«Шындықтан қаша алмайсың»: жыл өткен соң

DOCA Қазақстан

«Шындықтан қаша алмайсың»: жыл өткен соң

21 Сәуір, 2020 жыл

Алматы, Қазақстан

21 сәуір 2019 жылы таңертең жас суретшілер, азаматтық және экология белсенділері Алматы марафонында орыс және қазақ тілінде «От правды не убежишь» (Шындықтан қаша алмайсың), «У меня есть выбор» (Таңдауым бар) және «Adil sailaý ushin» жазулары бар плакатты жайып ұстап тұрды. Акция кезінде Бейбарыс Толымбеков, Асия Тулесова, Сүйінбике Сулейменова, Айгүл Нұрболатова және Айдос Нұрболатов тәрізді бірнеше белсендіні полиция ұстап әкетті.

Фото авторы: Тамина Оспанова

Аудандық полиция бөліміндегі белсенділерді заңгерлермен кездестірмеді және бірнеше сағат бойы су мен тамақ бермеді, соның ішінде болған Сүйінбике Сулейменованың аяғы ауыр еді.

Айгүл Нұрболатова, Бейбарыс Толымбеков, Сүйінбике Сулейменова және Ася Тулесова сот ғимаратының алдында, 21 сәуір 2019 жыл
Фото авторы: Тимур Нусимбеков

Акциядан соң белсенділердің үстінен іс қозғалып сот отырысы өтті. Оның екеуі сол жексенбінің кешінде болды. Ұсталғандардың бәрі Әкімшілік кодекстің 488-бабы «Қазақстан Республикасының бейбіт жиналыстарды, митингілерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткізу тәртібі заңнамасын бұзу» бойынша кінәлі деп табылды. Жаза ретінде операторлар Айгүл Нұрболатова мен Сүйінбике Сулейменоваға айыппұл тағайындалды, ал Асия Тулесова және Бейбарыс Толымбеков әкімшілік қамауға алынды.

Фото авторы: Айгуль Нурбулатова

Белсенділер өз кінәсін мойындамады.

Сот залындағы Ася Тулесова сөзі көпшілік арасына тарап, Қазақстан мен шетелдің ондаған ақпарат құралында да жарияланды. 

Фото авторы: Тимур Нусимбеков

«Шындықтан қаша алмайсың» акциясынан кейін бірнеше күн өткен соң Алматы көшесінің бірінде Қазақстан Республикасы Конституциясынан алынған «Источником государственной власти является народ (Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық)» деген мәтін жазылған баннер ілулі тұрды. Бұл арт-акция үшін суретші Роман Захаров қамауға алынды. 

Фото: @Rukh2k19

Ася Тулесова мен Бейбарыс Толымбековты ұстауда қарсы күш құрылымдары провакация қолданды. Ася Тулесова отырған оқшаулау бөліміне орналастырылған адам оған күш көрсетті. Ася Тулесова тұқында отырған барлық кезеңде сот әділетсіздігіне қарсылық ретінде аштық жариялады. Кейбір Қазақстан және халықаралық құқық қорғау ұйымдары А. Тулесова мен Б.Толымбековты сана тұтқындары деп мойындады. 

Сәуірдегі арт-акциялар мен соның салдарынан болған белсенділер мен суретшілерге қарсы жүргізілген саяси қысым мен қудалау азаматтық қоғамның бір бөлігі мен Қазақстан суретшілерінің ұйымдасуына ұласты. Ұсталғандарға қарсы өзінің ынтымақтастығын білдірген Қазақстан (Алматы, Астана, Шымкент, Орал және т.б.) және әлемнің өзге ірі қалаларындағы (Лондон, Нью Йорк, Рим, Берлин және т.б.) азаматтар, арт-белсенділер мен студенттер жүздеген акция ұйымдастырды.

Фото авторы: Тимур Нусимбеков

«Шындықтан қаша алмайсың», «Таңдауым бар» және «Әділ сайлау үшін» фразалары ауыздан ауызға тарап, әлеуметтік желілерде ғана емес, сонымен қатар көптеген митингілер мен пикиттерде қолданыла бастады.

2019 жылдың көктемі мен жазында Қазақстанда 4 мыңнан аса адам тұтқындалды және ұсталды. БҰҰ және Қазақстан мен халықаралық ұйым пікірінше бұл тұтқындаулар мен ұстаулар базалық демократиялық ұстанымдаға, ҚР Конституциясына және бейбіт жиын өткізу туралы халықаралық нормаларға қайшы болды. Журналистер мен белсенділердің жұмысына полиция мен арнайы бөлім жасақтары және «титушкалар» кедергі келтірді. Сонымен қатар Қазақстандағы негізгі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер тұтастай құрсауланды.

2020 жылы белсенділерге қысым көрсету тоқтамады. 2020 жылдың ақпанында азаматтық белсенді Дулат Ағаділ ұсталған соң тергеу абақтысында бір сағаттан соң қайтыс болды. 1 наурыз күні Қазақстанның әртүрлі қаласында Дулат Ағаділді еске алу үшін бейбіт митингіге шыққандарды жаппай тұтқындай бастады. Сәуір айында азаматтық белсенді Әлімжан Ізбасаров, туысқандарының хабарлауынша, «өз өзіне қол жұмсайтындай» күйге жеткізген және кейін психиатриялық емханаға жатқызылған. 17 сәуір күні төтенше жағдай мен карантин кезінде Алматы қаласында экология және азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшев тұтқындалды. 

«Шындықтан қаша алмайсың» оқиғасына бір жыл толған кезде осы акцияның негізгі қатысушыларына және оған кейін және дейін қатысы болғандарға хабарластық. Әрқайсынан сәуірдің сол бір күнін 12 айдан кейін еске алып, төрт сұраққа жауап беруін өтіндік:

1. «Шындықтан қаша алмайсың» акциясы және 21 сәуірден кейінгі 2019 жыл сізге несімен маңызды болды?

2. Сіздің ойыңызша акция және содан кейінгі жыл еліміз бен қоғамға қалай әсер етті?

3. Бұл кезеңде қандай маңызды оқиғалар және/немесе өзгерістер орын алды?

4. 2020 жылдың 21 сәуірінен кейін жыл қандай болады деп ойлайсыз?

Тамина Оспанова

фотограф

Тамина Оспанова «Шындықтан қаша алмайсың» баннері тұсында жүгіріп бара жатқан марафоншылар бейнеленген танымал кадрды түсірді. Сурет демде әлеуметтік желілерде тарап, хабар таратқан Қазақстан мен халықаралық ақпарат құралдарында да қолданылды.

«Сөзсіз өмір бұрынғыдан өзгерді. Әділетсіз соттың куәсі болдық, балалардың оралуын күттік, Бейбарысты әскерге шығарып салдық осының бәрі түс тәрізді. Жыл ішінде көптеген батыл адамдармен таныстым. Бір-бірімізден үйреніп, қолдау білдірдік. Өзім үшін көп жаңа нәрсе үйрендім, саясаттың, сіз бен біздің құқығымыз, оны түсінудің маңызына қатысты жаңа түсінік пайда болды. Сенің оған қатысың болмаса да маңызды екені анық бола түсті. 

Кезектен тыс сайлау хабарланғаннан кейін «Шындықтан қаша алмайсың» азаматтардың санасында жаңа бір белеске айналды. Еліміздегі және шетелдегі қазақстандықтардың қолдауын, акционизмнің жаңа толқынын көрдік. Бір кісілік көптеген пикет болды. Бір сәттерде адамдарды тұтқындауды да доғарды. Біз бір көрінбейтін қалың қабырғаны жарып жатқандай болдық. Сосын жаңа көктем туды, бірінші наурыздан бастап белсенділерді «ұрлай» бастады. 

«Шындықтан қаша алмайсың» акциясы азаматтардың санасында жаңа бір белестің бастауы болды.

Орын алған оқиғалар тізбегінің ішінен саяси реформалар орнату үшін құрылған Oyan, Qazaqstan қозғалысын атап өткім келеді. Арыс тұрғындарын азандағы жарылыс дауысы оятты. Тергеу абақтысындағы Дулат Ағаділ өлімі. Жәкішівтің таяудағы босап шығуы және тағы басқалары. 

Болашақ туралы ойлау әзірге қиындау, беймаза күй басым. Бірақ азаматтық қоғам жыл сайын толысып, талап етіп, пікір айтып жатыр, сондықтан бәріне шамамыз келеді деп сенемін. Төтенше жағдайды өзгеше ойлауды тұсауға пайдаланып жатқанда үйде қалып, өзімізге қарап, ақпараттық қолдау танытатымз. Пассивті белсенділік те белсенділікке жатады, ал пандемия мәңгілікке созылмайды. OQ жұмысын қарап жүріңіз.

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен суретке қатысты айтарым. Акцияға қатысты реакция болады деп үміттендім. Бірақ дәл осы суретке назар ауады деп ойламадым. Себебі басқа да суреттерім болды. Марафоншылар жүгіргені есімде. Баннерге назар аударып, бас бармағын көрсетіп, ысқырып қолдау білдірген және баннер ұстап тұрғандар: «Әділ халыққа — әділ сайлау» деп айғайлап жатқан. Мен көпірде тұрып, жоғарыдан суретке түсірдім. Сол сәттің энергетикасы керемет еді.»

Бауыржан Сабитов

фотограф, кинематографист

Бауыржан Сабитов — 21 сәуірден кейін қарсылық пен азаматтық белсенділіктің символына айналған «Шындықтан қаша алмайсың» фразасының авторы

«Уайым, эмоция, күрес және достық жылы.
Шамасы бұл өткен жылдың ең үлкен оқиғасы болған болар, бей-жай қараған ешкім болмады: қолдағандар да, сынағанда да болды, әйтеуір бәрі үн қатты. Адамдардың үрейі сейілді. Сең қозғалды.
Басты оқиға, менің ойымша, Oyan, Qazaqstan пайда болуы, маусымдағы митингілер және, шамасы, 16 желтоқсан болар.

Бір жылда көп нәрсе болды. Өзгеріс бір күнде болмайды. Менің ойымша биылғы жылы өткен жылға қарағанда қиындық көбірек болатын сияқты. Себебі қолында билігі барлар шындыққа қарай бара жатқан жоқ, одан қашып бара жатыр. Бірақ одан қашқан сайын ол солғұрлым жылдам іздеп табады.»

Шындықтан ұзап қашқан сайын, ол сені жылдам табады

 

Роман Захаров

суретші

«Шындықтан қаша алмайсың» акциясынан кейін Бейбарыс Толымбеков пен Ася Тулесова қамауда отырғанда, интернетте «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» (ҚР Конституциясынан үзінді) атты Алматыда басқа бір баннердің суреті шықты. Осы арт-акция үшін Роман Захаров қамауға алынды.

«Акция дайындалып жатқанда ешкім де әсері осынша үлкен болады деп ойламады. Бірақ біздің құқықтық жүйеміз бұған себеп болды. Жеке өз басыма бұл маңызды еді. Осы шара арқылы көп жайтқа көзім ашылды. Біз сол кезде орын алған үнсіздікке жауап бергіміз келді. Өзгерістер орын алу үшін әуелі проблеманы түсініп алу керек. Біз соны көрсеттік. 

Көпшілік үшін акция кезекті ойға түрткі болды: елімізде не болып жатыр және неге болып жатыр? Тар аядағы менің жеке мүдделерім ғана емес, одан ауқымдырақ дүние түптеп келгенде «тар шеңберге» тікелей әсер етеді. 

Тар аядағы менің жеке мүдделерім ғана емес, одан ауқымдырақ дүние түптеп келгенде «тар шеңберге» тікелей әсер етеді.

Басты оқиғалар менің ойымша төмендегідей:
- жаңа қоғамдық қозғалыстар құрылды;
- болып өткен сайлау елімізде жүйелі түрде өзгеріс болмағанын көрсетті. 
Әрі ол жылдам өзгере де алмайды. Әзірге құқықтық сана, жемқорлық — қылмыс деген түсінік мектепте, ауруханада, жолда, жалпы, күнделікті өмірде мықтап орнамайынша, осылай жалғаса бермек, осылай өмір сүре бермекпіз.

Тарихты болжау мүмкін емес. Бірақ әлемде, елімізде не болып жатқанын көзбен көріп отырмыз. Биылғы жыл оңай жыл болмайтыны анық болып тұр.»

Татьяна Чернобиль

Орталық Азиядағы Amnesty International кеңесшісі,
халықаралық адам құқы бойынша консультант

«Шындықтан қаша алмайсың» акциясынан кейін Татьяна Чернобиль құқыққорғаушы ретінде тұтқындалған белсенділерге қолдау көрсетіп, белсенділерге, олардың туысқандары, достарына кеңес беріп, бірнеше ай бойы қысым көрген белсенділерге шұғыл құқықтық кеңес ұйымдастырды. 

«Мен үшін бұл тосын, батыл, қызық және еркіндікке толы болды. Бір сөзбен айтқанда сол кезде өзім де, басқа да көпшілік істей алмаған іс болды. Бұл жастардың үні болғаны қуантты, әсіресе, шығармашылықпен келгені. «Шындықтан қаша алмайсың» деген ұран санамызға дөп тиді. Менің де. Шындықтан қаштым дей алмаймын. Бірақ оған қарай да жүгірмедім. Бастысы сол. Сол көтемде мен бақытты болдым. Біздің ортақ бостандығымыз үшін қуандым. Сондай бір сезім болды. Сөзден іске көшкен кез болды. Содан кейін не болғанын ұмыту мүмкін емес — сот, Лобачевскийдегі оқшаулау бөлімі алдындағы жаңбыр, Бейбарыстың әскерге шақырулы, сосын Әлімжанды, сайлау алдында және кезіндегі шерулер, шерудің өзі, алғашқы серуендер, әкімшілік кодексті ұңғыл-шұңғыл оқу, белсенділердің полициямен қарым-қатынас құру нұсқаулықтары, қайтадан соттар, митингілер, тұтқындаулар, адвокат іздеу, полиция бөлімшесі алдын күзету және серуендер. Осының барлығы есте қалып, үлкен үміт ұялатты. Қазір де солай. Сәл қалыпқа келгенімізбен, сәл ыза кернегенімен, әлі де тыңбыз және үміттіміз. 

Сөзден іске көшкен кез болды

Бұл акция оянуға түрткі болды. Адамдар осылай істеуге болатынын түсінді. «Шындықтан қаша алмайсың» жалқы есім, ал қатысушылары қаһарман бола алатынын ұқты. «Шындықтан қаша алмайсыңның» тағы бір жетістігі, менің ойымша, қазір бейбіт акция үшін кезінде Ася мен Бейбарысқа берген 15 тәулікті бірден тағайындай алмайды. Бұл акция сол кезде қарсылық толқынын тудырды сөйтіп өзін қазіргі саяси оппозициямен байланыстырғысы келмейтіндердің өзі солардың үніне айналды. Егер сол кездегі акция болмаса, қазір оқиға қалай өрбитінін біле алмас едік. Бірақ ол болды. Мен Қазақстан азаматы, құқыққорғаушы ретінде «Шындықтан қаша алмайсынды» жасағандарға алғысымды білдіремін. 

Азаматтық алаңдағы маңызды оқиғалар? Егер үшеуін атар болсам, бұл Oyan, Qazaqstan мен оның декларациясының пайда болуы, жазғы жұмадағы серуендер және Конституция күні мен 9 қарашадағы марштар. Бұл — 4 мамырдағы Әлімжан Ізбасаровтың сөзі. Әрі бұл — биылғы жылғы 8 наурыздағы марш. Төртіншісін қосар болсам, бұл әрине сайлау кезіндегі тәуелсіз бақылаушы ретінде азаматтардың белсенділік танытуы.

Бізге әуелі карантин соңын күту керек, сөйте тұра азаматтық беріктігіміз бен табандылығымыздан айырылмау керек. Әрі қарай бейбіт шерулер туралы жаңа заң қабылданса, іс жүзінде қалай жүзеге асатынын көру қызық болады. Әрі қарай парламент сайлауы болар. Сосын карантиннен кейін азаматтық қоғам ретінде бізге карантиндегі тұсаулар тамыр жайып, шектеулердің бәрі дер кезінде тоқталғанына көз жеткізу керек. Карантин, сөзсіз, өмірімізге өзгеріс алып келді. Бірақ менің ойымша, 19-жылдағы қол жеткізген жетістіктер бізбен бірге қалады және азаматтық қоғам әлі болса өзінің сенімділігін көрсетеді деп ойлаймын.»

Айгүл Нұрболатова

кинооператор

Марафон күні Айгүл Нұрболатова «Шындықтан қаша алмайсың» акциясын видеокамерасына түсіріп, сол үшін оны полиция ұстап алды. Көп кешікпей сот болып, әкімшілік кодекстің 488-бап, 1-бөлімі бойынша 20 АЕК көлемінде жаза тағайындалды. Қысымға қарамастан өзінің кәсіби жұмысын жалғастырып, Алматы қаласында 2019-2020 жылы барлық маңызды оқиғаларды таспалады.

«Ешқайсымыз биліктен осындай жауап болып, халықтың қолдауын көреміз деп ойламадық. Қазақстандағы өмір мен үшін акцияға дейін және кейін деп екіге бөлінеді. Акциядан кейін бұл елде ешбір адам өзін қауіпсіз сезіне алмайтыны анық болды. Таңатпай досыңды немесе құрбыңды қамауға алып кетпеді ме екен деп жаңалық аңдитын болдық.

Сол кезде алғаш рет нұрботтар қалай шабуыл жасайтынын және билік белсенділердің аузын жапқысы келетінін көрдім; лас және жиіркенішті — өсек, жала, көпе-көрнеу мансұқтау.

Акция көпшілік үшін елдегі қарсылық көңіл-күйдің бастапқы нүктесіне айналды. Мәселе акцияның өзінде деп ойламаймын. Қарсылық бұрыннан пісіп келе жатқан. Әрі болған үлкен шара жастардың әрі қарай үндемей отыра алмайтынын көрсетті. Қарапайым халық әділетсіздікке қалай қарсы тұру керек екенін көрсетті деп ойлаймын— біз сот алдында, полиция ғимаратының алдында жиналатын болдық. Қолдау мен ынтымақтастық таныту өміріміздің күнделікті бөлігіне айналды. 

Қолдау мен ынтымақтастық таныту өміріміздің күнделікті бөлігіне айналды

Мен үшін жылдың ең басты өзгерісі – адамдарды бейбіт шеруге қатысты көзқарасы болды. Біздің халық митингіні тек сұрқайы түсте көреді. Бұл шамасы пропаганда нәтижесі болар. Барлық дамыған елде бейбіт шерулер – халықтың билікпен қарым-қатынас құруының қалыпты құралы. Бізде болса, билікке қарсы кез келген сын зорлық-зомбылыққа шақыру деп қабылданады. Біз зорлық-зомбылықты қаламаймыз — елдегі жағдайдың жақсарғанын қалаймыз. 2019 жылғы бейбіт акцияларға қарап, адамдар митингілерде еш қорқыныш жоқ екенін, зорлық-зомбылық пен күйреуді билік өкілдері мен «титушкалар» жасайтынын көрді деп ойлаймын.

2020 жыл күн сайын өзгеріске толы болғандықтан мен үшін жұмбақ. Бұл кризис көп нәрсеге көзімізді ашып, халық ретінде өз күшімізді ұғамыз деп ойлаймын.»

Сүйінбике Сулейменова

суретші, кинематографист

Сүйінбике Сулейменова Айгүл Нұрболатова тәрізді «Шындықтан қаша алмайсың» акциясын таспалағаны үшін ұсталып, сот үкімімен «ҚР Бейбіт шеру өткізу тәртібін бұзды» деп айпталды. Аппеляциялық сот алдында сөйлеген сөзінде болып жатқан оқиғаға өзінің қатысын баяндады. Ұстау кезінде және сот отырыстарында Сүйінбекенің аяғы ауыр еді. 2019 қарашасында ұлды болды. 

«#шындықтанқашаалмайсың сәтті, есте қаларлық болды. Уақыт кезеңін балтамен шапқандай екіге бөлді. Сонымен қатар Таудың дүниеге келуі бар. Әлі күнге осы екі оқиғаның әсерімен жүрмін. 
#отправдынеубежишь #уменяестьвыбор #adilsailayushin — 2k19 (@rukh2k19) Рухының үш тірегі, өзгеріс рухы. Бұдан да қуатты, әрі басқаларын уақыт өте көреміз. Қазір бір нәрсе анық: Қазақстан өнерінде үлкен дүмпу бар (алғашқы күннен бастап айтылған пікірлерді жинақтап жүрмін және барлық көркем ойлар бас кезінде тура мағына еді, уақыт өте олар өмір тәрізді күрделеніп, мем немесе театр кейпінде сіңісіп кетті), азаматтық қоғам болмысы анықталды, тұтастай алғанда өте қызық жыл болды.

Көк-Жайлауды сақтап қалдық, Oyan, Qazaqstan!, «біз, қазақстандықтар, еркін адамдар...» өзіміздің кез келген қалаған жерде жиналуға арналған конституциалық құқығымызды жүзеге асырдық, және алғашқы бұқаралық әйелдер маршы өтті, сайлау болды, қазақстандықтардың көбі бақылап, қатысуды қалады, Қордай оқиғасы, Синьцзянь, ҚДП және Мамай, ЖЭЦ-ке қарсы және таза ауа үшін AUA петициясы, Дулат Ағаділ қамауда қайтыс болды, “Нұр Отан” Әлнұр Ильяшевке қарсы, Әлнұр Ильяшев қамауға алынды..., бір сөзбен айтқанда, бүтін #qazaqkoktemi.

Қазір постфактум-посткарантиниум, бәріміз артқа қарап: «бұрынғыдай өмір сүргіміз келе ме?» деп сұраймыз. Жоқ. Пайда болған саналы ойлар өздігінен децентрализация, деурбанизация, жерге оралу, өз ортаңды тану тәрізді дегенге жетелейді. Қазіргі уақыттың маңызы сіз бен біздің оған қатысы, кем дегенде менің жаңғырыққа толы бөлмемде қаттырақ естіле бастады.»

Бәріміз артқа қарап: «Бұрынғыдай өмір сүргіміз келе ме?» деп сұраймыз. Жоқ. 

 

Бейбарыс Толымбеков

Азаматтық белсенді

2019 жылдың мамырында қамаудан босап шыққан соң Бейбарыс Толымбек Қазақстан қарулы күштерінің әскеріне жөнелтілді. Осы күнге дейін Бейбарыс Толымбек Жамбыл облысындағы Отарда әскери қызметін атқарып жүр. 2020 жылдың қаңтарында «Шындықтан қаша алмайсың» акциясына қатысты хат жазып, қазіргі Қазақастан жағдайына қатысты өз ойымен бөлісті.

«...2019 жыл ынтымақтастық, өзара көмек, үміт пен жарқын болашаққа сенім жылы болды.

2019 жыл жастардың мемлекетпен тығыз жұмыс істеген және мемлекет пен қоғам арасындағы тең емес диалогтың басталған жылы болды.

Сонымен қатар бұл «билік транзиті» деген локомотивке өтудің бастауы болды. 

Тарих қайшылыққа толы. Осы қайшылықтардың ішінде бірлік бар. Ал бірлік жүйені құрайды.

Қайшылыққа толы Қазақстанның болмысы да осы. 30 жылдай уақыт ішінде капитализмге оранып міз бақпай тұрған кеңестік номенклатуралы көлеңкелі елді құрады. Қос стандатрпен өмір сүретін ел: ресми түрде демократия, сөз бостандығы, сот тәуелсіздігі деп жалаулатқанымен, іс жүзінде диктатураны, тоталитаризм мен репрессияны көреді. Біз ненің дұрыс ненің бұрыс екенін білетін бірақ іс жүзінде тыныш қана үйде отырып, шындықты елемеуге шақыратын адамдары бар қоғам құрдық.

Тарих қайшылыққа толы. Осы қайшылықтардың ішінде бірлік бар. Ал бірлік жүйені құрайды.

Адамдар шындықтан алыстап кетті.

Бақытымызға орай, тарихтың алға жылжып өзінің қарама қайшылығын тарқататын қасиеті бар. 

Жастар осы қайшылықтың өніміне айналды. Олар кеңес өмірін көрмеді, 90-жылдардың әлеуметтік ахуалын сезер кезде тым жас болды. Бұл шөл даладағы жөйттер тәрізді. Ғаламдық трансформациялық өзгерістердің салқынынан және «тұрақты» өмірді аңсаудан ада.
Осы жастар жаңа қарсылықтың күшіне айналды. 

Алғашқы соққы биліктің жылдар бойы авторитаризмді ақтап алуға тырысатын жасанды құндылықтарына бағытталды. Жастар билік басындағылардың түсінігіне қайшы келетін өз құндылықтарымен өмір сүретінін көрсетті. 

«Нұр-Сұлтан менің астанам емес» ұраны осылай дүниеге келді.
Әрі қарай тарих бір орнында тұрмады. Билік әрі қарай өзінің қос стандартты құндылықтарына қарсы бағытталған соққыны сезді. Адамдар биліктегі халық «қалаулыларының» сөздері әрекеттерімен сәйкес емес екеніне көбірек назар аудара бастады.

«Шындықтан қаша алмайсың» жастарға шабыт берді...».

Мәтіннің толық нұсқасын Бейбарыс Толымбековтің Инстаграм-аккаунтынан оқи аласыз.

Ася Тулесова

эко-белсенді, Common Sense қоғамдық қорын құрушылардың бірі
және Almaty Urban Air жобасының авторы

«Шындықтан қаша алмайсың» акциясының басқа қатысушыларымен бірге 21 сәуірде полиция Ася Тулесованы да ұстады. Сол күні кешке сот болып, заңсыз митинг ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп табылды. Сот отырысында Ася Тулесова жүрек жарды сөзін айтты. Кейін оның сөздерін Қазақстан, Еуропа және АҚШ-тағы ниеттестік танытқан көптеген акцияларда белсенділер мен БАҚ өкілдері қолданды.

«2019 жылдың 17 сәуір күні көңіл күйім жайлы пост жазып, терең, қуатты және жалғызсырау сәтін бастап өткізіп (intense, powerful and draining) алда бірнәрсе боларын біліп күткендей пост жаздым. Сол жылы мен Марьям атты ортақ танысымыз арқылы Бейбарыспен танысып, саясат туралы көп әңгімелесіп, Le Janbyr-да сағаттап көк шай іштік. Бейбарыс маған қазақ тілін үйретіп жүргендіктен шала қазақшамды да іске қостым. Әртүрлі адамдар менімен әртүрлі тақырыпта сөйлесе бастады: біреулер өмірге өкпелі, біреуі бір нәрсе істеу керек деп жатты. Айналамда бұған дейін бір бірін танымайтын бірақ қазіргі жүйеде бірнәрсе дұрыс еместігіне қатысты ойлары бір жерден шыққан адамдар жинала бастады. Бұл жақсы әсер еді. Себебі әлсіздік пен үрейге шырмалып, қоғам үстіне төніп тұрған селқос күйдің ішінен өмір қуанышын көре бастадым. Ұзақ талқылап, акциялар ойластырып, түнгі Алматыда жүгіретінбіз. Бұл жігерімізді жанитын. Сосын «Шындықтан қаша алмайсың» сәті туды, қалғаны тарих. Өз сұхбатында Алибеков бізден осының бәрін жоспарлағанымзды мойындатқызғысы келді. Иә және жоқ. Біз бояуды, матаны, ұранды жоспарладық, бірақ содан кейін болғанның бәрі өз еркімен болды. Барлық сұраққа шын ниеттпен жауап бердік — радиотасымалдағыш тәрізді ауадағының бәрін жеткіздік. Қорықпау, қорықпай айғайлау, өз ойыңды айту керемет еді. Өзара бірігіп, немқұрайлық танытпай істеген ісімізге сенім білдіру керемет болды. Бір біріміздің қолдауымызды сезіну жақсы еді. Алғаш рет біздің еліміз бір-бірімен ісі жоқ айдалада шашырап жатқан шағын қалашықтар емес, ел екенін түсіндім. Біздің ұлттың ортақ құндылықтары мен өзара сенімі бар екенін түйсіндім. Алаңда жалғыздар көп екен. 

Қорықпау, қорықпай айғайлау, өз ойыңды айту керемет еді

2019 жыл көп өкінішпен қатар қуанышты өзгерістер де алып келді. Басқасы басқа біздің үкімет алдағы жылды не нәрсеге арнауымыз керек екенін жақсы біледі. 2019 жыл — жастар жылы деді, шынымен жастардікі болды. Бұған дейін ешқашан жас қазақстандықтардың батыл пікірлерін естімеппін. Соттағы сөздері, әндер, серуендер. Мемлекеттік басқару мен саясат енді ұзақ уақытқа is the new black атанып, назардан түспес деймін. 

Өткен жыл Қазақстанда ғана емес күллі әлемде қарсылық жалауымен өтті. Адамдар мемлекетті басқарып отырғандардың ақымақ шешімдеріне қарсы, билікті меншіктеуіне қарсы және таңдаудың болмауына наразы. Көп балалы аналар маршы, суретшілердің жалғыз ілікті митингісі — осының барлығы мыңдаған жанды ұстау мен қинаулар, Дулат Ағаділ өлімі. Сосын Арыс және бірінен соң бірі болып жатқан қорқынышты оқиғалар жемқорлыққа белшесінен батқан мемлекеттік жүйенің іріңдерін көрсетіп жатыр. COVID-19 пандемиясы да сіз бен біздің төзімімізді тексеріп, өмірдегі маңызды ұстанымдарды реттеуге көмектеседі деп үміттенемін. Қорқау билік түн жамылып азаматтық белсенді Әлнұр Ильяшевты тұтқындады. Бірақ әуелі олар «сені елемейді, сосын саған күледі, сосын сенімен күреседі, сосын сен жеңіске жететініңді» білемін. Солай өмір сүріп жатырмыз. «Биліктің ауысуы», «таңдаусыз сайлау», «тақтар таласы» туралы айтар едім, бірақ бұл маңызды емес. Маңыздысы – ішіміздегі үрейді жеңіп шындықты айтудан қорықпай өмір сүру. 

Өміріміздегі болып жатқанның бәрі рефлексияға себеп деп ойлаймын. Өмір көрсетеді. Жеке өз басым «Не ексең соны орасың» дегенге сенемін. Бәріңе амандық тілеймін.»

Бір жыл бойы Adamdar/CA «Шындықтан қаша алмайсың» акциясынан кейін белсенділер қозғалысының дамып, тұрақтанған негізгі шараларын хабарлап отырды. Барлық жарияланымдарды DOCA арнайы жобасының сілтемесінен көруге болады.

Жарияланған уақыты: 21 Сәуір, 2020 жыл