Зира Наурызбай өзінің жаңа эссесінде Қазақстанның аса маңызды архитектуралық ескерткіші – Яссауи кешенінен алған әсері, бұл жердің шоқтығы несімен биік екені, оның күрделі конструкциясы, асқан шеберлікті талап ететін реставрация жұмыстары туралы және бұл орынды неге кесене деп атауға болмайтыны жайлы сөз қозғайды.
Тарихымыз бен мәдениетіміздің жауһары іспетті мына ғимарат таныс па? Сіз бұнда өмірі келіп көрмесеңіз де, оның суреті мен видеосын көргеніңіз хақ. Иә, бұл Қазақстанда орналасқан және жаңа салынған ғимарат емес. Кешеннің жалпы аяқталған мерзімі XIV-XV ғасыр тоғысына тұспа-тұс келеді, ал мына суреттегі портал XVI ғасырда аяқталған. Бұл ғимараттың ішінде тағы бір ғимарат бар, ол — XII ғасырда салынған кесене.
Танымадыңыз ба? Таңғалмаймын. Өйткені біз оны басқаша көріп үйреніп қалдық, ал бұл сурет — осы ескерткішті 1385 жылы салуға тапсырыс берген ұлы жаулап алушы әмір Темірдің кезіндегі жобаның реконструкциясы. Бірақ Темірдің көзі тірісінде бұл ғимарат салынып бітпеген еді, ол қайтыс болған соң тіпті тоқтап қалды. Құрылыстың жоғары жағын Шайбани ханы Абдолла аяқтады, ол ғимаратқа заман рухына сай өзгерістер енгізді. Порталдың формасы ғана емес, оның биіктігі де өзгерді: ғимарат әуелгі нұсқадан аласарақ соғылды. Басында мұнара ретінде жобаланған мұнаралар бекіністің қарауыл тұғырына айналды. Және порталдағы керамикамен жасайтын безендіру жұмыстары жасалмай қалды. Нәтижесінде ғимарат аскетикалық әрі сәл дөрекі көрінетіндей. Міне, мынандай:
Иә, бұл Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, бірақ мамандар бұл ескерткішті кесене деп атау қате дейді. Қараханидтер дәуіріндегі бейіттің үстіне тұрғызылған, түркілер сопылығының негізін қалаушы Яссауи мазары ғимараттың бір бұрышын ғана алып жатыр. Сондай-ақ бұнда кітапхана, жатақхана, асхана, құдықхана, мешіт және Эрмитаждан қайта алдыртқан тайқазан тұрған бас зал бар. Ал бұл зал жамағатхана – Яссауи ізбасарларының мәжіліс залы, кейінірек Қазақ хандығы тұсында – мәжіліс залы немесе тақ залы болған.
Мамандар бұл орынды ханака деп атаған жөн дейді. Алғашында ханака дәруіш сопылардың паналайтын мекені болған, бірақ бірте-бірте қоғамдық, саяси жиындар өтетін орынға, мектеп пен медресеге, қонақ үй, жатақхана, кітапхана, аурухана және т.б қызмет атқаратын ірі кешенге айналған. Ал біз сөз етіп отырған Түркістандағы ханака белгілі бір кезеңдерде Қазақ хандығының астанасы және дін қайраткерлері, көрнекті билеушілер мен жауынгерлер жерленетін пантеон – қорым да болған. Сонымен қатар шабуылдардан, жау әскерінен қорғанатын бекініс қызметін де атқарған. Бұның бәрі бір ғана ғимаратқа, нақтырақ айтсақ, бір-бірімен іркес-тіркес салынған және олардың бәріне ортақ жалғыз ғана күмбезі бар ғимараттар кешенінде топтастырылған!
Әдетте, мен сапар барысында гидсіз өзім ғана аралағанды жақсы көрем. Өйткені, шала сауат әрі дөрекі экскурсия жетекшілері жүйкеме тиеді. Сосын сол жердің рухымен танысу үшін өзіммен-өзім болғым келеді. Қожа Ахмет мавзолейін (қырық жылғы әдет қанға сіңіп кетеді екен) жас күнімнен білуші едім, өйткені анамның өзінен бірер жас үлкенірек құрбысы Тақыбаева Софья Сүлейменқызы осы ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмыстарына араласып, көне аңыздар негізінде мавзолей кірпіші мен мозайкаларын жасаған еді, ол кісі Құрылыс материалдары ғылыми-зерттеу институтында химик болып жұмыс істейтін. Орта ғасыр адамдары қолданған қыш «советский» қыштардан он есе мықты, тіпті Байқоңыр ғарыш айлағындағы ұшу алаңын қалаған кірпіштерден де сапалы болған. Мен С.С. Тақыбаваның «Тайны небесной глазури» (1987) кітабын оқып, ол туралы мақала жазғам, өзге де материалдарды қарастырып, кесенеге де бірнеше мәрте жалғыз келгем.
Бірақ мавзолей, нақтырақ айтсақ, ханака таңғажайып ескерткіш, сондықтан оны осы тақырыптың жілігін шағып, майын ішкен адамдармен бірге қайта аралағым келді. Және ханаканың кез келгенді кіргізе бермейтін ішкі жақтарын аралауды да үнемі армандадым. Ауа өткізгіштерді, жоғарыдағы терезе ойықтарын ішінен де, сыртынан да қарап, арманға ерік бердім. Қара басым үшін ғана емес. Қанаттаса кітап жазатын қосалқы авторым Лиля Калаус екеуміз ханака туралы интеллектуалды детектив жазуды ойға алғалы біраз болып еді, «Бату мен достарының бастан кешкен оқиғалары» циклді кітабымыздың кейіпкерлеріне Түркістанға «баратын» да кез жетті.
2022 жылдың 4 желтоқсанында Visit Turkistan компаниясының жетекшісі, қызметкерлерімен аймақтағы туристік маршруттарды сызып, гидтер дайындайтын Айко Төкеннің арқасында осы арманым орындалды. Ол музей директорымен келіскен соң, біз экскурсияға шықтық. Шынын айтқанда, директор ханаканың тек екінші қабаты мен шатырына шығуға ғана рұқсат берді, одан әрі жоғарыламауымызды ескерті, өйткені Түркістанда қар жауып, айналмалы баспалдақтар мен өткелдерде қатып жатқан қарға аяғың тайып кетуі мүмкін. Айко екеуміз шарлап келеміз, мұндағы тағы бір қызметкер француз елшісіне кесенені таныстырып келе жатыр.
Экскурсияны Айко кесенеден оңтүстік-батысқа қарай 100 метр кері шегініп барып бастады, дәл сол жерде 19 ғасырдың 70-ші жылдарының басында түсірілген фотодан ғимараттың ең мүшкіл кезін көруге болады. Бір қызығы,14-ші ғасырда салынған бұл кесене он тоғызыншы ғасырда, ағартушы ғасырында өте қатты мүжілген. 1846 жылы алғаш рет қоқандықтар бекініс орларын жапқан кезде, жер асты суларының деңгейі көтеріліп, ылғал қабырғаларды бойлап жоғары өрлеген. 1864 жылы орыс армиясы қоршауға алып, полковник Веревкиннің бұйрығы бойынша мавзолейді артиллериямен атқылаған, сол кезде бұнда 13 снаряд түсіп, қабырғалар мен төбелері опырылып, асхана күмбезі құлайды. Ғимарат ішіне су өтіп, қабырғаларда, әсіресе асхана бөлігінде жарықшақтар пайда болады. Оңтүстік-батыс жақтағы қабырға он градусқа қисайып, бүйір тұсынан тірек қойған.
Мавзолей мен оған іргелес тарихи ғимараттар казарма, қойма ретінде қолданылып, жанынан тағы басқа қоймалар салынған. Әскерилер жоғары басшылығына бірнеше рет мәлімдеме жасап, ханаканы сүріп, бұзып тастамаса, ол құлаған жағдайда «қазына мүлкіне зияны тиеді» деп, талап қойды. Бұл талаптары орындала жаздап барып, тек соңғы сәтте ғана кері қайтарылады. Ғимаратты қайта жөндеуден өткізейік дейді, бұл іс мұсылмандардың берген садақасы арқасында біртіндеп атқарылады. Мәселен 1910 жылы оқтың кесірінен құлаудың аз алдында тұрған төбесін жасады, бірақ күмбезін қайта орнатқан жоқ. Біртіндеп мемлекет те ханаканы қайта қалыпқа келтіру жұмыстарына араласа бастады, бірақ бұл түрлі кезеңде, реставрация мақсатын түсіну деңгейіне және алуан көзқарасқа сәйкес әрқилы жүргізілді.
Түркістандағы ханака шынымен ғажайып: бұл тимуридтер сәулет өнерінің уақыт бойынша алғашқы ірі туындысы ғана емес. Бұл әмір Темір дәуірінде соғылған ескерткіштер ішінде бастапқы қалпын түгел дерлік аман сақтап қалған жалғыз ескерткіш. Содан 14 жылдан кейін құрылысы басталған, көлемі жағынан Әзірет Сұлтан мешітіне тең келетін Самарқандағы Бибі Ханым мұнаралы мешіті ешқандай атыс-шабыс, әскери іс-қимылдар көрмей-ақ, табиғи себептермен қирап қалды. Уикипедияда да ол жайлы: «XX ғасыр аяғында қирандылардан қайта қалпына келтірілген» деп екіұшты жаза салған.
Өзбекстанның көптеген тарихи ескерткіштеріне реставрация жасалған, бірақ оны қайта өңдеу деуге келе ме екен, әйтеуір, жөн білетін мамандардың көңілі толмайды, қайтадан салып шыққандай әсер береді:
«Биыл бұнда кешенді қайта өңдеу жұмыстары аяқталды, енді „Бибі Ханым“ жаңарған кейіпте туристерді қабылдай алады. Төрт мешіт қайта жөндеуден өтті, бірақ олардың кейбіреуін заманауи архитекторлар мен инженерлер жаңадан салып шықты десе болады… Мамандардың айтуы бойынша, Самарқандағы көптеген қирап қалған тарихи ескерткіштерді реставрация жасалған деп айтқанмен, оларды қайта өңдеуден өткен дегеннен гөрі, басынан бастап қайта салынған десе болады, барлық тарихи құндылығынан айырылып қалған… одан да түпнұсқа болмысын әр әфсанаға еріп, әр қилы өңдегенше, қирандыларды сол күйінде сақтап, көне дәуір мұрасы десе жарасар еді… Самарқандағы реставрация жұмыстарын сынаған бірнеше мақала авторы, тарихшы Ташпулат Рахматуллаев IWPR-ға берген сұхбатында: „Көне ескерткіштерді қайта жасау — биліктің тарихқа немқұрайлы көзқарасын көрсетеді. Шенеуніктер жалт-жұлт етіп, көздің жауын алған нәрсенің бәрі тарихи құнды жәдігер емес екенін түсінер емес“ дейді. Сондай-ақ сыншылар құрылыс фирмаларының бұл салаға құлшыныстары қатты болуының себебі — қып-қызыл ақшада екенін, өйткені мемлекет реставрация жұмыстарына жыл сайын бюджеттен 400 млн. доллар бөлетінін айтады».
Бұл цитатаны Түркістандағы әмір Темір дәуірінен қалған түпнұсқа ханаканың қаншалықты ғажайып екендігін көрсету мақсатында келтіріп отырмын. Сол сияқты бізде де көптеген тарихи жәдігерлер осылай «реставрацияланаты» да рас. Түркістандағы ханаканы жермен жексен етіп сүріп тастап, заманауи технология көмегімен «қайта қалыпқа келтіруді» қолдайтын шенеуніктер бізде де бар. Мүмкін ханаканы зерттеп, сақтауға бар өмірін арнап жүрген ғалымдарың шеттетіліп жатуының себебі осында шығар? Ғимараттың күрделілігі сондай, ескеруге тиіс ерекшеліктер өте көп, оның архитектурасы, тарихы, жүргізілген жұмыстары туралы білім институтционалды түрде берілуі керек. Бұл жоқ, сондықтан эксперттер мыңжылдықтар тоғысында реставрация жасаған түріктерді сынға алады. Мәселе түрік құрылысшыларының тарихқа жүрдім-бардым қарағаны ғана емес. Бұндағы айтпағымыз қайта қалпына келтіру кезінде лайықты материалдардың / композициялардың қолданылмағаны, нәтижесінде күмбездер, күмбезаралық кеңістіктегі қуыстар сыз тартқан. Түріктер мавзолейді қатты темір-бетоннан жасалған қадаға «отырғызып», бекіткен, бірақ бұл керісінше жер сілкінісі кезінде осалдық танытуы мүмкін. 20 метр тереңдікке кеткен темір-бетон қадалар мықты қабатқа бекілітілген, бірақ ылғалы көп қабаттардан өтетіндіктен әрі лайықты гидроизоляция жасалмағандықтан, ғимараттың одан әрі сыз тартуына әкелуі мүмкін. Ханаканы қалай сақтау керегі жайлы ілім-білімге бар өмірін арнаған адамдардың барына шүкір. Бейсембаева Ләззат Серікбайқызы бұл білімді Тұматаева Баян Тұяқбайқызынан үйренген, бірақ Қазреставрация жүйесі бойынша ғалымдар құрылысшыларға бағынады, керісінше емес.
Айко Төкенге ілесіп айналмалы баспалдақпен жоғары көтеріліп келе жатып, ханака шатырын шарлап жүріп, ғимарат шатырында емес, көшелері бар, мешіттері, күмбездері, өткелдері, бекініс қабырғалары бар (олар шатырдан да жоғары етіп өрілген) ортағасырлық қаланы аралап жүргендей сезінесіз. Парсы шеберлерінің керемет өнеріне (қабір күмбезінің үстінде «Шәмсі мен Әбд әл-Уахаб Ширази әл Банн жасаған» деген жазу бар), олардың сұлу сезіміне, қиялы мен есебіне тәнті боласыз. Иә, кей нәрсе уақыт ағымымен бірге өңделді.
Айко екі күмбез: жамағатхана күмбезі мен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің үстіндегі күмбез көлемін әмір Темірдің өзі бекіткен дейді. Қалған өлшемдерді архитекторлар осы параметрлерге сай есептеп шығарған. Ұлы жаулаушыға гигантомания тән еді, сондықтан әмір Темір дәуірінде сейсмикалық аймақтарда салынған ескерткіштердің әуелі күмбезі мен порталдары құлаған. Түркістандағы құрылыс басына Темірдің өзі бірнеше рет қана ат басын тіреген, құрылыс барысын оның әйелдерінің біреуі қадағалаған (мүмкін сондықтан да алғашқы жобасына түзетулер енгізіп, ескерткіш аман қылған шығар?). Құрылысшылар негізгі күмбез отыра бастағанын байқаған соң, оны ұстап тұрған төбелерді нығайтып, күмбез биіктігі мен көлемін кішірейткен, қазір оның диаметрі 22 метр. Айта кетейік, бас күмбез қос қабатты: ішінен қарағанда, қазандықтың төбесінде сталактиттері бар үшкір конус тәрізді күмбезді көреміз, ал сырты дөңгелек пішінді. Күмбез сыртынан да, ішінен де үйлесімді көрінуі үшін әдейі осылай жасалған. Күмбездің қос қабатының арасында құрылыс арқалықтары бойымен адамдар жүретін бос кеңістік бар.
Портал Темірдің көзі тірісінде емес, кейінірек екі ғасырдан соң аяқталды, оның жоғары жағы жоспарлағаннан аласа боп салынған. Солай кездейсоқ па, жоқ па, әйтеуір Темір дәуірінде салынған сәулет өнерінің екі осал тұсы түзетілді. Тағы бір қызығы ханаканың сейсмологиялық төзімділігінің бір себебі — оның іргетасының болмауында. Сондай-ақ ғимарат жер сілкінісі бола қалған жағдайда, жеке-жеке тербелуі үшін дербес бөліктерден тұрады. Олардың бәрі күмбездер арқылы жалғасып жатыр.
Көшпенділердің ықшам тұрмысына деген махаббатыма, киіз үй архитектурасының кемелдігіне тәнті болуыма қарамастан, Түркістандағы ұлы ғимарат — ханаканың жанында өзіңді кем сезінеді екенсің. Көшпенділер құрылысқа тапсырыс береді, ал оны парсы шеберлері жасайды. Бірақ кесене шатырын әрі-бері аралап жүріп, анда-мұнда көрініп тұрған шағын күмбездер көне қорғандардай көрінген соң, архитектураға күмбез киіз үй арқылы келген шығар деген үміт пайда болады. Ханаканың бас күмбезі кереге қанаттарын уық арқылы біріктіріп тұрған шаңырақтай бәрін біріктіріп тұр. Осындай ауқымды құрылысты іргетассыз салу идеясы да көшпенділерден алынған болар?
«Діни ғимараттардың конструкциясын таңдау кезінде жер сілкісіне төзімді болу жағы ескерілген (іргетасы терең, негізі жұмсақ саздан, белағаш-бөренелердің топсалы бірігуі, ағаш жақтаудың мықты байланыстары), бұл ғимараттардың пішінінде де көрініс тапқан ...»
— Л. Ю. Маньковская, «Типологические основы зодчества Средней Азии (9-20 вв.)»
Самарқандағы Бибі ханым мешіті әуелде өзі тектес барлық ғимараттардан озық болуы керек деп жоспарланыпты. Алайда, ортағасырлық шеберлерде ондай алып ғимарат салуға қажетті технологиялар мен материалдар болмады, сонымен қатар олар сейсмикалық қауіпті де ескермеген. Сынық тастардан терең етіп құйылған іргетас, кірпіштен қаланған қабырғалар «Бибі ханымды» құтқара алмады. Бірақ көлемі жағынан салыстыруға келетін және одан да ертерек салынған Түркістандағы Яссауи ханакасы қабырғалары су тартып, артиллериялық оқ астында қалғанына қарамастан аман қалды. Әрине, Түркістан Самарқанға қарағанда жер сілкісінісі аз аймақ. Бірақ Темірдің көзі тірісінде-ақ Самарқандағы ғимарат мүжіле бастады, жарылған жерлерден сырғыған тастар міннәжат қылушылардың басына түседі. Дәл осы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі антисейсмикалық технологияларды қолданудағы ең сәтті тәжірибелердің бірі болды. Әлде мәселе тек технологияда емес пе екен?
Аңыз бойынша, ханаканың құрылысы басталғанда, іс оң болмады, кейін салғаны да қирады. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінен бұрын оның ұстазы Арыстан-бапқа кесене салу керек деген аян келеді. Сол аян орындалады. Дегенмен, бұл жердің өзінде де бір қасиет бар сияқты. Өйткені, барлық қауіп-қатерге төтеп берген тек ханака емес. Одан 600 метр қашықтықта біздің дәуірімізге дейінгі 1-2 ғасырда балшықтан / шикі кірпіштен салынған қаланың әлемдегі ең көне қамалдарының бірі бар: астыңғы қос қабатында ғибадатхана мен үйлердің есіктері мен терезелері, ғимараттар арасындағы жабық өткелдері бар. Бірақ бұл Күлтөбе бөлек әңгімеге лайық.