Біз Кембридж университетінде сабақ беретін, Лондоннан шыққан суретші әрі академик Элеонор Дэрді Фицуильям музейіндегі жаңа көрмені көруге шақырдық. Adamdar/CA ұсынған келесі мақалада Элеанор сақ мәдениеті, Шығыс Қазақстандағы ежелгі символдар мен мағыналар және мұның барлығы бүгінгі заманмен қаншалықты байланысатыны жайлы сөз етеді.
Gold of the Great Steppe (Ұлы дала алтыны) — Қазақстан сақ мәдениеті жәдігерлерінің үлкен көрмесі. Көне жәдігерлер Шығыс Қазақстандағы ақсүйек сақтардың қорғандарынан, Берел, Шілікті және Елеке Сазы қорымынан табылған. Қорғандарды қазу барысындағы табылған заттардың көбісі біздің эрамызға дейінгі 2700 жылдарға тиесілі, бұлар жоғары шеберлік пен материалдарды керемет игерудің көрінісін көрсетеді. Сол материалдардың кейбірі жүздеген километр қашықтықтағы жерлерден әкелінген, ал бұл бізге Жібек жолы феномені арқылы таныс материалдық мәдениет желісін көрсетсе керек. Көрмедегі көптеген жәдігер жануарлар мен өсімдіктер және мифологиялық жаратылыстар бейнесін көрсетеді, осылайша көрмеге келушілерді кешенді символизм туралы ойлануға, осы тақырыппен өзара әрекеттесуге шақырады. Кембридж қаласындағы Фицуильям музейінде (Fitzwilliam Museum) өтіп жатқан көрме 2021 жылдың 28 қыркүйегінде басталып, 2022 жылдың 30 қаңтарына дейін жалғаспақ. Көрмеге келушілерге арналған Сақ мәдениеті мен оның бай символдары әлеміне апаратын ауқымды экспозиция екі залға орналастырылған.
Бірінші зал Қазақстанның биік таулары мен кең даласын таныстыратын пейзаж суреттермен тақырыптық бөлімдерге бөлінген. Бүкіл көрмеде көздің жауын алатын заттар костюмге айналғаны турасында көрсететін мистикалық түрдегі манекендер орналастырылған; олардың ашық беті мен биік бас киімдері бір мезетте қазіргі заман мен ежелгі әлемді көз алдыңызға әкеледі, құс қауырсынымен көмкерілген бас киім мен аң терісінен тігілген жаға жартылай робот немесе андроид, жартылай сиқыршы не шаман бейнесі іспеттес.
Адамдар мен жануарлар символдарын жиі біріктіру адам мен жануарлардың мәдениетте қаншалықты бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетеді, ат, арқар (тауешкі), құстар, гүлдер, қой, бұғы және гиппогрифтар сияқты мифологиялық жаратылыстар бейнеленген жәдігерлер мен жер асты қорымдары мұны айғақтайды, олар көбінесе өз ретімен орналасады. Көрме қабырғасындағы алтын сызықтар қазақ жерінің ландшафтын, уақыт ағымын, бұған қоса әлеуметтік байланыстардың беріктігін көрсетеді. Сол байланысты 2019 және 2020 жылы Британ кеңесінің Crafting Futures жобасы аясындағы зерттеу жұмысы барысында толық аңғардым. Crafting Futures —Британ кеңесі (British Council) мен Британ зерттеулер мен инновациялар орталығының Жаһандық мәселелерді зерттеу қоры (UKRI GCRF) қаржыландыратын жоба, ол материалдық және материалдық емес қолөнер тәжірибелері мен мұрасына жаһандық қатер төндіретін мәселелерді шешуге бағытталған. Жобаның Орталықазиялық бөлігі Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің түрлі қолөнер шеберлері мен зерттеушілерімен бірге жұмысты қамтыды. «Ұлы дала алтыны» көрмесінде таныстырылған көп дүние Crafting Futures жобасын еске салады, әсіресе қолөнершілердің өз жұмысында көрсететін терең білімін айта кету керек. Уақыт өте келе қолөнер тарихи, мәдени, рухани және экзистенциальдік мәнге ие екеніне көзіміз жетіп отырды. Біз жұмыс істеген шеберлердің көбі қолөнерді аса мән беруді қажет ететін көшпенділердің құндылығы, адам, табиғат және жануарлар әлемі арасындағы қарым-қатынас этикасы ретінде түсінеді.
Көрмеге бармай тұрып біраз уақыт бұрын Кембридж университетінің педагогика факультетінде медиа-аналитика бойынша семинар өткізген едім. Мұнда біз объектілерді талдаудағы семиотикалық көзқарастарды қарастырдық, басқаша айтқанда материалдық және символикалық мәдени жәдігерлердің мәнін түсінуге тырыстық. Семинарға қатысқан студенттердің жасы сақ жеткіншектерінен немесе Елеке Сазы қорғанында жұбымен жерлеген қорымдағы «ақсүйек жастардан» кішкене үлкенірек болды. Қорғанға көмілген қыз 13-14 жаста болса, ер баланың жасы 18-де еді. Олар бұғылар бейнеленген жеті алтын айылбаспен бірге жерленген болатын. Көрме каталогында айталғандай, бұл да сақтардың бұғыға ерекше құмарлығын көрсетеді. Бұғылар қозғалыста тұрғандай, былайша айтқанда «аңдар стилінде», сонымен бірге Сібір лазуриті мен қазақтың көгілдір ақық атты асыл тасымен көмкеріліп бейнеленген. Олардың мағынасы күрделі әрі жан-жақты, себебі ол прагматикалық және киелі символдармен ұштасады. Ал бұл оның азық ретіндегі маңызынан да жоғары, яғни басқа жануарлар мен материялармен тығыз байланысы туралы айтады.
Көрме мен оның әдемі каталогы сақтардың аттар мен адамдарды бірге жерлеу дәстүрін таныстырады. Каталогтағы суреттердің бірінде адам аттан ажырамайтынын көрсететін сүйектердің шүйкесі бейнеленген. Аттарды жерлеуге қаншалықты көңіл бөлінгеніне қарай отырып, оның сақ ақсүйектері мәдениетіндегі маңызын аңғару қиын емес. Аттар көбінесе жерлеу рәсімінде орындалатын түрлі процесстер, тәжірибелер, ғұрыптардың ажырамас бөлігіне айналған. Бірақ бұл көрме аттың осындай маңызды салмақтылығынан гөрі оның қаншалықты жеңіл екендігін сездіреді. Бұл экспозицияда алтынға басымдық берілген, ал ол қой, ат және бұғылар дәріптейтін гравитациядан алыс биіктік пен икемділік сезімін көрсетеді. Көп жәдігерде қозғалыстағы бұғы бейнесі бейнеленген, ал таза алтыннан жасалған арқарлар немесе тауешкілер таудың шыңында жайғасқандай не өзге тылсым әлемге орналасқан іспеттес алтын бұлттарға көмкерілген. Басқа экспонаттарда аяқтары жерге тиер тиместей жүгіріп бара жатқан гибрид жануарлар бейнеленген, осылайша жеңілдік пен жылдамдық әсері одан бетер арта түскен.
Көрме «символдардың бай тілін» сипаттай отырып, біз өз өміріміз бен ондағы мәселелерді тарихи мәдениетке проекциялайтынымызға мән береді. Бұл жұмыстан «табиғатпен терең байланысты» және «оның керемет ортасы туралы терең пайымдауды» көруге болады. Кембридж университетінің аудиториясында дизайнерлердің өз жұмысын өмірге әкелуде жасайтын таңдауы турасында сөз еттік, әрине көрме экспонаттарын қарау барысында бұл сұрақ қайта туындады. Олардың таңдауы, шешімі адам жасаған кез келген зат не идея туралы тереңірек айтып береді, одан біз адамдарға не маңызды екенін ұғынамыз, бірақ ежелгі артефактілерге келгенде біз дәлелденген болжамдар мен проекцияларға сүйенуге мәжбүрміз.
Отбасылық бағыттаушы брошюрада балаларды белгілі заттар туралы сұрақтар қоюға шақырады, осылайша олар сол заттарды кезінде жасаған және пайдаланған адамдарды түсінуге тырысады делінген. Балалардан бұл артефактілер қалай жасалуы мүмкін екені жайлы, бұл заттар соларды пайдаланған жақын жерден табылды ма, әлде алыстан әкелінді ме, соған мән беру талап етіледі. Менің серіктесім — археолог, ол да материалдық мәдениетке қатысты осындай сұрақтар қойылатынымен келіседі. Сонымен қоса біз бұл заттарды оларды пайдаланған адамдар жасады ма, әлде оларды арнайы шеберханада тәжірибелі қолөнершілер жасады ма, соны да сұрай аламыз. Бұл заттар нені білдіреді, неліктен олар қорғанға орналастырылды, соңғы рет оларды қандай күйде көрді және ол қалай пайдаланылды, жерлеу рәсіміне кім қатысты? Археологтар өз білімі мен аналитикалық тәсілдер мен қорытындыларға қанша сүйенсе де, олар да біз секілді тек болжам жасай алады. Зейнолла Самашев секілді археологтар қазба жұмыстары мен Шығыс Қазақстандағы ұлы қорғандардан табылған мыңдаған объектіні каталогқа жинау үшін ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді. Ежелгі мекендерден табылған артефактілерді талдау барысында заманауи технологиялар қолданылғаны белгілі.
Берел, Шілікті және Елеке Сазы қорғандары осынау шексіз кеңістікте ғарыш кемесі сияқты жоғарыға көтерілгендей болады, бәлкім, олардың Ұлыбританиядағы Стоунхендж сияқты жер үстінде қаншама миль бойы басымдыққа ие болған символикалық күші болған болар. Осылайша Англиядағы Саттон-Ху немесе бүкіл Скандинавия бойынша жер астында қалған кемелер сияқты басқа да жерлеу кешендері секілді маңызды орын мен арна болуы да әбден мүмкін.
Көп мәдениетте аттар да, кемелер де — киелі мән-мағынасын айтпағанның өзінде қозғалыс, күш, шеберлік және эстетикалық әсерді дәріптейтін мықты символдар. Аттар мен кемелерді адамдармен бірге жерлеудің өзі жерленген адамның жанынан табылған алтын бұйымдар сияқты құндылығын көрсетеді. Әрине, алтын азық та, киім де болмайды және ол сақтардың күнделікті тұрмысының кішкентай ғана бөлігін таныстырады. Екінші залда көп жыл бойы қолданылған қол диірмені, дақылдарды ұсақтайтын немесе дәндерді ұнға айналдыратын тастар, сонымен бірге қолмен өруге арналған ұршық және киіз ертоқым таныстырылған. Маталар мен басқа да органикалық материалдар металдар секілді жақсы сақталмағандықтан қорғандарда көп нәрсе жетіспейді. Осы тұста «кім немесе қандай зат мұнда жоқ» деген сұрақ туады. Ақсүйектерге тиесілі металдан жасалған бағалы әшекейлер жақсы сақталған, осылайша қарапайым халық тұрмысы мен олардың ұзақ уақыт сақталмайтын бұйымдары белгісіз болып қалып, ойландыра түседі.
Қалайша мұның барлығының заманауи бірегейлік пен мәдени мәселелерге қатысы бар? Сақтар мәдениеті бүгінгі біздің заман жағдайымен ұштасатын кеңістік, материалдар, жергілікті жер туралы түсінікті көрсетеді деп айту тым артық проекция болмай ма? Ауқым бойынша бұл байланысты жоғалтып алғандықтан оның түбі катастрофаға әкелген еді. Осы себепті де болады деп ойлаймын.