Тамыздың басынан бері Adamdar/CA сайтының негізін қалаушылардың бірі әрі редакторы Тимур Нусимбеков Украинада жүр. Ол орыс-украин соғысы басталғалы бері Украинаға ат басын тіреген алғашқы қазақстандық журналист. Тимур өзінің Телеграм-каналында өзімен жолыққан адамдар жайлы, оқиға, соғыс уақытындағы Украина келбеті жайлы баяндап отырады. Кей үзінділерді біз өзіміздің сайтымызда «Украина жазбалары» айдары аясында топтастырып беріп отырамыз.
***
Беттері күнге тотыққан адамдар ыстық күннің астында тынбай тырбанып жүр: күректерімен қабір қазып, адамдардың денесі мен табыттарын тасып, темірден соғылған православ крестін қабірлерге орнатып жүр. Сіңбіруге уақыт жоқ, әйтеуір бел жазуға бір сәт табыла қалса, қызыл кресі бар, алдыңғы әйнекке жапсырылған қара тақтайшаға «ГРУЗ 200» деп жазылған микроавтобустың жанына барып, құшырлана темекі шегеді.
Ақпан, наурыз айларында да олар қызу жұмыс істеп еді, қайтыс болғандарды жөнелту командасында емес, Киев облысын қорғаушылар қатарында болған, сол кезде олар мүйізденіп кеткен қолдарына күрек емес, Калашников автоматы, Кеңестік жүйеден қалған РПГ‑7 гранатометі және Америкадан келген FGM‑148 Javelin ұстап жүр еді. Олар Ресей танкілерін өртеп, көршілерін құтқару жолында ерікті боп, орктердің жаяу әскерін талқандап, басқыншылар алдында ЗСУ артиллериясының айбынын үстем етіп, Бучада, Ирпен, Гостомелде, Киев маңындағы қалаларда фашистермен шайқасты. 24.02-нен бері олардың достарын, көршілерін, туған-туыстарын РФ-ның қанқұйлы әскері жауыздықпен өлтіруде. Буча зиратында жүздеген әйел, ер, баланың портреті ілінген жас қабір пайда болды, күнін қарасаң, қанқұйлы 2022-нің лютий (ақпан), березень (наурыз) айлары. Мен сонда Қазақстанда да қаңтарда жас қабірлер көп болғанын есіме алдым. Мен сонда ақпан, наурызда жүздеген орыс әскері Бучада жасаған айуандығын одан сәл бұрын, қаңтарда менің туған қалам Алматыда да жасағанын еске алдым.
Бучадағы қабірде журналистер, документалистер, фотографтар өз жұмысын жасап жатыр: бірі жазып, бірі дерек жиып, бірі суретке, енді бірі видеоға түсіріп жүр.
Киевтен келген жас журналист-стажёр қыз:
— Фотограф болмағаным қандай жақсы болды. Сондай жақын бармасам да болады. Бұндайды көтере алмас едім… мына көргендерімнің бәрі жаныма жара салды, — дейді.
Мен оған оның жақын барып қойғанын, фотограф сияқты оның да жаны жараланғанын, тек оны сәл кейінірек, фотоаппарат ұстаған жаннан кейінірек сезінетінін айтқым келді. Мәтін жазуға отырған кезде, оқырмандарына соғыс дегеннің не екенін, Буча қырғынын, 24 лютийден (ақпан) бері Украина басынан кешіп жатқан жауыздық жайлы айтатын кезде бұл күй оны да билейтіні анық.
Ми қайнатар қапырық, ауа жетпейді, әйтеуір жел соқты. Желден украин орманының иісі аңқиды. Жел өлім иісін, өртеніп, күлі көкке ұшқан украин үйлерінің иісін, өртенген ресей танкі, БМП-сының иісін аулаққа әкетті. Жел бәріміздің үстіміздегі шаңды қағып, қаралық лентаны ары-бері жұлмалап, соғыста шаһит кеткендердің қабіріне белгі боп қойылған сары-көк туды желбіретті.
Сан профессия өкілі, мыңдаған украиндық қазір 2022-де жарық дүниемен қоштасқан жерлестеріне құрмет көрсетумен ғана айналысып жатқан жоқ, сондай-ақ олар айыптылар жазасын алуы үшін де жұмыс істеп жатыр. Қазір еріктілер қираған, зардап шеккен аумақтарға, фронттарға гуманитарлық көмек жеткізеді. Бұл іспен көбіне журналистер, фотографтар, соғыс құжатнамасын жинап жүрген, әскери қылмыстарды зерттеп жүрген құқыққорғаушылар айналысуда. Бұл іспен ресейдің бұзақы, қанішер армиясынан елін ғана емес, әлемді де қорғап жүрген, ТРО мен ЗСУ солдаттары айналысуда. Бұл іспен басқыншылар басып алған аймақта жұмыс істейтін, Буча, Мариполь, Донецкіде, одан өзге жүздеген тұрғын жайда айуандық жасағандарды іздеп тауып алып, жазасын беріп жүрген Қарсылық партизандары айналысуда.
Буча, Украïна
17 тамыз 2022, соғыстың 175-ші күні
Қазақстандықтар Украина тұрғындарына көмек бере алады. Оған қатысты ақпараттар мұнда:
Украинаның Қазақстандағы елшілігі
Қазақстанның Украинаға гуманитарлық көмегі ресми штабы
Қазақстанның Украинаға гуманитарлық көмегі штабы
Сондай-ақ Qańtar2022 волонтерлік жобасы туралы да ұмытпаңыз, ол #QandyQantar оқиғасында зардап шеккен қазақстандықтарға, осы оқиға барысында азапталғандарға және құрбан болған қарапайым азаматтардың отбасына қолдау көрсетеді.