Бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Көкжайлау курортында құрылыс жүргізу ісіне қатысты ресми түрде мәлімдеме жасап, соңғы нүктесін қойды. Бұл мәлімдеме – Алматының басты шатқалы Көкжайлауды сақтап қалу үшін күресіп жүрген экология белсенділерінің жеңісі.
«Бүгін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Яғни Көкжайлаудағы шаңғы курортының құрылысына. Бұл бізге қажет емес. Әрі бұған барлық кәсіби экологтар мен зиялы қауым өкілдері де қарсы шығып отыр», – деп мәлімдеді Қ. Тоқаев.
Сарапшылардың пікірінше, бұл бірегей демалыс аймағына арналған құрылыс жоспары толықтай тоқтағанын көрсетеді. Көкжайлау құрылысына салынған тыйым – Қазақстандағы экология белсенділері жұмысының жемісі.
Көкжайлауға төнген экологиялық қауіп 2010 жылдардың ортасында «Көкжайлауды қорғайық» (Save Kok-Zhailau) атты тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі экологиялық қозғалыстың пайда болуына түрткі болды.
Қозғалысқа еліміздегі әртүрлі қала тұрғындары мүше болды. Сонымен қатар Герольд Бельгер, Ажар Жандосова, Светлана Спатарь, Вадим Борейко, Паша Кас сынды белгілі тұлғалар, Қазақстанның көрнекті ғалымдары, экологтар, жазушылар, суретшілер, журналистер аталмыш қозғалысқа қосылды. Сарапшылар мен экология белсенділерінің жұмысы Қазақстанда ғана емес, БҰҰ Орхус конвенциясы аясында халықаралық деңгейде де қолдау тапты.
Көкжайлау құрылысына ресми түрде тыйым салғызу – «Невада-Семей» антиядролық қозғалысынан кейінгі Қазақстан азаматтық қоғамы мен экология белсенділері қол жеткізген үлкен жеңіс.
Анықтама
Көкжайлау — еліміздегі ең ірі қала және мәдени астанамыздың жоғары бөлігіндегі Кіші Алматы мен Үлкен Алматы шатқалдарының арасындағы 1000 гектар алқапты алып жатқан көрікті шатқал. Көкжайлауды сирек кездесетін аңдар мекендейді және ерекше қорғауды қажет ететін өсімдіктер әлемі бар. Мәселен, қар барысы, тау қызғалдақтары, Сиверс алмасы, Тянь-шань шыршасы, Шренк шыршасы және флора мен фаунаның т.б. сирек түрлері кездеседі. Көкжайлаудың экологиялық ерекшелігінен бөлек, Қазақстанның мәдениет және қоғам қайраткерлерінің, соның ішінде танымал әдебиетші Герольд Бельгердің пікірінше, Көкжайлаудың сакральді мәртебесі болғандықтан, қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше қамқорлыққа алынуы қажет.
Көкжайлау шатқалын Іле Алатауы ұлттық паркінің құрамынан шығарып, ол жерге құрылыс жұмыстарын жүргізіп, курорт салу жоспары сол жердің тұмса табиғатының жойылуына тікелей әсер етпек. Сонымен қатар ол Алматы қаласы мен өңір экологиясына қауіп төндіреді.
«Қоғам өкілдерін әділ шешім қабылдау процесіне және қоршаған орта мәселелеріне қатысты ақпаратпен қамтамасыз ету» (Орхус конвенциясы) атты БҰҰ ЕЭК Конвенциясының орындалу мәселелерін қадағалайтын комитет «Көкжайлау» тау шаңғысы курорты құрылыс жобасына қатысты шешімдер Конвенция шарттарын сақтамай қабылданғанын анықтады.
Көкжайлаудың ерекше табиғатының жойылу қаупі туындағандықтан, «Көкжайлау» жобасын тоқтатып, аймақта ағаштардың кесілуіне жол бермей, Іле-Алатау ұлттық паркі құрамына қайтару үшін экология белсенділері мен эко-ұйымдардан құралған топ арнайы қозғалыс құрды.
Көкжайлауды сақтап қалуға қатысты үндеуге 30 мыңнан аса адам (21.11.2018 мәлімет) қол қойды.