зағип жандарға арналған мектепте жұмыс істеп, балаларды оқытып, көмектеседі. Қазір Ольга, жұбайы мен баласы үшеуі Алматыда тұрады. Күйеуімен бірге Зағиптар қоғамында музыкалық қызметпен айналысады.

МАХАББАТ
Мен көңілді әрі сотқар бала болдым. Нашар көретіндіктен кейде құлап, сүрініп қалатынмын, бірақ достарым қиын сәтте жалғыз тастамайтын. Зиғип болғаным үшін қоғамнан алшақ болдым деп айта алмаймын. Алматыдағы Островский атындағы зағип жандарға арналған мектепті бітірдім. Сол жерде болашақ жұбайыммен таныстым. Күйеуім екеуміз бір сыныпта оқыдық. Кездескеннен бері біргеміз! Мектепке алғаш барғанымда күн бұлтты еді. Ол кезде мені ұзақ уақытқа созылатын оқу мен интернаттағы өмір күтіп тұрғанын әлі түсіне қоймаған едім. Барлық баланың қолында гүлдер бар. Ал менің бұрымымда үлкен бантик тағулы болды. Ол кездері қимыл аралас ойындарды жақсы көрдім, биледім, кітап оқығанды жақсы көрдім.

Отбасым шығармашылыққа етене жақын. Біз музыкаға қатысты жұмыспен айналысамыз, күйеуімнің музыка үйірмесі бар. Баламыз да ер жетті, ол да музыкаға әуес, менеджер болып жұмыс істейді. Күйеуім және командамызбен үнемі концерттер ұйымдастырамыз. Өкінішке қарай, карантин болғандықтан, көп уақыт бойы концерт бере алмай жүрміз. Бірақ бұл да аяқталып, адамдарды қуантатын уақыт қайта келеріне сенемін! Сондай-ақ кеңестік фильмдер көргенді ұнатамын. Мейірім мен жылу есіп тұрады, барлығы шынайы әрі адал. Ал заманауи фильмдерде бәрі бірін-бірі сатып кетіп, алдайды. Мұндайды суқаным сүймейді, сондықтан көрудің өзі жағымсыз.
 

ҚАЛА
Алматы қаласы зағип жандар үшін тек 10-20 пайыз қолайлы. Бізге арналған арнайы жолақтар дұрыс орналастырылмаған. Онымен жүрер болсаң, қабырғаға соғылып қалуың мүмкін. Сондай-ақ бізге ыңғайлы болуы үшін түрлі мекеме аты бар арнайы маңдайшалар, бағдаршам мен аялдамаларда аудио-дыбыстау болуы қажет.

Алматы қаласы зағип жандар үшін тек 10-20 пайыз қолайлы. Бізге арналған арнайы жолақтар дұрыс орналастырылмаған. Онымен жүрер болсаң, қабырғаға соғылып қалуын мүмкін.

Прогресс жоқ деп үзілді-кесілді айта алмаймын. Қала ыңғайлы болып келе жатқанына сөз жоқ, бірақ бұл өте баяу іске асып жатыр. 10-20 жыл бұрын еш нәрсе де болмады, тек Зағиптар қоғамы алдында бір ғана аудио-бағдаршам бар еді. Осы 10-20 жыл ішінде жағдай сөзсіз оңалды, бірақ бұл тезірек іске асса екен.

 

 

МҰРАТ СМАҒҰЛОВ
Мұрат Смағұлов 1974 жылы Аягөз қаласында дүниеге келді. Кішкентайынан ақшам соқырлығынан қиналды және есту қабілеті нашар еді. Ал көру қабілеті кенеттен мектеп бітіргеннен кейін нашарлап кетті. 1990 жылдары Семейден ем үшін қажет дәрі-дәрмек табылмады, ал Мұратқа операция көмектеспеді. Ол қазір әйелі, әпкесі және БМС-мен ауыратын кішкентай ұлымен Алматыда тұрады. Әйелі екінші топтағы мүгедек, ал Мұраттың өзі бірінші топ. Мұраттың өз үйі жоқ.

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ
Мен туған кезде анам өте қатты ауырды. Кішкентайымда достарым көрген нәрсені мен неге көре алмаймын деп түсінбейтінмін. Үнемі “бұл немене өзі” деп ойлайтынмын. Мені дәрігерге апарғанда, дұрыс тамақтансаң, барлығы жақсы болады деген. Бірақ мәселенің бәрі дұрыс тамақтануда емес еді. Көру қабілетім нашарлай берді, нашарлай берді. Соның кесірінен көп құлап қалып, сүрінетінмін. Өзге балалар мені кекететін. Ал қазір олар маған хабарласып, жағдайымды сұрап тұрады...

Өзімнің басқа адамдар сияқты емес екенімді қабылдау қиын болды. Жас кезімізде барлық досым қызбен кездесіп, үйленіп, балалы болды. Ал менің ешкімім болмады.

Сол кездерде ақша тауып, отбасын құрып, балалы болғым келді. Бірақ көзім көрмегесін, құлағым естімегесін қолымнан келмеді. Шыдап бақтым, себебі ең маңыздысы — шыдамдылық таныту ғой. Мені келемеждегендер де болды. Иә, әрине, мен не үн қатпадым, не ренжімедім. Бұл адамдар айтқан сөзі менің жаныма қалай бататынын білмейді ғой дейтінмін. Мұңды сәттерді еске алмауға, сондай-ақ тек жақсы нәрсені, болашақты ойлауға тырысамын.

Мысалы, кішкентай кезімде үй алдында тұрып, әкем келе жатқанын, оның қолында қандай да қорапша барын көрген сияқты. Әкемнің маған арнап бірдеңе сатып алғанын көріп тұрмын, бірақ ішінде не барын білмеймін. Әкеме беттеймін де, қораптың шынымен маған арналғанын білемін! Оның ішінде әдемі көлік бар еді! Бірақ мұндай оқиғаларым азғантай-ақ. Көбіне барлығы мұңды оқиғалар. Барлығы естиді, көреді, ал менің қолымнан келмейтінін білу ауыр еді.
 

ЖАРЫҚ
Қазір тек жарықты көремін. Жарық пен қараңғыны ажырата аламын. Тіпті ұлымды да бірде бір рет көрмегенмін… Десе де бұл аса қорқынышты емес. Маңыздысы — оның жақсы көріп, естуі.

 

СҰЛУЛЫҚ
Сұлулық деген не деген сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Бірақ дауыс арқылы адамның жөнді не жөнсіз екенін сезе аламын. Мен үшін осы маңызды. Болашақ әйелімді кезіктіргенімде, оны қатты көргім келді, бірақ көре алмаймын… Мен оның өте әдемі екенін сезетінмін. Бірде әріптесімнен ол әдемі ме деп сұрадым. Әріптесім: «Иә, дұрыс айтайсың, әдемі. Мұны қайдан біліп қойдың?» деді. Оны қалай сезгенімді өзім де білмеймін...

СЕНІМ
Айтарлықтай бос уақытым жоқ, жұмыс істеймін, ұлыма қараймын. Ұлым қазір екі жаста, БМС-ның жеңіл түрімен ауырады. Бар көңілімді соған бөлемін. Сондай-ақ мұсылманмын, Құран оқимын, бес уақыт намазыма жығыламын.

 

Мұраттың дұғасы:
«Пәтер алуға кезекте тұрмын. Кезекте 1148-мін. Ипотека ала алмаймын, себебі қанша өмірім қалғанын білмеймін ғой. Бес жыл, мүмкін 10 жыл? Жас емеспін ғой. Мұның бәрі бір Аллаға аян, ал менің балам бар. Әйелімнің де мүгедектігі бар. Мемлекет пәтер берсе екен деймін. Қазір „Жан“ атты ұйымда істеймін. Жұмыс істеп, жаңа нәрселер үйреніп, әлемді біле түсетініме разымын. Өміріме көңілім толады, тағдырыма шағынбаймын, тек бір нәрсе сұраймын — мемлекет отбасыма пәтер әперсе екен. Сіздерден көмек күтемін...»

*Мұрат Смағұловқа пәтер алу жөнінде қандай да көмек көрсеткіңіз келсе, редакциямыз оның байланыс мәліметтерін бөлісуге дайын.

 

АЛЕКСАНДР КУЗОВОВ
Александр Кузов 1948 жылы Бородулиха аулында дүниеге келген. Әкесі отбасын тастап кеткен, сондықтан анасы балаларды бір өзі тәрбиелеген. Александрдың көру қабілеті кенеттен 19 жасында нашарлап кеткен. Дәл сол жылы басы да қатты ауыра бастаған. Арнайы медициналық тексерістен өткеннен кейін полигоннан зардап шеккені расталды. Қазір оның отбасы бар: әйелімен отауласқанына 50 жыл болды, балаларын өсіріп, қазір немере-шөберелерін бағып отыр. 

ӨМІРІ
Кішкентайымда киім және аяқ киім табу қиын болды, үйшікте тұрдық, ақша жоқ еді. Орманға жидек теруге баратынмын, отын жарып, анама көмектесуге тырысатынмын. Шалбар киіп жүретінмін, себебі триком болмады. Телевизор болмады, тек радио. Орманда, далада серуендеп, сарышұнақтар аулап, көлде шомылғанды жақсы көрдім.

Өмір тез өтіп кетті: көзді ашып-жұмғанша, балалар өсіп кетті, немерелерім де ер жетіп қалды, шөберелерім де бар..

Қазір көзім көретін кезде ауылда, жазық далада серуендеп жүргенімді жиі елестетемін. Пионер, комсомол болдым, кішкентайымда қарттарға жәрдемдестім.
 

ПОЛИГОН
Кішкентайымызда полигон туралы мүлде білмедік те. Жаңбыр суын жинап алып, басымызды сонымен жуатынбыз. Дәл жанымызда полигон барын, оның қауіпті екенін ешкім айтпады.

Жақынымыздың қызы болды, оның қатерлі ісігі болатын. Ал біз мұның неден екенін де білмедік.

Бір таныс жігіт жас болса да, шашы ағара бастады. Менің де шашым 18 жасымда ағарды. Мұның бәрінің себебін енді ғана ұққандаймыз.

Жарылыстан зардап шеккендерді аяймын. Дәл жанымызда дәл сондай қауіп-қатер барын білмедік те ғой.
Ауруханада бір әскери танысым бар еді. Ол шахталарға заряд салғанын әрі мұның қауіпті екенін білмегенін айтып берген. Ал кейін денсаулығы сызат бере бастаған. Бейкүнә адамдар ғой, соларды аяймын

 

 

АУЫРУ
Әуелі басым қатты ауыра бастады. Одан кейін көру қабілетім нашарлай берді. Ол кезде тым жас едім, жасым 18-19-да. Ақшам болғанда, Мәскеуге ота жасатуға баратын едім, сонда зағип болмас па едім. Ал ол кезде менде ақша болмады, мен келгенде, тым кеш еді. Мәскеуге барудың құны бар-жоғы 60 рубль еді, ал отбасымызда ол да жоқ болатын.

АДАМДАР
Кейде мені базардағы сатушылар алдап жібереді. Бәз біреулер: «Алдайтын болсақ, Алла жазамызды береді ғой» дейтін, ал мен «Иә, Алла бәрін жазалай берсе, базардағылардың жартысы болмас еді!» деп жауап қататынмын.

Кейбіреулер менің зағип екенімді көріп, әдейілеп жаман тауарды салып жібереді. Үйге келіп, дұрыс емес тауарды салып жібергенін білгенімде, онда қайта барудың қисыны жоқ екенін түсінемін: бәрібір мұны сатқан сатушыны таппаймын ғой. Бірақ мұндай жағдайлар өте сирек болады, адамдардың көбі мейірімді әрі адал ғой.
 

СҰЛУЛЫҚ
Қазір бәрінен бұрын гүл өсіріп, бақшамды күткенді, адамдарды суретке түсіріп, балық аулауға барғанды жақсы көремін. Үйде де біраз тірлік істеймін. Әйеліме барынша жәрдемдесуге тырысамын. Балалық шағымнан әлі күнге дейін ұнататын тағамым — картоп.

Мен үшін сұлулық деген адамның жан дүниесі. Көпшіл адамдарды ұнатамын. Мысалы, автобуста келіп, әңгіме айтып тұрса. Бірақ қазір телефонның салдарынан адамдар тұйықтанып кеткен.
 

БАЛАЛАР
Әйелім мені әкем сияқты тұрақсыз болады деп ойлаған. Бірақ біздің отауласқанымызға 50 жыл болды. Сондықтан жастарға айтарым: адал болыңдар, отбасын сақтап, балаларыңды тастамаңдар. Балаларды тастап кету — ең сұмдық қылмыс. Себебі олардың еш кінәсі жоқ қой.

 

 

АЗАМАТ АЙТЖАНОВ
Азамат Айтжанов 1957 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Бірақ нәресте кезінен Аягөз ауданында өмір сүрген. 7 жасынан бастап, көру қабілеті нашарлай бастаған. Сәтсіз отадан кейін мәңгілікке зағип болып қалған. Азаматта СЯСП-ның кесірінен зағип болғанын растайтын құжаты бар. Ол бірнеше музыкалық инструментте ойнайды. Зағиптар қоғамында көп уақыт бойы жұмыс істеп, түрлі музыкалық іс-шаралар ұйымдастырған. Азамат қазір зейнетте, әйелі екеуі немере тәрбилеп отыр.

 

ЖАРЫЛЫСТАР
Жарылыстар болып жатқанда, жер сілкінгенін байқадық. Сондай-ақ өте жаман иіс шықты, біз мұның не екенін білмедік те, кейін үйреніп кеттік. Сол полигонның кесірінен әкемнің өңешінде қатерлі ісік пайда болды, кейін ол қайтыс болды. Ауылымдағы көп адам мүгедек болып туылды, өліп қалды, ал мен зағиппын. Отбасымда тек менің басыма осындай іс түскеніне Аллаға шүкір деймін. Мен мұнымен күресіп, қалай да болса төздім ғой, ал қалғандары бұған шыдар ма екен деймін. 

 

 

ОТБАСЫ
Мектеп бітіргеннен кейін Зағиптар қоғамына бардым, сонда болашақ әйеліммен таныстым. Оның да көру қабілеті нашар еді. Баста оның көңілін табуға тырысып жүрдім, кейін ол шынымен сезімге ұласты. Үйлендік, қазір тым жақсы ұлымыз бен қызымыз бар. Қызым туыларда, пәтеріміз болмады. Сол себепті әйелімді туу үшін ауылға жібердім. Қызым туылғанын білгенде, ауылға жөнелдім, дәл сол жақта оны бірінші рет қолыма алдым. Қырқына дейін сонда болдық, барлық әдет-ғұрпын өткізіп, кейін Алматыға оралдық. Кейін ұлымыз дүниеге келді. Екі баламыз да мектеп, кейін жоғары оқу орнын бітірді, ал қазір жұмыс істейді. 4 немерем бар. Демек менің зағип болғаным ғана болмаса, тағдырыма разымын! Барлығы жақсы болып кетті!

КЕЛЕШЕК
Кішкентай кезімде көзім көрді ғой, сол кездері жазық далада жүгіріп жүргенімді, велосипед айдап жүргенімді жиі еске аламын. Ол кезеңдер тек сурет бетінде сақталды, одан бері 50 жылдай уақыт өтті ғой. Қазір әйелім, балаларым, немерелерім бар. Олар маған әр кез көмектеседі, тіпті мұңымды айтудың өзі күнә! Дәрігер қателігінен зағип болып қалғанымда, қатарластарым футбол ойнай алады, ал мен ойнай алмаймын деп уайымдағанмын. Балалықпен ойласам да, бәрібір уайымдадым. Мені бәрі жұбатып, көзім көріп кетеді деп айтатын. Бірақ олай болмады. 1989 жылы Мәскеуге ота жасатуға бардым. Ал олар мұнымен айналыспайтынын айтты. Одессаға баруым керек еді. Бірақ тағы бір қалаға баруға ақшам болмады: Қайта құру кезеңі, кеңес өкіметінің қирауы. Қазір Алматыда да сондай оталар жасалынады. Бірақ мен әлі оған бел бумадым. Балаларым көзімді қайта қалпына келтіруге тырысып көрсеңші дейді. Барлығы алда, көре жатармыз.

АУРУХАНА
Мен емделіп жатқан әскери аурухананың жай-күйі нашар: әр палатада 3-5 адамнан, душ жоқ, сондықтан корпустан корпусқа барып жүру қажет. Бұл жағдай көбіне ыңғайсыз, мұнда жатқан адамдардың да жағдайы мәз емес қой. Мемлекет жаңа аурухана салып береміз деді, алайда бұған асығар емес.

АУЫЛ
Менің полигоннан зардап шеккенімді растайтын құжатым бар. Ағзамда радиация мөлшері өте көп. Мұны 2002 жылы ғана растады. Десе де ауылымда әлі күнге дейін полигоннан зардап шеккенін дәлелдейтін құжатты ала алмай жүрген науқастар өте көп, тіпті көбі қайтыс болып кетті. Мемлекет маған пәтер берді, өтемақы береді, жылына бір рет әскери ауруханада емделемін. Жалпы маған көмектесуге тырысады, бірақ мұның бәрі денсаулығымды қайтарып бермейді.

МУЗЫКА
Өмір бойы мәдениет үйінде жұмыс істедім, сондай-ақ музыкаға жақынмын. Алла бір нәрсеңді алса, оның орнына басқасын береді деп айтады ғой. Көзім көрмейді, десе де есту қабілетім өте жақсы дамыған. Гитара, домбыра, баян, үрмелі аспаптарда ойнаймын. Музыкалық шығармалардың ішінен қазақ күйлерін ерекше жақсы көремін.

Қазір зейнеттемін және көп уақытымды отбасыммен өткіземін.
 

 


Әлеуметтік көмек жайында:

Экологиялық апат аймағында өмір сүретін адамдарға арналған жеңілдіктер мен жәрдемақы алу үшін әуелі Семей ядролық полигонындағы сынақтардан зардап шеккенін растайтын құжат алу керек.

Алайда Алексей Коноваловтың әлеуметтік зерттеуіне сілтейтін «Азаттық  радиосының» дерегінше,  «Адамдардың 55,5 пайызында зардап шеккен азаматтың куәлігі жоқ, 63,6 пайызы қосымша экологиялық демалыс алмайды, 68,8 пайызының жалақысы мен зейнетақысына үстеме ақша қосылмайды, 92,2 пайызына емдік шараларға жеңілдік берілмейді, 94,5 пайызы дәрі-дәрмекті жеңілдікпен алмайды, 96 пайызы тегін шипажайларға бармайды». Материалымыздың кей кейіпкерлері де денсаулығындағы кінәрат радиация әсерінен болғанын ресми растай алмаған. Ал бұл құжатқа қолы жеткендер болса, аталған медициналық қызмет деңгейі мәз емес екенін айтады.


 

Материалды даярлауға жәрдемдескен «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігіне, сондай-ақ кейіпкерлер табуға әрі түсірілім барысын ұйымдастыруға көмектескен бірлестік басшысы Қабира Құнырбаеваға алғысымыз шексіз.

«Қазақ зағиптар қоғамы» 1937 жылдан бері зағип жандардың бейімделуі мен әлеуметке жақын болуына көмектеседі. Осы мекеме қызметкерлерінің қызметі арқасында қазір зағип жандар жоғары білім алып, сауықтыру орталығында жұмыс істеп, қоғамдық жұмыстарға араласа алады. 

Жарияланған уақыты: 24 Наурыз, 2021 жыл