Қарашаның басында қазақстандықтар, эко-белсенділер мен саяхатшылардың дабылынан соң, Маңғыстаудағы ерекше шатқал Бозжыраға қонақ үй салу қаупі төніп тұрғаны белгілі болды. Экология белсенділері мен сарапшылары Бозжыра құрылысының заңға қайшы тұстары көп екенін және қоршаған орта мен тұрғындардың өміріне әсер ететін қауіпті салдары бар екенін хабарлады.
Бірқатар қазақстандық және шетелдік сарапшы ерекше шатқалға табиғи, туристік, экономикалық және экологиялық қауіп төніп тұрғанын айтады. Adamdar/CA сұрауы бойынша, Зира Наурызбаева Бозжыра аймағының мәдени ерекшелігі мен тылсым табиғаты жайлы айтып берді.
Зира Наурызбаева — мәдениеттанушы, жазушы, қазақ мифологиясының негізгі зерттеушілерінің бірі, философия ғылымдарының кандидаты, «Қазақтың мәңгілік аспаны», «Төрт бұлт» және т.б. кітаптардың авторы.
Мифолог, тарихшы және лингвист Серікбол Қондыбайдың (1968 — 2004) жүзге жуық атау жазылған Маңғыстау топонимикасы бойынша нұсқаулығынан «Бозжыра» деген сөзді таппай, таң қалдым. Алғашқы мамандығы бойынша географ Серікбол «Маңғыстау ландшафтарының эстетикасы: туризмді дамыту перспективалары» атты дипломдық жұмысын 1991 жылы жазған. Туған өлкесі жайлы тағы бірнеше зерттеуі бар, алайда Бозжыра оның назарына ілікпепті. Бұл өлке туралы Маңғыстау аймағы бойынша бірнеше маманнан сұрадым, олар да бір кездері аң аулауға арналған тұзақ — «арандардың» көп болғанынан басқа таң қаларлық ештеңе айта алмады.
Маңғыстау қазақтарының Бозжыраға назарын да салмайтыны алғашында көңілімді түсірді, кейін ойландырды. Бозжыра атауының өзі үшкір шоқы (Үстірттің тік қырлары) немесе оғаш біткен тау қалдықтары дегенді білдірмейді. «Жыра» — «ойпат, құлама, жар», яғни бұл аймақтың қалыптасуына негіз болған геологиялық процестерді меңзейді. «Боз» — «ақшыл, сұрғылт, ақшыл-сұр» дегенді білдіреді, сондай-ақ «селеу», «сортаң» деген мағыналары бар. «Боз» сөзі «ымырт, екі күй арасындағы өтпелі кезеңді» сипаттау үшін де қолданылады, мысалы «бозбала», «бозғылт» (күңгірт, сұрғылт), «бозалаң» (таңсәрідегі уақыт). Яғни Бозжыра — шатқалдың шоқы мен тау қалдықтарының арасындағы алқап атауы.
Неге басты назарға алқапты алып тұр? Мүмкін оғаш тау қалдықтары мал жайып, көшіп-қонуға ыңғайсыз болғаннан шығар? Әлде мұнда заманауилықтан бөлек эстетика принциптері бар ма? Бұл туралы ойланып отырғанымда С.Қондыбайдың 18-ғасырда қазақтардың Маңғыстауға көшкені жайлы тарихи аңыздардың бірін суреттегені есіме түсті:
«Қазақтар, Үстірт бойын жағалап отырып Қаратүйе құламасына, Ман-атаға жеткен. Үстірт қырына жақындап, төмендегі ойпатқа қарайды. Алыстан, шаңды дауыл арасынан, Отпан тауының сілемдері көрінді. Батырлардың біреуі, алыстағы тауға қарап, жанындағы серігіне: „Аттан түсіп, екі уыс топырақ әперші“, — деді. Серігі сұрағанын алып берді. Батыр топырақты аспанға шашып жіберіп, үстіндегі қара шапанын жерге тастады да жолдастарына төмен қарай шабуды бұйырды. Олар Ман-атаға барар жолдағы жазықпен келе жатқан. Жауынгерлердің біреуі батырдан, жаңағы әрекетінің мәнісін сұрады. Сонда батыр: „Отпан тауының шыңынан түркмен қарауылдарын байқап қалдым. Олар да бізді көрген болу керек. Сол үшін алыстан бұлдыраған қара бейнелерді қара құс деп қабылдасын деп, екі уыс топырақты шаштым да, қара шапанымды лақтырдым“, — деген екен».
Серікбол әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтады. Себебі Ман-ата мен Отпан қарауыл шыңының арасы шамамен 100 шақырым. Бірақ «Еділ» эпосы сюжетімен ұқсастығын талдап мынадай қорытынды шығарған: «Қазақтардың Маңғыстауға келуі жайлы аңыздан «жер асты әлеміне саяхат» мифологиясының мотивін көруге болады. Өйткені қарақұстың міндеттерінің бірі — о дүниені күзету. Бұл тылсым жер асты әлемі — қайтыс болған бабаларының әлемі еді.
Үстірт атауының түбірі «Үст» — яғни «беткі беті, беткейі, үсті» деген мағынаны білдіреді. Қазақтар кейде «қыр» деп те атайды. Үстірттен жазыққа түсетін жолды «құлама» дейді, түбірі «құлау». «Жығылған» — Каспий теңізінің мысы ғана емес, мұндағы бір алқаптың атауы. Жиі кездесетінін жергілікті топонимдердің бірі «ой» — «ойпат, ойыс, қуыс» деген мағынада қолданылады, «ою» етістігімен байланысы бар. Жергілікті тұрғындар туған өлкесін «түбек» деп жиі атайды, ол «түп» деген сөзден шығады. Осы атаулардың бәрі, бір жағынан аймақтың географиялық ерекшеліктерін көрсетсе, екінші жағынан Маңғыстаудың «жер асты әлемі» деген мифологиялық бейнесін айқындайды. Бұл да жер асты мен жер үстінің, Үстірттің жайлауы мен Маңғыстаудың қыстағының мәңгілік қақтығысы сияқты.
Үстірт пен ойпат шекарасындағы Бозжыра — Маңғыстау мозайкаларының бір бөлшегі. Біз тау қалдықтарына назар аударсақ, бабаларымыз алқаптарға қараған. Мүмкін асты, үсті деген түсінік те біздің Бозжыраға төменнен, яғни ойпаттан, ал бабаларымыз оны үстінен, Үстірт қырынан қарағанынан болар? Әлде бұл айырмашылықтың артында біз түсінбейтін тағы себеп бар ма? Бір қарасаң аң терісіндегі сұлу қызды, бір қарасаң шарқаттағы кемпірді көретін сурет сияқты. Немесе ою-өрнегі бірдей, бір-біріне еніп, араласып жататын қазақы орнаменттерге ұқсайды.
Маңғыстаулықтар үшін тағы бір маңызды ұғым — «шыңырау». Қазақ тілінде «шыңырау» аспан күмбезін және жер тұңғиығын бір мезетте қамти алатын, амбивалентті көне сөз. Сондай-ақ үш әлемнің арасында (аспан, жер беті, жер асты) самғайтын Самрұқ немесе Алып Қарақұсты «шыңырау» деп атайды. Маңғыстауда өлке тіршілігіне нәр беретін 60-90 метр, кейде одан да терең құдықтардың да осындай атауы бар (Әбіш Кекілбайдың құдық қазып жатқанда қайтыс болған әйгілі құдыққазушы жайлы әңгімесі бар). Аймақтың асты үстін қамтыған мифологиялық модель осы ұғымнан да көрініс табады.
Маңғыстаудың тағы бір атауы — 362 әулиенің жері. Аңызға сенсек, әулиелердің көбі ислам дінін насихаттау үшін Түркістаннан Бастысқа жол тартқан Қожа Ахмет Яссауйдің шәкірттері болған. Тағы бір себебі — діндар адамдар өмірінің соңында, топырағым Меккеден бұйырсын деп, қажылыққа баратын болған, бірақ жол теңізге тіреліп, шөл даламен айналып өтетін кезде қазақ жерінің оңтүстік батысында қаза тапқап. Мифология тұрғысынан қарайтын болсақ батыс, теңіз — қайтыс болған бабаларының мекені, о дүниемен байланысты. Қазақтардың ата-бабаға қалай табынатынына қарап, бұл жердің қандай қасиетті екенін түсінуге болады.
Зерттеуші Серікбол Қондыбайды, өмірден озған соң, Маңғыстаудың 363-әулиесі деп атай бастады. Ол «Маңғыстаунама» кітабында түбек кейпінің тарихтың әр кезеңінде қалай өзгергенін, 1960-70 жылдары КСРО-ның түкпір-түкпірінен пайдалы қазбаларды өндіріп, АЭС салу үшін мамандар жиналғанын жазады. Келушілерге бұл «романтика мен экзотикаға толы, игерілмеген, жапан дала» болатын. Жергілікті халықтың тарихы мен мәдениеті ешкімді қызықтырмаған. «Маңғыстау „мың жолдар өлкесі“ деп атала бастады, олар үшін даланы жан-жақтаған кескелеген жол соқпақтары жаңару мен прогресстің символы еді. Әрине олар топырақ пен көкті таптаған көліктері, дөңгелектерінен ұшқан шаңмен бірге бұл өлкенің табиғаты мен тарихын да (ескірсе де) көкке ұшырғанын байқамады».
Бұл өте дәл түсініктеме. Бозжырада болмасам да Шерқала сияқты басқа тау қалдықтарынан байқағаным, тау түземдерін құрайтын тау жыныстары, аяғымның астында, жеңіл ғана салмағымнан үгітіліп жатты. Бозжыра мен Шарын ежелгі Тетис мұхитының ұлтаны болса да бұл жақтың топырағы Шарынға қарағанда борпылдақ. Сонықтан бұл аймақта құрылыс салып, жай ғана абай болу жеткіліксіз. Аймаққа келетін көліктерді де шектеу керек, тіпті оғаш тау қалдықтарын бағындырғысы келетін туристердің санын азайтуға тырысу керек. Туған жермен рухани байланысты әлі де жоғалтпаған тұрғындар топырақ эрозиясын ғана емес, түбектің рухани әрі табиғи ескерткіштері қорлана ма деп алаңдайды.
Тақырып бойынша басқа мақалалар:
«Бозжыраны құтқару» — Ажар Джандосовамен сұхбат
Қазақ тіліне аударған — Заңғар Омар.