Киев облысынан шыққан жас фотодокументалист, Adamdar/CA авторы Георгий Иванченко Ресей әскері Украинаға басып кірген күннен бастап соғыстың әр сәтін фотоға түсіріп келеді. Георгий Иванченко тек фото түсіріп қана қоймайды, ол волонтер боп, от пен оқ кешіп, гуманитарлық көмекті майдан іргесіне дейін, Украин әскері шайқасып жатқан ең қауіпті аймақтарға дейін жеткізіп жүр. Бұл материалда азат етілген Харьков, Донецк облыстарындағы гуманитарлық операция оқиғасы баян етіледі. Иванченко өзімен ниеттес жандармен тізе қосып, Ресей басқыншыларынан азат етілген жерлерге алғаш көмек жеткізгендердің бірі болды.
Бұл әңгіме Киевщинадағы менің туған «ауылым» — Пилиповичи мен жау қолында қалғанда бір-біріне аман қалу үшін көмектескен оның тұрғындары хақында. Бұл оқиға жеңісті жақындату үшін бір-біріне қарлығаштың қанатымен су сепкендей жәрдемдесуге асыққандар мен біріккен күш хақында.
«Ештеңе болған жоқ, тек әрекет етіңдер деген тапсырма берілді, біз әрекет еттік», — бұл жергілікті еріктілер тобының бастамашысы Мирославтың сөзі. Жау қолынан жақында азат етілген Харьков, Донецк, Херсон облыстарында орналасқан ауыл, қалалардағы халыққа нан, азық-түлік, дәрі-дәрмек, өзге де керек заттарын жеткізу үшін өз туған ауылымнан жүздеген шақырым қашықта орналасқан ауылдарды бетке алдық, жанымда Виктор атты досым, ауылдастарым, Борис әкей (бала күнімде мені шоқындырған адам) бар.
Вече
Бучадағы бейбіт тұрғындырға Ресей әскері қандай айуандық көрсеткенін білесіз деген сенімдемін. Ал Бородянка жайлы ше? Орыстың оғы басын жырып кеткен Кобзарь Шевченконың әйгілі бюсті сонда орналасқан. Ол басын төмен иіп, әуебомбаларымен атқылағаннан жермен жексен болып, жертөлесінде бассауғалап отырған бейбіт адамдардың бетон қабіріне айналған көпқабатты үйлерге қарап тұр. Естіп пе едіңіз?
[Георгий Иванченконың Бородянкадағы деоккупацияланған жерлердегі фотоайғағы]
Міне, Пилиповичи — бұл Бородянкадан бес шақырым қашықта, Буча мен Киев бағытында орналасқан шағын ауыл.
Кең көлемдегі шапқыншылықтың алғашқы күні тұрғындар стратегиялық іс-әрекеттерін жоспарлап, халықты ақпараттандырып, азық-түлік тарату үшін вечеде жиналды (кеңес құрды).
«Соғыстың басталғанын біз наурыздың басында, орыстар Бородянкаға басып кіргенде білдік, олар менің екі ағамды атып өлтірді», — дейді шерлі көңіл Мирослав.
Наурыздың басында Пилиповичиға елу шақты бронетехникалық көлікпен механикаландырылған бригада кірді. «Әлемдегі ең мықты екінші армия» дүкендерді тонап жүргенде, Борис әкей алғашқы эвакуацияны ұйымдастырды: ауылды түгел аралап, кеткісі келетіндер шіркеу жанына 15 минутта жиналуы керек екенін ескертіп шықты.
Эвакуация
Борис әкей ауылдас жігіттермен бірінші колоннаны жіберді, келесі күні екінші топты жіберді. Оның көлігінде үнемі Георгий Победоносец иконасы мен аппақ жалауша жүреді.
Солай ол бес рет эвакуациялап, 300-дей көлік жөнелтті (шамамен 800 адам). Олардың қатарына жол жөнекей көрші ауылдардың тұрғындары да қосылды.
Қайтар жолда көліктерге еріктілер беріп үлгерген дәрі-дәрмек, ұн, өзге де азық-түлікті тиеп, өздері де ала алған заттарын қоса ала келді.
«Келе жатырмыз, жан-жағымызда атылған оқ, ана үйдің шатыры жоқ, сол жақта әлдене өртеніп жатыр, түтін, оң жағымыздағы үйдің жартысы опырылып түскен, жанында танкілер тұр. Бір сөзбен айтқанда, сұмдық, соған қарамай біз сағатына 140 шақырым жылдамдықпен жүріп келеміз. Бір кезде жолай шаһит кеткен әскерімізді тиеген көлікті көзіміз шалды. Оларды мәйітханаға тасыдық», — деп еске алады Виктор.
Географиялық орналасуына қарай бұл ауыл рф әскеріне маңызды болмапты, өйткені ол Киевке баратын трассадан қашық орналасқан.
«Кацаптарға бұнда қалудың мәні жоқ еді, олардың ескі картасында бұл жер батпақ боп белгіленіпті, — дейді Виктор, — бірақ олар екі күнде бір келіп, піскен нанның жартысын алым ретінде алып отырды, оның сыртында қолына іліккендерін тонап кетіп отырды».
Монолит
Пилиповичилықтардың көрші елді мекендерге қарағанда бағы зор екен, жаппай қиратып, жою, террордан аман қалды деуге болады. Мирослав: «Қалай болғанын білмеймін, досым, Құдайдың рахымы түсіп, бізді қорғап қалды. Бізді үш-төрт рет ата салса, тынушы едік. Біз бәріміз жұдырықтай жұмылып, аман қалдық. Бәрінің еңбегі бар. Біреу қацаптар өтпесін деп қарағайды аралап кесті, біреу оларды адастырып кетті. Солай жұмыла қорғанып, монолит берік қамал құрудың арқасында бәріміз аман қалдық».
Сәуірде Киев облысы деоккупацияланған соң қоғам тағы бірнеше гуманитарлық іс тындырды. «Содан кейін бәрі бізге қарай ұмтылды, базар толып, енді ол жаққа зат тасудың мәні қалмады. Фронттағы ауылдастарымызға форма, оқ дәрі, автомобиль жинағанға дейін әркім өз ісімен айналысып жүрді».
Жол
ВСУ-дың күтпеген қарсы шабуылынан кейін Харьковтағы жігіттерді бару керек, жаңа азат етілген аймаққа гуманитарлық көмектерді жеткізу керек деген ой билеп алды, басқа-басқа, олар дәл осы тозақты бастан кешті, азат етілген аймақтағы жұрттың жағдайдың бес саусағындай біледі.
Бір гуманитарлық сапарға дайындалу үшін бір жарым, екі апта кетеді: азық-түлік, химия, дәрілерді жинақтау, апаруға ниетті жандарды және көлік табу, жол алыс, сол үшін оған жанар жағар май табу, — бір сөзбен айтқанда шаруа шаш етектен. Жоспар құрып, маршрутты жақсылап зерттеп, әскери іс-қимылдарды бағып, түнде қонатын жер қамдап, атыс болған жағдайда немесе медициналық алғашқы көмек керек болған жағдайда, не істеу керегін командаға үйрету, т.с.с. Барлық жұмысты еріктілер өз күшіне, өздеріне көмектесетін, сенетін адамдарға сүйеніп атқарады, сондай-ақ Сhооѕе Hope қайырымдылық қорының ішінара қолдауымен атқарады.
Пилиповичидан шыққан азамат ретінде маған жерлестеріммен бірге осындай саяхат жасаған ұнады. Таңертең орталықта жиналамыз. Бізді Олег Степанұлы (ауылдың жаңа әкімі) мен біздің туыстырымыз күлімсіреп қарсы алып, оң сапар тілеп, шығарып салады. Харьковке бару үшін жолға сегіз сағат кетеді. Бірақ біз соғыс туралы түрлі әңгіме айтып, жол қысқартамыз, уақыттың қалай өткенін байқалмай қалады. Біз бір еріктінің ағасының үйінде қондық: жертөлесінде үлкен бильярд үстелі бар үлкен үй екен, дәмді сало, борщ, сирек кездесетін көбелектер коллекциясы… Мұндай джекпотты біз тіпті армандамаған да едік. Ұйықтайтын қаптарға жатамыз деп келе жатыр едік, әрқайсымызға жеке-жеке ақ жаймалы төсек бұйырды.
Ертең ерте тұрамыз, көп нәрсеге үлгеруіміз керек, ісіміз оңғарылса, тіпті бүгін-ақ қайтып келуіміз керек. Жоспар бойынша Изюмге — дәл сол Изюмге, жау әскері басып алып, адамдарды әбден қинап, азаптап, мыңнан аса бейбіт тұрғынды бір шұңқырға көме салған жерге барамыз. Төртінші қазаннан бастап ол жерде базар жұмыс істей бастады: тамақ, темекі — не керек, соның бәрін табуға болады.
Сол үшін одан арырақ, түкпірдегі енді ғана азат етілген, ресейліктер ойсырай жеңіліп, өз бастарына сор болған «Қызыл» Лиманға барамыз деп шешім қабылдадық. Біз Қызыл Лиман қайда деп ұзақ бас қатырдық, сөйтсек басып алған соң бұрынғы КСРО кезіндегі атаумен Қызыл Лиман деп өзгертіп қойыпты, ол өзіміздің кәдімгі Лиманымыз екен. Бұл Донецк облысына қарасты 20 мың тұрғыны бар қала, рф оны дуылдатып жүріп басып алып, 4 ай «биледі».
Жол бойында жарылған көпірді көп көресіз. Біз беті тегістелген айналма жолдар, асу бермес өткелдерден асып, көзге әбден үйреншікті боп қалған пейзажға қарап келеміз: өртенген техника, жер бетінде ізі ғана қалған ауылдар, күйелеш-күйелеш болған орман, күнбағыстан көрі снаряды көп «егілген» күнбағыс алқабы. Көлікте келе жатып, бұнда болған оқиғаларды айтамыз, әскери техника, қару түрлерін сөз етісеміз.
Парыз
«Қараймын, қараймын да төбе құйқама дейін шымырлап кетеді, — дейді терезеден көз алмай отырған Мирослав, — қолымызда болғанның бәрі есіңе түседі». Оның бұл сөзін бірнеше рет естідім.
Командадағы жігіттердің көбі бұнда, Украинаның шығысына алғаш рет келіп тұр. Олардың жанарына қарап, өзім сезінген сезімді көрем: олар бұнда тек көмектесу үшін келмеді. Одан да терең, «бұны мен істеуім керек» деген ішкі бір сенім, өздеріне артқан міндеттері бар. Бұл тартылыс бойдағы қаныңды тулатып, өзіңнің тірі екеніңді, керек жерде екеніңді сездіре түседі.
«Бұны істеу менің қолымнан келеді, маған ұнағаны үшін ғана емес, мен өзім қалағандықтан мен істегім келеді. Біреу — майдан шебінде, ал біреу — тылда», — дейді Мирослав менің ойымды оқып қойғандай.
Әскерилердің өтініші бойынша Лиманға жақын Ямполь ауылына тоқтадық, бізге дейін бұнда еш ерікті келмепті. Жолдың шаңы бұрқырап көкке көтеріліп жатыр, көшелерде тек әскери көліктер мен бронетехникалар ғана жүр. Борис әкей құдайға жалбарынып, әр сарбазы аман болсын деп дұға қылып жүр. Шаршаса да, күлімсіреген жүзбен олар бізге аман-саулық тілейді.
Ауылға жүрер алдында біздің колонна бөлінді: көбі азық таратуға кетті, біз діндар әкей екеуіміз жергілікті тұрғындар айтқан баласы көп үйді іздеуге кеттік. Діттеген жерімізге жеткенде, бір жергілікті тұрғын жанымызға келді:
— Біреуді іздеп жүрсіз бе?
— Иә. Көп баласы бар үй бар екен ғой, сол үй қайда?
— Ол жоқ.
— Жоғы несі? (Бұл жауап төбемнен жай түскендей қылды)
— Кеше осы жерге ұшып келді: әкесін өлтірді, әйелі бес баласын алып, қорыққанынан орманға қашып кетті.
Сұмдық-ай.
Қалай қайғыдан қан жұтпайсың?
Қалай бұл сұрқия сұмдықты кешіруге болады?
Қалай атойлап қарсы шықпайсың?
Жұмыстарын бітірген соң бәрі бір колоннаға қайта жиналып, Лиманға аттанды. Жолға шығар алдында бір жайсыз оқиға болды: сары бус тежегіші істен шығып, жүрмей қалды. Бірақ бақытымызға орай, Виктор бар, басқалары бар, — бұндай жағдайда не істеу керегін біледі, білектерін сыбанып, іске кірісіп кетті. Сол аралықта жарылыстың үні естіліп жатты.
— Түсті ме?
— Жоға, ұшты.
Бір кезде орман ішінен атылған оқтың даусы естілді. Жанымызда ДРГ жүргені рас па екен? Әбден мүмкін, үш күн бұрын осы жерде сұрапыл соғыс болған.
Басқа жігіттер жұмыс істеп жатқанда, көзімнің қиығы Борис әкейге түсті, екі жүз метрдей жерден машинаға қарай бір олжа тауып, сүйреп келе жатыр: таспалы снарядтың қаңқасы мен екі РПГ екен. «Бұны қайтеміз?» деген сауалыма: «жақсы шам бағаны болады» деді. Одан да зор олжа — құлаған авиация болды. Неге? Титаннан кереметтей оққағар жасауға болады.
Бұзылған көлік жөнделді, бәрі дайын. Әрмен қарай кеттік. Біз жүретін жолдағы бір көпірді жарып жіберіпті.
Сол жерде біз ерікті медиктерді кездестірдік, олардың дөңгелектері үнемі түсіп кетеді екен. Әкей оларға компрессор сыйлады, ал олар бізге Лиманға барар соқпақты көрсетті.
Дежавю
Міне, мыңдаған тұрғыны бар Лиман. Қазір ғана азат етілген аймақ, көшелері бос әрі ызғарлы. Тұрғындардың жарығы да, газы да, жейтін асы да жоқ, сырт әлемде не боп жатқанынан мүлде бейхабар.
Басына түскен қайғыға қарамастан, бәрінің өңі жылы, бізді көргеніне қуанышты. Маршрутты талқылау үшін тоқтап, көмекті нақты қайда апаратынымызы шешіп жатырмыз: орталыққа апарған жөн бе әлде адамдарға шетінен таратып бере берейік пе? Біз солай талқылап тұрғанда, бізге балаларын жетектеп бір әйел жақындады, олардың артынан өзге де тұрғындар келе бастады, таратуды бастап кеттік.
Командамыздың бір бөлігі бұнда не бар, бақылап келуге кетті. Біз үлкен үш бункерді тауып алдық (түріне қарасаң, олар ядролық соғысты, тіпті ақырзаманды былқ етпей қарсы алатындай), бұл жерді шаңырағы ортасына түсіп, үйі қирап, баспанасыз қалған жүздеген адам мен олардың балалары паналап жатыр екен. Кішкентай бір қызды анасы өзіне шақырып, зілсіз ұрсып жатыр: «Шалбарыңа не болған?! Оны қай уақытта кірлетіп үлгергенсің?!»
Мен қаққан қазықтай қалшиып, тыңдап тұрып қалыппын. Бала кезім есіме түсті. Бұл да тура сондай сәт, тек тіршілік пен соғыс жағаласып жатыр. Дежавю — бірде менің көзалдымда Изюмде бір кішкентай қыз скутерінен құлап қалды, бір жерін ауыртып алмады ма екен деген алаңдауыма әлгі қыз: «Ештеңе етпейді, соғыс біткенше жазылып кетеді», — деп жауап берді. Бала күнімде «Өрмекші адам» кейіпкерлері бар карточкаларды, сағыздардан шығатын жапсырма қағаздарды жинайтынмын. Бұндағы балалар әскери киімге тігетін оқаларды [шеврон] жинап, соларды бір-бірімен айырбастайды екен — жергілікті, ұлдарға тән валюта.
Мирослав мені өзіне шақырып, жігіттер рацияға жауап бермей жатқанын айтып, уайымдай бастады. Тексеріп көру керек, бірнәрсе болып қалмасына кім кепіл? Машинаға келген соң, бәрін түсініп, сабырға келдік: біз жоқ кезде бұнда жүз шақты адам келіп, еріктілерге тиісе бастапты.
Мирослав оларға қатты дауыстап: «Әй! Жігіттер, біз бұнда үш бункер таптық, жүз адамның азығын тастаңдар».
Адамдар. Саналуан адамдар. Біреу бергеніңе разы боп, алғысын білдіреді, енді бірі үшінші рет келіп, қолыңдағы қызанақ консервісін жұлып алғысы келеді. Бір ер адам маған қарап тұрып: «Суретке түсу үшін келіпсіңдер ғой!» дейді.
Білесіз бе, олардың бәрін түсінуге болады. Біз бұнда біреумен ұстасу үшін келген жоқпыз, қолымыздан келгенше көмек көрсетуге келдік.
Велосипед мініп, оған көп қылып отын артқан, оның үстіне бала шомылдыратын леген артқан қартты көрдім.
— Қазір сізге азық-түлік береміз, жақсы ма? Бола ма емес, солай болуға тиіс!
— Өмір деген алып бір алқап сияқты, бәрі мүмкін, — дейді қария.
Тауып айтылған бұл сөз жүректі қозғады.
Бірнеше күннен кейін түнде Харьковті С-300 ракеталарымен үзіксіз атқылағанда, пәтеріне ракета түсіп, күлге айналған бір әйелмен кездестім. Оның аяғы ауырады екен, сондықтан оны қолынан демеп, баспалдақпен оның көршісіне қарай келе жаттық.
Мен оның жағдайын сұрадым, ол маған: «Өмір алып алқап сияқты, бар нәрсе аз-аздан», — деп жауап берді.
Біз бірінші экспедициямызды жақсы аяқтадық: 600-ге жуық адамды «тамақтандырдық». Рас, қайтар жолда әбден адасып, біраз жерді шиырладық, бірақ қанша адасып жүрсек те, қабақ шытпадық.
Редакциядан
Фотодокументалист Георгий Иванченко осы жерде жазылған оқиғалардан кейін де жерлес, ниеттес еріктілермен бірге «Евровектор» және «Свобода Украины» сынды қайырымдылық ұйымдарының қолдауымен Харьков, Херсон облыстарындағы азат етілген аймақтарға, одан әрі майдан іргесіне, бірнеше айдан бері соғыс өрті өршіп тұрған, қан қасап қырғын боп жатқан Бахмутқа дейін барып, гуманитарлық көмектерді жеткізуді жалғастырып жүр. Ауыр, азапты болса да, қара басына қауіп төніп тұрса да, украин еріктілері шыбын жанын шүберекке түйіп, мұқтаж жандарға көмек жеткізе береді.
Қыркүйек айынан бастап Украина қарулы күштері кенеттен қарсы соққы жасау стратегияларын құрастырып, нәтижесінде Харьков облысының көп бөлігін басқыншылардан қайтарып алды. Деоккупация жасалған аудандарда Ресей армиясы жасаған көптеген әскери қылмыс белгілі болды: Харьков облысына қарасты Изюмде 440-тан астам адамның мәйіті көмілген орын, ресейлік әскер украина тұрғындарын азаптаған 18 орын анықталды. БҰҰ тарапынан құрылған Украинадағы заң бұзушылықты тергеу халықаралық тәуелсіз комиссиясы зорлау, азаптау, балаларды заңсыз еркіндігінен айыру мен оларды өлтіру, шабуыл барысында даралау сынды қылмыстарды тіркеді.
Бұл мәтінді автор украин тілінде жазды. Орысшаға аударған: Мария Луговская. Қазақшалаған: Кәмшат Әбілқызы